рт шөгіп кетті. Өзі ай
жарымнан бері дымқос, үйден аттап шықпаған. Ертеңнен кешке дейін жастық
ағаштан басы көтерілмеді. Түнде көрпесін, күндіз күпісін жамылып жатқан да
қойған. Там-тұм көңіл сұрай кіргендер болмаса, көктем шыққалы қонақ та сирек.
Әлдекімді көргісі, сөйлескісі келді ме, әлде жата-жата жалығып, оның үстіне
сырқатының да беті қайтты ма, бүгін шай қайнап келгенше кемпірін жанықтырып
болды:
– Тез, кемпір, шайыңды тездет, көлікке мінгелі отырмын!– Балалар бірі-біріне
қарап, жымың қағысты. Көкелері канша мейірімді, канша жұмсақ болғанмен, күн
ұзаққа пеш түбінде жатып алса... еркін ойнай алмайсың. Әрі сырқат, әрі көңілсіз
кәрі кісі қаталдық етпей қала ма, қит етсе қақсап қоя береді:
– Балалар-ай, кіріп-шыға бермеңдерші! Балалар-ай, есікті жай жабыңдаршы!–Бұ
сөздер өтініш сияқты естілгенімен, бұйрықтан ауыр. Шеген қыстаудың есігі
дыбыссыз қайдан ашылсын, тиіп кетсең баж етеді. Қырқ-сырқ, ықыр-сықыр топсасы
қисаңдап, жабылып, қабысып болмайды. Білдірмей, ептеп шығуға қанша тырыссаң,
сонша шу шығарасың. Есік жай ашылған сайын, дыбысы қатты ыррр-сыррр, қиқ-
шиқ. Қарт кейде көзін жұмып алады, со кезде ұйықтаған екен деп, кішкентайлар
дереу сыртқа ұмтылады. Ойынға асыққан бала есікті қайтсін, жабуды ұмытып
кетеді. Тақтайын екі-үш қабат қып шегелеген ауыр қақпақ өз салмағымен ырылдай
кеп сарт жабылады. Қарт көзін ашып:
– Ой, басыңа тисін түге, басыңа тигір! – деп ренжиді.
Сөйткен мазаң ауру бүгін әрі жазылды, әрі көлікке мінбек. Көлікке мінсе алыс
бір жаққа кетері тағы анық. Кемпірдің өз тарсыл-тұрсылы өзіне жетеді. Әй дейтін
әже, қой дейтін қожа жоқ тамаша болғалы тұр. Есікті қалай бақыртсаң, олай бақырт
– ойнашы бір! Рақат емес пе?! Бірақ шалдың үйден шығуы, аузы айтқанмен осы
соңғы әзірде, тіпті қиындап қалған. Сүйекке біткен салбөкселігі, үлкендігі,
дімкәстігі, әйтеуір, бір қартқа сылтау жететін. Оған ауа райы тағы қосылады.
Түйенің беліне киізін тартқызып қойып, көбіне, қайта алдырады, жаз болса:
– Кемпір, қара інгенді қоя берші, күн ысып кетті білем, түс қайта, салқынмен
жүрейін,– деп жантая қояды. Түс қайта тағы бір себеп табылады. Ал, қыста? Қыс
деген қиын, сақтанбаса болмайды, Әжекең түйесінің бел жібінен ұстап тұрып,
аспанға қарайтын:
– Күн бұзылғалы тұр екен, көк бұлдырап кетті!– Пәлен жаққа деп жиналған
қарт қамшысын сүйретіп, тұмағы шошайып, қайта кіреді. Кейінгі бірер айдың
жүзінде бәрінен оңай желеу табылды, ол ескі құяңы. Құяңды ақсақал сарсу атайды.
Сол сарсу сақалынан өңге жерінің бәрінде бар. Кейде буын-буынын басып көріп:
– Сарысуым қалыңдап бара ма, қалай,– деп күбірлейді.
– Тышқан к... көріп жаралы, Құдайдың қара қасқасы, қойшы зарламай!– Кемпір
айтарын айтып ап, ішінен тәубеден қайтады: «Көптен ауысқаны білінбей жүр,
құстың келуіне қарсы ауруы қайта ұстаса... Алла сақтасын!» Қарт мұндайда
өзінің ежелгі, емсіз ауруы – ескі қылжағына басады:
– Кемпіржан-ау, мен өлсем өле салам, нем кетеді. Жастай жесір қалсаң – өзіңе
қиын ғой. Жанымнан қорықпаймын, сені аяймын.
– Сөзін қарашы Құдай соққанның. Балалардан ұялсаңшы. Қартайғанда. Әй,
Құдай, Құдай!– Кемпір қашанғысынша, күйіп-піседі. Қарт қашанғысынша мырс-
мырс күледі.
Қазір ұмтылыңқырап, жер таяна барып, мана босаған тас аяғын кемпірдің
алдына ысырды, шәшкесін тас табағына қағып дыбыс берді, сонсоң тамағын
кенеді, оған да болмағасын:
– Бір аяқ құйшы, ақысына тезірек кетейін,– деді, кемпір қартына шай құюды
ұмытып отырған, бақ ете түсті:
– Иә, сен кете қоярсың!
Осы кезде ит үрді. Біреу: «Күшігім құрсын, күшігім құрсын»,– деп, итке
жағынып, сыртқы есікке таяй берді. Үні үйдегілерге: «күһім ғұсын, күһім ғұсын»
боп күңгірт, күңкілдеп, тұншығып естілді. Қорашыл үруді қойып, ырылға көшті.
Іле-шала есік сөгіле, қақырай ашылды. Ар жағынан екі бүктетіліп, қап-қара біреу
енді, пештің маңдайынан аса:
– Сәлем бердік, апа, салаумаликум, дзезде,– деп, дүр-дүр етті. Кіре беріс ала-
көлеңке еді. Кірген кісіні қапелімде тани қою қиын болатын. Тау арасынан
шыққандай күшті дауыстан (банды хабары бұл үйге де жеткен) кемпір сасқалақтап,
шайын төгіп алды:
– Ой, адыра қал, адыра қалғыр!– Қарт қолын көлегейлеп, есікке үңілді. Келген
адам түрегеп тұрып үстіндегі әлде не киімді саудыр еткізіп шешіп ап, босағадағы
қазыққа іле салды. Сонсоң даурыға жөнелді:
– Шүйінші, апа, шиінші, дзезде!– Ешкім ештеңе түсінген жоқ. Сөйткенше анау
самаурынның үстінен еңкейіп білегін созды:
– Апа, көрісіп дзіберейік!– апасы арық, сексеуіл бұтағындай иір-иір қолын,
алақанын жазбастан ұстата қойды. Бейтаныс еңкеңдеп келіп, қартпен көрісті.
Сосын, мақталы қара шалбарының балақ бауын шұбата барып, төр алдына гүрс
етіп шөге кетті. Әжекең қонақты енді таныды, салқындау ғана:
– Сағитпысың, аман ба?–деді. Кемпір жақтырмай тыржыңдап қалды. Артына,
ана жаққа қарап күңк етті:
– Қайдағы қаңғыс қайдан табады осы үйді!– Ауқатты кісі кедей, пайдасыз
туыстың келгенін қай заманда ұнатқан. Кемпір де өз-өзінен та