ге, егіннен
шаршағандары – құрылысқа қашады. Өстіп, сапырылысып, бірінен-біріне ауысады
да жүреді. Жоқ, директордың қабағын тырыстыратын бұ да емес. Рабочком
Қадырғали. Оныкі не? Әлде, әлгі жаңадан келген агроном мен орынбасардан
бірдеңе сезіліп, солардың шылауына еріп жүр ме? Ең үлкен қой отары –
Қалқамандікі, қырда еді. Қырда жайылыс биыл кемдеу, сол отарды ішке, су бойына
түсірмекті. Елағаң қоя тұруға қосты. Өр суы қайтып, маса, шыбын басылғасын
көшіруді мақұлдаған. Қадырғали, қатысы қанша екенін өзі біледі, осы мәселеге
қыстырыла кетті. Ол керісінше дәлелдеді: қойды қазір көгалдың тұнық, кезінде
әкелген жөн, маса шыққанша әлі ай бар, оңалсын, күзге таман, су қайтқасын
жайылған мал аралдан бауырқұрттан өңге дәнеңе де алмайды. Бауырын ірітіп ап,
құмға, қораға қайтқан қой қырылмағанда қайтеді? Міне, мәселе. Қадырғали осыны
толы жұрттың көзінше бадырайта сөйледі? Әлде оныкі де оқудың желігі ме? Ол
Оралдың бір институтында сырттай оқып жүрген. Еділханның ойына бірден
сонысы оралды.
– Елаға, мұның дұрыс емес, болмайды, өзің білесің ғой,– деп түйген. Сол түйін
сөзге емес, Еділханның көкірегінде тұрды. Бірақ о жерде сыр алдырмады,
қашанғысынша жымиды да қойды, (ел мұны мақтағанда: «әй, әулие ғой, бір
жымияды да, бәрін өзі біледі, өзі шешеді» деп сүйсінетін, оны өз құлағымен де
талай естіген). Сосын екі алақанымен жалпақ, жазу столын таянып тұра берді.
– Еділ, шайыңды ішсейші. – Келіншегіне жақтырмай бір қарады да түрегеп,
соңынан ерді. Ерінің қас-қабағын бағып үйренген келіншегі бәйек боп жүрді.
Көңілін бөлем бе деген үмітпен әңгіме бастаған, жақпай қалды:
– Райисполкомның адделкадрі, қасында біреу бар, шәй ішті.
– Оны қайт дейсің?.. – О күні директор әйтеуір көп адамға қабақ
көрсетті. Қойма меңгерушісін шақырып, ескерту жасады. Завгарды ұстап алып
біраз нығырлады. Ешқайсысына дауыс көтермегенмен бұрын мінезін білетін жұрт
әлгінің бәрінің ұрсу, тұқырту екенін бірден түсінді. Өйткені, дәл осы күні бүлінген,
өзгерген ештеңе болмайтын. Бәрі бәз қалпында, күндегі тірлік, күндегі совхоз-тын.
«Махамбет» шаруашылығы жағынан ауданда жаман аталмайды. Мал төлдету,
жүн қырқу, қора жөндеу, жемшөп дайындау секілді, бұ совхоз үшін еңбектің ең
негізгі салаларының құрығанда бірінен алда жүретін. Мәдениет жағы, тіпті, жақсы
еді. Тек өткен жұмада совхоздың екі адамы мас боп, төбелесіп қап, газетке фельетон
басылды. Ал, осы, Елағаң ашулы жүрген күні мін-сын тіпті көбейіп кетті.
Совхоздың үлкен клубынан бастап, өз пәтерінің ауызғы үйіне шейін жүйкесіне тиді.
Еділханның бір арманы: совхоз орталығынан электр станциясын салдыру болатын.
Жарықты әлі күнге Шортанбайдан алып келе жатқан. Кісі қолына қараған күн... Со
жай бүгін қабырғасына екі есе батты. Манағы екеудің сөзі де екі бүйірінен
шаншудай қадалып, тарамай қойды. Жоғарыдағы жағдайдың бәрі осы екі
шаншудан, соның зардабынан пайда болған күйсіздік екені, әрине, ойына кірмеді.
Ұстамды, сыпайы мінезінің қырсығынан ешкімге жарылып сөйлеп, сарқыла айтып,
жан уытын баса алмады. Ол уыт, у құйылар сай таппай, ақыры қанға тарап
таусылды. Есесіне, манағы директордың жұмсақ та болса, қырына ұшыраған екеу
үйлеріне мас боп оралысқан, кіре әйелдеріне тиісті. Арғы-бергілерін қозғап, екі
әйелді біраз езгілеп біткен соң ол екеу де тыныш, ішкіліктен кейінгі өлі ұйқыға кетті.
Бір адамның қабақ кірбіңінің салдары кеп, түбі үй шаруасындағы екі әйелге
тиді. Екеуі көрер таңды көздерімен атырды. Со күні қызыр келетін болса – екі
ананың біреуіне көрінуі хақ-ты...
Сонымен, Идаяттың бұ келуі, кейін сұрағандар үшін, «Елағаң ашулы жүретін
күні» боп, тауарыхқа тіркелді.

* * *
Идаят бірден Кемел үйіне тартты. Көргенше, көріскенше шыдамай, тыпыршып
бітті. Жолда, елде өткізген бір жұмасы жылдай көрінген. Әйтеуір бірдеңе өзгерген
сықылды. Күн орнында, ай оңынан туғанмен, әлдененің жаңарғаны хақ
сықылданды. Жақсарды ма? Оны кім біледі, әйтеуір... вагоннан шыға перронда
ерсілі-қарсылы сапырылысқан жұртқа жалтақ қаққан. Топ ішінен көзімен тінтіп,
таныс іздеді. Әр жүзге үміттене әрі қауіппен қарап, вокзал алаңына шықты.
Автобус, таксидің кезегінде тұрғандардың беттеріне бір-бір үңіліп, ешкім кездестіре
алмады. Сонда барып көңілі сәл басылған тәрізденді: бәлкім, бәз қалпы шығар?
Әйткенмен, көлік күткен топтың ешқайсысының соңын тосуға шыдамы жетпеді, жай
машиналардың бірін тоқтатып мінді. Келесі минутта алдынан ашылған Алатау
тұлғасына сүйсіну үстінде өзінің осындай әсем жер, әдемі қалада тұратынын
мақтаныш қып, әнеугіден бері терген күмәнін де ұмыт еткен-ді.
Қаланың ең көрікті кезі-тін. Ақ бұлттан аса қараған қарлы құз, соған ұмтыла,
тырмыса өскен көк шырша, бертін, төмендей-төмендей келе қойыла түскен жасыл
ну – сәл толқыса жуып кетер алапат, тасқын секілді. Жылдың дәл осы мезгілінде
қызғылт, сары, сұр – көп бояулы үйлердің бәрі бір-ақ түске – аққа айналғанға
ұсайтын. Қала үстіндегі мұнардың өзі, газ орамал сынды, әппақ. Жеңілдіктің,
сергектіктің белгісіндей. Түстің, не ертегі сиқырының болмашы жұқа кі