Сағаттар барады өтіп омыраулап,
құлын боп,
құлын таққан қоңырау боп.
Барады ұзап әлі, ұзап әлі –
ұмтылдым арқан алып, тұзақ алып.
Неғылсын, о, неғылсын құлын мені –
тастап ем қыл тұзақты – ілінбеді.
Жақындап қалып едім – жөнелді ытып,
мен қалдым осы жерде өлең күтіп.
Өзен боп ақты күндер жағаны үгіп –
қараңдап кетті бірге балалығым.
Жүгірдім айқай салып жар жағалап,
ұстайын деп ұмтылдым қармақ ала.
Неғылсын толқынды өзен-күндер мені –
ырғып ед бір бүктеліп – үлгермедім.
Жан таппай, жаға таппай жармасуға,
аңырып тұрмын осы жар басында.
1970, 1982