ДӘУЛЕТКЕРЕЙ "Жігер"

Күңіренеді қос ішек – әлсіздіктен деме оны,
қаққан сайын саусақтың қуаты өсіп келеді:
Серпіп қалса бағыңды өтетіндей быт-шыт қып,
шертіп қалса жағыңды кететіндей шықшыт қып.
Өре тұрып ешкімді шертпейді де, соқпайды,
Сол өкініш – баяғы күрсінумен тоқтайды.
Құдірет бар қорлыққа тұнып жатқан дейді аса –
Неге кеңге шықпайды – таршылыққа сыймаса,
Бір жаныңа батса күш – күш емес қой онда әлі,
Көрінбесе қуатың – әлсіздігің болғаны!
Күй ағады қос ішекте – жүйрік дейді керемет,
естілмесе дүбірі – жүйріктігі не керек.
Тұлпар жеткен жеріңе – есектер де жетеді
Неге керек жеткен соң кімнің тұлпар екені.
Күшті болса күй мына – дүбір неге шықпайды,
ертең шығар шыңына – бүгін неге шықпайды.
Жылағанша кіл бұғып – неге майдан салмайды,
Сұрағанша қылғынып – неге тартып алмайды?!
Үн дегенің немене– шыбын да ызыңдап ұшады,
Қын дегенің не берер – жасық болса пышағың;
той дегенің немене – қалыңдықтан бақ тайса,
ой дегенің немене – өкіну ме бас шайқап?!
Күй рухы мол дейді (тағы айтамын) күш-қайрат
тынады бар болғаны әлдекімге тіс қайрап.
Тіс қайрау да күш қой бір – тісін қайрап алысса,
бірақ мұнда күңіренді ол өзін-өзі жаныштап.
Кіжінгенше – жалындыр!
Зорлап сыйып қалыпқа,
Мүжігенше жанын құр – тыншымай ма салып қап!.

1967

 
 
 
Біз мүмкіндігінше тезірек жауап береміз