са қайтеді? Қара бала
одан сайын жүдейді. Жүдегені, тарыққаны сонша, көз алдына Жирен айғыр, сосын
Ашақ шошағының құбыла алдындағы, көң сасыған жапырық шеген қыстау
елестеді.

* * *
Сағира атты сұлу қыз төртінші класта оқитын. Бұдан төрт жасы үлкен. Өңі ақ
құба. Жүріс-тұрысын бірден-ақ Талжібекке ұқсатқан. Әдейі ме, әлде табылғаны сол
ма – ылғи көк түстен киеді. Көйлегі – көк, бешпеті – көк, орамалы – көк. Бір уыс
кәмпит ұсынса – ішінен теріп, көгін алады. Бәлкім Идаятқа солай көрінетін шығар?
Қалай болғанда да жақсы-ақ қыз. Бүкіл болмысында бір сүйкімділік бар. Тіпті,
сабақ білмегенінің, албырай қызарып тұрғанының өзі әсем. Анандай, монтиған
ауыз зыпылдап кетсе, әрине, жараспас еді. Өзіне Қалқаман өш. Дөрекі, ерсі
ойнайды. Ал, ең ғажабы, Сағираның соған ашуланбайтыны. Сабақ үстінде тиіссе
бұртыңдаған болады. Шыны емес, әншейін көзге, сырт көзге қылған қыры секілді.
Қара бала оңаша ойласа – кешіре алмайды, қыздың өзін көргенде жидіп сала
береді.
Идаятқа ұнамайтын бұдан бөтен тағы бір мінезі: қолына бергенді жұртқа
тарататыны. Мұның өзі де, ақылы көп, оған қоса көкесі ұрысқан, дүкенге сирек
кіреді, сондықтан, кәмпит те жиі болмайды. Сөйткен, сирек табыс, сирек
олжасын...– өз аузына салмайтынын ескермегенде, ең жақын досына қысып
татырып, ұсынған қымбатын анау алады да үлестіреді. Мықты екенсің, өкпелемей
көр!
Рас, бұны өзгелерден жақын тұтады. Еркелетеді, шашынан иіскейді. Бүкіл класс
оны жақсы көреді. Тек мұғалімдер ғана Сағира десе – аза бойлары таза. Әсіресе
Қанағат. Ұсақ, үшкір тістерін көрсетіп, шақылдап кеп ұрысқанда бар ма? Жеп қоя
жаздайды. Неге екенін кім білсін, Садықжановқа бұл батпайды. Қайта, кішкене
көкірегінің әлденендей бір түкпірі осыны, Сағираны жұрттың жаратпағанын, оған
ұрса түскенін қалайды. Идаяттан басқа баланың басынан сипаса шыбыны
шырқырайды. Тек өзі, Сағира – өзі, өзі – Сағира. Осылай бола берсе екен!
Алдыңғы күні сабақтан кейін Сағира айналдырған екі дәптер, бір кітабын ұзақ
жинастырды. Біресе салды, біресе қайта алып, оқыған құсады. Сыртын газетпен
қаптаған бірін, судырата оқи жөнелетіндей, аптыға, жанталаса ашты. Әлденендей
бір сөзге қадалып алды. Сол, қадалған жеріне көзі мөлдіреп, төгіліп кететін
сықылданды.
Қалқаман қылжақтап, маңынан шықпай қойған. Біресе отырды, біресе тұрды,
айналсоқтап бітті. Сөзінің – сөз сияғы шамалы.
– Жем-сауың өсіп кетіпті ғой. Құс сықылды барыңды төсіңе жинайсың-ау деймін,
а?
Қыз қызарақтаған сайын, көркейе түседі.
– Кет қайқай, көргенсіз! – Тым зілсіз. Тағы да күлкі, бұртаңдау, өкпе, наз.
Идаяттың айызын қандырып, ананың есінен кетпеспей бір сөз айтса ғой!
– Меңің жарасады өзіңе!– Сөйдеп, анау белінен бір құшақтайды. Сағира
қарсыласып, қолын қағып-ақ бағады, бірақ… бір кезде қыз дәптерін жалма-жан
жинап, кенеп сөмкесіне сүңгіткен. Одан қайта суырды. Қалқаман оның дәл осындай,
қолының бос емес кезін аңдып ұмтылады:
– Мына бір жерің қалай өзі?
– Көргенсіз!
– Мұғалімге айтам!
– Бос сөз.
– Жібер, кетем.
– Жібермесем қайтесің?
Қалқаман сол сәтте мойнынан құшып кеп алған, Сағира әрі-бәрі бұлқынып
көріп, босана алмағасын ананың қолының сыртынан шымшыды.
– Жібер деймін!
– Жібермеймін!– Бұл сөмкесін қолтығына қысқан күйі, есік аузында тұрып
қалған. Мына екеудің мінез-құлықтарынан ішін иттей жыртатын бір нәрсе аңғарған
сияқтанды. Көкірегі толып, жаны ышқынып кетті. Тағы да Сағираға ренжіді.
«Кетші, әй бала», «Көргенсіз», «Жібер деймін», Бүйткенше салмай ма
айналдырып?! Жо-оқ. Қалқаманның о жер, бұ жерін түрткілеп, құшып ойнағаны –
жанына жағып отырған сын-ды. Әйтпесе… Өзі керемет күшті қыз. Сөйте тұра
қарсылығы осынша дәрменсіз. Өтірік – деп түңілді қара бала,– бәрі өтірік. Қыз бір
кезде.
– Идаят, әй, бері кел. Қазір кетеміз,– деді. Мұның тірі, бар екенін жаңа байқапты!
Өлгеніңнің көрі! Келер саған енді! Бала қатты қапаланды. Қызғанды. Қызғанғаны
сонша: екеуін оңаша тастап шыға жөнелген. Екінші жолаған жоқ.

11
Күн батып бара жатқан. Жел тымық. Ашақ шошағының үстінде қой
жабағысының пұшпағындай көк-шулан бұлт жатыр. Бұлт төмен, көкжиекте.
Сондықтан, шағылдың биік жар қабағына ілініп қалған сын-ды, кете алмайды.
Күнбатыс жағы қызара түсті де, кенет, көк сұрлана қойды, Әжімгерей:
– Көктеп үлгірмей қурап бітті ғой,– деді.
– Шөпке індет келді, Әжеке, індет,– деді Сатым.
– Сондай бірдеңе жайлады әйтеуір. Құрт дейін десең – жорғаламайды, шыбын
дейін десең – ұшпайды. Әнеугүні осы қоңырдан қой айдап келіп ем, кебісімді
бірдеме тұтып қапты. Қақсам кетпейді. Шүберекпен сүрткенде білдім: бозарып
жұққанның бәрі ұп-ұсақ жәндік екен, қырып салыппын. Мына жусанды үзген
малдың пысқырып қоя беретіні содан болды. Қой байғұсқа, әсіресе, қиын. Өзі де
шығынсыз тұрмайтын қасқа еді. Шөпке ғана емес, шаруашылыққа, бүкіл
басшылыққа түскен құрт қой бұл.
– Көктемде күншығыстан, есіңде ме, боп-боз шаң соқты, жел жоқ болатын.
Дауылда да ондай шаң байқаған емен.
– Апыраа-ай дейсің. Сейсенбі күні сәскеде көтерілген, содан – қарт саусақтарын
бір-бірлеп бүгіп санай бастайды.–