Ұлжан Пармашқызы: Жұмекен – жырымен, ақжарқын мінезімен, сыпайы жүріс-тұрысымен талайларға ұстаз болды. Әсіресе, ақ адал көңілімен кісіні баурап алуы керемет еді. Жұмекендей ардақтының тәрбиесін көрген қандастарымыздың бірі – жазушы Темірхан Момбекұлы-Түркістан.
- Темірхан, Жұмекенді жақсы білетін шәкірттерінің бірісің ғой. Ылғи да «Ұстазым» деп, мақтанышпен, құрметпен айтып жүресің. Сенің көзіңмен қарағанда, ол кісі қандай азамат еді?
Темірхан Момбекұлы-Түркістан: Менің көруімде, менің пайымдауымда, Жұмекең – таусылмайтын жыр, таусылмайтын сыр. Тек мен үшін ғана емес, қазақ зиялылары, оқырмандары үшін. Жалпы ол кісіні білетін адамдар мінезінің кеңпейілдігін, бауырмалдығын, мейірімділігін, мінезінің жайсаңдығын айтып жүреді. Соған қоса, жақын білетіндердің айтатыны: принципті мәселеде ол кісінің қайсарлығы. Мен осы қайсарлық дегенге үш мысал айтқым келіп отыр.
Соның бірінші мысалы мынадай. Тың игеру кезінде, білесіздер, талай асыра сілтеулер болды. Мына Қазақ Жерінің, егіндікке жарай ма, жарамай ма, қарамай, шетінен жыртты ғой. Молалар кетті бұзылып дегендей. Кейде дәстүрлердің аяққа басылуы болды. Солтүстік облыстарға іссапармен Жұмекеңді жібереді. Барса, білініп тұр: ұлттық кемсітушіліктің нышаны, дәстүрді аяққа басушылық, қасиетті жердің, кейде, мысалы, молалардың бұзылып кеткені кездеседі. Жұмекең зерттейді. Сонда бір кісі айтады: «Ойпырмай, сен бұдан бір нәтиже шығарар ма екенсің, шығармас па екенсің. Бұның артында ұлттық мәселе тұр, халықтық мәселе тұр. Намыс тұр» - дейді . Бірақ, тәуекел деп зерттеп, осы материалды Алматыға алып келеді. Алып кеп, Шерхан Мұртазаға, бүгінгі Шерағаңа айтады. Ол кезде бас редактор екен. «Осындай-осындай мәселе, бұны қалай етеміз» дегенде, Шерхан: - «Жаз» деді» дейді. «Шерхан – батыл ғой» - деп Жұмекең риза болып отыратын.
Содан, зерттеген материалын жазып, нәтиже шығып, ең соңында, біраз қиғаш мінез көрсеткендер, біздің дәстүрімізге салғырт қарағандар – осындай адамдар тиісті жазасын алған екен.
Екінші мысал. Бәріңіз де жақсы білесіздер, біздің ұрпақты «Россияға Қазақстан өз еркімен қосылды» деген ауанда тәрбиеледі. Рұқсат етілген оқулықтардың барлығы да, әдебиеттердің бәрінде де осылай айтылатын. Сол кезде Жұмекең маған айтатын, бір сыр қылып, түйінді бір мәселе қып, күрмеуі қиын мәселедей қып, принципті мәселе қып айтатын.
- Біздің елді «Россияға еркімен қосылды» дегенге сенуші болма. – Ешқандай ел қаншалық жұмақ орнатамын десе де, екінші бір мемлекетке өз еркімен бағынбайды да, қарамайды да. Сен осыны біл, - деді. – Саясат өз алдына. Сен осыны біл. Еш уақытта ұмытпа, - деп айтқаны бар.
Үшінші мысал. Жұмекең өзі өмірден өткеннен кейін, жазушы, драматург Оразбек Бодықов ағамыздың Шәмші Қалдаяқов туралы қысқа әңгімелерден, хикаяттардан тұратын деректі кітабы шықты. Сонда кітаптың ішінде Шәмшінің айтатыны бар: «Әр адамның өз өмірі секілді әр әннің өз тарихы бар» - деп бастайды композитор. Білесіздер, Қонаев бір орнынан түсіп, жер дауына байланысты, басқа да мәселелерге байланысты. Басқа кісі болады. Сол кезде Қазақстанның жеріне телім-телім тағдыр бұйыратындай ауан байқалады. Көп адамда: «Ойпырмай, Қазақстанның жері бөлшектеніп кете ме!» деген қауіп болды. Бұл – тарихи факті шынында да. Енді осыған қаламгерлер болсын, композиторлар болсын, қандай наразылық білдіре алады? Іштей булығып жүреді. Сол кезде барып, Шәмші «Менің Қазақстаным» әнін шығарады. Жұмекең «Менің Қазақстанымның» сөзін жазады. Екеуінің Қазақстанның елін қорғау, жерін қорғау, ұлттық намысын қорғау жолындағы бір күресі. Бұның шығу тарихы солай екен. Соны күнде радиодан беріп тұрған саңқылдатып. Әрине, мұндай жағдайда жерді бөлу туралы әңгіме болуы да мүмкін емес қой. Кейін, әрине, бөлінбейді ғой. Құдайға шүкір. Міне, осыған үлкен үлес қосқан – Жұмекең еді, Шәмші еді. Бүгінде бүкіл Жер бетіндегі бар қазақтың жүрегіне жол тапқан «Менің Қазақстаным» әні ғой. Міне, оның осындай тарихы бар-тұғын. Осы мен білетін үш принципті мәселені айтқым келеді.
Әрине, Жұмекең туралы айтатын сөз өте көп. Ол кісінің ақындығы, балажандығы, көпшілдігі, ұлтын сүйетіндігі, өмірге құштарлығы деген сияқты. Бірақ мен осы үш мысалды әдейі қадап айтқым келіп отыр.
/Ұлжан Пармашқызы (Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықовтың қарындасы) «Хабарымда сөйле» деген соң, әуелі жазып алмастан, бірден сөйлегенмін. Яғни ауызекі стиль./