Жеңілдеді тіршілік, жеңілдеді
ақтарғалы сырымды көңілдегі.
Күй тартқыш деп достарым мақтағалы,
жақтағалы жігіт деп елім мені.
Бір ауыз өлең-жырды құрағалы
өз мінімді іздедім шырақ алып.
Жата ғап өзімді-өзім кінәладым,
сын-пікірі батқан соң бір ағаның.
Күйші деп соңымнан көп жұрт ергелі
іздедім басылмаған бір пернені,
іздедім естілмеген бір дыбысты...
әйтеуір бітіргенім: бір терледім.
Іздедім, өз мініме жетем дедім,
уа, Еңбек, шырын ба едің, шекер ме едің.
Сыздым мен көп жолымды мінім ғой деп,
сүйтсем ол жетістігім екен менің.
Аштым деп бір жаңалық өрлеп шықтым,
қане, дос, жантаяйын, бер көпшікті.
Тапқаным: жаңа деп ем жан баспаған –
талайлар таптап кеткен жер боп шықты...
1970, 1982