Әдеби шығармалардың қай саласының болсын болмысын, рух жарасымдылығын таразылайтын - алдымен сол шығарманың иесі - қаламгер. Әдебиет әлемінде көркем өрнектерімен, ғұмырлы жырларымен, азаматтық бітімімен соны із қалдыратын да шынайы ақындар мен жазушылар. Әрине, бұл пікір тек өз уақытының талап-тілегіне жауап беріп қана қоймай, келер ұрпақпен де үндесе алар дарындыларға ғана арналары даусыз.
Қазақ поэзиясы деген ұғымды саралар болсақ, тарқатар ойымыздың бір ұштығы Жұмекен Нәжімеденовтей дарынға тірелері күмәнсіз. Тағдыр оның ғұмырына сараңдық еткенімен, талантына тосқауыл бола алмады. Ақын азғантай өмірінде әлеуметтік көзқарасын да, қоғамдық пікірін де қалыптастырып үлгерді. Оның мұрасы - философиялық терең түйіндерімен, табиғи құбылыстарға шебер бойлауымен, таңқалдырарлық интуициясымен бағалы. Ақиық ақынның әр парағынан азаматтық үні айқын аңғарылады. Өмірдің әрбір штрих-сызығына үңілген Жұмекеннің жағрапиялық кеңістігі де - шексіз әлем. Біздің күнделікті тіршілікте ойнаған адамдық рөліміз ақынның поэзия сахнасында шеберлікпен қойылды.
Француздың ұлы жазушысы Ромен Роллан: «Өнердің бірінші заңы: егер айтатының болмаса, аузыңды ашпа. Егер айтатының болса, адалын айт, алдама», - деп өсиет қалдырған екен. Бұл заңдылықпен Жұмекен ақынның поэзиядағы өсу эволюциясы да, азаматтық кредосы да толық үндесіп жатыр. Ол қазақ поэзиясында ақындар әлі бара қоймаған жайларға өзінше сүрлеу жол ашты. Осы күнге дейін жұмбақ ақын ретінде танылған Жұмекеннің көпшілік оқырманға түсініксіздеу көрінуінің себебі де - поэзияда қалыптасқан кейбір жаттандылыққа көнбей, өзінің оқырмандарын қалыптастыру мақсатынан туатын ойларының тереңдігінен, игерілер дүниесінің құпиялылығынан еді. Сондықтан ақын оқырманынан өзіне көп үңілуді, табиғат әлемінің санқилы құбылыстарына бірге енуді талап етеді. Көп ақындарды саралап, бағалап жүретін оқырман жұртшылықтың біразы Жұмекен ақынға келгенде пікір айта алмай, тұйыққа тірелетіні де осыдан болса керек.
Бұл шағын мақаламен ақын Жұмекеннің жұмбақ әлеміне дендеп бойлау мүмкін емес. Дегенмен ақынның: «Әр сөздің тасасында асылым бар», - деп өзі айтқанындай, оның өлеңдеріндегі кейбір символикалық образдарға мән беруді жөн көрдік.
Жұмекен Нәжімеденов жырларында Қыран образы ерекше мәнге ие. Ақын өз өлеңдерінің өн бойында Қыран бейнесі арқылы халықтың біртуар ұлдарын, елінің сүйіспеншілігіне бөленген дара тұлғалардың болмысын бедерлеп, өз ойына әрқашан философиялық түйін жасап отырады. Ұлылар үшін қайғы да, қасірет те аз емес. Олардың алдынан шығар мәңгілік кесепат - дарынсыздар, яғни Қыран көтерілер шыңға қонғысы келетін байғыздар мен жапалақтар. Ақын тілімен айтсақ:
Қос қанатын қиып алып байғыздың,
Қырандарға берсек егер ұялмай.
Қыран болып сілтер қыран бәрібір
Байғыздың да қанатын,
Топшы керек қанатты да қағатын.
Жаман аты - сол баяғы бір жаман.
Қыран қанатын беріп еді байғызға
Қонды барып мұржаға.
Жұмекен философиясы не дейді? Бұған ащы да болса ақиқат жауап бергеніміз абзал. Қазіргі қазақ поэзиясында шөпті де өлең, шөңгені де өлең етіп, айтар ойы таяз, дәмсіз де мәнсіз өлең тудырушылар да бар десек әбестік бола қоймас-ау. Олардың поэзия намысын керек қылмастан, әдебиет әлемінің қиындығы мен қызығын түсінбестен өтетіні тағы бар. Көбісінің дарындылардың көлеңкесінде қалғысы келмейтіні де шындық. Міне, ақынның концепциясы осының жауабы: Дарынды өзінің орнын қашан да болсын дәлелдей алады. Дарынсыздар - олардың мәңгілік көлеңкесі.
Ойымыздың ізін суытпай, ақынның жыр жолдарымен жалғай түсейік:
… Ал кей күні қыран құстың қанатын
қиып алып, бір байғызға жапсырдық…
Таудың даңқын көтерем деп байқаған
төбе бірақ қақты бір күн қайқалаң.
Бұлбұлдардың әнін шырқап байқаған
Қызыл әтеш - әтеш болды қайтадан…
Ақынның дарынсыздарға қатысты ой өзегі осылайша аяқталады. Ардан аттап, атаққа марапатталар, жырымен емес, мансабымен жатталар кей дарынсыздарға Жұмекен осылайша тұжырым жасапты. Біздің рухани жүдеулігіміз, мәдени жұтаңдығымыз да байғыздар мен әтештер «сыйлаған» осындай сорақылықтан емес пе?
Мына шумақтарда да ақын ойы жоғарыда айтылған пікірлермен жалғастық табады:
Бұлбұлды өстіп «түсінген» боп бәр-бәрі -
Әтеш, қарға, шымшық та сөз арнады…
Көрдіңіз бе, Әтеш, Шымшық, Қарғаның
ангинамен ауыру да - арманы.
Жалғандыққа жаратылысынан жаны қас Жұмекен жағымпаздар мен жалтақтардың әдебиет әлемін ластап жүргеніне іштей күйінеді. Дегенмен шынайы даңққа ие болған данышпандар - дарынсыздар үшін мәңгілік арманға айналады деген топшылау жасайды. Көңіл күйді төңіректеумен жүрген көп ақынға бұдан артық салиқалы сөз айтылмас, сірә. Бұлай сөйлеуге ақынның толық хақысы да бар! Жұмекеннің жан тебіренісінде қоғамдық мүдде үшін, әдебиеттегі ар-намыс үшін кескілесіп өтетін біртуар азаматтарды қолдау һәм қорғау бар.
Тағы да ақын сырына үңіле түсейікші:
Қырандарға қарасам - әлін
біліп қарадым,
Таныдым мен қыранның
қанатының жарқылын.
Қарғаны да таныдым…
шоқығаны арқылы
Көңіл жүйрік әркімде,
Көргіш екен көз деген;
Сенер болсаң сөзге егер,
Әлі талай түсініп,
тағдырлар да өзгерер,
Өзім танып алғанша,
Айтқыштарым, айта бер,
Тек ергендер қарғаға
тұмсығыңды байқап ер!
Бұл жолдарда да бүтін суретті, үлкен шындықты баяндау тенденциясы айқын көрініп тұр. Ақын өз ойын бүкпелеп, жұмсартып жатпай-ақ, соңғы жолымен оқыс әсер туғызады. Бұл - ақынның өзіне де, өзгеге де тіл қатуы. Шынында бұл жолдардан әркім өзінше түйін түйеді, байлам жасайды.
Ақты қара, қараны ақ деп, қолында билігі барлардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, арзан атақ пен жалған абыройдан кенде емес «жазғыштар» өнердің қай саласында болсын бар екені - құлаққа жағымсыз болса да - ақиқат. Бірақ олардың туындылары - уақытша дүние. Бұл да - шындық. Неге десеңіз, мұндай «тұздығы жоқ» дүниелерді оқырман қабылдамайды. Өлеңдері жүректе жатталмайды, кітабы есте сақталмайды. Жұмекен ақынның концепциясы да нақты: жас қаламгерлердің жалған принциптен аулақ болуы, жасанды қызықтан сақ болуы. Оқырманға жадағай шығарма емес, оны табындыратын құнарлы да көркем, нәрлі де мәнді, өміршең туынды жазуы шарт.
Ақиық ақын осылайша өмірдегі шындыққа тамыр тартты, өмірді өнерге айналдырды. Ол ақын ретінде де, адам ретінде де ар-ождан алдында осалдық танытпады. Шындықты тамыр-тереңімен қопара көрсетті. Ұлылық пен даналық танытты. Өз замандастарының өсу жолдарын жіті қадағалап, бағалап отырды. Оларды да өмір суреттерін дәл өрнектеуге, қыранша өмір сүруге шақырды. Ақынның:
Қырсықтардан жаратылған бағы бар,
Өмір сүре білсек біздер қыранша,
Өлудің де бір есебі табылар, -
деген жолдары осының айғағы емес пе? Иә, мұндай тұжырым тек өнерді шынайы өмірге айналдыра білген Жұмекендей құдірет-күшке ғана тән. Бұл - поэзия әлеміндегі үлкен жүректің толғанысы.
Алмағайып заман қазақ әдебиетінің панасы кім, аласы кім екенін де парықтатпай, өз оқырманын адастырып-ақ алды. Шын мәніндегі ұлы таланттар қаламгерлік қажырымен тірісінде бағаланбай, булыға бұқсып дүниеден баз кешуде. Олардың хас қасиетін, биіктігі мен кеңдігін, даналығы мен саралығын тым кеш ұғамыз. Осындай олқылығымыз, салғырттығымыз дарынды ақынның символикалық астарымен ұласып жатыр. Зер сала оқиықшы:
Қыран күтсең - күзет барлық ұяны;
Таңдаймын деп тасырланба, қатайма;
Өлтіріп ап таңдағаннан не пайда?!
Сыр аралас шым-шытырық көңіл күйін, жүрек лүпілін ақын осылай толастатады. Бір оқыған адам осы жолдарда пәлендей ештеңе де тұрған жоқ қой деп ойлауы мүмкін. Жоқ! Бұл жолдарда ертегі-мысалдағыдай қарапайым оқиға емес, адамның тағдыры, адамның психологиясы, терең философиялық тұжырым бар. Мұндағы сюжет те, композициялық құрылым да, тартымды фабула да символикалық қаһармандарымен біте қайнасып жатыр.
Бұл мақалада Жұмекен ақынның символикалық бейнелерінің бір қырына ғана аз-кем шолу жасалды. Оның поэзия мен проза жанрында еткен қажырлы еңбегі, тереңдігіне бойлатпай келе жатқан философиясы, стильдік хас шеберлігі әдебиеттану ғылымы саласында арнайы зерттеулер жүргізілуін қажет етеді. Күрделі ақынның күрмеуін шешу жауапкершілігі мол қажымас қайрат-күшті талап етері де сөзсіз. Иә, бұл - айтуға ғана, жазуға ғана оңай-ау. Ақынның жинағының баспада он жылдан астам уақыт жатуы да, мерейтойларына арналған азды-көпті пікірлерден басқа жүйелі зерттеулердің болмауы да - бұл арманның алыс екенін аңғартқандай. Не болса да ақын дүниесі өзі бедерлеген байғыздар мен жапалақтардың ниетінен аман деп білеміз.
Ақын Жұмекен - әдебиет әлемінде шарықтай ұшқан Қыран десек қателеспеспіз.