ттеді. Үйге келген
дәрігерлердің байырғы тапыран-дығымен біреуі шыға бұған қайырылды,
сұқ саусағын безеп, қатаң ескертті: «тсс, тишина и покой!» Бұл: «Тишинаң
болар-ау, покойыңды қайдам» деп ойлағанда, еркінен тыс мырс етті.
Сонсоң дереу әйелі жатқан түпкі бөлмеге ұмтылды. Не де болса көк
дәптердің сырын ақтаруға бел байлаған-ды.

Төртінші тарау

Көк дәптер

І

Менің ісіме ақтаушының керегі қанша, қажетсінсем табар ем ғой. Кодекс
атаулыны суырып соғатын талай шешеннің қызметінен бас тарттым,
өйткені, өз қылығым лас, ласқа жұмсап бөтен біреудің қолын былғатқым
келмеді. Расында, біреудің Тәңір қарғаған тағдырына араласардай кімнің
не жазығы бар?! Мұны жалған аямпаздық, һаярлықтан айтпаймын–
көкірек сөзі, жүрек үкімі. Әйтеуір бір ашылып, әйтеуір бір ақтарылуым
керек еді, соның жөні енді келген сияқты. Бәлкім, есіңізде болар, мен сотта
өз пайдама бір ауыз сөз сөйлегем жоқ, сөйлесем ақталуға тиіс ем, ақталу
үшін бет-пердемді түгел сыпыруға міндетті екенімді сездім. Бұған
батылым, еркім жетпеді, қылмыс, болмысымды шын көрсетіп, өткенді
қайта тірілту – ісіме лайық үлкенірек жаза тілеу секілді көрінді. Бірақ онан
емес, осы заманда мұндай бұзық, тіпті мен секілді адамның да болатынына
сендіре алмаспын деп қорықтым. Өз басым дүние түрмесінің бүкіл бейнет,
қорлы-ғынан айтқаныма жұрт иланбау қорлығын ауыр санаймын.
Қылмыскердің сөзіне сену де пәлендей жеңіл бола қоймас. Сотқа ашпаған
сырымды Сізге ашу – бәрінен қиын, себебі Сізді қатты аяймын, соған бола
алдын ала кешірім сұраймын. Мен не айтсам – шүбәсіз нанарыңызға шек
келтірмеймін, ал менің ақталу ниетімнің жоқ екеніне иманыңыз кәміл
болса, ұзамай бәріне көзіңіз жетеді.
Сонымен өзіме еш пайда келтірмейтінін сезе тұра хикаямды бастаймын.
Алдымен тірі жанға тіс жармаған құпиямды Сіздің алдыңызға жаюға
түрткі салған не дейсіз ғой? Айтайын: жүзіңіз жылы ұшырады – бір,
екіншіден маған кесілген мерзімді ауырсынған жалғыз Сіз. Халімнің онша
мәз емес екенін де мен Сіздің түріңізге қарап сезіндім. Үкімді оқығанда Сіз
жылап жібердіңіз-ау. Қанша жасырғаныңызбен байқап қалдым. Шығарда
жаны басқа, бүтіндей бөтен кісінің қасіре-тіне бүгілу – әйел, ана беліне
ғана тән қасиет, сонда Сіз менің көзіме сорлы анамды елестеттіңіз, мен
сықылды «Құдайдан безген» қу тірлік иесіне, масқараға әбден батқан
шақта шешесін есіне алдырудан үлкен жаза бар ма, Сіз мені мықтап
жазаладыңыз. Жақсылыққа татымайтын адамға жақсылық жасау – жаза,
мұны ұғынбайтын ақымақты, өз ойымша, түрме де алмайды. Сіз маған
аяушылық білдірдіңіз, әйтсе азап, қайғы шегуге лайық жансыз.
Жақсылығыңыз, жүрегіңіздің жы-лылығы үшін маған ұсаған қанқұйлыдан,
менен де алар сыйыңыз сол – қасірет, қайғы, міне тартыңыз үлесіңізді!

ІІ

Менің үш жасымда біздің үй Қанішкенге көшіп келіпті. Әкемді қызмет
бабымен ауыстырса керек. Шеттен келгеннің алдында шидей майысатын
бұл ауылдың да әдеті екен, бізді жер бастырмай күтіп апты. Мен бір үйде
бір бала боп өстім. «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал». Осы бір
жексұрын қағиданың арқасында мен Ақпан, Ақпанов шаңырағының емес,
бүкіл ауылдың сүйек тістетер итіне айналдым. Бәрі менің маң-дайымнан
сипады, бәрі еркелетті. Әркім дәм ұсынды, қолдарын жалағанымды
қызықтады. Күшік-ақылым масайрай түсті. Ғұмыр дегенді тосылған тағам,
маңдайдан сипайтын алақан ұқтым. Сөйтіп, өзімнің осынау итшілеген
өмірімді, көрін-геннің көзіне ырсалаң қағып, көлденең көк аттыға құйрық
былғаудан бастадым. Мен о күндері екі-ақ нәрсеге: тойғаным мен
қуанғаныма мәз едім. Сондықтан төбемде тұрған алақан-ның жұмылып
жұдырық боларын көре алмадым. Болмыс атты қатал иенің мен секілді
күшік-мінезділердің жонына шыбырт-қы осып қыңсылатарын, тұмсығына
түртіп ырылдатарын кейін ұқтым. Бұл тым ескі, содан да бейдауа
философия шығар! Мейлі. Жалпы, ойды, сөзді де кешкен, көрген жандар
айтсын да. Сөз айту үшін сөз айту тәрізді әурешілікті аса қолайсыз,
мұқым, қызғылт қылық танимын. Ауытқып барам ба? Қыл-мыскердің нені
ұнатып, нені ұнатпауы хақында әңгіме соғуы – қайыршының мода жайлы
білгішсуі сынды күлкі шақыратын жағдай екені рас. Сіз де бір күліңізші!
Бірді айтып, бірге кетем: адамға өз өмірбаянын, әсіресе, менікі сықылды
шимай-шатпақ тірлікті тізіп беруден тозақ не бар дейсіз, мен де қылғынып-
ақ отырмын. Неден бастап, неден тәмамдауды білмейім,
оқулықтардағыдай хронологиялық тәртіп мен кешкен тір-шіліктің өзінде
болған жоқ, менің әңгімеме қайдан келсін. Қайтқан күнде де Сіз, тек қана
өзіңіз түсінетіндей ғып баяндасам деп ем. Әйтеуір фамилиям Ақпанов,
атым Қасым-бек, алдымен заңға қатысты жансыз ғой, осыған иланыңыз.
Сонсоң атам (Ақпан) мені сақалындай сылап өсірді. Өсірді деймін-ау, ол
өсіргенмен мен өстім бе екен? Қанішкеннің кішкене бағында бір бағбан
істеді. О кісі қисық бұтаны өстіге санамай, қырқып тастайтын. Менің
тіршілігім содан аумайды. Ұлы кісілер көзін алғаш ашқанда аспанды
көреді деседі, менің тұңғыш көргенім: атамның сақалы, танығаным – ақша.
(Ия, ақшаны атам ұстады). Екеуінің де асқан беделді (әсіресе ақша)
нәрселер екені