Қазақтың жұмбақ, ойшыл ақыны, әрі Әнұран авторларының бірі ретінде есімін мәңгілікке қалдырған жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтің бала күнгі досы ауданымыздың Орлы селолық округінде тұрады.
Ол – Қонысов Идаят ағамыз. Белгілі жазушы – журналист Дыңғызылда туып-өскен Қалампыр Кенжеғалиева замандасымыз өткен жылдың жазында Алматыдан ауылға арнайы келіп, Идаят ағамен жүзбе-жүз жолығысып «Ана тілі» газетінде «Тай құлындай тебіскен қайран, дос…» аталатын тамаша әңгімесін жариялаттырды. Одан сәл-пәл үзінді келтіре кетсек: «Ат құлағында ойнап өскен қыр елінің жігіттері жаратылысынан шымыр да, ойлары анық, танымы терең екендігін өз болмысымен дәлелдеген Жұмекен досымды жиі есіме аламын. Бір оқиға көз алдымда мәңгілік қалып қойды. Мен жылқышының баласы едім. Тай үйретуге біз ерте жарадық. Енді қайтейік, алдымыздағы ағалар мен қажыр – қайраты тасыған әкелер басқыншы фашистермен соғысуға әскерге алынды. Елде қалған қариялар мен соғысқа кеткен жарларын күтіп, солардың еншісіндегі ауыртпалыққа иықтарын тосып, күндіз – түні бел шешпеген шешелердің жарым көңілдеріне жаутаңдап, қабақтарына қарағыштап мөлдіреген «тірі жетімек» – бұғанасы қатпаған балалар едік. Тұрмыстың тауқыметін ерте тартқандардың бірі – балалығын сұм соғыс жалмап, еркелейтін шағында балалық еркіндіктен ерте айырылған Жұмекеннің болмысы да осылай қалыптасып еді. Ашақ сорының төңірегінде мал өрістетіп, әскерге аттанған әкесінің төңкерілген қазан астындағы ізін көріп қайтып жүретінбіз. Бала Жұмекеннің төңкерулі қазанға телміре қарап тұрған шақтарын жүрегім сыздап талай есіме алдым» -депті Идаят ағамыз.
Жақында Орлы ауылына әдейі барып Жұмекеннің бала күнгі жан досы, әйгілі «Ақ шағыл» романындағы басты кейіпкерлердің бірі Идаят Қонысов ағамен аз – кем пікірлесудің сәті түсті. Сөзіміз қазақтың қабырғалы қаламгерінің өскен ортасы, айналасын түгендеумен басталды. Жұмекенге ынтық жүректер үшін оның артықшылығы болмас деген оймен қағаз бетіне түсірген едік.
- Нәжімеден атадан тараған ұрпақтың ең үлкені Сабыржан, Жұмекеннің әкесі, 1904 жылы туылған болуы керек. Менің әкем Арыстанов Қоныс, Сабыржан, тағы басқа азаматтар сол кездегі «Красный Армия» колхозының «Ашақ» деген жерінен 1941 жылы қарашада соғысқа аттанып кетті. Содан әкелерге туған жер топырағын қайыра басу бұйырмады. Нәжімеденнің үлкен қызы – Мүлік апай, қайтыс болған. Бұл кісі домбырашы Маржан Зинелованың, өнер зерттеушісі, марқұм ғалым Жұмагелді Нәжімеденовтің анасы. Одан кейінгі қызы Күлмаш апай. Сол Дыңғызылдағы Әмір деген азаматтың жұбайы. Ауданға танымал есім марқұм Әміров Тасболаттың анасы. Одан кейінгі қызы Мүслима. Жұмекеннің анасы, Сабыржанның жұбайы да Мүслима болғандықтан Нәжімеден ата бұл қызын: «Шырақай – шүрегей» деп атайтын. Себебі шүрегей үйрек сынды тым кішкентай болатын.
Жұмекеннің Сабыржаннан, яғни бір әкеден жаралған қарындастары – Сәбила Забурында, Жаңыл Дыңғызылда тұратын. Нәжімеден атаның асырап алған жиені Нәстім деген апай бар болатын, сол үйдің бір қызына айналып кеткен-ді.
Ал, Нәжімеден атаның өзі үш ағайынды, Қайырмеден, Шәмеден есімді бауырлары, олардың да ұрпақтары елге танымал адамдар. Күлмаш апай сауатты, оқыған – тоқығаны мол жан тұғын. Ворошилов колхозында соғыстың түтеп тұрған шағы 1943-1944 жылдары әйгілі Көшәлі басқарманың тұсында есепші болды.
Қоңыр бөрік Алаша руынан Нәжімеден ата, руы Таз Ерғалиев Қалеш ата, Шеркештің қызы менің анам Мақузия үшеуінің әрқайсысы 10 – шақты қой, 3-4 сиырдан алдарына салып, қыр бойымен Астраханьға айдап кететін. Ерғали ата атқа, Нәжімеден ата мен анамның түйеге отырып, малдарын айдап батысты бетке ұстап кетіп бара жататындары міне, міне көз алдымда әлі тұр.
Анам атағы шыққан ісмер жан еді. Астраханьға 1 ай жүріп келген сапарларынан кейін әкелген тәуір матасына Жұмекен екеуімізге қатырып тұрып кәстом, басымызға фуражка, үстімізге теріні илеп тон тігіп берген-ді. Соғыстан кейінгі жылдар, балалау кезіміз ғой, анамның тоқыған терме алашасы мен басқан киізін біреулер Алматыға көрмеге деп алып кетті. Содан не олай, не былай хабар – дерегі шықпады.
«Ашақтың» маңында «Алтай» деп аталған мектепте біздер Дайынов Нәсиполла, Жармұхамбетов Салықбай, Қабдешов Ғайнеден бәріміз бірге оқыдық. Шегеннен салынған мектепте астымызға бір – бірден шикі тас қойылатын. Апайымыз Ұмсындық Кенжеева ақ парақты төртке, қарындашты екіге бөліп үлестіретін. Жұмекен Лаубайда оқыды. Себебі, апасы Күлмаш Ворошилов колхозының есепшісі, Шәмеден, Қайырмеден аталары да сонда әртүрлі жұмыстар істейтін. «Ашақтағы» үйде Нәжімеден атамыз тұрды. Жұмекеннің каникулға келетін кезін атасы да, біз де сағына күтіп жүруші едік. Алдымен ойын күрестен басталады. Тығыншықтай Жұмекен өліспей беріспейтін намысшыл, әрі қайратты еді. Мені, Нәсиполланы, Салықбайды, Ғайнеденді, бәрімізді бірнеше қайтара жеңіп, сосын бір – бір тайға тақым тигізіп, сорды айнала шапқылайтынбыз. Қыр баласына сирек бұйыратын шетен қалпақты үлкендеріміз Астраханьнан әкеліп беріп Жұмекен екеуміз бірінші кигендіктен құрдастарымыз бізді «аталар» дейтін.
Жұмекен екеуміз бір көрпені жамылып, бір төсекте жатып өскенбіз. Бірінде Нәжімеден ата Жұмекенді және мені ілестіріп Қошалақтан берірек «Қамыс» дейтін жерге Ерғали атаның үйіне қыдырып бардық. Үшеуімізге арналып бағылан сойылды. Бас мүжіп отырған Нәжімеден атаның таңдайына құйқа жабысып қалмасы бар ма, маған «желкемнен соқ» деді. Жасқана отырып соққан болдым, таңдайы құйқадан босады-ау деймін, риза болып: «саған ең көрікті қызды алып беремін» дегені есімде қалған.
Әкем соғысқа кеткенде анам «Красный Армия» колхозының жылқысын бақты. 1942 жылы «Әбіш шұбар» дейтін жүйрікпен облыс орталығы – Гурьевке ат жарысқа бардым. Шамамен ол кезде 11 жастамын -ау деймін, бірінші орын алған маған сыйлыққа кілем тиісті.
Біздің әкелер Өтеғұл, Қауыс, Дабыс, Жоныс, Қоныс, Амандық, Қисмет деген жеті ағайынды болатын. Жұмекеннің «Ақ шағыл» романындағы соғыстан келіп, әйелдерді сапқа тұрғызып «пеот» деп команда беріп пішен шапқызатын сақау Сейсмет осы Қисмет ағамыз. Негізі сақау емес ті, еркеліктен солай қалыптасты.
1959 жылы Армиядан оралған мені «Красный Армия» колхозының басшылығы 6 айлық аудан орталығындағы жүргізушілер даярлайтын курсқа оқуға жіберді. «Раймаг» деп аталатын дүкеннің қасында ДОСААФ бар болатын, сонда 35 бала күндіз, 35 бала түнде оқып білім алдық. Шамбозов Закир құрдасым Батырғали Мұқашев туысының үйіне мені де алып баратын, апай қонақжай, қолы ашық, кең адам тұғын жарықтық, иманы салауат болғай!
1959 жылы жазда Ахмет Жұбанов, Бақыт Қарабалина ауылға келіп Алтынжарға Құрманғазы баба басына 2 баркаспен 40 таған адам барылды. «Красный Армия» колхозының 42 ат күші бар Салауат Юлаев аталатын моторының көмекші капитаны ретінде жас жүргізуші менің де баруыма тура келді. «Қызыл таң» колхозынан бір баркас болды. «Газ -69» автокөлігі де баржаға тиелді. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ата басына «Қыз Жібек» пьесасын алып барды. Дүйсенғали, Қисым Ғұмаров ағалар, Ахонғали Елеуов аға қарындасы Күнсұлумен бірге болды. «Қыз Жібектің» рөлінде біздің колхоздың әншісі Хамитова Қалимат ойнаса, ал, Төлегенді Қапсадиқов Алпыс деген ағаның сахналағанын білемін.
Құрманғазы атаның бейіті оңайлықпен таптырмады. Көрші ауылдан «біледі» деген бір қария алдырылды. Ол: «мына жерді қазыңдар, егер жылқының басы шықса, онда бұл Құрманғазы атаның жатқан жері» деді. Шынымен де дәл сол ақсақалдың айтқанындай болды.
Бірнеше жылдар Теңіз автотранспорт кәсіпорынында озат жүргізуші атандым. Директорымыз Қ.Тұқышевтың пәрменімен 4 жаңа автокөлікке отырдым. «Жаңа жол», кейіннен Калинин аталған шаруашылықта да жүргізуші, тракторшы болып абыройлы еңбек еттім.
Жұмекеннің апасы Мүслима Чапаев колхозында сауыншы болатын. Сол үйде бала күнгі досыммен ең соңғы рет 1967 жылдың жазында кездестім. Аудан журналистері марқұм Құрыш Елемесов және Амантай Жамалидденов бізбен бірге болды.
- «Ақ шағыл» романымда барсың ғой, саған бөлек шығарма жазу ойымда жүр» -деген еді сонда Жұмекен. Содан қайтып екеуіміздің басымыз қосылған емес.
«Ашақтың» сорына төңкерілген қыл қазанды көтеріп, астындағы әкесінің ізіне қарап ұзақ уақыт ойланып кететін бала күнгі қайран досты еш уақытта ұмытпай сағынышпен еске алып жүретін боламын.
 

Жазып алған Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.