руашылық зиянкесі деген айып тағылып, үкім кесілген. Темірәлі
сөзінде өзін ақтайтын ештеңе айтпады, тек ешқайда арыз, шағым жазбайтынын,
риза екенін білдірді. Мұнысы көзге ілініп, еленіп сотталғаны үшін әлдекімге алғыс
айтқан сықылды көрінді. Столдың шетін ала отырған орыс жігіті иығын бір қиқаң
еткізді:
– Что он? Идиот что ли?
Әйелі сот шешімін күтіп, Самаркіндегі бір таныстарының үйінде жатыр еді. Шай
қайнатымдай уақыт дауыс етті:
– Он бес жыл өтіп бітер ме! Көрісу қайда бізге енді. Ымыртта соғып басыма
кетерсің оқып дұғаңды! Темірәліні танып жарытпаса да, әйеліне көңіл білдірейік,
атамыз қазақ қой, жұбатайық деп келген екі-үш көрші кемпір қосыла жылады,
– Сандалма әй, қатын! Темірәлі өлмесе, сен өлмессің,– Қарашаш, ол да осында-
тын, жақтырмай, отырғандарды жағалай бір сүзіп өтті. Бос, көңілшек кемпірлер
жалма-жан жаулықтарының ұшымен көздерін сүртісіп, жымыраң қағысты.– О
заман, бұ заманда, жаман кісінің өлгенін көргенім жоқ, хақымақ болма, сенсіз де
басымыз ауырып келді, шай ішеміз!– деді.
Содан кейін Қарашаш, неге екенін өзі білмейді, соған, «Темірәлінің жаман
қатынына» үйір боп алған. Онымен сөйлесуге қалай да сылтау табады: не шайы
таусылады, не көйлегі тозады. Алғаш барғанында Қызбала:
– Иә-ә, не іздеп жүрсің, бәйбіше, сен түгіл өзіме де жоқ!– Өстіп бұртыңдай
қарсылаған. Қарашаш жауап қатпады. Ілкіде аузына сөз түспей, сәлден соң ғана:
– Шайы құрғыр таусылып қалып,– деп, қамшысының бүлдіргісін білегіне орап
ап, тартып-тартып қойды. Сонымен, екі әйел бірін-бірі күндес санап жүріп, мұңдас
боп кеткендерін сезбей қалысты.
Со жолы екеуі екі самаурын суды тауысқан. Арғы-бергіден айтылмаған сыр
қалмады. Бәрі жақсы, жарасып-ақ келе жатқан, әнгіменің аяқ жағы шырт бұзылды:
екеуі ұрсысып ажырасты. Одан кейінгі кездесулері бір түрлі қызық: ұрсысып
айрылса, құшақтасып табысады, құшақтасып көріскен сайын, ұрсысып тарасады.
Ғұмыры жұқпайтын, жуыспайтын кісілердің де бірін-бірі анық танитын, табатын
тұсы болса керек. Сондай мезгіл бұл екі әйел үшін, Темірәлінің сотталып,
Талжібектің ұзатылған кезі еді. Талжібек ұзатыларда Қарашаш жұрттан бұрын
соны, Темірәлінің әйелін шақырды:
– Қатын ай, байың кетіп, сорлап отырсың ғой, мен қыз ұзатам, кішкене
жақсылығым бар, ішінде бол! Бірер күнге ашпасаң дүкенің шіріп кетпес!– Қызбала
майысып, қияс кеткен:
– Иә-әә! Мені қайтесің. Қолыңнан келсе қызыңның әкесін шақыр түрмеде
жатқан,– деп, қаси сөйлеп, прилавкіге шынтағын таяна берді.
– Әй, хақымақсың-ау, анаңды... кісі деп сені! Сені Темірәлінің қатыны деп, тап
анаңды...– Қарашаш қамшысын сүйретіп шыға қайқайған. Бірақ ертең ұзатылады
деген күні күндесі артынып-тартынып жетіп келді. Кенеп қоржынға салған ақ
астығы аттың терімен қамыр боп, қабына жабысып қапты. Талжібек аттанғанда
қоймай жылаған төрт-ақ жан иесі-тін. Соның бірі осы, Темірәлінің әйелі Қызбала:
– Шыбыштың түбітіндей үлпілдеген бір жапырақ сәулем-ай, сен де біреудің
отымен кіріп, күлімен шығасың-ау енді!
Қарашаш қызының жасау-жабдығын артқан түйенің мінер жағында мелшиіп
тұрған. Құлағы шалып қап, тыржың етті:
– Бұған не жоқ, Құдай-ау, сөзін қарашы жаманның!– Сөйтті де, өзінің көңілі де
босады ма, шырт түкіріп, теріс айналды. Қарашаш басымен Темақаңның жаман
қатынына қосылып жылап тұрса, жаныңа жағар еді-ау!
Қалған үшеудің бірі Өмірәлі, бірі Идаят, енді бірі Қызыл ит – Қорашыл. Өмірәлі
еркек қой, еркек құсап ештеңе айтпай, неге жылайтынын түсіндірмей жылады. Оны
жұбатқан ешкім жоқ, өзі жұбанды. Қорашыл тойдың еті желініп, сүйегі төгіліп
біткенше қызу, шалт жүрді. Сонсоң әлденедей түсініксіз қапа, жұмбақ қасірет
басты. Бүкіл ішкі дүниесі, күшті жауынның тісі тигендей, тызылдап әкетіп бара
жатты. Алғашында не болғанын өзі де түсіне алмай, ептеп қыңсылап көрген.
Болмағасын қораның үстіне шығып ап, желге қарап ұзақ-ұзақ үрді. Сонсоң, одан
гөрі биіктеу ақ тікен шоқалға құйрығын қойып ырылдады. Жанын жайлаған
белгісіз күйік оған да тарамады, ақыры, есіктің тура көзіне кеп ұлыды. Жақсы
ырым емес; біреу анадай жерде жатқан керегенің сағанағын ала ұмтылды. Денесіне
соққы дарымаса да, қызыл ит байбалам сап, қыңсылай жөнелді. Сонымен ол да
тынды.
Идаят ілкіде апасының киімін таптыртпауды ойлаған. Талжібектің үстінен
тастамайтын қоңыр мақпал көкірекшесін ұрлап ап, тығып қойды. Ешкім оны
іздемеді, сандықтан басқа, түрлі түсті жаңа киімдер алып, қалыңдықты киіндіре
берді. Бала ұзатылар қыздың көне ештеңе кимейтінін сол арада түсінді. Жаңа
киімдерді жымқырудың ыңғайы келмеді. Маңы қаптаған әйел, бірі көйлек, бірі
бешпет, бірі қалампыр сасыған тағы бірдеңелерді ұстап, жүріп алды. Сонымен
жұрт қаумалап қызды да, құда мен күйеуді де аттандырып үлгірді. Идаят жүгіріп
тысқа шыққан, барлық бәле сенен-ау осы деген кісіше, атына мініп тізгінін жаңа жия
берген күйеу жігітке қарап, тістене күбірлеп, бір түкірді.
– Тфу! Шұбар көз ит!
– Тек, әй! Ойбай-ай, мына баланы-ай! Ақама айтайын ертең! Көргенсіз екен
бұл!–деді, дүрілде