Бүгін жұмекен сабырұлы Нәжімеденовтің туған күні. жұмекеннің тұңғиық поэзиясын күмбірлеген күйге балауға болады. Асылы, ақынның шығармагерлігінің күш-қуаты, ритмикасы, әуезі домбыраның қос ішегіне қосарланғандай көрінеді. Көз көріп, құлақ естіп жүрген поэтикалық һәм көркем шындықты Жұмекен өзінше көмкереді.
Екі ішек: бірі бостау, қатты бірі,
бес саусақ беретіндей ат дүбірін.
Күйшінің қатты ішекте қайраты өсіп,
екінші бостау ішекте ақты мұңы.
Секілді қорғасын-сел балқып ағып,
асығып, арна салып аңқыды анық...
«Адай» өлеңіндегі ішкі қуат пен лиризм, күйге деген ностальгия, «шаңқылдаған шағаланың» Көкке ұшқанын, адам көңіліндей тепсінген толқындар, ауамен қалқып бара жатқан нәзік үн, бәрі-бәрі көз алдыңызға елестейді. Жұмекен Нәжімеденовтің драматизмге толы өлең, поэмалары өмір мен өлім, біз бен сіз, Аспан мен Жер, тән мен жан, әйел мен еркек, өң мен түс, табиғат пен технологияға қарата айтылғандай әсер алып, бір сәтке шыңырауға түсіп, тереңге сүңгіп, қоянның жымындай адастырар сан тарау жолды іздей бастайсың. Ы.Алтынсаринның этнографиялық жазбаларында ұзатылып бара жатқан қыздың жасауына Абайдың өлеңдерін қосатын салт болғаны туралы айтылған еді. Ал Жұмекен ақынның өлеңдерін жан жалғыздығын сезінгенде оқитын әдет таптық. Жылата отыра жұбату, жұбата отыра жылату жырдың тылсым күшке ие екенін әлем ғалымдары дәлелдеген ғой. «Күй кітабында», «Қайран шешем», «Түрмеден қашқан», «Сарыарқа», «Алатау», «Ақсақ киік» секілді туындылары адам жүрегін мұзға айналдырған тасбауыр қоғамның тас-талқанын шығарардай әсер қалдырады. Арғы жағынан күңіренген күй естілетін поэзияның тасты да жібіте алатынын ұғынғандай болдық. Ұстамдылықпен айтар болсақ, өмір траги-комедиясын бере білу де осында жатса керек... Ақынның ой ағысы ырғақпен иық тірестіре қатар жүріп, тырнатізбек тың тұжырымдарымен тұшымды. Жүрекке жүк, санаға салмақ салатын «Алдаркөсе және диалогтар» секілді поэма-пародия қазақ әдебиеті аспанындағы Шолпандай жарқыраған сом шығарма. «Паганини монологтары» өнердің парқын түсінетіндер үшін үлкен дүние. Николо болып сөйлеген Жұмекен «шындық іздеп келіп ем» деуі ішкі шер-шеменін аз қағазға ақтару арқылы ғана жеңілдейтін, тұла-бойын басқан ауыр жүктен арылудың алғышарты екені даусыз... Осы орайда ағамыздың күйшілік қыры турасында жары Нәсіп апамызбен сұхбаттасқан едік.
– Нәсіп апай, Жұмекен Нәжімеденов ағамыздың ақындығынан бөлек, күйшілік өнері туралы да көп айтылып келеді. Тіпті, күйшілік өнерді зерттеп, «Күй кітабын» жазды. Бір өнерге қызығушылық болу бар да, оны жан-тәніңмен жақсы көру бар ғой. Қарап отырсақ, Жұмекен ағамыз домбыраны тек тартып қана қоймай, оны сөйлете білген, бүкіл жанымен өзін соған арнаған, өзіңіз айтпақшы, киесі дарыған өнер иесі сияқты көрінеді. Бұл туралы сіз не дер едіңіз?
– Қарағым, сен күй туралы сұрағаннан кейін өзімнің қолжазбамда жатқан, бұдан біраз жыл бұрын жазылған Жұмекеннің домбырасы туралы сырды ашып берейін. Бір кездері осы әңгімемді дастархан басында айтып қалып, сол жерде отырған бір журналист менің әңгімемнен әңгіме жазғанын білуші едім. Әңгімеден әңгіме жазып шығару деген үлкен еңбек қой.
Жұмекеннің өзі сияқты домбырасы да киелі ғой, 4-5 жасынан жан серігі болған домбырасына Жұмекеннің бойындағы киесі мен қасиеті дарыған. Жұмекен бойындағы дарынның бірі – бала кезінен ән салып, домбыра тартуы. Өзінің әңгімесінен естігенім, Жұмекен кішкентай кезінде қолына түскен ағашты домбыра етіп ойнайтын көрінеді. Бұған көңіл аударған Жұмекеннің атасы Қошалаққа белгілі Тесік тамақ Сабыр деген домбырашыны үйіне шақыртып алып, Жұмекенге 4-5 жасынан бастап домбыра үйретіпті. Мектеп табалдырығын аттаған Жұмекеннің домбыраны шебер орындайтынын өзінің ұстаз ағасы Қамидолла Қабдешов өз естелігінде айтқан. Ол «Жұмекеннің жүрегі» естеліктер жинағында да жарық көрді.
Мағжан өмірге келетін 65-ші жылы Романенко деген Қазақстанға белгілі домбыра жасау шеберіне арнайы тапсырыс беріп, өзіне футлярымен домбыра жасатып, Мәлгаджар Әубәкіров екеуі үйге алып келді. Бұл өте сәтті жасалған домбыра еді. Олай дейтінім, үйге келгендердің ішінде Нұрғиса Тілендиев, Жұмекеннің ұстазы Құбыш Мұхитовтың сынынан өтіп, бағасын алған, дыбысы таза әрі шыққыр күрең домбыра еді бұл.
Ақын тебіреніп, буырқанысқа толы тұстарында қолына алып, шерін тарқататын жан серігі еді. Екі жыл Мәскеуде оқығанда да күрең домбырасы қасынан қалған емес. Домбыраны серік етуі Жұмекен консерваторияда оқығандықтан емес, керісінше, оның бойындағы тума таланты Жұмекеннің консерваторияда дәріс алуға себепші болды. Домбыраға деген оның шексіз махаббаты жан серігі болған күрең домбыраға сіңіп қалған секілді. Олай дейтінім Жұмекен қайтыс болған 1983 жылдан бері күрең домбыра иесін бізбен бірге жоқтады. Сыртында футляры бар күрең домбыра есігі кілттеулі киім шкафта тұратын. Жұмекен қайтқалы оны ешкімнің қолына ұстатпақ түгілі, жақындатқан жоқпын. Жұрт көзінен қызғанып, киім шкафқа тығып ұстауымның сыры осы.
Ұлымыз Мағжанға Бақыт Қарабалина апасы туған күнінде сыйлаған жақсы домбырасы бар. Өзі соны тартады. Әкесі тірі кезінде қолына домбыра ұстаған бала емес. Баламыздың ес білгелі ермегі – кітап оқу. Сабақтан келгенінде оқулық оқығанын көрген емеспін, көбіне тарихи, әдеби кітаптарды оқиды. Әкесінің жинаған дүниежүзілік әдебиеттің 200 томдығын оқып шықты. Ал домбыраға қызығушылық білдіргенін байқамаған екенмін. Неге екенін, апам екеуміз қай бөлмеде отырсақ та күрең домбыраның шегін шерткен дауыс құлағыма келеді. Күнде солай. Апамнан, балалардан сұраймын, олар естімейді. Апам кейде «Өзің сағынғансың ғой, содан болар» дейді. Бұл күндердің ауыртпалығын домбыра екеш, домбыра да көтере алмай тұрғандай көрінетін. Апамның бөлмесінде Қарлығаш пен Тоғжан жататын. Күнде кешке ұйықтар алдында Тоғжанның көз жасы құрғамайды. Күндіз сабақ, ойын деп жүретін балалар жатар алдында әкелерінің мейірімін аңсайтын болса керек. Жұмекен Тоғжанды «ақ тоқам» деп басынан сипайтын. Саиданың маңдайынан иіскеп, барып төсегіне жататын әдеті бар еді. Кенжесі де сол әке алақанын сағынып, екеуі екі бөлмеде жылап жататын. Апам екеумізде ұйқы жоқ. Екеуміз балалар ұйықтағаннан кейін ас үйге барып, оңашада жылап аламыз. Мағжан әкесінің кабинетінде кітап оқумен болады. Оны мазаламаймыз. Қандай күйде жатқанын бір Алланың өзі біледі.
Анда-санда өз-өзінен шертілген домбыраның дыбысы келе береді құлағыма. Осының себебін күні бойы ойлаймын. Мүмкін осы домбыраны біреу тарту керек шығар деген ой келеді, сонда да ешкімге ұстатпаймын. Сөйтіп жүргенде арада он жыл өтті. Он жылдығында үйден құран оқытып, ас беруге дос-жолдастарын, ағайын-тума, құда-жегжаттарды жинадым. Келгендердің ішінде Әзидолла Есқалиев бар еді. Жұмекен қайтыс болғаннан кейін он жылдыққа арнап, құран оқытуға жайылған дастархан арасындағы үзілісте молда құран оқығаннан кейін домбыраның зарын қонақтарға айтып бердім. Олардың біразы тірі ғой, естерінде болар.
Айсәуле апай: «Домбыра иесін жоқтап жүр ғой. Домбырасын жалғыз ұлы тартуы керек болар. Домбыра киелі екен. Домбыраның иесі де, ағашы да киелі болуы керек. Кілтте ұстама, жалғыз ұлыңа бер, тартсын» деді. Содан соң домбыраны қабынан шығарып, Әзағаңның қолына ұстаттым. «Әзаға, Жұмекенде аға жоқ, Сіз ағасындай едіңіз, өз қолыңызбен Мағжанға табыс етіңіз», – дедім. Жиырмаға жуық адам кабинетте жағалай отыр еді. Дастархан арасындағы үзіліс кезі болатын. Бөлменің төрінен домбыраны Әзағаң қолына ұстап, бөлмеге кірген Мағжанға қарай жүрді. Үн-түнсіз ағаның екі көзінен тамған жас кілемге үзіліп түсіп жатты. «Қарағым, әкеңнің домбырасына енді сен ие бол» деп, Мағжанға табыс еткенінде даусы дірілдеп, әрең сөйледі. Отырғандар түгел жылады. Осы отырыстан кейін Мағжан әкесінің домбырасын тартатын болды. Құлағыма естіліп жүрген иесіз домбыраның зарлы үні де тиылды. Дүниеде мұндай тылсым құбылыстың болатынына өзім көз жеткіздім. Қасиетті домбыра аспабының киесіне қатысты Жұмекеннің мынадай бір қылығы есіме оралды. Ол кезде студент болатын. Консерваторияда бірге оқитын Бағашар деген курстас досы үйге жиі келетін. Есіктен кірген бойда домбырасын босағаға сүйей салатын әдеті бар екен. Мұнысына Жұмекен қатты ренжіп, «Домбыраны ешқашан босағада телміртіп қалдырушы болма, киесі шамданады» дейтін. Бағашар мінезі тұйық, көп сөйлемейтін жігіт еді. Өнер адамдарына тән ой үстінде жүретіндігінен бе екен, әлгі ескертуді ұмытып қалып, Жұмекеннен бұдан кейін де сөз естігені бар. Бағашар келгенде Жұмекен өзі алдынан шығып, алдымен қолынан домбырасын алып, төрге шығарады. Домбыраның киесі шамданады деген сөзі көкейімнен кетпейді.
Жалпы, домбыраға әуестігі Жұмекеннің бойына тым жас кезінде дарыған деп айта аламын. Балалық шағы бірге өткен Идаят Қонысов өз естелігінде Жұмекеннің күйшілік өнерге жастайынан бейімділігін растайтын мынадай бір әңгімесі бар.
– Мен жылқышының баласы едім, Жастайымнан тай үйрету, асау үйрету дегенді көзіміз көріп өстік. Буынымыз қатар-қатпастан тай үйретуге дағдыланғанбыз. Жұмекеннің атасы Қошалақ өңіріне танымал ақсақал еді. Немересінің домбыраға құштарлығын байқаған атасы бұл өнерді меңгеруіне ден қойды. Балалық шақтың бір қызығы – Жұмекен екеуміз біздің үйдегі патефонды үлкендер ұйықтап қалғанда шағылға алып барамыз. Шағылда отырып алып күй тыңдаймыз. Жұмекеннің зеректігіне қайран қалатын едім. Бір тыңдаған күйін айнытпай домбыраға сала беретін. Кейде үлкендер сезіп қалса, патефонды бұзып тастайсыңдар деп, рұқсат етпей қояды. Біз амалын тауып, Қошалаққа келген жаңа күйтабақты ойнатып, тыңдайтынбыз. Жұмекен зердесіне тоқып, дереу домбырамен орындап шығатын.
– Жұмекен туып-өскен мекен талай дарынды өнер иелерін тәрбиелеген киелі жер екеніне дау жоқ әрине. Бүгінгі қазақ күй дегенде, ең алдымен Құрманғазы, Динаның есімін айтады. Алайда, қазақ топырағында небір күйшілер, жыршылар болды ғой. Бәлки, Жұмекен ақынға бұл қасиет сол құтты мекеннен дарыған болар. Жалпы, Жұмекен ағамыздың көзі тірі ұстаздары бар ма?
– Жұмекеннің орындаушылық ерекшелігін айта отырып, сол топырақта туған, Жұмекен деңгейлес, тіпті, одан да жоғары деңгейдегі күйші Фазыл аға мен Әсима апайды да айта кетуді жөн көріп отырмын. Бұл екеуі де қайталанбас күйшілер еді ғой. 1998 жылы шыққан «Құрманғазы» деген кітапты қарап отырсам, біз бала кезімізде тыңдап, құлағымыздан әлі үні кетпеген құдіретті күйшілер – Тесік тамақ Сабыр, Баһу, Фазыл Сұлтанов, Әсима Қалиқызы, Ізмұхамбет келіні сияқты күйшілер кітапқа енгізілмеген. Олардың шәкірттері кітапта жүр.
Фазыл аға мен Әсима апай туралы айтылмай жүргеніне таңданып, бұл кісілер туралы білгенімді қағазға түсіргенді жөн санадым.
Фазыл Сұлтановтың өз көзіммен көріп, құлағыммен тыңдаған күйшілік өнерін кейінгі ұрпақ біліп жүрсе екен деген ниетпен және ол кісіні білетін адамдардың есіне түсіру үшін өзіме белгілі деректерді айтып отырмын.
Мені көкем ер балаша киіндіріп, тайға мінгізіп, қасына ертіп жиын-тойлардан қалдырмайды. Көкемнің тізесіне сүйеніп отырып, мен де күй тыңдаймын. Кейін мектепте оқып, есейген кезде де Фазыл ағамның орындауындағы күйлерді жиі тыңдап жүрдім. Біз Фазылдың туған немере ағасы Өтеш ағамызбен көрші тұрдық. Фазыл ата-анасынан ерте жетім қалып, Өтеш ағасының қамқорлығында өсті.
Фазыл аға ауылдан Алматыға оқуға кетті. Мен 1957 жылы Алматыға келгенде біздің ауылдан Фазыл Сұлтанов деген керемет күйші кетіп еді, ол жайында не білесің» – деп Жұмекеннен сұрадым. «Білемін, ол біздің консерваторияда және Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінде сабақ береді» – деді. «Сол кісіні тауып алып сәлем берейік, өйткені, кішкентайымнан өнеріне құлағымыз қанып өстік, елдің балаларын көріп, қуанып қалатын болар» – дедім. Жұмекен Фазыл ағаның атын естігенімен, ауылда күй тартқанын естіген жоқ. (Жұмекендер қырдан келді, атын естімеуі де мүмкін. Өйткені, Фазыл ағаның мінезі ауыр еді, көпшілік жерде суырылып өнер көрсете қоймайтын. Үлкендер өтініп сұрағанның өзінде тартыншақтап барып домбыраны қолға алатын).
Бір күні Жұмекен сабақтан келіп: «Фазыл ағайды көрдім, таныстым. Күй тартқыздық, керемет, техникасы өте мықты. Көп жария болмаған күйлерді біледі екен. Өзі ешкіммен көп араласпайтын адам екені көрініп тұр. (Фазыл ағамыздың орындауындағы күйлері менде сақтаулы). Жақын сөйлесуге ыңғайы келмей жүр», – деді. Кейінірек теледидар қарап отырсақ, ағамыз күй тартып отыр. Біздің бала кезімізде ес білгеннен бастап Фазыл ағамызбен Әсима апайдың орындауындағы күйлерді тыңдап өстік. Фазыл ағамен бір ауылда тұрдым, ауылдың үлкен кісілері жиналған жерде, жиын-тойларда Фазыл ағаға күй тартқызатын. Мен бұл күйшілердің тақырыбына не үшін барып отырғанымды айтайын. Бала кезімнен көздерін көріп, өнерлерін тамашалап өскен күйшілер, бір ауылда өскен Фазыл Сұлтанов ағамыздың аты, өнерлері елеусіз қалып бара жатыр. Аттары аталмайды. Ол кісінің тартқан күйлерін 6-7 жасымнан тыңдаппын. Жұбайының аты – Жанат Кебирова. Фазыл Сұлтанов атақты Сейтектің Нұрғаным деген қызынан туған жиені. Фазыл аға Құрманғазының бейітін, Ресей жерінен Сейтектің жерленген жерін анықтаған. 1962 жылы Сейтектің басына барып, мал шалып, құран оқытып, содан қайтарда бізге соқты. Ағам өте көңілді жүрді, қасындағы бір топ қонақтарымен қосылып, біздің үйде қонақ болды, күй тартқызып бір рахаттанып қалдық. Сол келгенде Шамақ ағамның баласы Дүйсенбайға күй тартқызды, біраз тыңдап отырып: «Дүйсекжан, сенен күйші шықпайды» депті. Бұл мәліметтерді айтып отырған Марияш Өтешқызы – Фазыл Сұлтановтың туған немере қарындасы. Фазыл аға 1922 жылы туған, 1967 жылы қараша айында қайтыс болды. Шамақ деген ағамыз Алматыға әкеліп жерледі. Жұмекенге, мүмкін, сол ағаларынан да дарыған шығар.
– Нәсіп апай, Сіздің қонақжай екеніңізді жақсы білеміз. Қолыңыздан талай талантты адамдар дәм татқан болар. Жұмекен ағамыз өмірде кімдермен жақын араласып еді? Көзі тірісінде өнерін, орындаушылық шеберлігін бағалап, жылы сөз айтқан ағалары болды ма?
– Жұмекеннің тек әнді өзі орындаушы, жақсы ән тыңдаушы ғана емес, асқан күйші екені де жұртшылыққа белгілі. Бансатдин ағай магнитофонына таспаға жазып алған Жұмекеннің орындауындағы он шақты күй сақтаулы. Хамит Ерғалиев ағамыз Жұмекенге қоңырау шалып, елден келген жас домбырашы Шәміл Әбілтаевты оқуға түсуге дайында деп тілек айтты. Қазіргі белгілі композитор Шәміл Әбілтаев консерваторияға түсуге келгенде біздің үйге келіп, Абылдың күйі «Абылды» және «Қайғылы қараны» үш күн отырып Жұмекенмен бірге дайындалған болатын.
Өнерге жақындық, шебер күй орындау өнері арқылы Жұмекенді талай өнер саңлақтары құрмет тұтатын. Біздің шаңырағымызда өнер майталмандары, атақты адамдар – қазақтың біртуар ұлдарының басқосу кештері өтетін. Бір күні, 1973 жылы демалыс күндердің бірі болатын. Бұрын үйді көрген ағаларымыз – Сафуан, Тахауи, қастарында Әбдіжәміл аға, Нұрғиса ағай Әсия жеңешемізбен бесеуі кіріп келді. Әбдіжәміл аға жаңа машина алып, соның жол жүру көрсеткішін толтырып, Қаскелеңге барып келе жатқандары екен. Осындай жақсы көңіл-күймен жүрген өнер саңлақтары арнайы біздің шаңыраққа атбасын бұрып, Жұмекенге күй тартқызып, тыңдайық деген көрінеді Нұрғиса ағай. Күтпеген жерден есік ашып отырған сыйлы адамдарға ерекше ілтипат көрсетіп, қарсы алдық. Есіктен кірген бойда Нұрғиса ағай залда тұрған Әйкеннің пионинасына отырды. Жұмекен 2-сыныпта оқып жүрген қызына сол кездегі ең қымбат, немістің «Цимерман» деген пионинасын сатып әперген болатын. Нұрғиса ағай пионинамен қостап, Әсия жеңгеміз екеуі ән салды. Жұмекенге күй тартқызып, қонақ болып кетті. Сол кездің өнер сағалаған үлкен әрі қадірлі азаматтары, шын дарын иелері бір-бірін осылай іздейтін. Ол уақытта арнайы шақырудың жөні бір басқа да, өзімсініп, кез келген уақытта бірін-бірі іздеп жүруі, өнерге, өнер иесіне бас июі қандай ізеттіліктің, адамгершілік пен іріліктің белгісі десеңші! Қазір сондай жақсы дәстүр сақталды ма екен деп ойлаймын, сол қимас сәттерімді еске алып отырамын.
Бұл менің Нұрғиса ағаны екінші рет көруім. Алғаш рет 1957 жылы Гурьев қаласында өткен дүниежүзілік фестивальға өнерлі жастарды іріктеп, Алматыға алып кетуге келген болатын.
Жұмекен консерваторияда оқыған кезде студенттер оркестріне қатысады. Сол кезде Нұрғиса: «Алматыда екі солақай бармыз. Біреуі – мен, екіншісі – сен» дейді екен оркестрдің шетінде отырған Жұмекенге. Бұдан кейін де Жұмекен өнердегі ұстазы Нұрғиса ағамызбен қарым-қатынасын үзген жоқ.
1942 жылдың жазы болатын. Соғыстың қызу жүріп жатқан кезі. Бір топ ауыл қыр жолының бойындағы «Ақтікен» деген жерде жайлауда болатынбыз. Кіші бесін кезінде қыр жолынан бұрылып, біздің үйге қасында 6-7 жасар шамасында баласы бар түйелі ақ сақалды қария келді. Әкем үйде жоқ еді. Анам көрісіп, мәре-сәре болды да қалды. Кешкісін жұмыстан әкем де келді. Көршіміз Бисенғали деген қарт та болды. Қой сойылып, әңгіме-дүкен қыза бастады. Бұл келген құдамыз Нәжімеден ақсақал екен де, қасындағы бала немересі біздің апамыздан туған жиеніміз Жұмекен болып шықты.
Әкеміз Сапардың Айдын, Сары деген екі ағасы болған. Әкеміз жастай ата-анадан жетім қалып, ағасы Айдынның қолында тәрбиеленеді. Айдын атамыздың кенже қызы Мүслима әкеміздің қарындасы болатын. Нәжімеден құданың жалғыз ұлы Сабыр жездеміз соғысқа кетіп, көңілсіз жүрсе, біздің әкеміздің жалғыз баласы Мардан да соғысқа аттанып кеткен еді. Әңгіме үстінде қария: – Мына жиендеріңді таныстырайын деп әрі нағашысынан аз ғана алажақ бұйымтайын сұрайын деп әдейі ертіп әкеліп отырмын, – деді. – Жігіттің үш жұрты болады: өз жұрты күншіл, қайын жұрты – міншіл, нағашы жұрты – сыншыл деген. Осы немеремді әрі сынатқалы әрі бата сұрағалы келдім, – деді.
– Құда, – деді әкеміз жауап беруге асықпай. Әкеміз ағасын Айкөке деуші еді. – Бата берудің жолы Айкөкенікі ғой, менің шаңырағым ол кісіден кіші емес пе? – деп күлді.
– Ой, Сапаржан, екіторының өзгешелігі жоқ деген, көзі ашық, көкірегі ояу деп сізге келдік. Сіздердің үлкен аталарыңыз Бекей еді. «Бекей айтпас, Бекей айтса, бекер айтпас» деген мәтел сөз текке айтылмаған. Сен Бекейдің кенже немересісің, олай болса, бата беру сіздің жолыңыз, – деді құда. Құда сөзді мақал-мәтелмен шебер сөйлейтін, әзілқой, ақжарқын адам екен. «Өнерлі өрге жүзер» деген жігітті ақылы мен өнері көтереді. Шүкір, немерем өнерден құралақан емес, – деп керегеде ілулі тұрған ағамның домбырасына қарады.
Сонда әкеміз: – Балаңыз адал сүт емген болсын, атаның баласы болмай, елдің баласы болсын. Алашаға тартса, ақын болар, Берішке тартса батыр болар. Еліне елеулі, халқына қалаулы болсын, басқа не айтайын, жас қой, бақыты алдынан жарылқасын, – деді де әкеміз «Аһ» деп үнсіз отырып қалды. Құдамыз да, көршілер де «Айтқаның келсін, әумин!» деп бір көтеріліп қалған. Сол кезде Жұмекен жиеніміз домбыраны алып, Құрманғазының «Кішкентайын» тарта жөнелді. Ынталы бала қолдарының өте икемді де тез қимылдайтыны отырғандарды бір желпіндіріп тастаған еді.
– О, жиен өнерлі екен, тағы бір күй тартып жібер, – деп қолқалады отырғандар. Ол «Ақсақ киік» күйін жалғастыра жөнелді. Жұрт ұйып тыңдауда. Бір қарасақ, әкеміздің көзінен жас моншақтап отыр екен. Жалғыз баласының соғыста жүргеніне қайғырды ма, әлде оның өмірден ерте аттанатынын жүрегі сезді ме, қайран әке үнсіз егілді. Жұмекеннің нағашысымен ең соңғы кездесуі осылай болған еді...
– Қазір Астанада тұрып жатырсыз ба? Әлде, балаларыңыз бар ма ол жақта. Жалпы, Бас қаламыз Астана туралы ойыңыз қалай?
– 60 жылға жуық уақытта Алматыдағы Жұмекеннің қарашаңырағында тұрамын. Балаларымның, немере-шөберелерімнің кірген-шыққанын көріп, Аллаға мың да бір шүкір деп отырамын. Ал Астанада қызым мен күйеу балам, бір немерем күйеуімен, баласымен тұрады. Оларға осындағы немерелерімнің жазғы демалысында ертіп, 1-2 ай жатып келемін.
Астанаға барсам, тынысым кеңиді, еркін демаламын. Жүрегімнің сырқаты да бәсеңсиді. Жұмекен көшесімен немерелерімді ертіп жүремін. Қаланың сұлулығын тамашалап, Сарыарқаның самалын жұтамын. Көшелерінен қазақтың исі шығады. Оған дәлел: «Күйші Дина», «Қоңыр өлең», т.б. қазақи аты бар көшелерді көріп, қала әкімінің өнер десе өзегі өртенетінін сеземін. Менің Арқаның самалын сіміріп жүргеніме Жұмекен де риза болар. Жұмекен өмір бойы Арқаның алыптары: Абай, Мұхтар, Жүсіпбек, Қасым, Ақан серілерге табынған адам. Гимнің сөзі де Арқа жерінде жазылды.
– Міне, 2014 жылмен де қоштасқалы отырмыз. Бұл датаны біз енді өткен шақпен ғана есімізге алатын боламыз. Өмір дегеніміз осы екен ғой. Небір тарихи жаңалықтарға толы болған бұл жылға өкпе-ренішіңіз жоқ па?
– 2014 жылы көңілімді қуанышқа бөлеп, жай таптырған қуанышым, заманымыздың тыныштығы. Бұл тыныштық біздей кең пейіл қазағымыздың өз жері, өз байлығы өзіне жететін халқымыздың ешкімге көз алартпай адал өмір сүріп отырғанын Алла-Тағалам көріп, біліп, бізге әділет көзімен қарап, қорғап отырғаны. Бұл да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен көрегенділігі деп білемін. Елбасымыздың барлық ұлттарды, көрші мемлекеттерді достыққа шақырған парасаттылығына сүйсінемін. Мұнан кейінгі қуанышым – Жұмекен әулетінің, ошағымыздың үш бұтының аман отырғаны. Балаларымның, немерелерімнің өзара татулығы, береке-бірлігі. Ең бастысы, жібі түзу, дені сау азаматтар болғанына қуанамын. Тағы бір қуанышым, осы биыл Ратмир атты шөберелі болдым. Бұл – үшінші шөберем.
Ал ренішіме келсем, жаныма жақын адамдардың біразы өмірден өтті. Туған қайынсіңлім Жаңылсынның жары, күйеу баламыз Саясат дәл Қадір түнінде ауырмай, сырқамай өмірден өтті. Тағы бір жаныма батқаны – өте дарынды ақын, тайсалмайтын сыншы балам – Әмірхан Балқыбек өмірден озды. Әмірханның ешкімге жалтақтамай әдебиет пен өнерде жаны шырқырап, тура шындықты жазатын еді. Маңдайға сыймай кеткен азаматты Алла алдынан жарылқасын. Мен ол баламды сыйлайтын едім, жақсы көретін едім. Бұл өлім көп адамның қабырғасына батқан болуы керек. Одан кейін Таласбек Әсемқұловтың қазасы. Таласбектің соңғы кезде баспасөз бетінде жарияланған Тәттімбет туралы, Асқар туралы еңбектерін оқып табынып отыратын едім. Маған ұмытпай кітаптарын беріп жіберіп тұратын. Көп білетін, көп ізденетін осындай білімді азаматтан айырылу – әдебиет, өнер жұртшылығына ауыр тиген болар.
– Жұмекен аға туралы айтқанда, сіздің әңгімелеріңіздің барлығы да керемет сағыныштан тұратын сияқты әсерге бөлейді. Өткен өміріңізге бұрылып, артыңызға қарағанда есіңізге не түседі?
– Мен өскен ортаның әрбір бұтасы, әрбір қияғы мен жыңғылы, қоғасы түзгінімен күмбірлеген күйдің әуені естіліп тұрады. Жел тұрғанда қырдың қияғының сызылтып салған әні, құмның сусыған даусы өте жағымды естіліп, тыңдап тұрушы едім. Қасиетті даламның салған әнін, таза табиғаттың ауасына қосып жұтып өстік қой. Қазір сол қияқтың, әппақ құмның даусы құлағыма келеді. Рахаттана тыңдап отырып, ақырында тамағыма тас тығылғандай болып көңілім бұзылады. Үлкейгеннің белгісі болуы керек.
Жел көтерілгенде құм көшеді, сонда бір керемет құлаққа жайлы өте жіңішке әуен естіледі, өте сүйкімді, скрипканың даусындай.
Өйткені, ол жерлерде Сейтектің, Құрманғазының, Динаның, Әсима апамыздың, Фазыл ағамыздың, Тесік тамақ Сабырдың, Баһудың, Бақыттың, Жұмекеннің рухының іздері қалған.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Роза Сейілхан.