– Сен Пашаны бұларға араластырма – дегенде кемпірдің даусы қаттырақ шығады. Шын ашудың, ыза-қасіреттің қуаты тап әлгі тұста білінеді, осы сөзімен ол Пашаны (Павел Дмитриевичті) күллі аналар атынан ақтап та алған сияқты. Өйткені, ана-көкірек Усачевтың көлгірлігіне қалай сенбесе, өз баласының «қылмысына» да солай қарайды. Өйткені екеуін де күллі ел, халық биігінен көріп, танып тұрған тәрізді. Усачев Павел Дмитриевичті айтқанда Евдокия Герасимовнаны біраз ықтырып, бұқтырып алмақ еді ғой? Кемпір айылын жимайды. Сөзі, мінез қыңырлығы аз дегендей, Совет офицері Қасымбектің әйелі – Нәзираны үйінде жасырып ұстап отыр.
Тұрсынғали да Қамқа әжейді қорқытпақ-ты:
– Әй, сен кемпір алыспа. Сен өзің кім екеніңді білесің бе? – деді Тұрсынғали басы кекшеңдеп.
– Е, мен кім болыппын сондай-ақ?..
– Сен тап жауының тұқымысың. Жетес бидің жиені екенің рас қой?
– … Құдай тағала қой бағатын адамға ел бақтырып қойған соң ол солай болады.
Бұл – Қамқа әжей кескен үкім.
– Иә, рас. Мен Жетес бидің жиенімін! – дейді Қамқа әжей, - Жетес бидің жетпіс жыл бұрын қураған сүйегін құрт!
«– Мен халық жауының шешесімін!.. – дейді ғой Дуня апай, сенім арта келген Носовецке. … Сенім!.. сол сенімдерің ең алдымен менің Пашама керек болған. Бір тамшы сенімге зәру болған сол емес пе еді?!» Уақыт трагедиясы. Сол трагедияға Тұрсынғали мен Усачевтар қосқан үлес, әсіресе, мол. Екі кемпірдің сөзінде де күйік бар, бірақ жаудың кекті күйігі емес, достың өкпесі ғана. Екі кемпірдің көп жұрттан биіктеп, ұтып тұрғаны содан. Екеуі де саясаттан аулақ, екеуі де жалпы шындыққа – кісілікке, өз табиғаттарына ғана қызмет ететін адамдар. Бірінің басындағы жағдай екіншісінде туа қалса – аянып қалары жоқ. Усачев пен Тұрсынғали – белсенділікке ақыл қалауларымен – есеппен барғандар. Ал, Евдокия Герасимовна өзі байқамай партизандық тапсырма орындап кетеді. Ақыры оққа ұшады. Қамқа әжей де тап солай өлуден тайсалмас еді!
Мұның бәрі шынайы характерлер. Жазушы біреуін жағымды, екіншісін жағымсыз жасаймын деп, ешқандай артық деталь жапсырмаған: Усачев пен Тұрсынғали қандай табиғи болса, Дуня мен Қамқа да сондай. Әрқайсысы өз топырағына, ортасына, жағдайына жараса қалған. «Мына қарекет, қимыл, не сөз бұдан гөрі басқа біреуге ылайық емес пе» деген сықылды күдік туғызбайды. Оқушыны бірден иландырады. Көркем проза шынайылығының бірінші шарты осы болмақ.
Романда тағы бір алыстан көрінетін бейне Света – Светлана Андреевна.
«– Кеше мен немістердің қолына түсіп қалдым! – Бұл хабар қаншалық қарапайым айтылса, Нәзираға соншалық күшті әсер етеді. «Кеше мен өліп-тірілдім» деген сықылды естіледі. Жат, суық, алыс. Сөйтсе, «үлкен пәлеге ұшырапты».
- Немене, зорлады ма сені? – Нәзираның сұрағы еркінен тыс сұрақ. Әр сөзі, әр дыбысы ышқынып естіледі.
- Зорлады ма?.. Құдайдан зорлағанын тілер едім ғой. Зорлыққа кісінің амалы бар ма? Менің өзім қаншық болып шықтым! – деді Света сыбырлап». Тым қатал, ащы. Осы сөздерде қанша күйік, көз жасы, қасірет жатыр! Нәзира өзі байқамай, құрбысының жан жарасының аузын тырнай түседі. Оның әр сауалының тырнағы бар. Мысық тырнағындай, ап-ащы. Ушықтырып отырып, онсыз да бақытсыз бейшараның бар шындығын айтқызады. Тап осы тұстарда Светаны – Светлананың қолына берсе – жұлып жейтіндей. Күйзелістен туған сөздер күйдіріп естіледі. Қаза естірткеннен де ауыр әсер етеді. Ол – совет офицерінің (Николайдың) әйелі ғой? Света – алдымен әйел. Содан соң ғана адам, азамат. Нәзира – Светаның досы, сырлас құрбысы. Ол да әйел. Тек шығыс әйелі – қазақ әйелі. Европалық әйелдердің бірі болса Светаны сонша азаптамас еді. Жағдайды емеурінінен түсініп, қоя салар еді. Бұ жерде екі әйелдің де өскен ортаға, тәрбие-тәлімге байланысты жан-дүниелері шынайы ашылған. Қанша дос, сырлас болғандарымен, екеуінің екі түрлі топырақтың адамдары екені айдан анық. Диалогтың басқаша құрылуы мүмкін емес тәрізді. Света – ашық, Нәзира – тұйық. Светаны, әрине, Нәзира да түсінеді. Бірақ оның түсінігі аңқау, аңғырт. Өз сауалдарының құрбысы үшін азап екенін іші сезеді; сөйте тұра түрткілей, шұқылай түседі. Әйел, қайталап айтамын, қазақ әйелі. Светаның жазасы – құрбысының сауалдары. Ол жазаланған күнде де тап осыдан артық азап көрмес.
Кейін Света – Смуглянка атақты барлаушы болады. Әйелдігін азаматтығы ақыры жеңіп шығады… Бұл шешімге жазушыны «Осыны тым құлдыратып жібердім-ау» деген аяушылық-күмән апарғаны даусыз.
Светлана әлгіден кейін өз күйеуі Николаймен кездеседі. Нәзираның бойындағы үлкен қауіп сол болатын. Светлана еріне де шынын айтады. Нәзираға онысы сұмдық бетбақтық болып көрінеді. Құрбысын әйел ретінде түсінген секілденгенмен, адам ретінде шошынуын, таң қалуын қоя алмайды. Нәзира құрсағындағы заңды баласын «бала», «нәресте» деп атауға батпайды. Кісіні ұялтпайтын жаңа атау іздейді. Тапқаны – СОЛ. Бүйірін түртіп-түртіп қалады – СОЛ. Шеті бұрып ауырады - СОЛ. «…Жаңағы алыс-қапаста есімнен шығып та кетіпті-ау, қимылдайды. СОЛ. Өз тірлігінен хабар беріп жатқан ішімдегі жан иесінің қазір ат