Қазақ поэзиясында қайталанбас үні қалған Жұмекен ақынның ұлттық көркем аударма өнерінде де өзіндік қолтаңбасы бар екені белгілі болғанымен де, бұл мәселе арнайы зерттеу нысаны болмай келеді.

Жалпы, көркем тәржіма – күрделі шығармашылық өнер екені даусыз ақиқат. Поэзия, өлең – көркем сөздің сарасы болса, оның аудармасы да –көркем тәржіманың сарасы болып шығуға тиіс болса керек. Екі ақынның шығармашылық қуаты мен шеберлігі тең дәрежеде келгенде, аударма төл туындыдан еш кем соқпай, өзге тілде соншалықты табиғи, жатық болып шығады. Мәселен, Жұмекен ақынның А.Пушкиннен аударған бір ғана тармағына көз салсақ, поэтикалық аударманың өзіндік ерекшелігі мен шеберлігіне тәнті боласың.

Я пережил свои желанья…

Дәмешіл дәурен қалды алыс…

Дәмешіл дәурен атты тіркес ақынның өзіндік қолданысы түрінде аса орынды шыққан деп білеміз. Абай бабасының ізімен Жұмекен ақын да аудармадағы прагматикалық бейімдеу тәсілін қолданып, қазақ оқырманының құлағына соншалық таныс, жақын образдармен аударуға ұмтылады. Дәме, дәмешіл айқындауыш сөздері түпнұсқаның осы контекстегі лексикалық мағынасына барабар шыққан. Орыс аудармашы-ақыны Жуковскийдің: «переводчик прозы – его раб, переводчик поэзии – соперник » дегенін білеміз. Расында да, аударманың басқа ешқандай түрінде мұндай еркін бәсекелестікке жол берілмейді және шын талантты поэтикалық аудармаға ғана аударма сыншылары кешіріммен қарайды. Сондықтан да, төмендегі Жұмекен ақынның «кей аударған ақындарыма түйе жүн шапан кигіздім» дегенін кей жағдайда сәтсіздік деп емес, бәлкім, өлең аудармасының ерекшелігі ретінде, аударманың өз тілі ретінде қараған жөн болар.

Я пережил свои желанья                                            Дәмешіл дәурен қалды алыс,

Я разлюбил свои мечты                                            Сүймеймін енді арманды

Остались мне одни страданья                                 Өкініш, азап – алданыш.

Плоды сердечной пустоты.                                       Қуыс көкірек - сол қалды

 

Над бурями судьбы жестокой                                   Тағдырдың қатал желі ұрып,

Увял цветущий мой венец.                                        Солдырып кетті гүлімді.

Живу печальный, одинокий                                       Қайғылы, жалғыз, телміріп

И жду: придет ли мой конец.                                      Күтемін соңғы күнімді?

 

Так, поздним холодом пораженный.                         Алғашқы суық жұтатқан

Как бури слышен зимний свист.                                Жалаңаш ағаш қалтырап.

Один на ветке обнаженный                                        Қалатын өсіп бұтақта

Трепещет как запоздалый лист!…                            Жалғыз жетім жапырақ.

Тәржіма мәтінді түпнұсқамен мұқият салыстырған зерттеуші түпнұсқадағы барлық образдар (сердечная пустота-қуыс көкірек, запоздалый лист-жалғыз жетім жапырақ т.б.) өз бояуымен, мән-мағынасымен тәржімадан табылатынын байқайды. Мазмұндық тұрғыдан ғана емес, түпнұсқаның пішіні де сақталған, 12 тармақтағы көркем ақпаратты тәржімашы толық әрі көркем жеткізген десек қателеспейміз. Өз тарапынан қосқан «телміріп, жұтатақан, жетім» деген сөздер де орынды шыққан.

Ақын көркем тәржімаға кездейсоқ келген жоқ және тәржімалау өнерімен толық айналысып, жаппай аударып кеткен жоқ. Дегенмен де, өлеңді ерекше қастерлеп жазатын жауапкершілігі жоғары Ақын сол өлеңдерді аударуға да үлкен мән беріп, қашан да өзіндік нақыш пен мәнерде түп нұсқаны қастерлей отырып аударуға ұмтылды. 60-жылдарда алғаш аудармаға машықтана бастап, 80-жылдары үлкен ақындар мен үлкен дастандарды аударуға да ден қойды. Аудару дәстүрі белгілі дәрежеде үйрену мектебі болғаны да рас болар, бірақ Жұмекен ақын, ең алдымен өз ұлтының ақыны ретінде, Абайдан басталған ұлттық аударма мектебі бар елдің ақыны ретінде аудармашылық шеберлік пен ізденісті ұштастырып, еркін түрде бәсекелесе алады.

«Жұлдыз» журналы 1977 жылғы № 2 санында «Ахуалың қалай, аударма» деген тақырыпппен бірнеше қаламгерлер арасында сауалнама жүргізген. Жүсіп Қыдыров, Сәкен Иманасов, Өтежан Нұрғалиев, Әубәкір Нілібаев, Аян Нысаналин, Әділбек Абайділданов, Ғаббас Жұмабаев, Әбдіраш Жәмішев, Тоқаш Бердияров тағы басқалардың қатарында Жұмекен Нәжімеденов те журнал сауалдарына жауап берген. Мысалы:

1) Сіз қай ақындарды аудардыңыз? (Заказбен бе, әлде өз тілегіңізбен бе? Неге аудардыңыз? Өз пікіріңізше қалай аудардыңыз деп ойлайсыз?)

2) Аудармашылық тәжірибеңіз және аударма туралы ойларыңыз? Кім қалай аударып жүр деп ойлайсыз?

3) Өз бағалауыңызша өзіңіздің сәтті аударылған бір өлеңіңіз және сәтсіз аударылды-ау деген бір өлеңіңіз туралы әңгімелесеңіз? Сәтті не сәтсіз болуына ненің әсері болды деп ойлайсыз?

деген сауалдарға Жұмекен ақын:

1) Сағди, Фаиз, Ахмад, Незвал, Шевченко, Айбек; Бабажан, Хикмет, түріктің он төрт ақынынан бір жинақ, тағы басқа біраз ақындарын аударғаным бар.

2) Тәжірибемнің бар-жоғын ешқашан сезген емен.

3) Сәтсіздік деп қайсы бір аударған ақындарымның фрак, сюртюк, кафканын сыпырып тастап, түйе жүн шапан кигізгенімді айтар едім….

Осы жауаптарына қарағанда, ақын өз аудармаларының ішінен шығыс шайырларынан жасаған тәржімәларын ерекше бағалайтын болса керек.

Ақынның аударма мұрасы соншалық көп те емес. Ж.Нәжімеденов шығармашылығы бойынша ғылыми тұрғыда үлкен ыждағаттылықпен құрастырылған Библиографиялық көрсеткіштің (Алматы, 2005. Құрастырушылар С.Дәрібайұлы, С.Жұмекенқызы) «Ж.Нәжімеденов аударған шығармалар» атты арнаулы бөлімінде барлығы 35 аударма туынды атап көрсетіледі. Қашан да саннан гөрі сапаға ұмтылып, « д а ң қ пен д а қ п ы р т т а н » бойын аулақ ұстаған Ақын аударма саласында даосы ұстанымынан айнымаған тәрізді. Көбіне шығыс ақындарының өлең-жырларын шабыттана аударған ақынның Түркия ақындарынан аударған өлеңдері бөлек жинақ болып шыққанын айта кету керек.(Жолдағы құдық. Түркия ақындарының өлеңдері. Алматы, 1973). Ал ақынның көптеген орыс ақындарынан (Ю.Кузнецов, В.Саянов, М.Цветаева, И.Эренбург т.б.) жасаған аудармаларын Алматыдан 1980 жылы шыққан «Орыс совет поэзиясының антологиясынан» табуға болады. Ақынның 1977 жылы М.Лермонтовтың қазақ тіліндегі жинағына енген аудармаларынан, 1980 жылдары «Зауал» деген атпен аударған Ал.Блоктың белгілі «Возмездие» поэмасының тәржімасынан Ж.Нәжімеденовқа ғана тән аудармашылық мәнер мен сипатты тануға болады. Осы дастанда аудару үдерісі кезіндегі өзінің психологиялық ахуалын Жұмекен ақын былайша сипаттаған: «Мен осы күні Блоктың ішіне тереңдеп еніп кеткенім сондай, енді қайтадан өзімнің Жұмекен Нәжімеденов қалпыма келе алмай қиналып жүрген жайым бар.»

Орыс ақындарының ішінен Ж. Нәжімеденов әсіресе А.Вознесенскийді көп аударған, бұл ақынның қазақ тіліндегі шығармалар жинағы (А.Вознесенский. Таңдамалы шығармалары. Алматы, 1981) негізінен Жұмекен ақынның аудармасында жарық көрді. Қос ақынның шығармашылық үндестігіне көп тәржімалары мысал болады. Мәселен, мына бір өлеңді алып қарайтын болсақ, түпнұсқа авторының көркемдік идеясы мен өрнегі тәржімада да дәл де жатық көрініс тапқанын көреміз. Өлеңнің атауының тәржімасы да соншалықты жарасымды. Әйел сұлулығы мен мұңы жөніндегі толғаныс толық берілген.

А.Вознесенский

Женщина в августе

Пересела к зеркалу опять.

В себе как в роще заоконной.

Все нерешаешься признать

Красы чужой и незнакомой.

 

С такою заметной седина

Так в ясный день в лесу по-летнему

Листва зеленая видна

а в хмурый – медная заметная. –

 

 

Сүмбіле айындағы әйел

Айна алдына отырасың тағы да,

Торғай сынды терезеден көп алыс.

Өз көркіңді мойындауға батпайсың,

Бөтен әрі бейтаныс.

 

Мұңайған бір шағымда

Шаштың ағы анығырақ көрінер.

Осылайша ашық күні төңірек

Топырақтың көрінеді көгі көп,

Бұлтты күні – сарғайғаны көбірек. –

Орыс поэзиясындағы үні мен мәнері ерекше А.Вознесенский жырлары Ж.Нәжімеденовтің жоғары талғамына жауап бере алса керек. Екі талантты ақынның шығармашылық жарысы мен жарастығындай болған бұл аудармалар болашақта аударма теориясы мен тәжірибесі үшін зерттеу нысаны бола алады.

Жұмекен аудармаларының өз поэтикасы бар. Қазақтың терең ойлы, талғампаз, сырбаз да сабырлы ақынының тәржіма туындылары да түпнұсқадан кем соқпай, жақсы аударма талабына жауап бере алады деп санаймыз. Бұл көркем тәржімалар болашақта аударматану ғылымындағы көркем аудармадағы мазмұн мен пішін мәселесі тұрғысынан зерттеп-зерделеуге әбден лайық. Жұмекен аудармаларынан қазақ сөзінің тағы бір көркемдік мүмкіндігі мен тереңдігін танып, саралай аламыз, қазақ аудармасы тәжірибесінің тағы бір көрнекті беттерін ашамыз.

Қазақ көркем аудармасының тарихы мен тәжірибесі қалыптасып, дами бастаған қазіргі уақытта осы бір ойлы да терең, сыны мен сыры келісіп, жатық шыққан тәржімалардың сыр-сипаты ашуға қадам жасалса, нұр үстіне нұр болар.