«СЫРЫМДЫ САҒАН АЙТАМ ЕЛ СЕНБЕГЕН...»
деп өлеңге сырын ашқан ақынның
аяулы жары Нәсіп Мұстахқызымен сұхбат
Әңгіменің әлхисасы:
Зымырап жатқан өмір-ай!.. Ғаламдық деңгейде ой айта білген ғаламат ақын Жұмекен Нәжімеденовтің фәниден бақиға көшкені не енді санаулы күндерден соң 30 жыл толады. Бар-жоғы 48-ақ жыл өмір сүріп, артында бес баласын, қайғыдан бүгілген қарт анасын, аяулы жарын, жиырмаға жуық кітабын, жазылғанымен әлі баспа бетін көрмеген қолжазбаларын қалдырып, о дүниеге кете барғаны күні кеше сияқты еді...
« Қайттық бүгін ұлы ақынды өлтіріп,
Көрін қаздық, көмдік жылдам жең түріп,
Қаштық сосын төмен қарай жөңкіліп
Соңымыздан ұлып қалды жел тұрып.
...Біз кеткенмен ақын қалды орында,
Жыр биігі: Парнас – Кеңсай қорымда.
Биігіне қан жоса боп шықты да,
Құлап түсті...
Жырдың туы қолында».
Маңғаз дала – Маңғыстау перзенті, күллі қазақ еліне аты мәшһүр Светқали Нұржанның («Сордағы із» дастанындағы) осынау жыр шумақтарынан Жұмекен ағамыздың ақындық тағдыры алақандағыдай көрінеді.
З.Ж: Нәсіп апай, сыншы Зейнолла Серікқалиевтың айтуынша, Жұмекен аға адам өмірін үш-ақ күнге балап, үш кезеңмен саралаған екен: жарық дүниеге келуің, жан махаббатын кешуің, яғни бүкіл ғұмырыңның игілік-ізгілігі және артыңда қалар ізің деп. Біз де бүгінгі сұхбатымызға Оның осы үш кезеңін арқау етіп алсақ деп едім...
Шегініс: «ЖҰМЕКЕН ТАЛАНТЫНЫҢ АЛТЫН БАСТАУЫ»
... Ақжонас алабындағы Дүңгірлектің тауын көруге барсам, дәл басына: «Бұл арада ұлы сазгер Құрманғазы туған»,- деп жазылып қойылыпты. Ол аз дегендей, жастайымыздан жолдас болған Жұмекен досым да Махамбет, Құрманғазылармен бір тақырда асық атып, бір құмақта құмаршық терген болып шықты. «Міне, керемет!» деп таңғалып, «Е, бәсе!» деп талай нәрсеге көзім жеткендей болып, қаралай тебіреніп кеттім.
Иә, әлгі Махамбетті туған Қосуан анамыздың төркіні – Алаша ауылы еді. Сол ауылдан шыққан Нәжімеден қарияны бүкіл Нарын елі әліге дейін аңыз қылып айтады екен. Өзі де сол эпос заманынан бүтін жеткен сом асылдың сойынан секілді. Жалғыз баласы Сабыр майданға аттанғалы жатқанда, ол жарықтық Ашақ-Мәші сорына ертіп барып, аяғына тақалы әмірқан етігін кигізіп, тұзы шығып жатқан жентек сазға із түсіртіп алады. Тайға басқан таңбадай сайрап түскен ізге атына өңгеріп әкелген темір қазанды төңкереді. Онысы – жаңбыр жауса, әлгі ізді су шайып кетпесін деген амал еді. Бір жағынан, қан майданнан балам атамекеніне аман оралсын деген тілекші ырым болса, екінші жағынан жалғызын сағынғанда іздеп барып, көріп мауқын басатын көз жұбанышы еді. Расында бұл ақын көкіректен шығатын тосын тапқырлық еді....Жұмекен талантының алтын бастауында да сол Нәжімеден қария тұрса керек ».
( Әбіш Кекілбаев естелігінен үзінді.)
***
...Мынау құмдар кімнен ғана қалмады,
Торы айғырға кімдер тақым салмады;
Күйшілік пен жыршылықтың қонғаны –
Махамбет пен Құрекеңнің әруағы.
(Жұмекен)
З.Ж.: «Бір бүйірде қызса деп ем өлеңім, бір ұйқыны бұзса деп ем өлеңім, Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім, ақымақты ойландырсам деп едім» ақындық мақсат-мұратын жасқа тән албырттықпен жасырмай жайып салған Жұмекен ағамыз әдебиет атты киелі әлемге қалай келді?
Нәсіп апай: Жалпы, ақындық өзінің арғы тегінде бар жан ғой. Қазақ тарихында аты қалған әйгілі Қартпамбет жырау Жұмекеннің бесінші атасы. Өз атасы Нәжімеден де майданға аттанған жалғыз ұлы хат-хабарсыз кеткен соң, 40 шумақ жоқтау өлең шығарған. Соғыс кезінде көңілдері қаяу, жүректері шерлі жұрт дастанын жаттап алып, зарлы әуенге салып, әркім өз қайғыларын да сол өлең арқылы сыртқа шығарған екен. Міне, киелі жырдың құдыреті! Ал әкесі Сабыреден соғысқа кеткенде қоңыр былғары тысы бар, арабша жазумен жазылған екі дәптер өлеңін қалдырып кетіпті. Ол кісінің соғыс кезінде өлеңмен жазған хаттарын да үй-іші бертінірекке дейін сақтап жүрген екен, кейін көз жазып қалыпты...
Көпті көрген кемеңгер ақсақал Нәжімеден ата үнемі өсиетке толы, татулыққа үндейтін, ынтымаққа баулитын әңгімелер айтады екен. Өздерін пана тұтып келген Хамидолла Хабдешов деген жетім балаға күнде кешкісін хисса, жырлар оқытады. Тіпті үшеуі сол заманда «халық жаулары» деп оқуға тиым салынған Сәкен, Ілиястардың кітаптарын да түнде оқып, күндіз тығып қояды екен...
З.Ж.: Бәсе, жұрт Мағжан атын ауызға алуға қорқатын заманда Жұмекен ағамыздың өзінің жалғыз ұлына Мағжан есімін қоюы - бала кездегі рухани азықты бойына сіңірген сол бір кештердің әсері екен-ау!..
Нәсіп апай: Жаңа сен сұхбат басында тілге тиек еткен талантты сыншы Зейнолла Серікқалиев екеуміз мектепте бірге оқыдық қой. Кейде дастарханда басымыз қосылғанда, екеуміз бала кездегі қызықты оқиғаларды еске ала отырып, бірді айтып, бірге кететінбіз. Келіншегі Майра күлімдеп қойып, әңгімемізді тыңдай береді, ал Жұмекен: «Ой, сен екеуіңнің әңгімелеріңнің бастауышы да, баяндауышы да жоқ қой!» деп шыдамсыздана орнынан тұрып кететін. Ол өзі бала кезден көп сөйлемейтін, көбінесе ой үстінде жүретін, өзіне бірдеңе ұнамаса, бетің бар жүзің бар демей пікірін ашық айтатын еді ғой. Сол Жұмекен айтпақшы, осы әңгімеміздің бас-аяғы болмай, пышырап бара жатқан жоқ па?! (Күлді.)
Қарағым, бұрын баспасөз бетінде жарияланған кейбір деректерге тоқталмай-ақ қояйын. Жұмекеннің мектепті жақсы бітіргені, қарт атасына қарайлап, алысқа ұзай алмай, ауыл мектебінде бір жылдай мұғалім боп істегені; сосын Нәжімеден атасы өзі өмірден өтерде Алматыға оқуға бар деп өсиет айтқасын, алыс қалаға аттанғаны; алайда қабылдау емтиханы кезінде біреу шығармасына әдейілеп сия төккесін, жаман баға алып, оқуға түсе алмай қалғаны бұрын да кей басылымдарда жазылды.
З.Ж.: Иә, маңдайы тасқа тиіп, істер қайраны болмай, қатты қамығып, арыққа аяғын малып отырғанда, Ғұбайдолла Ержанов деген қазақ офицерінің қасына келіп хал-жағдайын сұрап, үйіне апарғанын, сол кісінің көмегімен, Қарағандыға шахтаға жұмысқа барғанын «Жұмекеннің жүрегі» деген естелік кітаптан оқығам. Бірақ таралымы аз сол кітап, көпшіліктің қолына тегіс тие қойды деп ойламаймын.
Нәсіп апай: Бала кезден домбыра дегенде ішкен асын жерге қоятын Жұмекен мықты күйші еді ғой.Халық әндерін айтқанды ұнататын. Шахтада жұмыс істеп жүрген кезінде, көркемөнер үйірмесін ұйымдастырып, кеншілер ансамблін құрыпты. Сол өнер ұжымы Мәскеуде өткен кәсіподақтың бүкілодақтық байқауына қатысқан екен. Хордың сүйемелдеуімен, Жұмекен жеке дауыста халық әні «Қараторғайды», бір күй тартыпты.
Мәскеуден 1-орын алып келгесін, шахтаның кәсіподақ ұйымының басшысы Әукебай Кенжин деген кісі Жұмекенді жеке шақырып алып, жақын танысады. Ұлтжанды, үлкен жүректі азамат екен. Бір атадан қалған жалғыз ұл екенін білгесін, қауіп-қатерге толы шахта жұмысынан босатуды ойлап, әрі ұлттық өнерімізді өркендету үшін осындай талантты жастардың керектігін түсінген ол Жұмекеннің құжаттарын алып беріп, консерваторияға оқуға бар деп ақыл айтады. Басын қатерге тігіп, ондай тәуекелге баруы үлкен ерлік! Ондайға кез-келген басшының батылы жетпейтін кез еді ғой.
(Осының бәрін жіті зерттеген қарағандылық Марат Азбанбаев Әукебай Кенжиннің Мәскеудегі, ЦК КПСС-тегі Гришин деген мықтымен жақсы болғанын, соған арқа сүйгенін анықтады. Дәлелдейтін айғақ, құжаттар бар.) Жұмекен ол кісінің сол жақсылығын өмір бойы ұмытпай, риза боп айтып жүретін. Кейін сол Марат Азбанбаевтың көмегімен, Әукебай ағайдың ұрпақтарын таптық. Өзі өмірден өтіп кеткен екен. Ол кісі Жазушылар Одағының екінші хатшысы Ғалым Жайлыбайдың туысы боп шықты.
Консерваторияда оқып жүрген кезінде Жұмекен болашақ сазгер Шәмші Қалдаяқовпен танысады. Ол да консерватория студенті екен. Кейін Еліміздің әнұранына айналған «Менің Қазақстанымға» Шәмші әуенді сол студент кезде жазған. Ал ол өлеңді Жұмекен одан бірер жыл бұрын, Қарағандыда жүрген кезінде жазған. (Сол өлеңі жарияланған «Лениншіл жас» газетін, өзімнің оған жазған хаттарым мен жас кезімізде сыйлаған кестелі тер орамалымды Жұмекен Қазақстанның қазіргі туы түстес шамаданда сақтап жүр екен...)
Ол кездері Жазушылар одағында апта сайын поэзия кеші өтетін, соған қатысып, жұртты бірден өзіне жалт қаратты...Ауызы дуалы ақсақал ақындардың ауызына ерте ілікті ғой. Әбділдә Тәжібаев: «Жұмекен поэзиясы - біздің ұлттық мақтанышымыз, біздің енді ашылар алтын сандығымыз. Ешкімге ұқсамайтын ақынның әрбір шумағы – тың қазыналар» деп ең алғашқы өлеңдеріне тамсана таңдай қақты. Жұмекен 1963-жылы Мәскеуде өткен Жас жазушылардың ІҮ конференциясына делегат боп қатысты. 1967-жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
З.Ж.: Егер тағдыр Ғұбайдолла Ержанов, Әукебай Кенжин сынды қайырымды адамдарға кезіктірмесе, атадан қалған жалғыз тұяқ Жұмекен ағамыздың болашақ өмірі қандай болар еді!?.
Нәсіп апай: Біздің қазақ «Жақсыда жаттық жоқ» дегенді бекер айтпайды ғой. Жұмекеннің 70 жылдық мерейтойын Қарағанды облысы өзінің туған топырағы Атырау мен бүкіл саналы ғұмыры өткен Алматыдан да бұрын, өте жоғары деңгейде атап өтті!.. Сол жылдары облыстық мәдениент басқармасын басқарған Ырымбала Омарбекова, өзі заңгер болса да, Жұмекеннің өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген Марат Азбанбаев, арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлы сияқты зиялы адамдар жұмылған жұдырықтай боп, өте жақсы қолдау көрсетті. Оларға өте ризамын.
З.Ж: Жалпы, ұлтымыздың рухын көтеретін игі істерді жерлестікке, жүзге, руға бөлінбей атқарғанға не жетсін!
Нәсіп апай: Бұрын Жұмекен алғаш ақын-жазушылармен араласа бастаған кездері де жүзге, руға бөліну деген болмайтын. Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов, Дүкенбай Досжанов, Мәткәрім Әкімжанов, Сайын Мұратбеков, Сәкен Иманасов, Сейфолла Оспанов, Оразбек Сәрсенбаев, тағы басқа да Қазақстанның әр түкпірінен келген талантты жігіттер бір-бірінің шығармашылық ізденістеріне тілектес боп, қуаныштарына ортақ боп, ағайынды балалардан бетер тату жүретін. Алдыңғы буын ақындар : Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков, Тахауи Ахтанов, Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов, Қалижан Бекхожин ағаларымыз да талантты жастарға қанат бітірер сөздерін айтып, олардың сәтті өлеңдері болса, өздері жазғаннан бетер қуанып жүретін. Қазір енді кейде сол күндерді сағынамын.
Жұмекен консерваторияда 4-курста оқып жүрген кезінде қатты ауырып, қалалық ауруханада жатты. Шахтадағы ауыр жұмыс денсаулығына із қалдырмай қойсын ба?! Сол кезде Ғафу аға мен Әбу аға: «Қарағым, сен мықты ақынсың ғой, консерваторияны қойып, бірыңғай әдебиетпен айналыссаңшы»,-деп қызметке шақырды. «Көркем әдебиет» баспасында кіші редактор боп істеді. Қазіргі «Жазушы» баспасы бұрын солай аталған. Жазушылар одағының ғимаратының ішінде еді. Бір күні Жұмекенді жұмысына іздеп барғам, бұрын тек кітаптарын оқып, суретерін газеттерден көріп жүрген атақты жазушы Сәбит Мұқанов аға: «Аман ба, шырақ?» деп менімен амандасты. Қуанышымда шек жоқ. Жүрегім жарылып, Жұмекенге айтсам, «Сені танып тұр дейсің бе?» деп көзінен жас аққанша күлгені бар... Бірді айтып, бірге кеттім бе, қарағым...
З.Ж.: Ал, қазіргі елге танымал ақын-жазушылардың екі дай боп баспасөз бетінде жоқтан өзгеге бет жыртысып, айтысып, тартысып жатқандарын көргенде, көңіл құлазиды. Біздің табиғи байлықтары талан-тараж боп жатқан, жері үлкен болғанымен, саны аз халқымызға қазір ең керегі – ұлттық бірлік қой. Елге тұлға, жастарға өнеге болатын зиялы қауым алауыз болса, басқаларға не жорық?!
Шегініс: «КӨЗ ЖҰМҒАНША ЖҰБЫМЫЗ ЖАЗЫЛҒАН ЖОҚ...»
«...Жұмекен көз жұмғанша жұбымыз жазылған жоқ. Астанада ғана емес, сонау Мәскеуге де, Көкшеге де бір-бірімізді іздеп келіп, тауып алатын едік. Достығымыз да, әзіліміз де қатты еді. Мен оны Алаша деуші едім. Кездеспей қалсақ күн сайын телефон шалатын әдетіміз бар-тұғын. Бір күні баспаға телефон соғып:
- Сіздерде Алаша бар ма?- деп едім, шамырқанған әйел дауысы:
- Шырағым, үйдегі сілкіп салар жалғыз сырмақ, жалғыз алашамызды кеңсеге сүйреп жүреді деп пе едің!- деп трубканы жауып тастады. Артынша такси жалдап Жұмекен жетіп келіп тұр екен.
...Ширек ғасыр болғанда бір де бір рет ищай деспепіз. Ал, өкінішіміз көп екен. Оны бүгін сезініп жүрмін...Өкініштің ең үлкені – сол Жұмекеннің ортамыздан ерте кетіп қалғаны.» (Қалихан Ысқақтың естелігінен үзінді)
З.Ж.: - Жұмекен аға жазуда күй талғайтын ба еді? Жылдың қай мезгілінде өндіртіп жазатын?
НӘСІП АПАЙ: - Қарағым-ау, қайдағы күй талғау?
Жұмекен «Лениншіл жаста» әдебиет бөлімінің меңгерушісі, кейін Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Әнуар Әлімжанов басшы боп тұрған кезде. Одақ оны 1971-жылы Мәскеуге, А.М. Горкий атындағы Жоғарғы Әдеби курсқа оқуға жіберді. Бірақ оқу бітіріп келгесін, өз орынына қызметке алмай, біраз уақыт жұмыссыз да жүрді. Сол жағдай оның көңіл-күйіне, шығармашылық шабытына әсер етпеді деп айта алмаймын. Бірақ отбасына соның бірін сездірмеуге тырысатын... Өте сабырлы, байсалды, мінезі ауыр еді ғой. Біраз жыл мемлекеттік Кітап саудасы жөніндегі комитетте, сосын «Мектеп» баспасында жұмыс істеді. Әйтеуір өле-өлгенше кеңсе жұмысы мойнынан бір түскен жоқ. Сонда да, ешқашан жазуға жағдай жоқ деп сылтауратпайтын. Күндіз жұмыста жүреді ғой, көбінесе кісі аяғы басылғасын, жазуға отыратын еді. Жазуға жыл мезгілін таңдамайтын. Жыл сайын жазда демалыс алып, ауылға баратынбыз. Барған күні барлық ағайын-туыстың амандығын біліп, қайтыс болғандарға бет сыйпап шығады да, ертеңіне бір бөлмені босаттырып алып, ешқайда қыдырмай, бас көтерместен, жазуға кірісетін...
Алматыға көшіп келгесін, жеті жылдай пәтерден пәтер жалдап, қаланың әр бұрышында көшіп жүрдік қой. Қуықтай ғана тар бөлмеде бала-шағамызбен тұратынбыз. Едендегі төсеніш үстіне етпетінен жата қалып, жаза беретін. Кейін, 1964-жылы жазушыларға бұрынғы Интернациональная, қазіргі Сырбай Мәуленов көшесіндегі 129-үйді бергенде, біз де бес бөлмелі 24- пәтерге көшіп бардық.
З.Ж.: - О, не деген бақыт!
Нәсіп апай (күліп): - Тұра тұр, қарағым, оның қызығы бар. Сол бес бөлмелі пәтердің үш бөлмесінде Сафуан Шаймерденов ағай - әйелі, төрт баласымен тұрды да, екі бөлмесі біздікі еді. Әу баста кіммен бірге тұрасың деп сұрағанда, «Осы Жұмекен ұқыпты киініп жүреді, сірә келіншегі таза, пысық бала шығар»,-деп сыртымыздан тон пішіп, бізді өзі таңдаған екен. Сол екі бөлмеде апам бар, Жұмекеннің анасын айтамын, екі баламыз, бәріміз тұрдық, ол кезде үшінші балаға аяғым ауыр. Дәретхана мен ваннаға кезектесіп кіреміз...Ас үйдің босауын күтіп, тамақ істей алмай, қысылып-қымтырылып жүрген күндеріміз әлі есімде. Бірақ өзара сыйласып, тату тұрдық. (Кейінірек жеке пәтерге көшерде Сафуан ағамыз маған риза боп, рахмет айтқан еді.)
Мұқағали да үй-іші, бала-шағасымен Тайыр Жароковтың Марат деген ұлымен бірге бір пәтерде тұрды. Оның әйелі Ленинградтың орысы еді. Нарынқолдың кең қолтық қазағы мен өмір бойы қалада туып-өскен орыс әйелдің бір шаңырақ астында қалай тұрғанын өзің-ақ көзге елестете бер... Сосын Мұқағали қалай күйінбесін?! Біз кейінірек жазушы Жекен Жұмаханов басқа пәтерге көшкенде, соның орнына Розыбакиев көшесіндегі 90- үйге бардық. Қала тұрғындары «бандитский дом» деп атайтын, күтімсіз үй екен. Жекен ағаның жеті ұлынан не қалсын, пәтер қабырғаларының адам көретін сау жері жоқ. Быт-шыт, кір. Көптен жөндеу көрмеген ескі үйді де өйтіп-бүйтіп, реттеп, әйтеуір ұядай ғып алдық. Сол цемент үйде он жылдай тұрдық. Жазушылар одағы кейін Қуандық Шаңғытбаевтан босаған пәтерді бізге беріп, қайтадан Интернациональный көшесіндегі 129- үйге көштік, 19-пәтерге... Жұмекен ауырып жүрген кезде қазір осы біз тұрып жатқан үйдің құрылысы жүріп жатқан. Жаңа да кең үйде тұруды аңсайтын, бірақ соған жете алмай кетті ғой...
Қарағым, мұның бәрі сенің қойған сұрағыңнан шығып кетті-ау! Өте еңбекқор жан еді ғой.
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:
Көзі тірісінде «Балауса» (1961), «Сыбызғы сыры» (1962), «Өз көзіммен»(1964) , «Жоқ, ұмытуға болмайды!» ( 1965), «Жарық пен жылу» (1966), «Күй кітабы» (1967), «Мезгіл әуендері» (1968), «Весенние ветры» (1969), «Ұлым, саған айтам» (1970), «Қызғалдақ жайлы баллада» (1971), «Мен туған күн» (1972), «Ақ шағыл» романы (1973), «Кішкентай» романы (1975), «Даңқ пен дақпырт» ( 1977), «Жеті бояу» (1979) , «Шуақ» (1980), «Ашық аспан» (1981), «Темірқазық» (1982), «Мое рождение» «1982) жарыққа шықты.
Ал өзі өмірден өткен соң «Қыран-қия» (1984), «Менің топырағым» (1985), «Тебе говорю, потомок » (1986), «Ұрпағым, саған айтам» (1988), «Солнцеворот» (1994), үш томдық өлеңдер мен дастандар жинағы (1996-1997), «Мен тамырмын» (2001), «Қасірет пен қайсарлық» (2001), «Жұмекен» - (Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы) (2002), «Жаңғырық» ( 2003), «Я есть» ( 2003), «Менің Қазақстаным» - үш тілде (2005, «Арыс» баспасы), екі томдық өлеңдер жинағы (2005), «Аспан шақырады» (2005), «Менің Қазақстаным» (2008 «Атамұра» баспасы )сосын жеті томдық толық шығармалар жинағы (2012, «Қазығұрт» баспасы) оқырмандар қолына тиді.
Нәсіп апай: - Жұмекен тек өз шығармашылығымен ғана емес, көркем аудармамен де айналысты. Сағдидің «Бустан» дастанын, Түркия ақындарының өлеңдерін, А.Блоктың «Зауал» дастанын, М.Лермонтов пен В.Маяковскийдің көптеген өлеңдерін, А.Вознесенскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Міне, осының бәрі оның асқан еңбекқорлығына дәлел емес пе?! Кейін өзі кеткенімен, аруағын сыйлап, кітаптарын шығаруға қол ұшын берген азаматтардың бәріне де алғыстан басқа айтарым жоқ. Шағын сұхбатта аттарын атап, түстерін түстеп, уақытыңды алмай-ақ қояйын.
З.Ж.: «Жақсыларын күндеген жұрт жабыла, жамандарды менсінбейді тағы да, қанағат жоқ, қайырым да жоқ әрі – сонда кім боп күн көруге болады» деп толғанған Жұмекен ағамыз ақындардан кімді өзіне пір тұтты?
НӘСІП АПАЙ: Ол қазақ ақындарынан Абай мен Қасымға жан теңгермейтін!..1957-жылы жалдап тұрған үйіміз Қасым ақынның бейітіне таяу маңда болды, сонда екеуіміз басына жиі барып, тағзым етіп жүруші ек.
З.Ж.: «Қасым аға» деген өлеңінде Жұмекен аға:
«О, космос ақыны!
Ашық бояу өртенген,
Бір жалт етіп құйрықты
Жұлдыз сынды ерте өлген,-
Жоқ, өлген жоқ, ізі, әне –
Жосып жатыр – саспаңдар,
Құдай тартқан секілді,
Бір сызықты ақ бормен
Қара тақта аспанға!» депті. Мен Жұмекен ағаның өзінің ғұмырын да, Қасым ағасы сияқты өмір аспанынан артына жарқын із қалдыра ағып түскен «құйрықты жұлдызға» ұқсаттым.
Нәсіп апай: Иә, «құйрықты жұлдыздай» ғұмырлары ұқсас болғанымен, оның жазғандары ешбір ақынға ұқсамайтын дара ғой... Қазір оның өлеңдерін оқып, ойлап қарасам, өз болашағын болжап кеткен тұстары да бар екен. 1956-жылы ауылда кітапханашы боп жүргенімде «Лениншіл жас» газетіне ертеректе, тіпті жас кезінде оның Құрманғазы күйшіге арнаған бір өлеңі шықты. Сонда: «Күмбездеп күйден сарай салмасам да, Бір отау жайлауыңа қондырамын»,-деп жазған еді. Сол екі жолда өз болашағына деген сенімділік жатқанын жас та болсам, сезгем. Көп жылдар сол газетті, Жұмекеннің маған жазған қырықтан астам хатына қосып, сақтап жүргем, көшіп-қонып жүргенде айрылып қалдым. Әлі күнге өкінемін. Сол өлеңді кейін еш жерден таппадым, ешбір жинағына кірген жоқ. Газеттің архивінен іздеуге денсаулық тартпайды. Балалардың бәрі жұмыстан шыға алмайды... Жұмекен ағаң жаз кезде жазған бір өлеңінде:
«Күз күндері, не суық қыс күндері,
Істеп жүргенде, әйтеуір, іс мүдделі,
Ажал шіркін аяңдап жетсе-ау маған,
Кетсем-ау мен жұмыстың үстінде өліп.
Сыншылардың ұрсуын, тамсануын,
Алдан күтіп қалса-ау бір қанша жырым.
Бір жинағым басылып үлгере алмай,
Машинкаға басылмай қалса бірі»,- деген екен. Шынымен де, тап солай болды... 1983 жылдың 22-қарашасында жүрек сырқатынан СовМиннің ауруханасында жатып көз жұмды. Оған дейін де екі рет инфаркт алған екен. Бірінші рет Қарағандыда жүрген кезде жүрегі қысылып, құлап қалған екен...
З.Ж: Кең далада еркін өскен, жаны нәзік, жүрегі сезімтал қыр баласының бәлен қабат жер астында, шахтер болып істеуі оңай жұмыс емес қой, әрине. Ғылым мен жаңа технологиялар жетілген қазіргі заманның өзінде шахтада жұмыс істеу қауіпті. Ал бұдан қаншама жыл бұрынғы жағдай айтпаса да түсінікті ғой...
Нәсіп апай: Кейін «Мектеп» баспасында басшы боп істейтін жолдасы Мәткәрімге біреулер жала жауып, жиналыс жасағанда, соған қатты күйінді. Үйге келгесін де жанын қоярға жер таппай сенделіп жүрді де қойды ғой...
Жұмекен ағаңнан ойда-жоқта сөйтіп айрылып қалдық. «Менің топырағым» атты жаңа кітабын баспаға дайындап жатқан, шығарып үлгермеді. Кейін сол кітабы оқырмандар тарапынан да, әдеби сыншылардан да жоғары бағаға ие болды.
***
«...Әрине сол инфаркке тек талай жылғы еңбегін күлпаршалаған редакторлық өктемдік, өмірбақи ауру шешесі, әйелі, балалары, өзіне бір жаңа баспана бұйырмай қойғанына налығандық, тарлан басымен тайлақ арасына қосақталғанына намыстанғандық еш әсер етпеді деп айта алмаймыз» . (Әбіш Кекілбаев)
«...Табанға түсіп тапталып жатқан ұлтының тағдырын, оның бүгініне бұғау салынып, ертеңіне қылыш қылыш сілтеніп жатқанын күнде көріп жүрген ақынның көкірегі қарс айырылып, жан-жүрегі жыламады дейсің бе?!» ( Темірхан Медетбек)
Шегініс: «АҚЫН БАҚЫТЫ ДЕГЕНІМІЗ ОСЫ ШЫҒАР»
«Жұмекен жырлары уақытқа бағынбайды, мерзімі бітсе ашып қалатын қымыран мінезі жоқ, дәрі-дәрмектердей ескіріп кетуді де білмейді ....Оның жырлары жаттауға жеңіл емес еді, бірақ, бүкіл халық ең болмаса бір өлеңін жатқа біледі, оның жырлары әнге арналмаған болатын, бірақ еліміздегі бүкіл ұлт пен ұлыстар оның қаламынан шыққан «Менің Қазақстанымды» оң қолдарын жүрегіне басып, тік тұрып шырқайды. Кеше осы әнмен Желтоқсан көтерілісіне шыққан, ертең де осы әнмен келешекке қадам басады. Ақын бақыты деген осы! (Ұлықбек Есдәулет )
***
З.Ж.: Жұмекен ағамыз КСРО-ның әйгілі спортшысы Ирина Роднинаға арнаған өлеңінде:
«... Ұлы елдің
Гимні ұлы ойналды осы қыз үшін.
Туы төбеде айналды осы қыз үшін –
Неткен бақыт!
Ұлы еліңнің ұлы гимні алдында
Жүрегіңнің қызыл туы алдында,
О, құдырет, тап осылай құдырет,
Жыласаң ғой ғұмырыңда бір рет!» -деп тебіренген екен. Азат елінің, Қазақ Елінің көк байрағы көк аспанда желбіреп, әнұранға айналған «Менің Қазақстанымына» бүкіл Жер Шарының халқы құлақ түрген күндерді ақын ағамыз көргенде ғой, шіркін!..
Нәсіп апай, Алла тағала Сізге таңдау мүмкіндігін берсе, Жұмекен ағамыздың әдебиеттегі «можантопай» көптің бірі боп ұзақ өмір сүргенін қалар ма едіңіз?
НӘСІП АПАЙ: Кім өзінің Құдай қосағының қасында аман-сау, тірі жүргенін жек көреді, қарағым-ау... Алайда, ғұмыры қысқа болса да маған осындай талантты жанның жары болу бақытын сыйлаған Аллаға мың да бір шүкіршілік етемін.
СӨЗ ТҮЙІНІ: Ол өмірден кеткен жылы жарық дүние есігін ашқандар «орда бұзар» жасқа жетті. Жұмекен ақын «Менің оқырмандарым – болашақ ұрпақтар» деп бекер үміттенбесе керек. Заманымыздың заңғар ақыны Мұқағали Мақатаевтың өзі сан қырлы талант иесі Жұмекеннің шығармашылық сырына терең бойлай алмай, «Жұмбақ ақын» деп баға берген қазақтың біртуар ұлын ХХІ ғасыр оқырмандары әлі толық танып болған жоқ. Поэзия ауылынан әлдеқайда алыс жүргендер Оны тек Қазақстан Республикасы әнұранының мәтінін жазған авторлардың бірі деп қана білетіні де ешкімге жасырын емес.
Дегенмен, дара Тұлғаның тұнық та тұңғиық жырларына таңдай қаға тамсанып, талантын мойындай бастаған жандар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Шүкір, осыдан екі жыл бұрын Ел Ордамыз – Астанада орталық көшелердің біріне аты берілді. (Көше атауын кім көрінгенге қиған Алматысы ғұмырының көп жылдары өзінде өткен Жұмекен ақынға келгенде тарылып қалғаны өкіншті!...)
Таяуда ғана өзінің туған ауылында шағын ескерткіш мүсіні ашылыпты. Естіп бір жағынан қуанып, бір жағынан мұңайып қалдық. Қуанғанымыз - айтулы ақын Ғафу Қайырбеков ағасы көзі тірісінде-ақ «Жұмаш - ұлы ақын» деп қадір тұтқан, Ұлы ақынға аядай ғана ауылдың көрсеткен құрметіне риза болдық. Мұңайғанымыз - мұнайы да, қалталы алпауыттары да мол Атыраудың осы 30 жыл ішінде облыс орталығынан Жұмекен ақынның еңселі ескерткішін тұрғызуға шамасы жетпеді дегенге кім сенер?!.
Мәселе ескерткіштер санында да емес шығар. ЖҰМЕКЕН – мәңгі өлмес өлеңдерімен өзіне алтыннан да құнды Ескерткіш тұрғызған ақын. Қазақ деген халқымыз бен ана тіліміз аман тұрғанда, Ұлы ақын ғұмыры жалғаса береді, жалғаса береді...
Сұхбаттасқан Заря ЖҰМАНОВА, жазушы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,