й жөнелген көліктілердің соңынан қол бұлғап қалған қартаң әйел.
Идаяттың Талжібектен домбыра үйрене бастағанына жыл толған. Садықжандыкі
аталатын домалақ, кішкентай қара домбыра бар-ды. Үні әлсіз болғанмен, әсерлі
шығатын. Жіңішкелеу шек тағып, пернесін қайта байлаған соң, тіпті шешен боп
алды. Ертеңгі шайды асығып-үсігіп ішеді, жүгенін қарына іліп барып шабдар
байталды әкеледі, домбыраны мамасының жаулығына орайды, қиылып тұрып
көкесінен рұқсат сұрайды. Көкесі алдымен шабдардың шап айылын көреді, сонан
соң көпшікті қайта тартады, одан кейін ғана ризалық ететін. Өстіп, күнде ертеңгісін
домбыра ораған жаулығы ағараңдай тарқатылып, шығысқа, қыстау-сордың
шығысына шығатын жолмен тепеңдеп кетіп отырады. Бір жұма осылай қатынап
жүріп, домбырасының қақпағын жарып қойды, кейін аспапты сол үйге қалдыратын
болды, келе-келе өзі де сонда қонатынды шығарды. Ал, бірер жұмадан кейін рұқсат
сұрауды да ұмыт еткен. Бірінші үйренгені – «Кеңес». Қағысы оңай, жай жүретін
күй. «Кеңесті» бұл елдің жөні дұрыс домбырашылары шертпейді, менсінбейді.
Идаят та әуелі біраз шырылдап көрген.
– Жаман күй дейім, тартпайым дейім!–Талжібек асықпай түсіндіреді:
– Жаман күй болмайды, жаман домбырашы болады, – сөйдеп, өзі күйді неше
түрлі қағысқа салып, майсаңдатып тұрып ойнайды, сонда шәкірт баланы
«Кеңестен» гөрі орындаушының аппақ, маймаңдай кететін епті саусақтары
қызықтыратын. «Кеңес» күйін екі күн тапжылмай отырып, әрең алды. Үшінші күні
таңертең ыза боп, өз бармағын өзі шайнаған. Бұл қара баланың бармақ тістеуінің
басы-тын...
Сонымен апасынан ай жарым ішінде жиырманың үстінде күй үйренді. «Кеңес»,
«Шалқыма», «Соқыр Есжан», «Кісен ашқаннан» бастап, «Баламайсаңмен» бітірді.
Қай күйді кім шығарды, оның тыңдаушыға әсерлі жетуі үшін не істеу керек, күйдің
жүрісі, мінез-құлқы қандай, осы арқылы композитор не айтқысы келді, егер үнді
сөзге айналдырса қалай айтылар еді? Осы тұрғыдан апасы көп-көп сабақ қосты.
Күйдің, домбыраның арқасында бірте-бірте бой жеткен қыз бен боз мұрын баланың
арасында, бір-бірімен тең адамдарға тән, сырластық, достық орнағандай еді.

3
...Сонымен Талжібек ұзатылған күні қара бала үйге, қамығып, қақтығып қайтқан.
Көкесі, тізесінің сарсуынан, әрі белінен шойрылып, тойға бара алмады, төсек
тартып алған-ды. Есіктен ентелей кірді, босағаға тұра ғап:
– Көке?–деді, үні қаңылтырдың үніндей шәңгір-шәңгір етті, өзі екі иінінен
тыныстап, демігіп тұр.– Көке! Жібек апамды алып кетті! Қанішкенге қарай – Бұл
сөздер бала айтса да, жай хабардан гөрі ащырақ, арыз, шағым секілді шаңыта,
шатынай естілді. Қарт, жастық ағашында жатқан күйі, көкірегін ауырсына, шытына
бұрып, немересінің жүзіне үңілген: баланың әшейінде қысық көрінетін көздері
үлкейіп, кәдімгідей дөңгеленеді. Әжекең басын шайқаймын деп мойнын ауыртып
алды. Немересін көргенде тіліне орала кететін дағдылы сөзін қайталады:
– Мамасы-ай, Идаятжан келді ғой, асын берші!– Кемпір сүрініп-қабынып жүріп,
жылытып әкелген еттен бала жеп жарымады. Бірер іліп салды да, жайпақ ағаш
табақты кейін ысырды.
– Неге жемейсің? Бір жерің ауыра ма? Жоқ, әй, сен жасырма. Аттан жығылдың
ба? Әлде ана үлкен, тентек, балалардың бірімен алысып-жұлысам деп, Құдай-ай,
сақтай гөр, бұғанаңды тайдырып алдың ба?– Кемпір үшін өз баласынан басқа бала
атаулы әрі «тентек», әрі «үлкен».
Со күні Идаятта маза болмады. Өз-өзінен сая таппай, күбініп бітті. Не үйге, не
сыртқа сыймады. Сенделді де қойды. Түр-тұрпатында қиялшыл адамдарға тән
салғырттық, жасына сай келмейтін ой, күйректік байқалады. Тәрізі – әлдене іздейді,
бірақ таба алмайды. Таппағанынан торығады, торыққан сайын қайта іздейді, қайта
қарманады. Тас қараңғы маңынан жөн-жосық іздеген соқыр кісі шығар есігін
тапқанша кез келген қабырғаға соғылмаушы ма еді? Бұ да өз көкірегінен бастар
жол, ашылар есік қарайды. Сол есігі, түсер жол, табар жөні – өнер, домбыра,
домбырасын қолына алып шіңкілдетеді. Домбыра да Жібек апасының
алдындағыдай сөйлемейтін сияқты. Өйткені, мақтайтын адам жоқ. Енді мұны кім
мақтайды? Мақтағанды кім жек көрген, әсіресе, балалар, соның ішінде Идаят қатты
ұнататын. Өнерлінің бір қанаты – мақтау, енді сол қанаты қырқылған сияқты
сезінгенде көзіне жас үйіріледі. Әйткенмен жылауға болмайды. Жігіт қой, жігіт!
Келесі сәтте ана ауылдың өзі құралыптас бір ұлымен екеуі сақаға таласып
жатты...

4
«Қара қағаз» келгеніне жыл толған. Көңіл суытатын-ақ мерзім. Сандық түбінде
жатқан шеті кетік таба нан семе-семе тасқа айналған. Жалғызы әскерге аттанатын
күні піскен нан еді. Садықжанға шетінен ыстықтай бір тістетіп алып қалған. Ескі
ырым бойынша, жолаушы кеткен адам өзі бастап ауыз тиген дәмін қайтып кеп өзі
тауысуға тиіс. Қарт бұған – нанға да сеніп жүрген жоқ-ты. «Кебін киген келмейді,
кебенек киген келеді» деген тәрізді, әйтеуір бір иланым, әйтеуір бір үміт. Әнеугүні
сандықты аштырып, тағы қараған. Нанның жартысынан көбін тышқан кеміріп
бітіпті. Содан бері Әжекең торығулы, күрт төмендеп, кү