пісіп шықты.
Сейсімет әскерге алынғалы айдың жүзі болып қалған. Ол аттанғанда қолда үш үйір
жылқы бар-ды. Үйреніскен мал ғой, не де болса бағып көрмекке бекінген Мәруәні,
«Қара пері» атанған «Жаңа өмір» колхозының басқармасы Темірәлі еркіне қоймады.
«Өтініп отырған адамнан алып қайтеміз, жылқыны құдығынан қозғамайық та», деген
басқарманың былайғы мүшелеріне анау: «қатын жылқы баға алушы ма еді, қойыңдар
оны!» деп бір-ақ қайырған. Сөйтіп, жылқы басқа адамға берілгенде, Мәруә колхоздың
арық-тұрақ қойын қарап жүрген Қарашаш деген қартаң әйелге қосшылыққа қосылды.
Жаңа сол қой қора жақтан келген беті-тін. Бұл ауланың қарын күреді, Қарашаш
айырлап шөп шашты. Қарды ет пісірім күреген шығар. Бір жағын аршыса, екінші
жағын басып жатты. Қора әжептеуір биік еді. Мұны сілелеткен сырттағы боран емес,
ауладағы, іштегі боран болды. Жынды жел қарды ұйтқытып, былағайлап әкеп
ауланың ықтау бүйіріне үйе береді, үйе береді. Арық қойға да керегі қораның сол, ық
түкпірі. Арықтың ішінде де арығы болмай ма: іріктеп бітеуге қамады. Пішенді сонда
апарып салды.
Боранның мына үш күнінде он бес қой шығынға шықты. Әлі қанша соғарын кім
біледі? Артында аязы тағы бар... Уһ! – деді Мәруә,– уһ! «Жарықтық жылқы рақат
екен ғой!». Күн ыстықта құдықтан қауғалап суарғаны болмаса қыста пішен тілемейді.
Қар астындағы қаудан-қияқты тартып жеп күнелте береді. Бірді-екілі мініс атына
болмаса, жалпы, құм қазағы жылқыға азық дайындамайтын. «Мына бір тұмсықтары ,
жыбырлаган жалмауыздар!» – деп ойлады Мәруә. Не деген құнжыт мақұлық! Жаны
шыққанша аузы тыным таппайды. Манағы өлген қойлардың ауыздарында бір-бір
шөкім шөп жүр. О, қу құлқын-ай десеңші!.. Өлгендерін Қарашаш қолтықтай көтеріп,
қораның бір бұрышына жинайды да үстін сабанмен жауып тастайды. Кәдімгі тезекше
текшелеп, су кетпесін дегендей, шөпті қабаттай түседі. Бағана Мәруә: «сонша жабулап
қайтесіз апа, өлген қойға бәрібір емес пе?» деп еді: «Әй, ақымақсың-ау, айналып
кетейін, ертең «Қара пері» келіп, қойларым қайда?»– дегенде мен немді көрсетем?
Ойламайсың ба?» – Қарашаш басын шайқаған. Бұл секем алып қалды. Өлген
малдарын колхоз бақташыдан өндіріп алатынын білетін. Рас, Қарашаштың бес-алты
жандығы бар. Бұл несін төлейді? Жалғыз сиыр ма? Ол да өзінікі емес. Сейсімет
армияға кеткен күннің ертеңіне барған Мәруәға Әжімгерей қарт: «бұзауы өліп қалып
еді, қолға иійтін ақ пейіл, сүтті мал, балаларың бар ғой, шайқатық ете тұр»,– деп
жетектетіп жіберген-ді. Мәруә жүгіріп ауыз үйге шығады. Қара сиыр сұлы-бас пішенді
күрт-күрт күйсеп, қаннен-қаперсіз тұр. Желіні жер сызатын болған соң тіл-көзден,
жел-құздан сақтанып, желін қап жасап кигізген. Келіншек сиырдың желінін ұстап
көрді. Бұрын тырсылдап тұратын қап ортайып, әр жеріне қыртыс пайда бопты.
Келген кезде күніне үш саудыратын сүт желін бүгін түсте бір-ақ рет сауылды.
Сыртқы есіктің ілгішін ағытып, итеріп қалды, есік ашылып кетті: қар баспапты. Жел
бәсеңдеген. Алақанын тосып байқады, ештеңе түспеді: күн ашық. Бүгінгі түн екі үйдің
есігінің алдын күреп тұру кезегі өзінікі екені, енді ол бейнеттен құтылғаны есіне
түскенде іші жылып сала берді. Есіктің тұтқасынан мықтап ұстап тұрып «Айтақ,
айтақ»,– деп айқайлады. Қара сиырмен бірге ауыз үйде жататын төрт көз қара күшік
шәу-шәу етті де, қыңсылап жіберді. Мәруә дәл өкше тұсынан шыққан иттің, даусынан
селк ете түсті. «Ой, құрғыр, сен мұнда екенсің ғой? Есікті жауып, қармағын салды,
қара сиырдың сауырынан бір сипап үйге енді. Жаңағы көженің қызуы ма, шынында
солай ма, үй жылынып қалған сияқты. Екі бала үстеріндегіні тастапты. Жетілік шам
бөлмеге бір түрлі жұмсақ, қызғылт жарық төгеді. Төсеулі терме алаша, жүктегі бірер
сәтен көрпе нарттанып, құбылып көрінеді. Шамы жоқ кішкене жақтағы, жалыны бітіп,
шоғы қалған оттың қарсысына күп-күрең сәуле түсіпті. Сәуле болар-болмас
дірілдейді. Екі баланың да жүзіне нұр жүгіріпті. Олар да әлденеге қымсына, қызара
күлетін, күлімдейтін тәрізді. Бірақ... шамның әлжуаз жарығы жетпеген бөлменің
бұрыш-бұрышы бұғыңқы, қоңырқай. Қыраулы терезе шел қаптаған көздей, аппақ.
Мелшиіп, мейірімсіз қарайды. «Ищай!» Кісінің денесі түршігеді. Бірін-бірі ұрлана
түртіп, ауыздарын баса, күңкіл-шүңкіл ойнап отырған балаларына: «Тұрыңдар, төсек
саламын»,– деді. Пеш жағына кішісін, ірге жағына үлкен ұлын салды. Жастығын
басып-басып қарады, аласа екен: ақ тонды әкеп, бүктеп астына тастады. Шамды
терезенің алдына қойды. Пілтесін басып бұқтырды, сөндірген жоқ. Үстеріне екі
көрпені қабаттай жапты да, «бісмілдә» деп көзін жұмды.
Ертесіне Мәруә күтір-күтір, күр-сыр еткен оқыс дыбыстан оянды. Атып тұрып
көрпесінің екі жағын қармады: балалары жып-жылы, ұйықтап жатыр. Үйдің іші боп-
боз, салқын. Терезе алдында біреу жүр. Қатты, қалың қарға тиген ағаш-күректің
даусы тұншыға дүрілдейді. Салқын үйде жылы төсекті әрең қиып, орнынан тұрды. Екі
баласын бір-біріне жақындатып жапты, көрпенің шетін төсектің астына қыстырды.
Киініп тысқа шықты. Күн тұсау бойы көтеріліп қапты. Аспан жап-жасыл, ақықтай
бұлт жоқ.