БІРІНШІ БӨЛІМ

ДАҢҚ

1

Төсін қайқайта, өңірін ашып жіберді де, ішкі қалтасынан төрт-бес қызыл
ондықты суырып ап, бірін жанындағыға ұстата салды, қалғанын әдейі көпсітіп,
қобыратыңқырап апарып қойнына қайта сүңгітті. Бетін тырнап қалсаң қаны бұрқ
еткелі тұрған он, он екі жастардағы күрең торы бала алақанындағы су жаңа он
сомдықты бүктеуге батпай, ақшаға бір, иесіне бір қарап, жалтаң-жұлтаң етті.
– Бар, жүгір! Үш-төрт пәшкесін... Беломор,– деп қалқан құлақ қара теріс
айнала берді. Артынша, манаданғы ұртын толтырған көңіл желігін бір тамсанып,
түкіріп тастады. Сол-ақ екен, әлгі балаға айтқан сөзі қайыра құлағына шалынды:
«ақша деген пішен!» Ерсі, есуас-ақ сөз. Барды танып, басқаны бағаламаса да,
дүниеде ақшаны пұл тұтпайтын мақау болмайтынын бүкіл құйқа-жүйкесімен сезіп
келгендіктен бе, әлгі сөздің санасыз, тіл ұшынан ұшуы, демек, көкірегінің ең түкпір
сыры, түкпір құпиясы екенін іштей қынжыла мойындады. Одан сайын маңына
қауіптене, ұрлана назар салды.
Жұмсаған баласы екі жүз қадамдай дөңестегі дүкенге қарай емпеңдеп барады.
Орам ішінің майсақ топырағын бұрқылдата, тапыраңдай аттайды, бұл оның шаң
тұтқан балағына, ақ жұлық бәтеңкесіне жыли, мүсіркей қарады.
Сәскедегі шайда әлдекім «шәкірт қой, бала ғой» деп қалған. Бұл осыған мықтап
намыстанып еді. Жаңағы сөзін соның әсеріне жорығанда – ұятын бөтен біреу
бөліскен сияқтанды. Есік көзіндегі аласа, балшық қорада түтіндеген бүйірлі ақ
самаурынды екі-үш әйел төңіректейді, әр қайсысының етегіне бір-бір үйір бала
ерген, соларға, бірінің танауын қысып, екіншісінің басынан сипап, өзінше ағалық
мейірімін көрсетіп біт-кенсін ғана көңілін бірледі. Босағадағы қол жуғышқа кеп
аузын шайды. Жанынан орамал шығарып, ернін бір сүйкеп жіберді, төрге өтті.
– Үйбай, әртіс қайным-ау,– бүйрек бет ақ келіншек мойнын ішін алып, мөңки
күлді,– сыртта біреу бірдеңе асатып жіберді ме, кіре аузың шайған нең? Әлде
гордтеріңнің салты солай ма?
– Жә, жә,– деп сыпайы жымиды нейлон көйлекті толық жігіт иығына
бұрылып,– Идаятжанды ұялтпа, қырдың қырық бұрау әзілін бала қайдан түсінсін.
Қап, шатыстырып алғанымды қарашы. Шербиден бастауым керек еді.
– Иә, енді болмады, шығып кетті.
– Шербидің тоғызын жүргенде...
– Екі қауіппен барып ем.– Әлгіден бері үн-түнсіз, әркім өз қолындағы картаға
үңіліп, емініп қалған жұрт ілез жамырап қоя берді. Мизерден шыққан жігіт текірек
қағады. Күлкі мен сөзді араластыра төгіп, ұрып отыр.
– Отырам ба шыбын-шыбын боп. Қайбір ойыншылар деп, тәуекелге бастым.
Елақаң, әңгімеге айналды ма қайдам, оңбай қателесті. Бұл кісінің Мархабатпен
келгені мұндай жақсы болар ма. Мархабаттың үнін естісе, құданың құдіреті, Елақаң
түйіншегінен айырылып қалады ғой, Мархабат, бір шампан мойнымда. Сен
үндемегенде Елақаң ұстап алатын еді.
Ол көрінеу дарақыланып, тарқылдап бара жатқан. Қарсысындағы сыпайы,
салқын жымиған сұрқай көзге назары түскенде жым басылды.
– Бұл енді қайырсыздың ойыны ғой, осындай, бывает, – деп міңгірледі.
Мынаның есір көңіліне су сепкен сұрқай екі көздің иесі – Еділхан, алдыңғы
күзде бұрынғы үш колхозды қосып құрылған Махамбет атындағы жаңа совхоздың
директоры да, мизерден шыққан – рабочком бастығы Қадырғали-тын. Қадырғали
мизерді екі қауіппен, әдейі жығылу үшін ойнаған-ды. Әлгісі аздай тағы да жазықты
кейіпте:
– Қайырсыз ойын ғой,– деп күңкілдеді. Қыр қазағы ежелден картаны
қайырсыз ойын атайтын. Сол сөздің растығына рабочкомның көзі осы бүгін кәміл
жетті: карта қайырлы ойын болса директорға шықпай ма? Директор бұрын да
Қадырғалиды қырына ала беретін. Қап! Жігіттің сағы сынып-ақ қалған-ды.
Қалқаман қойшы құтқарып әкетті:
– Әй, отағасы, мизер отмечается қайда? Міне, өзің жазып қойыпсың: МО.
Дабай, әкел! – деп үй иесіне тап барді.
Үй иесі – Ғұмар осы екі арада бір табақша туралған өкпе-бауыр, жөргем-ішек,
бір уыс қалайы шанышқы алып кірді.
Карта ойнаушылар екі топқа бөлінген, Бекең бастаған, преферанс білмейтін
қарттар «Бура» ойнап еді. Мизерді жууға олар да қатысты. Әр қолда бір-бір
жапырақ өкпе, бауыр ілген шанышқы. Онсыз да көңілді бұ сәтті түйіскен стакандар
сыңғыры, тіпті қыздырып жіберді.
– Мме-ее, жолдастар,– Бекең мұны арақ толы ыдысты тура иегінің үстіне
тоңтатып қойып айтты,– мме-ее, жолдастар, маған преферанстың осынысы-ақ
ұнайды,– деп қағып тастады да, стаканды кілем үстіне алып ұрды.
Шашы екі самайы мен қарақұсында қалған төртбақ біреу билік айтатын кісіше
көтеріле беріп:
– Биыл біздің Ғұмардың шаруасы түзік. Өзі байып алды,– деп домалап жатқан
стаканын тұрғызып қойды.
– Мизер!– деді Қадырғали. Еділхан жымың етіп:
– Тоғыз бар ма?– деп сұрады.
– Бақандай жеті ойынымды әкетті.
Қадырғали тағы екі қауыппен, қиықтың тұз, балтасына барған, жерден соның
королі келді. Алыс – екіге есептелетін боп келісілген-ді, сөйтіп, төбесіне қырық
қондырғанда барып жаны жай тапты. Енді ризасың ба дегендей, директордың