«Жұмекен поэзиясы – біздің ұлттық мақтанышымыз, біздің енді ашылар алтын сандығымыздың бірі. Ешкімге ұқсамайтын ақынның әрбір шумағы тың қазыналар. Мен поэзияны жақсы түсінетін талантты жас сыншыларды осы алтын сандықтағы асыл байлықтарды ашуға шақырамын», - депті Әбділда Тәжібаев ағамыз.
Мұқағали: «Жұмекен жұмбақ ақын, талантты да тегеурінді, күрделі ақын. Тамырын тереңге салған, ойға бай, тілге сараң суреткер» – депті. Мәселе ақынның қай кезде қалай атанғанында емес, халқына қалдырған асыл мұрасы арқылы құдіреттілігін танып, ел тарихынан алатын өз орнына қылдай да қиянат жасамауда.
Жұмекен поэзиясы философиялық ой-толғамы терең, өзіндік жазу ерекшелігі, жарқын үні бар поэзия. Нәзік жанды қарапайым ақын кіндік қаны тамған топырақтың асылдығын қастерлейді. Туған жерінің құмы мен желін, қурайы мен бәйтерегін, төбесі мен тауына дейін сағына жырлайды.
Жатырмысың, самалды сай, сырлы алап,
Жусаныңнан сынап шықтар сырғанап.
Құм шағылдан өсіп шыққан шоқыңа
Жолаушыдай өте алмадым бір қарап.
Жыңғылыңды көлеңкелеп көз ілдім,
Көз ілдім мен төсегінде сезімнің.
Саған тартқан өз ұлыңмын, өзіңмін
Тұла бойым тұтас құйған төзіммін –
депті өз ауылы Қошалақ туралы.
Көпшілік енді байқап жүрген, енді ұмтылып айтқысы келіп жүрген шындықты Жұм-аға өткен ғасырда-ақ жайып салыпты. Ақын мына ию-қию дүниедегі адамдардың шындық пен жалғанды ажыратуына көмектесуді өзінің ең басты азаматтық парызы деп түсінеді. Бір өлеңінде:
Қиянатын тонна болсын өлшемей,
Қайырымын грамдайтын тірлік бұл – дей тұра:
Жамандықты жасайды екен жамандар,
Жақсылар тек тартады екен азабын – дейді.
Шындықты айтпай, әділетті арашалай алмайсың. Жұмекен Сабырұлының шығармашылығындағы философиялық тереңдік пен азаматтық ар осыны түсіндіреді. Өмірдің де, өнердің де мұратын тек шындықты тілейтін жан, бұлардың жауы жалғандық деп біледі. Оны әр өлеңін оқып отырып түсінуге болады.
Халық атынан ту көтерген не тірлік,
Сол халыққа қиянат қып отырып, - деп ақын жан-тәнімен айғай салады. Бұл - оның азаматтық қасиеттілігі.
Аға өлеңі әншейін бір-біріне ұйқас сөз тіркестері емес, түсінген адамның жүрегінің дертіне шипа болардай сезімнен өрілген тылсым сыр. Жұмекеннің жазудағы дүниетанымы, көркемдік деңгейі, ойлау жүйесі, оқушыға бірден ұғыла қоюы қиын. Сонысымен де жұмбақ ақын, тереңдігі мойындалған ақын.
«Менің Қазақстаным» өлеңін өз халқы ешкімнен сұрамай-ақ гимн жасап алған жоқ па? Ел-халықты алдай алмайсың. Ақындық ғұмыр жайлы бір пәс ойлаған кісіге осының өзі бақыт емес пе? Жарты ғасыр өмір сүруіне де тағдыр жазбаған, қорғасындай ауыр ойларының салмағынан мерзімінен бұрын жанып кеткен Нәжімеденов артына өлмес дүниелерін молынан қалдырды. 1996 жылы оқырман қолына қомақты үш томдығы тиді. Бұрынырақ шыққан «Темірқазық» атты өлеңдер жинағын ұсына отырып, қайран-аға өзі де поэзия әлеміндегі талай ұрпақтың темірқазығы болатынын сезген шығар-ау. Жұмекен Сабырұлы өз заманының бел баласы, алаңсыз талант иесі, төл ақыны болды.
Ұрды шапақ қара бұлтты қан ғылып,
Кесті сәуле жапырақты пышақпен – дейді ақын аға бір өлеңінде. Қазақтың сөз қорының молдығына, ақынның сол байлықтан сөз асылын терген еркіндігіне таң қалып, есеңгіреп отырып қаласың. Міне, осынысымен де Жұмекен Сабырұлы – Алып ақын.
Жұм-аға өзінің туып өскен жері Гурьев облысының Теңіз ауданындағы кішкентай ауылын қалай жақсы көрсе, білім алып саналы өмірі өткен, отау тігіп, бала сүйіп, құдіретті ақын, сөз зергері екенін мойындатқан аяулы Алматысын да солай жақсы көрді.
Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер, ұйқыда ма, ояу ма?
Бар табиғат бір тіршілік, бір тіршілік баяғы,
Тастың өзі нұр шашады, бүгін-дағы, кеше де
Біздің мынау Алматыда, күн жайлаған көшеде, - депті ақын «Алматы» атты өлеңінде.
Ақынның көптеген поэмаларының ең сүбелілері «Келін», «Соңғы махаббат», «Қанды сүт», «Көзсіз батырына» өзек болған төрт оқиға, адамзат болмысының трагедиялық астарын сан қырынан шеберлікпен жеткізген кемел туындылар. Қазақ поэзиясында ақындықтың биік шыңына жеткен мұндай дүниелер кемде-кем. Бұлар нағыз ақынның ақындық тегеурінін әбден танытқан шығармалар. Оны тек өзің оқып, өзің қабылдап, өзің рахаттануың керек. Жұм-аға табиғаттың сұлулығын қызықтап қана қоймайды, оның ішкі драмасына, арпалыс болмысына үңіледі. Өзі сезген нәрсені қолыңа ұстатады, санаңа салады. Ары қарай дайын дүниені сенің сезім-түйсігіңнің қабылдауына байланысты. Халқым деп соққан ақын ағаның үлкен жүрегі адам жанын тануға, жарақатын жазуға бейім тұрады.
Жұм-аға табиғатынан он саусағынан өнері тамған күйші болыпты. Қазақтың Мемлекеттік консерваториясына жетектеп келген сол қасиет болса керек. Өзінің шығарған немесе күйші композиторлардың әдемі күйлерін домбырада шертіп отырып, ақындық санасынан төгілген ұрпаққа мұра - өлмес жырларын, өміршең жырларын туындатып жатты. Сөйтіп ұлы Құрманғазының, Дина шешейдің күйлеріндегі жан қиналысы мен көз жасы Нәжімеденов тебіренісіндегі жігер құдіреті өріліп, егіз өнердің биігінде жарқырады. «Қайран шешем» өлеңінде:
Бұлқынбасам қаттырақ – мүшем де ұйып барады,
Ханға бермес қолымды – кісен қиып барады,
Жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін,
Бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін! - дейді.
Бұл дүниедегі міндетін алаңсыз ақтара орындап, қолымызға айтары жоқ мұра тастап кеткен Жұмекеннің Ұлылығы да осында. Халқыңыз Сізге риза, жаныңыз жаннатта болсын, Ұлы Аға!
Ұлжан Пармашқызы Сағындықова,
Қазақ радиосының дикторы,
Қазақстан Журналистер Одағы
сыйлығының лауреаты