ысым қышып» емес, алақаным қышып. Бой салыстырып тұрған екі бала біріне-бірі: « Мә, сен аяғыңды ұшынан баспа». Мұндайда «ұшынан баспа» демейді «Өкшеңді көтерме» дейді. «Шүңіректеу біткен өткір көзін шүйіре қарады» (97-бет). Көз шүйірілмейді, ерін шүйіріледі.», «…қолын бүріп, маңдайына тигізіп шоқынды» (100-бет). Саусақтарының басын бүрсе – бір сәрі, қолын бүрді деген келмейді. «Жазған құлда шаршау бар ма» (103-бет) Дұрысы: «Жазған құлда жазық бар ма» болу керек. Біреулердің бет пішінін суреттегенде автор «сопақ бет» дегенді көбірек қолданады: Дуня апай – сопақ бет, Шура – сопақ бет, Прохор – сопақ бет. Бұлар аралары жап-жақын тұрған кейіпкерлер – бәрінің бірдей сопақ бет болғаны үйлеспейді. Сол сықылды, «тән» деген сөзді де жиірек қолданады. «Дененің» көбі «тән» боп кеткен. Байқап қолданбаса, қазақта «тәннің» басқа да мағынасы бар…
Бұның бәрі түртіп қана түзетуге болатын ұсақ-түйектер. «Шырағың сөнбесін» секілді ірі туындының құнын кеміте алмасы хақ. Әйткенмен айту парыз тәрізді.
Қысқасы, Тахауи Ахтановтың жаңа романы кең тынысты, үлкен шығарма. Бұл романның қай топырақ, қай халық оқушысының да көңілінен шығары даусыз.