ң бәрі нашар, қарау
пиғылдан туған болымсыз бірдеңе екенін тағы сезеді. Соны сезген сайын Идаят
жанталаса басқа сылтау, себептер іздейді. Түбі бұл әурешіліктің түкке
татымайтынын, кінәлі кісінің өзін ақтау үшін асырар амалы екенін түсінеді де,
«әйтеуір дәм қоспады» деген ауыл ұғымын талшық қып, таңдайын қағып қойып,
нотасын жазады.
Алтын совхозда сауыншы. Сиырдың бауырына отырғанда желкесімен құлаған
жалғыз бұрымының ұшы жерге тиеді. Қалың қоңыр шашы екі самайдан ұмтыла,
алға мінбелей өскендіктен маңдайы қысыңқы, тар көрінеді. Жоғарғы ернінің дәл
ұшында түйменің үлкендігіндей дөп-дөңгелек қара меңі бар, тоқ омырау, аш белді,
торы қыз. Ал, көз жанары. О, ондай жанар ешкімде жоқ, Алтында ғана. Идаят оны
ылғи көзінен сүйетін. Қатты, қайқы кірпіктері мұның еріні тигенде жапырыла
қояды. Танауына сүт иісі келеді. Қыздың сауыншы болғандығынан ба? Жоқ, басқа
сүт. Адалдық, пәктік те бәлкім сүт шығар?!
Ал, Зібайра ше? Оның бүгін не жаққанын иіскеп білмесең, көзге көрінбейді.
Өйткені бетінде белгі жоқ, теп-тегіс, жып-жылтыр. Ілкіде ол осынысымен ұнаған.
Тілінің шүлжіңі, қазақ, орыс сөздерінен жасалған қойыртпақ әңгімесі – бәрі әсем
еді. Кейін, Идаяттың көзіне қызықтырғаны – қырсық, жарасқаны – жасандылық боп
алды. Жо-оқ, жары жайлы жаман ойлағысы келмейді. Мұндай ой, неге екені
белгісіз, кеше Алтынды қайта айналып көргелі бері мықтап орнықты. Екеуін көз
алдына қатар келтіреді: Зібайра жақсы, әсем-ақ келіншек. Тек басқамен салыстыра
көрме. Салыстырған жерде махаббат оңа ма, әсіресе, Алтынмен қатар қойсаң
болды – берекесі ұшады. Ойына түрлі-түсті балауыздан, қағаздан өрілген гүлдер
оралғанда шошып кетті. Кенет: «жоқ, көргем жоқ, жоқ» деп айқайлағысы келді.
Поезд ауырлай, ырғала тоқтады. Вагонның ысырмалы терезесін тартып
түсіріп, басын сұққан. Вокзал алды шытыр жапырағындай қызыл-ала, сары-ала,
ерсілі-қарсылы жөңкілген жұрт. Шелек, кәрзіңкі толы жеміс көтерген әйелдер
әркімнің жолын бір тосады.
– Қарбыз, қарбыз. Мынау бір, анау екі сом.
– Алма. Жеміс алыңдар. Шелегі бір теңге.
Үлкен сырлы шелекті екі тізесінің арасына қысқан бір кемпір жүресінен, оқшау
отыр. Вагоннан түскен халатты, пижамды жолаушыларға дамылсыз дауыстайды:
– Қымызға келіңдер, әкем. Қымыз, қымыз! – Ыдыстағысын құлаштай
сапырғанда никельді темір ожауы күн көзіне шағылып-шағылып кетеді. Осы даң-
даманың ішінен де Идаят сыр-сыр сапырылған қымыздың үнін естігендей болды.
Кемпірдің қасына қалай жеткені белгісіз, әйтеуір, жарты литрлік көкала кесенің
бірін босатып, іле қайта ұсынды, сонсоң барып аузын тамсанды:
– ІІІеше, су қосыпсыз ғой, ұят емес пе?!
– Қой, әкем! Аққа тіл тигізбе. Екі теңге бер. Мә, ыздашың. Кел, келе қал,
жазғыз биенің сүті, құяйын ба, әкем?– Идаят маңдайын жалаңаш білегімен бір
сипап, вагонына ұмтылған, біреуге соқтығып қалды:
– Кім қуып барады сонша!– Әйелдің даусы ашулы шықты. Қолтығымен
көлегейлей, кеудесіне қысқан ешкінің қос уыстай-ақ түбітін жалма-жан омырауына
сүңгітті. Сонсоң бұған қарап көзін қысып, басын шайқады:
– Тысс!– Милиция кителін желең ілген жігіт ағасы адам вагондардың ара-
арасымен бері өтіп келе жатқан, жаңағы әйел қарбыз сатушының алдына бара:
– Сколько стоит вон тот?– деп, әдейі самбырлады. Садықжанов купесіне
кеп жайғасып жатып: «жоқ, көргем жоқ» деп күбірледі. Милиционер айналасын
тінте шолып, қалың топқа сыналай, бір иықтай кіріп бара жатты.
Поезд бірте-бірте екпін ала бастады. Ақ құлақты бағандар артқа қарай қылт-
қылт желіп өтеді. Қымыздан соң манауратып ұйқы жеңіп алған, кірпігі енді іліне
бергенде алдыңғы купедегі біреудің далаға төккен суы ашық терезеден шашырап
кеп бетіне тиген. Селк етіп, дереу бойын жия қойды. Судың қайдан, қалай
шашылғанын түсінсе де, бетіне әлдекім түкіргендей, бірден жасып, мұңая қалды.
Есіне баяғы «Жаңа өмірдің» басқармасы – Темірәлі түсті. Ол кісі естуінше, екі
мәрте түкіріпті. Жадына со бір жайдың оралуы-ақ мұң, ұйқысы шайдай ашылды,
орнынан жұлына түрегелді. Барар жері, не тындырар ісі жоқ екені ойына сонда кеп,
сәкінің есік жақ бұрышына жантая салды, жағын таяна беріп, сақалының өсе
бастағанын сезді.
Темірәлі таң ата келіп есігін қақса, бөтен кісі ашады. Алакөлеңкенің өзінде
аңдап көрінген сақалына қарап айырады: еркек. «Тфу!» деп бір түкіреді де шығып
жүре береді. Содан, қабақ астындағы ескі көрші Оразғали қарттың үйінен бір шәй
ішіп, Мыңтөбе асқан көрінеді. Бекең басқармалықтан түсетін жылы артынан іздеп
барады. Ағайынның ағайыншылығын жасайды. «Тем-ақа,– депті дейді ол,– Тем-
ақа, мынау ел, Қошалақ өзіңді әлі қадыр тұтады. Той-томалағын істеп, қарсы ала-
алмағандарына өкінеді. Себебі, білмей қалыпты. Мме-ее, маған да хабар тимеді,–
деп өзінше өкпелеген сыңай білдіреді. Бекеңнің ләміне қарағанда, Темақаң сөйлесіп
жарымаған құсайды. Тек, Бекең әңгімесінің ақырына асығып: «түкпіріңді айт,
түйініңді білдір!»– деп түнеріпті.– Түйінімді білдірсем, Тем-ақа,– деген сықылды
Бекең бар жігерін тілінің ұшына байлап.– Тем-ақа, жасыңыз болса ұлғайып қалды,
тоист, жасарып к