ей
серік барда менің бағым ортаймас. Алла разы болсын пейілдеріңе, – деді қызыл иттің иесі ыңғайсызданып, əрі ырзалығын жасыра алмай.
– Сау бол, Жəке. Жағың түспей жамандық көрме.
– Қызыққанның құмай екен, алдыңда болсын, азамат! Бір
сөзіңнен садаға. Мына отырған отыз сегізің – Алаша мен
Адай, бірің өз жұртым, бірің қайын жұртым ең, қарыма тартсам, қарым сынар, Бибатыр, сен Беріш Бекей сойысың, қидым саған құмайды!
– Құлдық, Жəкем, сөзіңе.
– Құлдық, құлдық!
– Əй, тусаң ту, ерім!
Бибатыр аталған сұлу, қара сұр жігіт көзіне жас алып, үнсіз қалған, отырған орынында бірер ырғалып барып тілге
келді:
– Құлдық, Жəке, сен бердің, мен алдым. Топқа кірер күнің бір бүгін емес, алда ұлы ғұмыр бар, хан сыйласын сені!
Қызмет етсем – кішілігім, кебісіңді салған екем деп көзқұртыңды алып қайтейін! Бірге қызықтайық Қызыл құмайды! Дəйім серік бола берейік саған!
– Əй, ерім-ай!
– Сенің сөзіңе де құлдық. – Жігіттер өстіп, дуылдасып
жатты. Қошамет сөздер бірінен-бірі асады. Сөз білмейтіндер
көңілшек қой, мына кісілікке сүйсінген қайсыбіреулері жанарларына жас алысты.
Оркиіктің еті де тауысыла келген-ді.
3
Ұзақ-ұзақ бата айтылып, қолдар жайыла берген, əлдекім
айқай салды:
– Қайдасың, Қанне-еес! – Дауыс əрі алыс, əрі жақын жəне
бір түрлі өктем, жат естілді. Қырық кісінің іші жамырай жауап қатты:340
– Ау-ау-у-уу! Мұндамын! – Сол-ақ екен, қабақтар кіржіңдеп, езулер қисайып жүре берді. Қайдағы үн, кім? Бөгде
дауысқа жауап қайырған қай көргенсіз? Иланым бойынша,
өзі, тұлғасы көрінбеген тіршілік иесі сауалын үш қайталамайынша құлақ асу– жақсылыққа апармайды. Сонша болмады, əлгі дауыс:
– Сен іштен, мен сырттан! – деді. Қырық кісінің іші тағы
шу етті. Бірақ бұ кезде бұлар бірін-бірі кінəлап, езеуресіп өңмеңдесіп кеткен, сондықтан соңғы сөзді ажыратқан ешқайсысы болмады. Шатақты қызыл құмайдың иесі бастады. Ол:
– Қане, Қаннес қайсың? – деп түйілді.
– Мее-еен! – деді қырқы бірдей.
– Мен деген кім?
– Ме-еен!
– Бибатыр, сенбісің?
– Жоқ, сен!
– Жоқ, мен емес.
– Сен, сен!
– Қосағасы, сен алдап отырсың!
– Атаң басқа екенін көрсеттің, Бибатыр!
– Жоқ, мен емес, сен басқа.
– Əй, қасқа!
– Өй, жауыз!
– Ит, доңыз! – Əп-сəтте бəрі шетінен хайуан боп шыға
келді. Керіс, жанжал осыдан сүт пісірім уақыт бұрынғы достардың көздерін ашты. Сөйтсе, иттіктің, доңыздықтың үстіне бұлардың бірі – ақсақ, бірі – қыли, бірі – таз, бірі – шолақ;
ішінде іске татыры жоқ, өңшең албасты екен. Ет деп жегендері қи мен тезек, қолдарында адамның бір-бір қу жілігі,
көк шалғын деп отырғандары – күл төгілген ескі жұрт. Шулап ұлыған иттері мен шұрқырай кісінеген аттарының үні
қаперлеріне сонда жетті.
Көздеріне қызыл жүгірді. Бір-бірінің жағасы, құлақ-шекесінен өзге ешқайсысы ештеңе көре алмады.
Ертесіне сиыр сəске кезінде Ұлы Ханның ордасына жағажеңдері алу-далу боп қырық қарақшы кірді. Бұлар кеше осы
уақытта аттанған қырық жайсаң жігіттен мүлде басқа-тын.
Көздері қисайып, жүздері түнерген, бір-біріне қас аңсап,
қара тілеген өңкей бір қараңғы адамдар содан пайда болды.341
Содан бастап, «балық басынан» дегендей, алдымен, хан ордасының берекесі ұшты. Артынша əлдекім Қызыл құмайға
күшəла тастап өлтірді.
Біз қайдан білейік, бүгіндер ауыл қарты туыс-тұстасының
ұсақ мінез-қылығына реніш білдірерде: «ағайын арасындағы алауыздықтың басы – сол жұрттың өзі қуып ұстаған өз
қырсығы – Оркиік екен» деп аңыз шертеді...