ым.
Дәптері әлгіндей, оқытушысы арыз жасамайды. Бірде тек көрші
баланың «Қасымжан түк білмейді» деп, таңдайын тық еткізіп, оң қолының
сұқ саусағымен шекесін шұқығанын көріп қалды. Көрген шешесі еді,
әкесінен жасырын бастауыш сыныптардың мұғаліміне барды. «Қасымжан
жақсы ғой, сабаққа жақсы». Мұғалім осылай деді де, аржағында өз
шаруасын сөйлеп кетті. Соңын: «осыны түгеншекеңе айт дағы» тәрізді
тілекпен бітірді. Ақпан кеткелі жұрт осылай Ақшәйі арқылы «қазан-аяқ»
жаққа ойыса бастаған. Жаңа заманның басы да!
Сабақ жүріп жатады. Бала біткен құлақтары қалқиып-қалқиып, тақтаға
қарап қатады да қалады. Қабырғаға іле салған әне біреу бор-бор, ақ айғыз
қара тақтай шимайдан бір босамайды. Балалар соны ермек ететін
сықылды. Әйтпесе, түге, қоңырау соғылғанға шейін жарылып өлмес пе еді!
Қасымбек те ұзамай ермек тапты. Ол: қолы жетер жердегі балалардың
құлағына қарындаш жүгірту, кішкене қыздардың мойынына қоңыз,
тарақан сықылды жәндіктерді жорғалату. Мұның бәрін әрине байқатпай
істеуге тырысады, әйткенмен мүлдем сезілмей кететін қылмыс болмайды
ғой, Қасымбектің де ұрлығы ашылды. Бір ғажабы, мұғалім өзгелерді
айыптады. Бұл жағдай тіпті желіктірді, өзін жазадан, ережеден тыс адам
танытты. Сөйтіп ол тағы да талай қаһардан аман құтылды. Бағзыда әкесі
белбеуін суырып ап, қолын көтере берген, кенет қары сылқ түсті.
«Қақпаңдар, әй, Қасымжанды!» Оның да құлағына осы дауыс шалынды.
Таныс дауыс. Одан кейін де тентек ұлды талай жазаламақ болды. Бәрінде
де көзге көрінбейтін біреу араласты, жұлына тұрып, қолын ыдырына
көтерген сайын сол қолды сілтетпейтін, соқтырмайтын бір күш бар.
Басыбек қаттырақ кейісе, әлгі дауыс та күшейе, ызғарлана береді:
«Қақпаңдар, әй, Қасымжанды!» Дәл өзі!

ІV

...Ұзын коридордың шетіне жетіп болмайды, жүріп келеді, жүріп келеді.
Камера есігінен он қадамдай ұзағасын тақтай еден басталатын, тақтайлар
тозық, арасы ырсаң қағады, аттаған сайын сықыр-сықыр, қайқаң-қайқаң
етеді. Осы арада баяғы атасы айтқан бір сөз есіне оралды: «жаны лас,
күнәкар кісі басқанда қара жердің өзі жиіркеніп, жарылады екен!»

Сонымен Қасымбектің тілі төртінші сыныпта икемге келді. Бұрынғы
«айтмаймын», «танымайым», «мілмеймін» тәрізді жеке сөздердің орынына
енді кәдімгідей сөйлем құратын, жауап қайыратын болды. Дегенмен бұл
жетістік Қасымбекті жетектемеді, кері кетірді. Алдыңғы сыныптарда сабақ
сұраса гүң-бұм деп, бұртиып отыра кететін шәкірт төртінші сыныптан
бастап мұғаліммен ұрсысатынды шығарды.
– Ақпанов, тақтаға шық!
– Тақтада не бар, партаға шықсам қайтеді?
Балалар ду күледі, бұл одан сайын масайрайды.

Екеуі төртінші баспалдаққа көтерілді. Әлі үшеу бар. Екі қайтара
өткенде-ақ санап, жаттап алған, көзін жұмып аттаса – ауыс баспайтын
сықылды еді, сүрініп кетті, кеше де сөйткен. Жауапқа шақырылған сайын
сүрінеді, сүрінген сайын серігі бетіне бақырайып қарайды, сенбейді. Зілдей
қылмысты арқалап, күні бүгінге дейін тірі келген адам сәкіге сүріне ме?!
Бұнысы әншейін айла болмасын? Еңгезердей қара жігіт селт етіп, бойын
жия қояды.
Қасымбек елден ала-бөтен керзі бәтеңкесінің тұмсығын ылғи осы арадан
түрттіреді, ылғи осы тұста атасының баяғы сөзі ойына келеді: «қақпаңдар,
әй». Әлдекім мына тарам-тарам коридордың бірінен атып шығып, айқай
салатын секілді, елең қағады. Әтте-ең, бәрі жым-жырт, тек күзетші мен
қылмыскер тақаларының дыбысы ғана, кең үлкен үйдің бүтін бір қабатын
жаңғырықтырып, тұрған да сол. Сөйтіп... Қазіргі жігіт Қасымбек төртінші
сыныптан шылымға дағдыланды, араққа одан бір-ақ жыл бұрын үйренген.
Жо-оқ, ішіп емес, ұрттап, жалап бастады, ішкені кейін. Сүйреп жүріп
ұлына сегіз сыныптық білім әперген әке, дүйім жұрт сыйлайтын Басыбек
момын, қайырымды жан-ды, со жылы тамағына қызыл балық-тың
жаңқасы қадалып өлді. Қасымбек пышағын алғаш, адамға оқталатын айда
үбек қаққан, ана Ақшәйі қайтты. Алғаш паспорт алған жылы түрмеге
қамалды, содан босап шыққан жылы үйленді, тұңғыш нәрестесі туған
жазда айырылысты. Шашын оңға қайырды, солға тарады, жалбыратып
иығына төкті, тап-тақыр ғып қырғызып тастады – ерікті-еріксіз суретке
түсті. Мұрт қойды – суретке түсті, сақал баптады – онда да. Ақыры,
тұрақты пішіні, кейпі жоқ жанға айналды. Бетінің ұят, өкініш тілгілегеннен
қалған терісін арақ аздырды.
Көресіні де молынан көрді және бірте-бірте өсіп отырды. Елді мекеннің
сарай, шоланынан бастап, үлкен қаланың тас дуалды абақтысына шейін
жетті. Бұзған тәртібі, жасаған ісінің ауыр-жеңілдігі де осыған орай, жыл
сайын зорая берген-ді. Содан Ақпанов – тұтқын. Бірінші күні жауап алуға
қатысқан екі жігіттің жастауы көзінің астымен ата: «О, жауыз!» – деп
тістене күбірлеген. Мұның денесі тітіркеніп кетті. Шынымен жауыз ба? Бұ
сөздің мән-мағынасын өзі де ұғушы еді, оу баста ойыннан тұтанған
кішкентай, жымысқы өрттің жалмай-жалмай жеткен жері осы да. Жауыз
атану. Осынша оңай ма? Мұнысы, бұлай ойлауы өмір атты ұлы жұмбақты
шешкені, не әлденені қайта ұққаны, бәлкім, құлай мойындағаны