бетіне сеніммен, батыл көз тікті. Сонсоң:
– Карта ойыны деген осы. Нешауа, бывает,– деп, өп-өтірік өзін-өзі
жұбатқансыды.
Бәрі өтірік деп ойлады Идаят. Ананың ойыны да өтірік, мыналардың мақтауы
да өтірік. Өтірік болмаса неменелеріне мәз болысады? Өтіріктен өзге зат кісіні мәз
етуші ме еді? Өзі алты қағаздан басқаны білмейтін. Сөйтсе де мына ойынның
барқын ептеп шамалаған сияқтанды, одан сайын сенімі азайып бара жатты.
Манадан карташылардың қабағын аңдумен болған. Бақса, жеңген жақ жадырап,
ұтылған жақ жасиды екен. Ал, бұ жолы бәрінің қабағы бірден ашылды. Жұрттың
бәрі бірдей қуанатын жеңіс бола ма?
– Ішкен-жегенде не тұр,– Қадырғали ыдысын аузына апара беріп, қылқ еткізіп
бір жұтынып қойды,– ішу-жеу мұрат емес, мына інішек ауыл баласы болғанмен
алыстан келді. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді»
деген, сәлем беріп жатырмыз. Былайынша айтқанда, бүгін бәріміздің басымыз
қосылып қалды. Біз қарапайым еңбек адамдарымыз. Бұ баланың әкесі марқұм
Әжекеңді көре қалдық. Аудан, ел алдында аптаритатни кісі... Қалқаман сөз
қыстырды:
– Идаяттың құрметіне, иә, бәріміздің басымызды қосқаны үшін Ғұмақаңа көп-
көп рахмет, сау болыңыз Ғұмақа.
– Бәрі жақсы,– деді ана топтан бір қарт жасаураған көзіне тер орамалдың
бір ұшын басып,– бәрі жақсы. Міне, біздер пенсиядамыз. Үкімет пен партияның
арқасында құдайға шүкір! Пенсия бар. Жетеді. Бәрі жетеді. Әжекеңнің алыстағы
баласы келді дегесін жалпылдап атырмыз. Шешең сау ма екен, шырақ? Жоғарғы
жақтарыңда не жаңалық? Айта отыр. Біз, мына Бекең екеуміз, қазір ауыл қарты
болдық. Құдайға шүкір!
Бөлме кең, жарық. Төрде екі кісілік ақ кереует. Оң жақ қабырғада, ілгері итінте
қойылған столда радио-қабылдағыш. Оған жалғас екі ағаш сандық, Идаяттың
танығаны сол-ақ болды: Ғұмар үйінің ежелгі мүлкі. Ол үй ішін түгел шолып, үюлі,
текшелеулі ештеңе таппады. Таңдантқан бұл емес. Ақ кереуеттен бастап ешкім бөксе
баспайтын босағада тұрған жалғыз ағаш орындыққа шейін үстіне бір-бір жапырақ
қызыл барқыт жауып қойған.
– Жігіттер, осыны қойсақ қайтеді? Інішек,– деп директор Идаятқа қарай
иек көтерді,– інішек ойнамайды екен. Бүгіннен басқа күн де жетер.– Бұ сөздердің
жай ақыл салу емес, бұйрық екенін білдіру үшін қолындағы картаны
Қадырғалидың алдына лақтырып тастады.
Бекең, әлденеге сүйеніп, құлай алмай қалған қанар қап құсап бір шынтағына
жантая қойды.
– Дұр-рыс! Мм-е.– Ғұмар түрегеле беріп, қабағын жиырды, оң жақ
көкірегін алақанымен баса:
– Өкпем шанша ма шорт, немене,– деді.
Карта ойнының бұлай кенет үзілгеніне әйелдер жағы қатты қуанды. Преферанс
әдетке айналып алған. Әсіресе, совхоз құрылғалы осы елдің екі еркегі бас қосса,
бір-бір көпшікті шынтаққа ала, көлбей кетіседі. Бір-бір қарындашты, құдды,
дүкеннің пайдадан басқаға ұмытшақ, әрі шала сауатты сатушысы құсап,
құлақтарына қыстырады. Содан үйлеріне қайтқанша картадан өңге әңгіме
болмайды. Содан әйел атаулы қонаққа барудан қашады. Еріне амалсыз ерген
бірен-сараны ғана сыр бермей шыдайды. Шыдамағанда қайтеді! Қабағын керіп
тастап, көңілі құлази, әркімнің аузына бір жалтақтап қараған байғұс ішінен
картаны ойлап тапқан кісіні сілеумен уақыт өткізеді. Ондайда әуелі әрқайсысы
өзінен басқа әйелдің үсті-басын мұқият тінтіп, тектеп шығады. Бірінің үстінен жаңа
бір көйлек, сақина, сырға сықылды зат көрінсе – әңгімелері сол. Жаңа заттың
қайдан, қалай алынғаны туралы сұңқылдаса отырып сөз етіседі. Аңқып айтып,
ашық күлуге сонда да батпайды. Өйткені күйеулерінің қабақтары қарс жабық. Бәрі
ойлы, бәрі толқулы. Жүздерінде әлденендей мазасыздық, әлденендей қобалжу.
Соны аңғарған әйел – ақылды әйел.
Сосын дүкеншінің әнеукүні түскен кілемді кімге, қалай жасырып бергені жайлы
ызаланыса, өшіге сөйлеседі. Ондай, дүкеншінің бүйрегі бұрған адам, ақыры, тегін
болмай шығады: ауданда, кейде облыста сүйейтін біреуі бар десіп, тұншыға
сыбырласады... не дегенмен қиқым әңгіме қанша көп тақырыпты, қанша ұзақ
болсын, бәрібір преферанстан ұзақ емес. Келіндер болмаса, жеңгейлердің оған тілі
де келмейді. Олар бұл ойынды: «қағаз жазатын ойын», «ұзақ ойын», ара кідік: «әлгі
бір ғылым ойын» деп түсіндіреді. Және мысқылдап, мұрын тыжырынтып сөйлейді.
Шешей деймін-ау, біздің үйдегі қағыңғыр бар ма, қараң қалғыр сол ше, әлгі «қағаз
жазатын ойынды» үйренгелі қасыма жатуды қойды. Немесе: «О, құдай, қу құдай,
осы ойынды шығарған қай ойының осылғыр екен» деп қатты күйініседі.
Бүгінгі, Ғұмардыкіндегі ойын да ұзаққа созылатын сықылданған-ды. Еділхан
қолындағы қызыл ала шыт қағазды жиырып ап, тастай бергенде бөлменің төр жақ
қабырғасына жағалай арқа сүйескен үш-төрт келіншек қуанғандарынан
таңданысып қалысты.
Карта жиналған соң жұрт назары түгелдей Идаятқа ауған. Оқу жайы, қала
салты төңірегінде бір қыдыру сөз қозғасты. Ғылыми қауым, зиялы елдің тұрмыс
тіршілігін жұрт түртпектей сұрап, індете мошқады. Қонақ өзінің сараң қайырған
жауабына ешкімнің қанағаттанып жарымаған