еліншек дігір салады. Қолтығына қысқан қат-
қат жамылғы-төсеніштерді толғап-толғап қап: – ты, что, глухой что ли?– деп
тепсініп-тепсініп қояды. Поезд бір қалыпты жүріп келеді. Терезеден телеграф
бағандары желіп өтіп жатыр. Идаят орынын жөндеп салып, бәтіңкесін шешті.
Сонсоң әр жеріне қара бастырма салған қалың, көк-жолақ матрацқа малдас құра
отырды...
Әжекең көзі жұмылған соң бұларды қайтып «көрген» жоқ. Үй-ішінің осылай
құрым-сырымы мен тозарын сезіп, соны айтқаны ма, кім біледі! Садықжанов дүние-
мүлік жайын ойлап, өз көңілінен соған деген жанашырлық іздеп баққан. Ондай
дәнеңе таба алмады. Бұған аздап болса да батқаны – жеті қанат үйі. Өзін шаңырақ
иесі санайтын азаматқа бататыны, батуға тиісі сол құсады... бірақ оны да аяған жоқ,
тек намыс қана.
Ақшоқы Ашақтан түстік жер-тін. Әжімгерей үйін соған көшірген. Қайтыс
болардан жыл бұрын еді. Қарт бір күні таңертең төсегінен тұра апыл-ғұпыл болды:
– Жиналыңдар, көшеміз!
Бір қойын сойып, көрші-көлемін жинады. Қош айтысты. Содан үш тәулік
өткенде жүгін алты түйеге бастыра арттырып, жазғы күннің батысына қарай ұбап-
шұбап тартып отырды. Қарттың бұлай аяқ астынан отыз жыл отырған ошағын
тастап, көшем дегеніне ілкіде ешкім сенбеді. Ақыл салған ағайындарынан
мақұлдаған ешқайсысы болмаған. Біреу олай, біреу бұлай ырғап, мәселенің мәнісін
әркім өзінше жорамалдап болғанша Әжекеңнің жұртына шөп өсіп үлгерді.
Қарттың өзі ағайынмен қоштасарда алыстан орағытып, ұзақ-сонар әңгіме
айтқан. Арғы-бергі мақал-мәтел, қанатты, қанатсыз тіркестерді тоғыта кеп, былай
түйген-ді.
– Халайық, жөн де, жөнсіз де – өзің біл. Мен осыған туарылдым. Молам
артымда, көк желкемде тұр. Өз қолыммен салған шеген қораның аузы үңірейіп,
мені күткеніне де он жылдан асты. Желкемнен дәйім ызғар еседі. Жауырыныма
шаншу жиі қадалатын болып жүр. Суық желдің өтіне тігер кәріңде қайрат қалды
ма. Осы бір ызғардан, шаншудан қашып барам. – Мұны естігендер қарттың
әншейіндегі шешендік көрсетуі, тіл жаттықтыруы санады да, бастарын шұлғысып
мейілінше түсінген кісілердің кейпін көрсеткен. Артынан ұмыта салды. Сөйтіп,
Әжекең Ақшоқыға қоныстанды. Ақшоқы малшыдан басқа елі жоқ. Жартылай иесіз
құм. Халқы Қошалақ халқынан гөрі де аңқау, адал. Әжімгерей тапа-тал түсте
ызғындай малымен шабындықты қақ жарып кеп, таңдап түсті. Бір жұмадан соң
қияқтан түйіп қыстау салып берді. Әрлі-берлі шақырыс, қонақасы жеу басталды:
«сіз», «біз», «біздің үй», «сіздің үй» боп, тез сіңісті.
Әлі есінде: июньнің он тоғызы еді. Құмның күндізгі ыстығы үйге, ішке түскен
тыншу, ымырт шағы-тын. Қақ ортаға масахана құрылған. Қарт сонда, ауыр,
сырылдай алған тынысы естіледі. Масахананың екі жағында екі ондық шам
маздайды. Екі қарт отыр. Күзет. Жұқа матаның аржағынан бөріктері қарауытады.
Бір кезде сол екі бөріктің бірі еңкейіп кеп масахана етегін түртіп ашты да, елтірі
астынан шүңірейген екі көз көрінді. Көз олай-пұлай аударылып-төңкеріліп, үй ішін
түгел қыдырып шығып, бұған тоқтады. Содан соң қабағын жидірмелете қағып-
қағып жіберді: бері кел дегені екен. Бұл масаханаға кірді. Ыстық. Күлімсі иіс бар.
Науқастың оң қолының басқы екі-үш саусағы бүгіліп-бүгіліп кетті, қолын көтеруге
шамасы келмеді. Сақалды иегіндегі жиі, ұсақ дірілді бірден байқады. Әлде не
айтатын сияқты. Құлағын қанша тосып, ештеңе ілмеді, онсыз да ұғынықсыз, үзік-
үзік сөзді көкіректен, әріден шыққан сырыл көміп тастайды. Бұл тақала түседі. Енді
бір сәтте сырқат басымды көтер дегендей ишара қылды. Іштегі екеу біріне-бірі
қарап ап, бұған бастарын шайқады. Бала – о кезде мұны бәрі бала атайтын –
көкесінің басындағы екі үлкен жастықтың арасына сол қолын бойлата, сүңгітіп
жіберіп, көтеріп кеп қалды: зілдей. Ана екеуі көмекке ұмтылды. Үшеулеп, әзер
сүйемелдеп отырғызды. Жуан мойынның өзі басты ұстай алмай, ауытқыта берді.
Сырыл тіпті күшейді. Кенет ақ бурыл мұрттың дәл су ағарлығы астындағы ұзын
талдар селтең-селтең етті. Бірдеңе айтқан тәрізді. Идаяттың зердесіне ол «ет!», «ет!»
боп жеткен. Соның арасында ана екеуі жарыса сыбырлады: «кет! кет» деп отыр
саған. Шыға ғой енді. Олар масахананың сыртын мегзеп, иектерін көтерісті. Бұл
құлақ асқан жоқ. Сондағы тілазарлығына, есіне түссе, күні бүгінге шейін риза
болады. Тіл алып шығып кеткенде ғой? Өкініші кетер ме! Ауру кеудесінің
сырылынан өңге дыбыс жоқ. Ол да бірте-бірте әлсіреп, алыстап бара жатты.
Қарттан өзге жұрт тыныстамайтындай, көз жанарлары ғана түйіседі, табысады.
Жүздерінен шұбырған терді сүртудің өзін ұмытқан. Кемпір кірді. Арық, тарамыс
қолдарын қалың жамылғы астына сүңгітіп жіберіп, аурудың аяғын іздеді. Көрпенің
сыртынан қарағанда, сипап, уқалап отырғаны сезілді. Идаятқа көкесінің жүзі
күңгірт жарықтың өзінде қуқыл, көгіс көрінді. Сол сәттегі сезімін кейін де, бүгін де
ойлап ұғына алмайды. Сұмдық, қылмысты сезім. Ол сонда өз әкесінің тезірек
өлгенін тіледі. Иә, өлгенін! Мұндай да пиғыл болады екен! Сонысы есіне түскенде
бүкіл жан жүрегі көкірегінен ытып шығып, әлдеқай