да, пенде баласының көзі көріп,
көңілі жетпейтін бір жаққа қашқысы бар... Тілегін әлденендей бір тылсым, қатал
күш қабыл аларын да сол минутында түйсініп үлгерді. Дәл сол мезетте науқас,
кенет, көзін кең ашып ап, айнала қарады. Ешкім оның жанарына үңіле алмай
қалды, сәтінде қайта жұмды. Тек кемпір ғана оқыс дауыстап жіберді:
– А, сормаңдай, қара қасқа! Болмады, кеттің енді – деп еңіреп қоя берді.
Нақ сол сәтте, әлі жадында, мұның аурудың арқасынан сүйеген қары, бір қанар жас
топырақ құлағандай, үзіліп кетті. Содан соңғысы есінде жоқ, бәлкім бұ да көп
жылаған шығар, әйтеуір жанына қатты батқаны, көкесінің жамбасына ақ суылдақ
төгіп, төсексіз салғаны болды. Оң жақтың төсенішін әлдекімдер сыпыра тастап, екі-
үш қап сұйық құм ақтарды. Оны ыс-пыс етісіп, тоңқаңдасып, алақандарымен
сипалап жазды да, үстіне көйлек-дамбалшаң күйінде, шалқасынан қартты салды.
Міне, осы арада бұл шыдамады:
– Бұ не, төсегі қайда?– деп булықты.
– Болмайды, шырақ, құдай бұйрығы. Осылай. Сол сағаттан бастап қарт
«өлік», «сүйек», «жарықтық» атанды. Бәлкім бұл «Әжекең», «көкем» дегендердің
орнына келген заңды, балама сөздер болар?!
Ертеңіне түс қайта Қошалақтың «есті қарты», «беделді кісісі», «тілді адамы»,
«мол қол», «Әжекең», «ата», «ақ сақал», «таудай азамат» Ақшоқы шағылының
арқа тұсындағы шағын қауымның құбыла жақ шетінде, басында қол диірменнің
қазығындай бір қарыс ағашы қылтиған қызғылт-қоңыр төмпешіктің астында
қалды...
– Эй, ты хочешь чаю, на. Гони пятнадцать копеек! – Жиреншабдар
келіншек сырлы темір күрешкемен шәй әкелді. Сосын саусақтарының басын, сіріңкі
шырпысын сындырып жатқандай сытыр-сытыр, сырт-сырт еткізіп қойды.– Сюда.
Давай!– Бұл қалтасынан елу тиындық темір ақшаны келіншектің алақанына тастап
жіберіп, теріс айналды: артығын алмаймын дегені. Келіншек есіктің ескі
топсасындай шиқ етіп бір күлді. Сонсоң:
– Люблю молчаливых мужчин,– деп шыға жөнелді. Мезгілдің жаздығына,
мазасыздығына қарамастан вагонда жолаушы аз еді. Төрт орындық купеде екі-ақ
кісі. Қарсыдағы, төменгі төсекте бір жігіт бар-ды. Ол мұны әрі-бері әңгімеге тартып
байқады. «Бар», «жоқ», «иә», «білмейміннен» бөтен ештеңе ести алмаған соң
қайтып қажамады.
Содан... содан жетісі күні мәйіт салынды, қырық бірінші күні бұл елден кетті.
Әжекеңнің қадір-қасиеті, барлық өлгендер секілді, қайтыс болғасын, әсіресе,
айқын танылды. Мұны о баста ауылдан итеріп шығарған да сол қарттың аузынан
шыққан сөздердің дуасы-тын:
– Әжімгерей бейбақ өлерінде жалғыз немересін шақырып алып...– Иә, кет,
бұ жерде не бар саған? Оқу ізде, өнер тап, депті.
Осындай лақап таратқан жұрт бүгін бұның оқу іздеп, өнер табу талабын айып
көреді. Не «немере несін берер? Етін жеп сүйегін берер!» деп, мәтелдей соғады.
Идаяттың оқуы жөнінен ешкім ештеңе түсінбейді. «Әртістің оқуы» екенін
естігенде жұрт шу ете түскен. Есті шалдың баласының есерлігін, ауылын, қарт
анасын тастағанымен қоймай, қайдағы бір «шайтан оқу», «күләйлан» кәсіп қуып
кеткенін өкіне сөз етісті. Қара бала ағайын арасында салмақты, түзік бала болып
өскен-ді. Әкесінің көзі жұмылысымен өңі айналып сала бергеніне таңырқасты. Бәрін
Әжекеңнің – басшының жоқтығы деп тапты.
Жас композиторлар жинағына басылған екі әнін радио жазып алған-ды. Соны
жиі-жиі беріп тұрады. Қаланың жастар бас қосқан жиындарында, түрлі-түсті сауық
кештерде сол екі әннің айтылып жүргенін білетін. Ауылда да орта мектеп
оқушыларының аузынан естігені бар. Идаят қанша торығып, өзін-өзі қанша
кіналаса да, көңілінің әлденендей бір күдікті, қараңғы түкпірінің өзінен жарық,
сәуле табады. Құлағалы тұрған шатырын тіреп қалатын мықты бір тіреу сезініп,
соған сүйенетін. Ол тірек – сенім тірегі – осы екі ән, көкірегіне жазылып жүрген,
келер күндері жазылар әндер, солардың болашағы екенін сезгенде... Мына бір
күйкі пәнде дүниесінің бетіне қараптан-қарап шырт түкіргісі келді.
Жалма-жан көпшіктің тысын қаптады, бұрыш-бұрышына түйгіштеп, ішіндегі
мамықсымағын қопсытып, басына салды да, сұлай кетті.
Облыс орталығынан астанаға шейін поезд үш тәулік жүгіреді. Таусылмайтын
жол, бітпейтін дала! Дала, дөңгеленіп қалып жатыр. Аспан бейне алып бұрандалы
қақпақ іспетті. Біреу соны асықпай бұрап тұрғандай, көкжиек баяу жылжиды. Анда-
санда дөң-белестер кездеседі. Оның арғы жағы тағы да дала, ми дала. Сонау алда
тұтасқан қалың тоғай. Тоғай етегінен шетсіз, шексіз айдын басталады. Паровоз дәл
қазір соған жете, ыш-пыш етіп батып кетердей, жетіп келсең жол жиегіндегі қабаққа
өскен қос түп бұта. Одан әрі тағы сондай. Өстіп кете береді. Дала. Сағым. Екеуі де
алдайды, аямай алдайды. Әлі екі тәулік жол бар. Әлі екі тәулік алдану керек.
Алдану сол екі тәулікпен бітсе ғой?!
Көрші купенің алдында төрт-бес жасар сәби шешесінің жүзіне үңіліп, ернін
бұртитады:
– Мама, когда же мы придем домой?
– Скоро, дочка, очень скоро. – О да осы сөздермен қызының арқасынан
қағып, қолына кәмпит ұстатады. Анасы туған баласын алдайд