Есмұхан Жанизин
Жұмекен аға! Сіздің асқақ рухыңызбен Қошалақтағы «Ашақ» шошағы басында сырласып тұрмын. Кәдімгі өзіңіз тарихын өлең қылып жазып кеткен «Ашақ-Мәші» хикаясы ғой бұл. Жалғызбын. Жапан түзде жан баласынан жалғызбын. Десем де өзімізді алғаш таныған, сіз деп сомдалған ескерткіш жанындамын.
Жансыз дене, үнсіз бейне тіл қатпайды. Өзіңіз табан күйдіріп, маңдай сүйдірген мекенде тек ескерткішіңізбен ғана сырласамын.
1995 жыл. Қарашаның жиырма үші. Дәлдеп айтқанда, фәниліктен бақилыққа аттанған 12 жылдан соң сіз өмірге келіп-кеткен қараша күндерінде жан жарыңыз Нәсіп, ұлыңыз Мағжан, күйеу балаңыз Самал осы ескерткіштің ашылуында болды. Сонда Алатаудан келген Нұрлан Оразалин: - Жұмекен ақынның рухы бәрімізді қорғасын! Ел ішінде жүрген ерлер, өнерлілер аман болса, ел-жұрт, халық аман, соны ұмытпайық, - деп еді. Бүгінде біздер үшін мәңгілік сағыныш болған досыңыз Зейнолла Серікқалиев, атыраулық абыз ағаңыз Берік Қорқытов, сондай-ақ арда өскен ініңіз Өтепберген Әлімгереев, қарымды қаламгер Рахмет Иманғалиев, Қилыбай Қуанышбаев болып «жақсы сөз, жарым ырысын» аямаған Құрманғазы ауданының мәнін келтірген Рахмет Ерғалиев екеуміз өз әлімізше өлең оқығанбыз. Нарықтың азу тісі шоқтыққа әбден батып тұрған кезең ғой ол. Сондай кезеңде ескерткіш тақтаны орнатуды мойнына алған шаруашылықтың білікті басшысы Харес Биляшұлын неге атамайын.
«... аты шықты Ашақтың: Әне, Ашақтың моласы»!
Енді сол ауданнан шығып Азғыр асатын ұзын жолдың бойында сіз мен мұндалайсыз, аға!
Енді жұрт обаланған «Ашақ» қауымына бетін сипайды да атының басын сізге бұрады. Сөзімді мынадай мысалмен мағыналайын. Ат арқасы қияндағы Қарағандыдан Марат Ақторғайұлы Азбанбаев деген азамат Қошалаққа келіп, бір уыс топырақты түйіп алып кетті. Ал оны сонша жерден батыстың құмына сүйреген қандай күш? Ол ақын рухы – сіздің рухыңыз. Марат өзі заңгер болса да, өнер зерттеушісі, жанының алауы бар азамат екен. «Менің Қазақстаным» - Жұмекен» атты кітабын Жұмекентануға қосылған сүбелі үлес деп қабылдадық.
2006 жыл. Мамыр айының мал семіртіп, жан сергіткен жанға жайлы шағы. Алматыдан келген талантты режиссер Тілеген Ахметов айтады: - Маған ақын туралы 20 минуттық деректі фильмге «Қошалақ-Ашақтан» мол сюжет керек.
Мінекейіңіз. Режиссер кеткісі жоқ. Операторды жетектеп түйе сауған әйелді, шұбырған сиырды, өзіңіз жырлаған «жал-жал» құмды шолып, табиғат көрінісін індете іздейді. Ел арасынан жаттаған Нәжімеден атаңыздың әкеңіз Сабыреденге шығарған толғауын өз орындауында жаздырғаным сіздің арманыңыз, аға!
Ашақтағы кіндік қаныңыз тамған топырақты Кеңсайдағы мәңгілік орныңызға қосағыңыз Нәсіп апарып қосты. «Менің топырағым» - Құнарлы құн!
Дала. Құм. Мекен. Сіз суреттеп жазғандағыдан дүзгіні көбейіп, шағылы аласарған. Өзіңіз туып өскен шеген қыстаудың сұлбасы жатыр. Әжімгерей қарт түйемен жиі барып дұға оқитын қауым-бейіттер де обаланған. Соғысқа кеткен әкеңіз Сабыреденнің ізін қазанмен бастырған сор қасиетті қалпында. Сол айдын ирек сорды күндегендей ақ сорбақ сортақтар көбейген. Ашақ сорын көп сордың бірі еткісі келе ме екен?
Әйтеуір жердің бетінен сор кетпейді. Кіндіктен құдық қазып су ішетін тұщы судың көзі тереңге тартылып барады. Тұщы судың да бақталасы ащы шөптер мен сорлар ғой. «Ашақтағы» жырдың жолын күлтелеп, күн төгілген өркеш-өркеш ақ шағылдар да шөгіп, бедерін шағыр, дүзгін, ошаған жеңген. Сіз суреттегенде қияқ, құмаршық үстемдік құрса, бүгінде әлгідей құнарсыз арамшөптер итжығыс түсуде. «Рас, рас, рас, бәрі рас». Қызыл құмның қатынас көлігі ат-түйенің орнын автомашина алмастырған. Ганюшкиннен – Қошалаққа – Азғырға көтерме жол жетелейді.
Айтатын жыр, ағытатын сыр алақандай ауылдың үстінде ғой, аға!
Бұрынғы сенің, бүгінгі менің Қошалағымның тұрмыс-тіршілігі әлі күнге солай демей қалай дейін. Әлі сол май шаммен күй кешудеміз. Азғырдан арқа бағытынан 60 шақырым құбыладағы ауданнан 90 шақырым электр желісі жетпей тұр. Осы өңірден өлең боп тұрған сіздің ақын атыңыз күллі Қазақстанның аузында қалды, қанша әкім жергілікті билік басына келіп-кетіп жатыр. Бәрінің де қызметі май шамның жарығындай күңгірт тартып, санадан тез өшуде. Себебі май шамның жарығы түбіне түспейді емес пе? Олардың өзі үстелде, көзі көкте ғой, аға!
Ал заман ағымы көштен қалғандарға «жүр» деуге де жарамай, маңайын таптап алға тартып барады.
«Ақ шағылдағы» колхоздардың малын совхоздар едәуір көбейтіп еді, қазір мыңғырған малды мен емес, әуелі дала жоқтауда. Оның есесіне қытайлар келіп құмды қопарып, жерді дүңкілдетіп жатыр. Солай, аға...