аңдар, құстар қамалған темір қоршауларды көргенде күрсініп жіберді.
– Бала-ау, бұ не, мен аң көрмей жүрмін бе? Ататын мылтығым да жоқ.
Сонсоң суретке түсті, киноға кірді. Бірде-бірі ауыл кісісін қанағаттандырмады.
Қайта тырыстыра, шаршата түсті.
– Уһ!– деді орталық музейден шыға бере,– осы сендер тамақ ішпейсіңдер ме?
Зекетің болайын, ас беретін бір үй тапшы, қажыдым.
Төрт кісілік орынға жайғасқан. Бұлар тамақтарын ішіп бола бергенде екі жігіт
келді. Тағы екі жігіт қосылды. Сөйтіп көбейе берді. Түтін. Ыстық. Бейтаныс
біреулер, ылғи бір түсініксіз әңгіме, қызыл сөз. Екеуінің қалтасынан да көк тиын
шығын шықпады. Енді есептесеміз десе – әлдеқайдан біреулер жетіп келеді де,
төлеп жібереді. Ғұмардың арманы: інісін сықап тұрып бір сыйлау-ды, сонысын
орындай алмай қойды.
– Сен жаңағыларды танисың ба?
– Жоқ.
– Мен де танымаймын. Ақшаларын кім үшін төледі? – Осындай сұрақтарды
жаудырып кеп береді. Танымасаң неге өйтеді, неге бүйтеді. Ал, сендіріп көр! Ғұмар
ауыл адамы, аңқау емес. Басқаны білмесе де ақшаның салмағын біледі:
– Сен алдама ағаңды, қазір ешкім танымайтын кісісіне шашылмайды.
Жолдастарың, достарың болса – маған неге айтпайсың? Мен немене, сенің
достарыңды сыйлай алмайым ба? Құдайға шүкір! – Қонақ ақырында өстіп
өкпеледі.
Автобусқа мінген. Аялдама сайын қарларына қызыл шүберек байлағандар кеп
билет тексеріп, мазалап бітті. Әрлі-берлі итеріс, тартыс. Ғұмар осының бәріне
ызалана-ызалана жүйкесі талды білем, бір ыңғай арзан мазақ, жеңіл күлкіге
ауысты. Таңертеңнен бері аралағанда оған ұнағаны – Алатау, қайта-қайта соған
қараумен болды: Сабазыңның қасқайып тұрысы-ай! Жасыл ағаш, сәулетті үйлердің
бірде-бірі қызықтырмады. Идаят таңдандыруды ойлаған. Сонсоң «Сандыбадтың
жетінші сапары» атты киномен ризаламақ-ты. Одан да ештеңе шықпады. Алған
әсерін сұраған, Ғұмар қолын бір сілікті:
– Телевизордан көргем.
Көл-көсір қаладан көзі түк көрмеді. Сыңар танауымен күліп, сығыраң қақты.
Шыны ма? Әлде әдейі істей ме? Дүкендердің көрініске ілген мүліктеріне қарағанда
жанары жанып кетеді. Туһ! Баяғы шүберек құмарлық!
– Мынау біздің консерватория.
– Е, дұрыс.
– Анау опера, балет театры.
– Балет дегендерің әлгі жалаң бұт би ме?
– ?
– Жөн, жөн. Білеміз.
– Әуезов атындағы драма театры.
– Дұрыс.
– Республикалық профсоюз үйі.
Бұлардың столына еңгезердей еркек келді. Жасы жиырма бес, отыз
шамасында. Алдына байлаған алжапқышы тылтиып, кіндігін ғана жауып тұр.
– Інішек, отыр,– деді Ғұмар. Идаят:
– Ғұмақа, бұ кісі официант,– деді. Қонағы міңгір етті. Теріс айналып,
құлағының ұшын уқалады. Анау кеткесін Идаятқа қарап:
– Есіл ер, есіл күш,– деп салды, Содан екеуі бір жартыны тауысқанша тіл
қатыспаған. Екінші шөлмектің тығыны ашылған соң ғана Ғұмар маңдайының терін
жеңімен бір сыпырып, орныға отырды.
– Біз де бірдеңе білеміз,– ол осылай бастады,– сендер ауыл кісісін қойтан
көресіңдер. Қара жердің қыртысын аударатын жігіт. Қор болып жүрісін қарашы!
Сен де қарғам, оқыдың, оң қол, сол қолыңды таныдың. Бүйтіп жүре берме. Ел
бар, жұрт бар. Ауылға қайт, айналайын. Осы оқығаның жетеді, Махамбетте де
аштан өлмессің. Әніңді сонда да тыңдайтын жұрт бар.
– Әлі бітіргем жоқ қой?
– Осы бітіргенің жарайды. Кеше шығарда кемпірді көрдім. Жылайды байғұс.
Қайтсын! Қандай етіп өсірді сені, көрдік қой, көрдік. Ғинақаң да осыны айтар еді.
Мен де, өзің білесің, ағаңмын. Келін шығарыпсың. Жақсы атақ емес. Қалада қыз
көп деседі. Біз де бірдеңе білеміз, манағы таңын жарқылдатып жүрген
селтеңбайлар ма? Олар қатын боп, қазан ұстап жарытпас. Үйге қайт. Аузыңда –
әнің, қолыңда – күйің тұрып қатынсыз қалмассың. Өкпем шанша ма, шорт немене,
ал, алып қой. Е, сүйт, сенің атыңды қәзір бәрі біледі. Шүкір, тұрмыс жаман емес,
келсең ағайын-тума боп көтеріп аламыз. Бір-бір қарамыз дайын. Екі-үш айдың
ішінде ел қатарлы түтін түтетіп кетесің. Кәрі-құртаңның сүйегін саудыратып қойып,
сауық қуғаның жарамас. Әп-әсем қалыңдығың, әлгі Алтынжанды айтам, өкпем
шанша ма... – Идаят манадан бергі әңгімеге қанықты. Хат сайын айтылатын белгілі
сөздер. Бірақ өз ойынша әр нәрседен хабардар, жаңашыл санайтын Ғұмар
ағасынан күтпеген сөздері. Әдеп сақтап тыңдағансып отырған-ды. Алтынның аты
аталғанда елең ете қалды. Сайрап отырған Ғұмар нақ осы арада түйткілдеп,
орынды-орынсыз жөтеле берді. «Өкпем шанша ма, шорт неменені» екі-үш рет
қайталады. Бұл шыдай алмай:
– Иә, Алтын? Иә?– деп сап, сонысынан қызарып кетті.
– Әп-әсем қалыңдығың деймін-ау, кеткен келінмен не хикая болғанын білеміз,
естідік. Беті әрмен, кәпірдің. Әжекең тірі болса содан құтылғаныңа бір қойын
сойып, Құдай жолы берер еді. Апарып салғаныңды естігенде Ғинақаңнан сүйінші
сұрап, литр ашқыздық. Сау бол, кісілік етіпсің. Ауылға келсең Ел-ағаң, өзіңнің ағаң
ғой, «Махамбеттің» клубын қолыңа түгел береді, оған сен. Мен, бала өзің білесің,
Құдайға туғалы сенген жан емен, бірақ ол бар болса, менің сөзіме сенуге тиіс, сен д