,
бар зейін-ниетімен асыға, тебініп-тебініп қап, атын желдірте жөнелді.

ІІ

Кемпір мұржаның жанында, құбыла – батысқа қадалып алған,
тапжылмайды. Биікте ғана білінетін болмашы жел аракідік лып-лып етеді,
бөз жаулық астынан сығалаған ұяң, бурыл шашты сол жел әдепті, ерке
саусақтарымен шымшып суыратын сынды, бірте-бірте кемпірдің жүзінде
сорғалаған ақшыл талдыр молайып барады. Бірақ кимешегінің шалғайы
терістіктің қары құсап көгістене, жауырынында жатыр. Кәрі, шүңгіл жанар
ине көзіне қарағандай сығырая, әлгі бір салт аттыны жұтқан көкжиекке
үңіледі. Бұл тұрыс қайсыбір көзге қылт еткенді басып сап, оғының
дарыған-дарымағанын аңғара алмай қалған аңшы-мергеннің болмысына
да ұқсағандай-ды... Бергі қайқаңнан асып түскенін танып, арғы қабақтан
тосқан, көрінбеді. Көзін уқаламақ болып сұқ қолын жылымшы бірдеңеге
малып алды, бұ не? Манадан егіліп жылап тұрғанын сонда білді. Енді,
әлгінде тап мына қазықтан аттанған қыздың кеткенін, шын кеткенін
сезінгенде бет-ауызы тіпті божырады. Кеткені де. Солай ма? Алақанын
көзіне көлегей-леп, Күн астын қайта тінтіді, таппады. Келесі мезетте әлгі,
ілкі асырған қайқаңынан адасты, қайсысы еді, мынау ма, әне біреу ме?
Кенет, дөңі, сайы, қабағы, үрпегі қайсы – белгісіз, бәрі біріне бірі қосылып
шұбарытты, сонсоң шұбыра жөңкіліп, көкжиектің астына кіріп жоғалды...
Әлі тұр. Салт аттының қарасын тағы бір көргеннен халі
жақсармайтынын түсінеді, одан сайын іздейді. Кетті, рас кетті дегенде өз
үні өз құлағына шалынып, селк етті, баяғыдан бері түк ұқпағаны ғой.
Кеткен кісі – шын кетпей қайтуші еді! Осы ой өзегін жалап жіберді.
Көңілінде жұмбақ бір үміт бар-ды. Ханшәйі ауызы айтқанмен кетпейтін,
кетсе қабақ асып қайтып келетін сықыл-данған, мұны жалғыз тастап оқу
іздемес деген, қазір ол сенімнің әншейін алданыш, кейін өкіндіруге ғана
жарайтын түйсік екенін сезгенде жаны ышқынды. Сонда не болғаны? Қыз
атаулы осылай тайып отыра ма? Өзі ғұмырында, ұзатылған қыздың
талайын көрді. Қызды бай, не Құдай алушы еді, бұдан былай оқудың да
алатыны да. Айнала беріп, өз пиғылына өзі ызаланды. Со да ой бопты!
Обалы не, Ханшәйінің оқу іздеу қаперінде жоқ-ты. Өзі, күні-түні қақсады
да отырды: «Шырақжан, оқы, шырақжан, қатарыңнан қалма». Ал?
Айтқаны орындалды, қызы кемпірдің дегенін етті, басқа жазығы не?
Кемпір басын шайқап-шайқап қалды. Төменде есік алдында күл мен көң
төгіндісінде екі сауысқан отыр. Әлденені шоқып-шоқып ап, айнала
қарасады. Өз-өздерінен секем ғып, секіріп ұшады, сенбей қонады. Олар
сол қылықтарын бірінен бірін аудармай үш-төрт мәрте қайталағанша ол
қарап тұрды. Сонсоң мұржа түбінен қол басындай кесек алды, осы
минутта өз ойының, өз қасіретінің жанында сауысқандар тірлігі шектен
тыс құйты көрінді; біреу қан қақсап жүрсе бұлар қайдағы бір қиқымды
тереді, кесекті құлаштап атқалы қолын көтере берген, аналар ұшып
үлгірді. Қолындағысын үгіп тастағалы бар пәрменімен мытып қалған,
қатты екен, мұрты сынбады. Балшық-тың тасқа айналған заманы да.
Осыған ұқсас сезіммен уысын-дағыға өкпелей, түңіле бір көз салды: осы
мезетте бүкіл дүние, өзіне деген күллі адамзат көңілі тасқа айналған
сықылданды. Оны уата да, жібіте де алмасын түсінді. Қайтадан есік
алдындағы үйіндіге назар аударған. Сауысқандар оралмапты. Әйтеуір
біреуді, жанды бірдемені ұрғысы, қақсатқысы келген, кесек дарытар қара
таппады. Сосын, қауқарсыздығын, ешкімге керегі жоқ тұлдығын, тіпті
біреуге зиян да жасай алмайтын жалғыздығын біржола мойындады, әбден
жеңілген кейіпте терең бір күрсінген, шеңгеліндегісі түсіп кетті. Енді
маңдайына тас атып, тым құрыса, уақытша өш-кегін алып, ызасын басатын
тірлік иесінің қалмаға-нына үрейлене көз жеткізді. Бұрын ше? Бұрын сәл
нәрсеге кейісе қартына тиісетін. Қарт кеткелі ашуын қазанмен басты:
«Қатын ашуы қазан қайнатады» дегенді білетін. Ал кемпір ашуланса ше?
Онда да бұрқылдайтын баяғы қазан ба? Әйтеуір, қалай болғанда да
Ханшәйінің жанына тимеуге, соның қабағына кірбің жолат-пауға
тырысқан. Қазір сонысын ақымақтық санады. Сонша үбектеп, сонша
сақсынғандай не бар еді?! Бәрібір тұрмайды, бәрібір тумағандығын
істейді. Қабырғасы қатқасын тайып отырған жоқ па?! Айдалада аңырап
жалғыз қалардай бұның жазығы қайсы? Өз қанынан жаралса өстер ме еді.
Міне, міне. Тағы бір сөз: «тумағанның түбі шикі». Үлкендер білмесе неге
айтсын. Өстіп түңілгенде кемпірдің алпыс екі тамыры түгел түйілді. Жаңа
ғана рұқсатымен аттандырған қызын бір ауық қаралайды, кінә, қаталдық
атаулыны үйіп-төгіп соған артады. Айнала беріп аяйды, ақтап шығарады.
Онымен көңілі тағы тынбайды, тағы да күйе жұқтыратын, өз басындағы
бүтін қырсықты бөлмей арқалататын айыпкер іздейді. Ал, осы қазір ойына
оралған күнәкар – Құдай. Осы мезетте бәрін бүлдірген сол көрінді.
Адамды жаратпа, жаратқасын үбір-шүбір, бала-шағасымен қосып
жаратпайсың ба?
Зілмеңке төбесінен қалай түсіп, бұл араға қашан келгені есінде жоқ,
кемпір өзінің сыртқы есік жақтауына сүйеніп тұрғанын бір-ақ аңғарды.
Мұнысына зейін тоқтат