Мені Жұмекен ағамен, Алматыға оқуға келген кезімде, қолымнан жетектегендей боп ертіп апарып, рухани әкемдей болған Әбу Сәрсенбаев таныстырған еді.
Ол кезде Жұкең Қадыр Мырзалиев ағамызбен бірге Жазушылар одағының бір бөлмесінде қарама-қарсы отырады екен. Екеуінің де, әсіресе, біз сияқты әдебиетке енді ғана бет қойған жастар үшін, атақтары жер жарып, айдарларынан жел есіп тұрған кездері. Өлеңдері газет беттерінде топ-топ боп жарияланып жатады. Біз оларды құныға, жата-жастана оқимыз...
Шынын айту керек, ол алғашқы кездесуде Жұмекен аға өзіме де, өлеңдеріме де соншалықты ықылас та, ілтипат та білдіре қойған жоқ. Әбекеңнің қолқалауымен менің сол жерде оқып берген бірер өлеңімді үнсіз тыңдап отырды да, қабағын кере көтеріп не ұнатқаны, не ұнатпағаны белгісіз үнмен «и-ия» деп, сіріңке қорабын бір сылдыр еткізіп шайқап, папиросын аузына қыстырып бөлмеден шығып кетті...
Мен содан оқуға түсіп орнығып алғанша, тек бір рет бас сұққаным болмаса, қайтып ол бөлмеге кіргем жоқ. Жұмекен аға маған ықылассыздау болғаннан кейін, ол кісіге деген пейілім суып қалмаса да, ортайып қалғандай еді...
Ол тұста, жиналыс, басқосулар көп пе, жоқ әлде, Жазушылар одағының үйіне кіріп шықтым деудің өзі бір мәртебе ме, әйтеуір, сол жаққа жиі барып тұратынбыз. Бір күні Жұкеңді коридордың бойынан кездестіре қалғаным. «Ассалаумағалейкум» деген сәлемімді сондай бір ықыласпен қабылдап, мені ежелден етене білетін жандай, жай-күйімді, оқуымды ден қойып сұрастыра бастады. Жақын бір ниеттес, сүйектес бір ағаммен кездескендей менің де ішім жылып сала берді. Сол жолы «әй, бала, сен ауылдан келдің ғой, айранды сағынып жүрген шығарсың» деп бұрынғы Балалар мен жасөспірімдер театрының жанындағы буфетке ертіп апарып, айран алып бергені есімде. Сол күні, ол кезде дәстүрге айнала бастаған сыра немесе арақ-шарап ішіп емес, қазақ үшін қасиетті дәм ақ ішіп тарқасып ек. Бүгінде қарап отырсам, сол ақ дәм Жұмекен ағам екеуміздің арамыздағы ұзақ жылдарға созылған ақ-адал көңілдің дәміндей болған екен-ау...
Содан бастап Жұмекен ағаға жиі барып тұратын болдым. Өлеңдерімді көрсетем немесе әдебиет туралы, соның ішінде поэзия туралы пікірлерін тыңдаймын. Ол кезде біз үшін бәрі таңсық, бәрі тосын.
Бір жылдан кейін, яғни алпыс бесінші жылы ол кісі «Лениншіл жастың» әдебиет бөлімінің меңгерушілігі қызметіне ауысты. Бұрын ол орында жұмыс істеген Әбіш Кекілбаев ағамыз біздің алдымыздағы тегеурінді, талантты жастардың шығармаларын, олардың қоғамдық мәртебесін көтеру мақсатында болса керек, тура Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің үйінде талқылатып жүретін. Сол үрдіс Жұмекен ағаның тұсында, ұзаққа созылмаса да біршама жалғасын тапқан-ды. Бір күні редакцияға өлеңдерімді апарып жүретін маған Жұмекен ағам «сенің өлеңдеріңді талқыласақ қайтеді» дегені. Мен бұл тосын ұсыныстан абдырап қалдым. Абдырамай қайтейін, өлеңдерім әр-жер, әр-жерде жарияланып жүргенмен, ол кезде есімім қалың жұртшылық түгілі, әдеби қауымның ортасында соншалықты белгілі бола қоймаған. Оның үстіне, әлі бар болғаны ҚазПИ-дің екінші курс студентімін ғой. Жүзімнен соны байқаған Жұкең «абдырап-саспай-ақ қой, жас таланттарды көтеруіміз керек. Тек алдымен бас редактормен келісіп алайын» деді. Бас редакторы – Шерхан аға. Шер-ағаңның түсі суық, сұсты көрінгенмен жастарға деген пейілі дарқан кең ғой, бірден мақұлдапты.
Талқылауға бірқатар белді адамдар жиналыпты. Жанымды өсіретін, өлең алдындағы, жалпы әдебиет алдындағы жауапкершілігімді арттыратын жақсы-жақсы салиқалы пікірлер айтылды. Көп ұзамай газеттің жарты бетіне жуығын алып тұрған өлеңдерім жарияланды. Бұл – әлі буыны бекіп, сүйегі қатпаған мен үшін үлкен мәртебе еді...
Жұмекен ағамен қарым-қатынастарымыз бұрынғыдан да жақындаса түсті. Ол жақындық бара-бара рухани туыстыққа, яғни рухани аға-інілікке ұласып кетті. Енді үйіне де барып тұратын болдым. Ол кез менің желбастау кезім ғой, содан ба көрінбей кетсем, «әй, балабас, қайда құрып кеттің» деп ренжіп қалатын...
Ол кісіні көп жұрт бүгінде үндемейтін еді, тұйық еді деп еске алады. Мен ол сөздерді негізсіз деп айта алмаймын. Рас, абыр-дабыры көп немесе сыралғы емес ортада Жұкең, өзімен-өзі боп, томаға-тұйық отыратын. Өңмеңдеп, өңешін созып орынды-орынсыз кірісе кету де, айтылып жатқан әңгімеге киліге кету де ол кісіге жат еді. Сондай-ақ, біреудің көзіне көлгірсу де, біреуге көпшік қоя сөйлеу де ол кісінің әдетінде жоқ болатын. Ал егер сондай бір жағымсыз, жұғымсыз қылықтарды көре қалса, онда ол басын әнтек шайқап, қалың қою қара шашын артқа серпіп жіберіп «ужас» деп түсі тұнжырап бұзылып кететін-ді. Қабағы керіле көтеріліп, маңдайы жиырылып барып, қайта жазылатын. Қолындағы сіріңке қорабының ішінен біртіндеп шырпы суырып, оны бас бармағы мен сұқ саусағының арасына салып бытырлатып сындырып, отырған жерін пырдай етіп шашып тастаушы еді...
Ал, шындығына келсек, Жұкең өзінің сырлас достарының ортасында тіпті де тұйық емес еді. Ондай жерлерде барынша емен-жарқын еркін отыратын, әзіл соңынан әзіл, қалжың соңынан қалжың айтылатын. Папиросын бұрқ-бұрқ сорып, соның қалың түтініне басын еңкейте сұғып жіберіп тұншыға ұзақ күлетін. Солай бола тұра ол кісі, желкеуде әлдекімдер сияқты «мен ананы бітірдім, мен мынаны бітірдім» деген желөкпе әңгімелерге де, «мен анау тақырыпты жазбақпын, мен мынау тақырыпты жазбақпын» деген қашпаған қашардың уызынан дәметкен қысыр сөздерге де бармайтын. Ол кісінің бойында жалбыраған жалбақайлық, құркеуде бөспелік дегендер қалай болмаса, кекірейіп кердеңдеп тұру, аспандап қарау сияқты астамшылық та сондай жоқ еді.
Бір күні, ұмытпасам «Қазақ әдебиетінің» бетінде болу керек, бір інісінің Жұкеңнің кезекті кітабын жерден ап-жерге салған, автор түгілі, өлеңге жанашыр кез-келген көлденең көк аттылының да жанын жаралайтындай өте бір жағымсыз мақаласы шықты. Ол мақаланың қысастықпен әдейі ұйымдастырылғаны оның өн бойынан баттиып көрініп тұр еді. Зәрлі, былғаныш мақала. Әдейі жамандау үшін, жала жабу үшін жазылған мақала. Ол кез Жұкеңнің есімі жиі-жиі айтылып жүрген кез болатын. Соны көтере алмаған, көре алмаған біреулер әлгі мақаланы әдейі ұйымдастырған болу керек. Сол мақаламен Жұмекен Нәжімеденовтің бетін қайтарып, тауанын шағып тастамақ болған. Міне, осы мақала Жұкеңнің жанына қатты батты. Мен Жұкеңе «қарсы мақала жазсам қайтеді» дедім. «Жоқ, – деді Жұкең, – жазбай-ақ қой. Біріншіден, сен жазғанмен, ол мақаланы дәл қазір еш жер баспайды. Екіншіден, алда-жалда баса қойғанда да оған қарсы тағы мақала жазылады... Сөйтіп жалғаса береді. Уақыт кетеді, жүйке тозады... Жұмыс бір жақта қалады. Ал олардың іздегені де сол. Оларға тек жұмыспен жауап беру керек» – деді. «Сонда бұл мақаланы ұйымдастырып жүргендер кімдер» деп ем, «кімдер екенін білем, бірақ оның саған қажеті жоқ» деп бетімді қайтарып тастады...
Біраз уақыт өткеннен кейін Жұкең маған бір топ өлеңдерін оқып берді. Кілең бір бесті айғырдың қылынан шымыр есілген шылбырдай шиыршық атып тұрған берік, бірақ айқай-сүреңсіз, қуатты өлеңдер екен. Ол өлеңдердің біразы көп ұзамай жарық көрді де. Сонан кейін-ақ Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы туралы сыңаржақ пікірлер, мүлде жоқ боп кетпесе де, едәуір толас тапты. Қандай жала, қандай бәледен де, ең алдымен өзіңнің адал төгілген маңдай терің ғана арашалап алатынын сонда түсіндім...
Кейіннен мен Маңғыстауға, ол кісі Мәскеуге оқуға аттанды да бірер жыл бір-бірімізден көз жазып қалдық. Біршама уақыт өткізіп, мен Маңғыстаудан Алматыға демалуға келсем, ол кісі де демалыста жүр екен. Шұрқырай кездестік. Өзі бір керемет көңілді екен. Жолма-жол аудармалармен танысқан орыс ақыны Юрий Кузнецов қатты риза боп өлеңдерін аударуға сөз беріпті. Мен де қуанып қалдым. Өйткені мен өз басым Кузнецовты орыстың ең ірі ақыны деп бағалайтынмын. (Бүгінде марқұм боп кеткен оны, Кожинов, Распутин, Белов сияқты орыстың нағыз зиялылары орыс ұлтының ұлы ақыны деп атап жүр). Бірақ ол сәтті басталған істің неге жалғасын таппай қалғанын қазір білмеймін...
Жә, айта берсек әңгіме көп. Ол кісінің жүріс-тұрысы да, сөйлеген сөз мәнері де, қабаржыған сәттері мен қуанышқа кенелген тұстары да, бәрі-бәрі көз алдымда...
Ол кісі отырғанда да, жүріп бара жатқанда да, анда-санда шашын артқа қарай серпіп тастап, басын сәл еңкейіңкіреп ұстаушы еді. Бейнебір тереңге үңіліп отырғандай немесе тереңге үңіліп бара жатқандай...
* * *
Ақындардың түрі көп. Әрқайсысының табиғаты басқа-басқа. Біріне бірі мүлде ұқсамайды. Әрине, мен бұл жерде қаптаған ақындардың бәрі туралы емес, қадау-қадау ірілері туралы айтып отырмын. Олардың бірі – бауырын жазып көсіліп шабатын ұлан-ғайыр кеңістіктің ақыны болса, екіншісі – қыран қанаты талатын шырқау биіктіктің, үшіншісі – тылсым тұңғиық тереңдіктің ақыны боп келеді. Олардың бер жағында адам жанының құпия қыл ішектерін қозғайтын немесе махаббат тақырыбына бейім, сондай-ақ, табиғатты тамылжыта жырлауға құмбыл ақындар қаншама. Әрқайсысы бөлек-бөлек дүние, әрқайсысы бөлек-бөлек әлем.
Мен бұдан біраз жыл бұрын өзімнің күнделік кітапшама Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясы туралы екі пікір жазып қойыппын. Сол пікірлерімді осы жерде толықтай келтіре кетуді жөн көріп отырмын.
«Біріншіден, әр ұлы ақынның өлшемі болады. Олай болса, Жұмекен Нәжімеденовтің өлшемі – тереңдік. Сөз жоқ, биікте тұру мен кеңістікте жүру де қиын. Ал бірақ тереңдікте жұмыс істеу қиын ғана емес, аса ауыр да. Кеңістікті игеруге де, биіктікті меңгеруге де болады. Ешқандай асқандық деп ойламай-ақ қояйық, рухани кеңістігіміз бен биіктігіміз біршама игерілген де...
Әдебиеттің өмірмен өзектес, тіршілікпен тамырлас екенін жұрттың бәрі де біледі. Тынысы да бір, тіршілігі де бір. Олай болса, мынаған қараңыз, адамзат баласы атмосфераның қалың қабатын тесіп өтіп, космосқа шыққалы қашан! Ал бірақ, бар болғаны, он бір мың метрлік мұхит тереңдігіне әлі күнге жете алмауда. Яғни тереңдіктің алапат қысымына төтеп бере алатындай барокамералар жасай алмауда. Осыған дейін жасалынған ол шарболат барокамераларды тереңдіктің сұрапыл қысымы қалайыдай қабыстырып тастайды. Тереңдікте жұмыс істеудің қиын ғана емес, аса ауыр болатынын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Жұмекен Нәжімеденов ғұмыр бойы, кім-кімді де, қысымы жаншып, езіп жіберердей аса ауыр сол тереңдікте жұмыс істеп өтті.
Әдетте, табиғат тереңге асылын жасырады. Ал халық немесе адам тереңге, ең алдымен қайғы-қасіретін жасырады. Өйткені қайғы-қасіретін асылындай сақтамаған халықта немесе адамда қадір-қасиет болмайды. Менің түсінігімде Жұмекен Нәжімеденов халқының сол қайғы-қасіретін бар табиғатымен, бар жан-жүрегімен, бар болмыс-бітімімен сезіне отырып жұмыс істеген ақын...
Екіншіден, Жұмекен Нәжімеденов деген есім – өзен, көл, таулардың географиялық, тарихи атаулары секілді рухани атауға айналып кеткен есім. Егер ол рухани ұғымдағы өзен болса, онда ол бұрқ-сарқ етіп бұрқырай құйылып, тегеурінімен тас домалатып жатқан тау өзені емес, аңқасы кеуіп шөліркеп жатқан елдің мейірін қандыратын сабырлысы мен салиқалысы. Егер ол көл болса, о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін көлемдісі емес, түбіне құпия жасырған тереңі. Егер ол тау болса, аспанмен таласқан биігі емес, бойына қазына жинаған қадірлісі».
Менің Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы туралы түсінігім, жинақтап айтқанда, кеше осылай болған. Бүгін де осылай. Ертең де осылай болып қалмақ. Мен бұл сөздерді саусағымнан сорып шығарып айтып отырғам жоқ, бұл сөздерді мен оның поэзиясының бүкіл табиғатынан шығарып айтып отырмын.
Бұдан да дәлірек айтсам, мен өз басым, Жұмекен Нәжімеденовті қазақ өлеңіндегі саусақпен санап аларлықтай оқшау құбылыстардың бірі деп білем.
Әрине, Жұмекен Нәжімеденовті бірден түсіне қою, бірден ұғына қою аса күрделі, аса ауыр. Өкінішке орай, кеше де солай болған, бүгін де солай, бәлкім, ертең де солай боп қалуы... Өйткені ол қысымы алапат тереңдікте жұмыс істеді. Өзімен бірге оқушысын да сол тереңдікке тартты. Ал тереңдік қысымына кез келген оқырман төтеп бере алмақ емес... Ол үшін үлкен дайындық, үлкен рухани жігер керек. Өйткені ол «жапырағы жалбыраған» елтең-селтең ақын емес, тереңдікке тас жарып сүңгіп құнар сорған қуатты күретамыр ақын еді. Яғни өзі айтқандай, оның тамыры «балшық емес, таспен жатыр тістесіп». Оның күрделі болатыны сондықтан. Тағы да өз сөзімен айтқанда:
...Ал тамырлар – топырақтың астында
шулап жатыр ұқсап ұлы тасқынға.
Әттең үні жетпейді
саққұлаққа, кереңге:
себебі – тым тереңде.
Оны құлақпен емес, тек жан-жүрек, сезім-ой талшықтарымен ғана терең пайымдап, терең түсіне аласың. Ол өз оқырманын көзді арбап жалт ете қалар әсер мен жарқ ете қалар ұшқынмен алдарқату үшін емес, қозданып жатқан шоқтай тұла бойына шым-шымдап жылу сіңіру үшін жұмыс істеді...
Оның өлеңдерінің әр сөзі «үп» десең ұшып кететін қауқарсыз қауыз сөздер емес, қауызынан аршылған дәндей әрі толық, әрі салмақты. Себебі, ол нені жырласа да, сол жырланар тақырыптың соны тұсын, тіпті тосын қырын ашқанды қалады. Ашылмаған жаңа қыртыстар мен жаңа қатпарларды қопарды. Мүлде бейтаныс жаңа ұғым, жаңа түсінікке бет қойды. Жаңалықты әйтеуір жаңалық айту үшін ғана іздесең, онда ол бар болғаны бүйректен сирақ шығару болып шығатынын ақын о баста-ақ жақсы түсінген. Жаңалық дегенің дәстүр топырағынан, тіпті нақты тарихи оқиғалармен салаласа-сабақтаса жалғасып, солардан нәр алып, құнар сорып жатпаса онда оның бәрі бекершілік болып шығатынын жақсы ұққан.
Жата алмайды жыр текке,
Жыр да жазда көктейді.
Бұл аспаннан бұлт өтсе
Бір жыламай өтпейді.
Аңызы да көп жұрттың –
Ескен желдің ермегі.
Көз жасымен сол бұлттың
Гүл жылайды жердегі.
Аспаннан өткен бұлт бір жыламай өтпейтін, сол бұлттың көз жасымен гүліне дейін жылап тұратын сонда бұл қандай жер?! Сөйтсек, бұл жер елім деп еңіреп, жерім деп тебіреніп өткен Махамбет батырдың өскен, сонан кейін өмірден баз кешкен жері екен. Бұл құбылысты тек Жұмекен ғана көре алған. Жұмекен ғана ұққан. Өлеңнің тарихи сабақтастығы дегеніміз осы емес пе?! Рухани сабақтастығы. Сонымен бірге тарихи тереңдік.
Әрине, ақын тереңдігін тарихи салаластықтар мен тарихи сабақтастықтардан ғана іздестіріп отырсақ, онда біздің ол қарекетіміз оғаш қана емес, әбестік те болып шығар еді. Өйткені ақын, алдымен өз заманының, өз уақытының перзенті. Сондықтан ол әуелі өз заманы мен өз уақытының бойындағы келеңсіз құбылыстар мен кісәпір мінездерге қарсы күрес ашуы керек. Бірақ ақын міндеті ол келеңсіз құбылыстар мен кісәпір мінездерді даттап, балағаттауда емес, олардың шыққан тегін, яғни табиғатын ашып көрсете білуінде. Бірақ ашудың да ашуы бар. Мұндай тұстарда бір деталь, бір теңеу, бір образдың өзі құпия кілтке, ерен қуатқа, айрықша қаруға айналады...
Дүниеде адамдардың бір-бірін көре алмаушылығы, қызғанышы деген әрі дертті, әрі қасіретті құлықтары бар ғой. Өз-өзінен табаға түскендей қуырылып, күн астында қалған терідей жиырылып тұратын ол құдай атқан құлықтар кеше де болған, бүгін де бар, ертең де бола бермек. Сонда оның табиғаты қандай? Әрине, оның табиғаты сан қилы. Жұмекен оның табиғатын мына жолдармен ашады:
Екі көзі тұр – екі жұлдыз жанады,
бірін-бірі көріп тұрған жоқ бірақ.
Ақ қағазға екі нүкте тамады,
бірін-бірі көріп жатқан жоқ бірақ.
Екі нүкте көрер болса бір-бірін,
Қос нүкте емес, сызық болар еді ғой.
Екі көзің көрер болса бір-бірін,
бір басыңды бұзып болар еді ғой.
Әрине, бұл жолдарда, өзіңіз байқағаныңыздай, «көре алмаушылық», «қызғаныш» деген сөздердің ешқайсысы да жоқ. Бірақ онда сол дертті ұғымдардың табиғаты бар. Тіпті маңдайыңдағы қос көзің бірін-бірі көрер болса, бір басыңның тас-талқанын шығарып, бұзып бітер еді. Көре алмағандықтан, қызғаныштан. Бұл өлеңде, сөз жоқ, өмірдің өзі алға тартқан философиялық тереңдік жатыр. Тағы да ол тереңдік бір кілтпен, яғни бір детальмен ашылған. Осы бір көре алмаушылық деген бәленің, осы бір қызғаныш деген қызыл иттің табиғатын барынша қопарып терең зерттеген ақын, «сыбырла оның құлағына күп-күрең: «құдай» екеу болыпты де, аман бол, жазбаса арыз біреуінің үстінен, маған кел» деп салады. Ондай жандардың тағы бір түрі: «Күн көреміз деп біреулер күн көрсетпейді басқаға». Бұл жолдар «Біреу өлмей біреуге күн жоқ» деген ежелден келе жатқан пасық, оспадар мәтелдің бір нұсқасы. Жұмекен Нәжімеденов келеңсіз, жиіркенішті бір ғана құбылыстың өзін жан-жағынан, сан тұсынан келіп, осылайша қазымырлана қазып көрсетеді. Бұл да оның өзгеше бір ерекшелігі.
Сонда ол күншілдік пен ол қызғаншақтықты тудыратын кімдер? Егер күші де, қуаты да бір-бірімен шамалас, бір-бірімен тең түсетін адамдар, аярлыққа бармай, адалдықпен тіресіп – күреске түсетін болса, сол күрес пен тірес күншілдік те, қызғаныш та болмас еді. Бірақ ол қызыл ит қызғаныш пен болған-толғаныңды ғана емес, жұмысыңның жүріп тұрғанын көре алмайтын ол бетпақ күншілдікті тудыратындар – тырақы тыраштар мен тәштек міскіндер ғой. Ондай-ондай әлін білмейтіндер өзін ғана әлекке салып қоймайды, сені де әлекке салып бітеді. Ондай жандарды ақын тіпті аяп сөйлейді. Аяп отырып, оның бейшара портретін жасайды.
Ес, ес, Самал, ес үдеп
есіп, есіп тоқташы,
қиратайын ба осы деп
қимылдаттың шөп басын.
Күштісің-ау жеңілге,
ауыр болғың келеді.
Білем, Самал, сенің де
дауыл болғың келеді.
Шәлтік есекдәмелік.
Ақын соны күлкі етіп, мазақ етіп отыр. Сондықтан да ақын «толқытатын теңізді дауыл да емес, тереңдік» деп алып, «буырқану не теңің, асып-тасып иланшы: тасып қайда кетеді тас табаққа құйған су» деп мүлде тұқыртып, келемеж етеді. Өзге жұрт, өзге елде емес, «өз елінің есігіне қолын талай рет қыстырып, өз елінің ауласында талай рет итке таланған» ақынның басына «тоқсан қабат бұлт пен тоқсан түрлі ой қонатыны» сондықтан. Өйткені ақынды «ойланбайтын пенделер ойландырмай тұрмайды». Сондықтан да ол күйінеді, сондықтан да ол опынады.
Миллион қатпарлы, миллиард жықпылды өмірді түбегейлі түсініп, оны ақи-тақи ұғыну мүмкін емес. Оны түгел түсініп, оны түгел ұғынсақ, онда ол өмір де болмас еді. Сондықтан да өмір көбіне-көп жұмыр басты пенденің парық-пайымы жете бермейтін парадокстар мен шарпысып жатқан қарама-қайшылықтардан тұрады. Қарап тұрсаң, ол парадокстар мен ол қарама-қайшылықтар ақылы бар, сөзі бар, көзі бар, санасы бар адамдар бойынан шығып жатыр. Түсіну қиын, ұғу ауыр. Бірақ солай бола тұра олардың болмыс-бітіміне үңілу, олардың мінез-құлқын ашу парыз. Ол, ең алдымен өзіңді-өзің тану үшін қажет. Адам өзін танымай, оның өзгені де, айналасындағы сан-сапат құбылыстарды да тануы мүмкін емес. Бұл жұмыс бәрінен бұрын, қалам ұстап, қағаз толтыратын жандардың міндеті болса керек.
Сонда, қоғамның да, адам жанының да ойран-ботқасын шығарып жіберетін жамандықтар не үшін жасалынады? Ол жамандықтың түпкі мақсаты не? Бұл сұрақтар кез келген адамның санасын сарсылтып, шаршатып жіберетін сұрақтар. Егер біз оны өзіміздің қарапайым таным-түсінігіміздің таразысына салып қарасақ, онда біреуге жамандық ойлап, қиянат жасаған адам, түптің түбінде сол жасаған жамандығынан зардап тартып, сол жасаған қиянаты үшін зауалға ұшырауға тиіс. Бірақ кілең олай бола бермейді ғой. Көп-көп адам өзі жасаған жамандықтың зардабын да тартпай, өзі жасаған қиянаттың зауалына да ұшырамай шайқап ішіп, шалқақ басып жүріп жатқан жоқ па? Солай бола тұра, сол әлгі сауалды өзіңе-өзің қайта-қайта қоюмен боласың: жамандық пен қиянаттың түпкі мақсаты не?
Бұл сауал төңірегінде де Жұмекен Нәжімеденов әбден бас қатырып, әбден сана сарсылтса керек. Ақынның айтуынша:
Жамандықты жасайды екен адамдар
Жақсылар тек тартады екен азабын.
Яғни жамандық атаулы жақсыларды азапқа салу үшін жасалынады. Дәл осы жерде ақынға айтылар қарсы уәжің жоқ. Өйткені дүниені ту-талақай етіп, айнала тіршіліктің астаң-кестеңін шығарып жіберетін жамандықтың азабын тартып, мазағына ұшырап жататындар, өзіміз күнде көріп жүргендей, сол жақсылар ғой.
Дүние қандай әділетсіз, қандай аяр! Әйтпесе, «иегімен құдық қазып ептілер, түйе байғұс оймақтан су ішпес» еді ғой.
Сауалдан сауал туады. Осының бәріне кім кінәлі? Сөйтсек, осының бәріне Біз Өзіміз кінәлі екенбіз. Өйткені,
Тайғанақтап із секілді мұздағы
бірақ кейде қателестік біз-дағы:
тау мен сайдың арасына дес бермей,
төбелердің өсетінін ескермей,
байғыздың да аңсауы бар екенін,
бұлбұлдың да жемсауы бар екенін,
ақылдың да ажалы бар екенін,
бақырдың да базары бар екенін,
ұмыттық біз,
әділеттен үміт қып,
әділеттің бар екенін ұмыттық.
Міне, бар бәле осында: әділеттің бар екенін ұмытып кете беретінімізде. Әділет деген кейіннен келетін зардап та, зауал да емес. Әділет деген өзіміздің қолымызда. Осыны елеп-ескермегендіктен де біз азапқа түсіп, мазаққа ұшыраймыз. Яғни кінә өзімізде!
Не нәрсені айтса да, қай тақырыпты қозғаса да қатпар-қатпар боп жатқан арғы астарын қазып, тұңғиық түпкі тереңіне үңіліп өткен Жұмекен Нәжімеденов, сенің де жан-жүрегіңнің терең түкпірінде жатқан сан тарау сауалдар мен сан қилы ойларды оятып алады. Ақын мақсаты осында. Сені де тебірентіп, сені де толқытуында.
* * *
Ақын – ұлттың ұлы ақыны деңгейіне көтерілуі үшін, ол сол ұлттың қайғы-қасіретінің қанды жасын ішіп, оның бүкіл азабын жан-жүрегімен көтере білуі керек. Қанша ол тынысты, қанша ол қуатты болғанмен, қанша ол образ, теңеу, метафораларыңызды иіріп алып кеп өлеңге қызмет еткізіп қойғанмен, ол өлеңдердің өзегінде ұлттық рух пен ұлттық мүдде жатпаса, онда ол ұлы ақын бола алмайды. Ірі ақын болуы мүмкін. Мықты ақын болуы мүмкін. Бірақ ол ұлттың ұлы ақыны емес.
Әрине, Жұмекен Нәжімеденов өмір сүрген кезеңде майы таусылған шамдай өз-өзінен өшіп, бойынан нәр кеткен шөптей өз-өзінен семіп бара жатқан ұлт тағдырын да, оның әлсіз болса да, жүрегінің бір түпкірінде жатқан арманды аңсарын да жазу мүмкін емес еді. Жазғанмен, бәрібір жарық көрмес еді. Жарық көрмегені былай тұрсын, ақынды қоғамның көзіне шыққан сүйелдей етіп құртып тынар еді.
Бірақ табанға түсіп тапталып жатқан ұлтының тағдырын, оның бүгініне бұғау салынып, ертеңіне қылыш сілтеніп жатқанын күнде көріп жүрген ақынның көкірегі қақ айырылып, жан-жүрегі жыламады дейсің бе?!
Міне, осы тұста ол «Күй кітабын» жазды. Күй тілінде сөйлеп тұрған ұлтының зары мен шерін, мұңы мен наласын, қайғы мен қасіретін өлең тілінде сөйлеткісі келді. Құрманғазылар заманындағы отарлық тепкі мен Кеңес Одағы кезіндегі отарлық астамшылдықтың бір-бірінен түк айырмашылығы жоқ екенін ұқты. Айырмашылығы – үстеріндегі киімдерінде. Ол замандағы адамдар үстеріне күпі мен шекпен киіп құл болған, ал бүгінгі адамдар галстук тағып, костюм киіп құл болып жүр. Бар айырмашылық осы. Ал зорлық – сол зорлық. Қиянат – сол қиянат.
Жұлдыздар тұр суық күліп,
Суық, жылтыр жанарымен.
Дүние тұр бұйықтырып,
Қарауытқан қабағымен.
Жас жапырақ қалады үркіп…
Бірі үзіліп түсті шеткі.
Түнгі дала алабұртып,
өз-өзінен ыс-пыс етті.
Қимыл кірді бар алапқа,
Көз үйренді әрең бұған.
Көлеңкелер – қара қатпа,
Жүгіреді қараң-құраң.
Бұл қай заманның көрінісі. Құрекең заманындағы ма, Кеңес заманындағы ма? Байқасаң, қай заманға салсаң да, сол заманның суреті боп шыға келмей ме? Айырма жоқ. Дәлірек айтсақ, бұл екі қоғамның да қас-қабағының суреті. Яғни ақын Құрманғазы заманын айта отырып, өзі өмір сүрген қатал қоғамның да қас-қабағының суретін салған.
Бұл кітап – азаттық аңсаған ұлттың ой-арманы жайлы, сол жолдағы қиямет-қайым, тар жол, тайғақ кешулері мен тағдыр-талайымы туралы кітап.
Бүкіл халық – бұғауда. Ал халық нағыз бір құдай атқан, екі иінінен су кеткен сүмелек сорлы, барып тұрған можантопай бейшара болмаса бұғауға шыдар ма? Егер ол нағыз сорлы, барып тұрған можантопай болса, онда ол халық халық болып аталмас та еді. Онда оның баяғыда-ақ тамыры семіп, баяғыда-ақ жапырағы қурап, құмға түскен із сияқты тарих желі бір «үп» еткенде сүртіліп, ізім-қайым жоқ боп кетер еді!
Халықты – халық қылатын намыс пен жігер. Ал намысы бар, жігері бар халық ешуақытта да қолға түскен бұғауға, аяққа салынған кісенге шыдамақ емес. Ондай халықтың түптің түбінде қайрат көрсетері, қарсылық көрсетері хақ. Ондай халықтың қолын шынжырлы бұғау неғұрлым қатты қысқан сайын соғұрлым өшімді алам деп өжеттеніп, өзегіңді жарам деп өршеленіп кетері сөзсіз. Ондай халық пен ондай халықтан шыққан өршіл перзенттің «салмаса егер бұғау маған, бұлқынбас ем мұнша қатты» дейтіні сондықтан. Қолына бұғау түсіп өжеттене өршеленіп кеткен ол жанның рухы тіпті асқақ, аса тәкаппар. Бұғауда жатып-ақ ықтырып сөйлейді.
Бұлқынбасам қаттырақ – мүшем де ұйып барады,
Ханға бермес қолымды – кісен қиып барады.
Жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін,
бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін.
Бірақ ол қанша асқақ, қанша тәкаппар болса да, тіпті өз басы бұғаудан құтылса да, ол бұғауды бәрі бір басқа бір мұңдасы, басқа бір қандасы киетінін сезеді. Соған қорланады, соған күйінеді. «Менен қалса шынжырды бұл, басқа біреу киер келіп» дейді ол түрме күзетшісіне. Осы сөздерді қан жылап айта тұрып, ол бірақ сонда да өз биігінен түспейді, төмендемейді. Сол тәкаппар қалпы: «сен ғой мені мүсіркейсің, ал, мен сені аяп тұрмын» дейді. Кейіпкер кесек турап, ірі сөйлеп тұр. Нағыз кескекті ердің сойы.
Ол, міне, түрмеден қашты. Бірақ ол сонысымен азаттық ала қойды ма? Басы бостан болды ма? Жоқ әлде, ол түрмеден қашқанда елі мен жері ішкені алдында, ішпегені артында қалып, арқасын кеңге салып арқа-жарқа боп жатыр ма?! Жоқ, тағы да жоқ! Өйткені «күйші қашты мазағынан түрменің, азабына бүкіл байтақ елінің». Ол енді бүкіл байтақ елінің азабына келіп кірді. Ол азап күйші үшін түрменің мазағынан да ауыр. Өйткені азап бұғауы түрме бұғауынан да қатерлі. Түрмедегі мазақ бұғауы қолын қысса, елдегі азап бұғауы жанын қысады. Елім деп еңіреген ер үшін одан өткен ауыр қасірет бар ма?!
Бірақ перзент бойындағы бұрқақ тасқын, бұла рух тізе бүгіп жасып, мойын ұсынып мойып қалмайды. Өйткені халық қасіретінің отына қақталып, халық қайғысының көз жасына суғарылған қайратты жігер мен айбатты намыс семсері бұрынғыдан да шалт суырылып, бұрынғыдан да қатты сермелмек. Ондай тұста «қанды желік» боп халық көтерілмек.
Сарнады-ай кеп дала сонда,
Құм да оянып аунады ақыр.
Қызды найза алақанда.
Ер тіл қатты жауға батыл:
«Қайт, қайт, қайт, қайт!»
Дауыл, дауыл!.. Ағала шаң…
Жалба-жұлба көрінді иық.
Қолдар жүрді жағада сан
Ел тіл қатты кегін жиып:
«Қайт, қайт, қайт, қайт!»
Бұл жолдар бейнебір бүкіл халық болып «қайт, қайт, қайт, қайт!» деп ел ішінен, жер үстінен қара бәлені аластап тұрғандай соншалықты қаһарлы естіледі.
Халық бойында осыншалық ашу-ызаны, осынша жігер мен намысты тудырып отырған не? Зорлық-зомбылық. Тізе батыру. Саған жан деп емес, мал деп қарау. Отырсаң опақсың, тұрсаң сопақсың деп қорлау. Алдына сап емпеңдетіп жүргізіп, елпілдетіп жүргізіп қою. Оған кім көнбек?! Сондықтан да «ол асау болмас еді – болмасына қойды ма?» Егер сенің ашу-ызаң атқақтап, намыс-жігерің жарқылдап тұрса, сол үстем өкірем өркөкіректік те қанша қорланып, қоқиланып, қоқаңдағанмен күндердің күнінде аяғын тартады екен. Сондықтан да сол өпірем өктемдік күйшіні суға да, отқа да салып азаптаса да, бәрібір оның сағын сындыра алмапты. Өктемдіктің де амалы таусылып, айласы біткендей дағдырып қалғандай болыпты. Яғни үстем өктемдік «Қор етпейін деген жоқ, қорқыта алмай қор болыпты».
Бұл «Күй кітабында», негізінен, жалды Құрманғазы күйлері арқылы азаттық аңсаған халықтың жігері мен намысы, қайғы-қасіреттен қабырғасы қақырап сөгіліп жүрсе де келсең кел деп білек сыбанып, бел буып шыға келетін елдің өршіл рухы жырланса, ал «Жаңғырық» толғауында тағы бір азаттық күрескері Махамбет батырдың басын алған тұстағы опасыздық пен сатқындық өзек болған. Бұл да қасірет. Ұлт қасіреті!
Ол кез – ұлы даланың Исатайынан айырылып, Махамбеттің жалғыз қалған кезі. Бірақ патша өкіметінің итаршылары үшін Махамбет батырдың жалғыз қалғанының өзі қатер, қауіп. Махамбеттің бұл жалғанда көзі тірі тұрғанда, сөзі тірі тұрғанда зорлықтың шоқпарын, зомбылықтың сойылын көтергендер төсегінде тыныш ұйықтап, төрінде алаңсыз ас іше алмақ емес. Сондықтан оның көзін де, сөзін де құрту керек!
…Иен далада жалғыз отырған үйге бір топ адам сау етіп аттан түсе-түсе қалысты. Алдарқатып отырып айласын асырып, ақын басын сабағынан үзілген қарбыздай домалатып, кесіп алып кетті. Өз қандастары, өз бауырластары. Бұдан өткен сатқындық, бұдан өткен опасыздық бола ма?! Жоқ, дейсің, әрине! Бірақ одан да өткен опасыздық, одан да өткен сатқындық болады екен. Инемен шабақтағандай жаның түршігеді, кездікпен тілшелегендей жүрегіңнен сора-сора қан ағады.
Ол сорақы сатқындық пен ол нәлеті опасыздық ақын басын сұлтанның алдына домалатып тастай салған сәттен басталады. Ақын басын алып келген қандықол қарақшы топ, енді бірімен бірі ерегісіп, Махамбеттің басын мен шаптым, жоқ, сен шапқан жоқсың, мен шаптым деп сұмдық масқара айтысқа түседі. Сонда не үшін дейсіз ғой. Сұлтанның көзіне түсіп абыройын асыру үшін, ақын басына төленетін екі мың сом үшін. Неткен масқара бейшаралық! Бәлкім, тарихи факт бұлай сөйлемейтін шығар. Мүлде олай болмаған шығар. Бірақ рухани фактор бар емес пе?! Махамбет заманын былай қойғанда күні кеше, Кеңес заманында ғана сол сатқындық пен опасыздық талай-талай арыстарымыздың басын саудаға салып, ақырында оларды аттырып, астырып, қалғандарын көздерінен тізіп тұрып итжеккенге айдатып жіберген жоқ па?! Ал рухани фактор арғы-бергіні түгел жинақтап, оларды қорытып сөйлеуге әбден құқылы.
Сонымен не болды дейсіз ғой. Талас қызып жатты:
Өлексеге түсетін қарға құсап қалбақтап:
– Уа, сұлтаным, мен – деді біреу ұшып алға аттап.
– Жоқ, мен! – деді бір сымпыс екі бұтын иректеп –
Қылыш шабуға үйренген жігіт едім үйде ептеп.
– Жоқ, ол емес мен!– шолақ адам бір мыртық, –
Қоя алмадым елімді «бір тентекке» бүлдіртіп.
– Семсерімді біраздан сынай алмай жүр едім, –
ақ семсерді – бірі айтты – өңменнен тіредім.
Сол-ақ екен, шолақ топ қаруларын серместі,
Қамшылары шошаңдап,
«Мен, мен» десті, «мен» десті.
Мұны енді сатқындықтан да өткен сатқындық, опасыздықтан да өткен опасыздық демей, енді не дерсің?! Бұл, енді, ұлттық трагедия!
Жұмекен Нәжімеденов бетін тіліп жіберсең де қан шықпайтын кісәпірліктер мен адам етін тірідей жейтін кәззаптықтарды көрсетуде көп-көп ақындардан оқшау тұр дей аламыз. Бұл да сол адам табиғатының тереңде жатқан қалың қыртыс-қатпарларына үңіле білуден.
Бұл жерде бір айта кетер нәрсе, адам бойындағы қыртыс-қатпарлар орасан зор қарсылыққа ие. Ол қарсылықты жеңу үшін орасан қуат керек. Жұмекен Нәжімеденов сондай қуатқа ие ақын еді.
* * *
Менің ойымша, дәл Жұмекен Нәжімеденовтей еңбекқор ақын, өзін-өзі азапқа салып қойып жұмыс істеген ақын жоқтың қасы. Бар. Бірақ сирек. Ол тіпті екінші рет инфаркт алып, өмірі қыл үстінде тұрғанда да, қолынан қаламын тастамай, алдынан қағазын жинамай өтті. Жанкештілікпен жұмыс істеді. Сұмдық асықты. Бейнебір ерте кететінін сезгендей...
Жұмекен ағаның «Тез, тез!» – деп аталатын сюжетті бір өлеңі бар. Бір күні оны кәрі әкесі, яғни атасы шақырып алып «көрші халсыз жатыр», «тез, тез барып Қошалақтан дәрі әкел» деп жұмсайды. Содан ол балағын түріп жіберіп, Қошалақты бетке алып жүгіріп алып жөнеледі. Жалаңаяқ табанына тікен мен шөңге кіргеніне де қарамайды. Өйткені «көрші халсыз жатыр». Соны құтқару керек. Ол көршінің тағдыры мұның жүгіргеніне тіреліп тұр. Қошалақтағы дәрігер де оған дәрі беріп жатып «тез, тез жет» – деп асықтырады. Ол тағы да аяғы аяғына тимей зымырап алып жөнеледі. Әйтеуір ол өлдім-талдым дегенде ауылға ымырт үйіріле жетеді-ау. Бірақ алдынан шыққан кәрі әкесі оны «кешіктің ғой, ұлым» деген сөзбен қарсы алады. Баланың меселі қайтып, көңілі су сепкендей басылып қалады, кінәсі жоқ болса да, өз міндетін адал атқарып шықса да, ол өзін айыптыдай сезінеді...
Кейіннен, ес жиып есейген соң да, ақынның ел алдындағы атқарар парызы мен міндеті, көтерер жауапкершілігі сол қалпында қалған. Сондықтан да:
Парыз десе атан-түйе тәрізді ек,
Менде ғана қалған-сынды бар ізгі от:
Әлі-әлі әлдекімге, асығыс
Шығатұғын секілдімін дәрі іздеп.
Өтелмеген бір парызым бар анық:
Табан тесіп,
сирағымды жара ғып,
әлдекімге мен, әйтеуір,
алқынып
келе жатқан сықылдымын дәрі алып.
Өйткені,
Әлі мені күтіп жатқан тәрізді,
екі дүние ортасында әлдекім.
Ол бейнебір адамды қатыгездік құрсауынан, ажал тұзағынан құтқарам деп, адам жанына дендеп кіріп алған дертке дауа іздеп асығып жүріп, бұл дүниеден өзі де асығыс кетіп қалғандай...
2006 жыл