ығында деп ұғады. Ол тек шыншылдық қана өмірлік болмыстың сырларына үңілте алар тереңдікті, замана келбетін жан-жақты қамти алар ауқымдылықты қамтамасыз ете алады деп ұғады. Оның шығармаларын интимдік, азаматтық, камералық, масштабты деп ен тағып, елеп-екшеп ала қою оншалықты оңайға түспесе керек. Көбі не көп күрделі əлеуметтік құбылыс қарапайым тұрмыстық штрих арқылы ашылып, күнде кездесіп жүрген тұрмыстық көрініс кез келгеніміз елеп-ескере бермейтін өрелі ақиқатқа ұласып жатады. Детальді мұншалықты мың құбылтып ойната алатын ақын бізде кемде-кем. Деталь оның жырына тек дəлдік қана емес, кең қарымдылық пен ой ауқымдылығында шебер дарыта алған. Сондықтан, Ж.Нəжімеденов творчествосында тарих пен бүгін, шындық пен аңыз, туған дала шағылдарымен Чилидің қапас түрмелері, бүгінгі ақынмен бағзы күйші қоян-қолтық араласып, адамдық болмыс деп аталатын біртұтас əлемге айналып тұр. Ақын өз замандасының сол қым-қиғаш күрделі дүниедегі ию-қию араласып жүрген шындық пен жалғанды түйсіге, түсіне, ажырата алғанына жəрдемдесуді ең басты адамзаттық парыз санайды. Өйткені:
Қиянатын тонна болсын өлшемей,
Қайырымын «грамдайтын» тірлік бұл.

Өйткені:
Аңқаудың аузында əлі ірімшік тұр,
аш қасқыр ала қоймен жүр кеңесіп.

Өйткені:
Жамандықты жасайды екен жамандар,
Жақсылар тек тартады екен азабын.

Шыншыл азамат, сыршыл ақын адамзат қоғамының күрделі əлеуметтік болмысының шын драматизмін көлкештеп, көлгірси сөйлей алмасы хақ. Ол өнердегі оптимистік пафостың өзін шыншылдық деп ұғады. Шыншылдыққа үйренбей тұрып, əділетке араша бола алмайсың. Ақын творчествосына тəн философиялык, тереңдік пен азаматтық жігерді тыңғылықты танытқан «Күй кітабы» мен Чили туралы циклдің ортақ пафосы осыған саяды. Өнердің мұратын шындық деп түсінетін оңын өмірдің де, өнердің де бірден бір жауы – жалғандық деп біледі.
Халық атынан ту көтерген – не тірлік,
Сол халыққа қиянат қып отырып?! –

дейді ақын «Хунта» деген өлеңінде, бүгінгі Чили трагедиясы жайында сыр шерткенде. Саясаттағы, махаббаттағы, достықтағы, өнердегі халық алдындағы, туған ел, туған табиғат алдындағы, келешек алдындағы адалдық ақынның оқушысына шертер оңаша сұхбатының негізгі тақырыптары. Өмірдің өзіндегідей бояу, өмірдің өзіндегідей əуез-ырғақ – ақынның көркемдік мұраттары. Ол үшін шындыққа қиянат жасайтын əсіре бояу, əсіре желпіністің бəрі жат.

Айқай салып арзандатпа шындықты!

Бұл – Ж.Нəжімеденовтің азаматтық та, ақындық та кредосы. Мұндай мақсат ұстаған суреткердің жеткені де, жетпегі де мол болмақ.