, артына қайырылды. «Кешікпе, кешікпей келші» деп дауыс-
тады. Сонда ғой күліп тұрды. Ойламаған жерден ненің салқыны ұрды?
Әлгінде кіріп кеп бұған сүзген көзінің өзі... жоқ, солай көрінген де.
Әйтпесе, жылап, еркелеп-ақ қараған-ды. Әлде қызметте біреу ренжітті ме?
Кез келгені әкімшілік ететін бәріне бағынышты жан емес, оның да жөні жоқ
және беделді, үлкен басшылардың өздері ұлығылап атайды. Осы тұста бір
сәтке өз қара басының қадір-қасиетін ойлады. Журналистика
кафедрасының ең жас мұғалімі де беттен алады. Асылы, жасы ұлғая
бастаған адамға заң, тәртіп сақтау мекемелерінің жұмысы қолайлы-ау деп
бір қойды. Сосын әйелінің халін қайыра толғап кетті. Қайыра күдіктенді.
Қайткенде де өзі түсінбейтін бірдеңе бар. Әйтпесе, неге ренжігенін айтпай
ма? Ренішсіз жүрегі ауырмайтыны ерлі-зайыпты екеуіне де аян. Келесі
минутта қосағы хал үстінде жатқанда мұнша құйты, мәнсіз сезімге
берілгеніне қынжылды, әрі ұялды. Жалма-жан, біреу-міреу ішкі ойымды
оқып қоймады ма дегендей, айнала алақтады. Үйде ешкім болмайтын. Үш
қызының үлкені бір ай бұрын ұзатылған. Екеуі мектепте, әлі келе
қоймаған-ды. Коридорда әрлі-берлі теңселіп жүре бастады. Бірер мәрте
саусағының ұшына түсіп кеткен жеңінің қатырмасын сындыра қайырып,
сағатына көз салды, дәл қанша уақыт болғанын анықтаған жоқ, көзінің
көргені миына жетпеді, қорытылмады. Түпкі, әйелі жатқан бөлменің есігі
ашық-ты. Қос ағаш кереуеттің аяқ жағы, ақ қаптаған түкті қоңыр ала
одеялдың бұрышы, соған сұлаған толық, жұмыр білек бозарады. Есіктің
сыңар жақтауы ауруды төсек, жамылғысымен кесіп, қырқып көрсетеді.
Көзі осы көрініске сәл алданды. Әйелдің сырқаты ұстағанда ыстық қара
шәй ұрттайтыны бар-ды, сол есіне түсіп, ас үйге өтті, құманды газге
жайғастырып, қайта шықты. Әлгі ашық есікке қайта назар аударды.
Жамылғы үстіндегі білек боп-боз, қаны қашып кеткен, біртіндеп көтеріліп,
баяу басылады: сирек, ауыр тыныстың нышаны. Кіргісі, халін білгісі кеп
бір оқталды да, кідіріп қалды. Мұны көрсе қиналуы мүмкін. Әзір керегі
тыныштық. Терезеден тысқа көз жіберген. «Жедел жәрдем» машинасының
жететін мезгілі... асып бара ма, қалай. Сөйтеді, асады,– деп ойлады кенет
мазасызданып,– олардың кешікпей келген күні қайсы. Ендігі есек арба да
жетер. «Жедел жәрдемге» шофердің де ең бір жайбасарын отырғызатын
сынды. Мұның дағдыланғаны сонша, 03-ті көзін жұмып-ақ тере салады.
Коридорда өстіп, тықыршып күтуге де үйренген. Жұбайын қанша сүйіп,
қанша қадірлегенімен, ауруының қадірі кеткелі қашан! Шын аурудың да
қадірі, беделі болмақ. Бірер күн ыңырсытып, алмай кететін ауру, оқталып-
оқталып ұрмай қоятын жұдырық тәрізді, кісінің жүйкесіне ойнайды екен,
бұл да тойып үлгерген-ді. Әсіресе соңғы жылдары жиілеп барады. Біреуге
жаза мерзімі көбірек кесілсе, сотта біреу өзін ақтайтын ештеңе айта алмаса
– бәрінің салмағы баяғы жүрек бейшараға түседі, содан бір үйде бір
әйелдің берекесі жоқ. Тұрмыстың молдығына, жақсылығына қарамай
отбасында қай кездері ешқайсысының бабы табыл-майды. Дімкес жан
кімді күтеді? Баланы ма, ерді ме? Әлде ауруды ма? Амалсыздан
соңғысының – аурудың ғана күйін күйттейді. Сонымен бұл үйдегі әке,
бала, тіпті сирек келетін қонақ – жолдас, досқа шейін бір әйелдің күтушісі,
бәрінің жаны қалмайды. Ал қосағының сырқауына, қанша еті үйрен-
генімен, бұл табиғатынан күйгелек, уайымшыл жан-ды. Анау әр ауырған
сайын күйіп-пісетін. Жайбарақат, сабыр сақтап жүргені – соңғы әзірде.
Нақ сол жолы тіпті немқұрайды қараған тәрізденді.
Жыл сайын санаторий, демалыс үйі. Бір еркек әйелін күтсе – осындай-
ақ шығар. Бетіне келген емес. Отбасының ұсақ-түйек жұмысын ақ
шашымен әлі күнге өзі атқарады. Қыздары көмектесті, көмектеседі. Тек
неге екені белгісіз, бала жұм-сағанды жұбайы жақтырмайды. «Мауыздай
өзің тұрғанда майыстырып... қайтесің қасқаларды. Тым болмаса әкесінің
үйінде рақат көрсін де». Көрсе көрсін. Бұл иығын бір көтеріп, торын алып
томпаңдай береді. Бәрі бір ақжаулықтың қамы, соның көңілі үшін. Өстіп
үбектегенде жазылса екен-ау. Жо-оқ, қайта меңдей түседі. Дәрігер атаулы
бүкіл ақыл-кеңес-терін алдымен осыған береді: «қосағыңыздың жүрегі тым
қауіпті, ренжіте көрмеңіз. О кісіге қатты қуанудың өзі қатер. Кею, күйінуге
әсте болмайды». Мәссаған! Кімге болады дейсіз?! Бәрібір бірдеңе бар деп
ойлады, бурыл басты, биік, сұлу еркек, басқасы – басқа, дәл бүгінгі
жығылуы тектен-тек емес. Өзі көрген көк дәптер, екі бүктелгеніне
қарағанда, хатпен келген. Еңкейіп ұмтылса қолы жететін жерде-ақ жатты,
алмады, еркектік намысы ұстады. Әйел жұрты – жымысқы жұрт, қалай
ойларын кім біледі. Елуге келгенше... Қандай үнді, ажарлы қиысатын сөз!
Өстіп бір жерде көкіп кеп қалса... Шалдың да құрбы-құрдасы, әзіл-шынын
араластыра бора-татын жұрты бар, сақтық керек. Әсіресе әзілге әйел
араласқан жерде еркек жеңілетіні хақ. Сол жеңілетін, тіпті күлкі
шақыратын еркек – өзі боп шықса, мына шаштың босқа ағарғаны да.
Осындай пиғылмен тежеліп еді. Қазір сонысына өкінді. Кенет әйелінің
бөлмесіне кіріп барып, көк дәптерді бас сап оқығысы келді. Ол бөлмеде
бұдан бүгілген қандай сыр