әсін» тастамайды. Ал, кейде қарны ашып
келген сәттерде оны да ұмытып кетеді. Мәруә күйеуінің тағы да толып жатқан
«ерекшеліктерін» есіне алды. Айтпақшы, ұйқысы қатты болатын. Түйе бақыртсаң да
оянбайтын қасқа, құлағына «шайтан» деп сыбырласаң, қарғып тұрып: «Аһ, қайда,
қане?» – деп үрейленіп, көпке дейін есін жия алмай қоятын. «Енді не жаны жүр екен?
«Шайтанды» қойшы, әлгі соғысып жүргендері адам да, хайуан да емес, бір
құбыжықтар деседі. Не жаны жүр екен сорлының?» Мәруә осылай ойлады. Қолына
әлдеқалай түскен облыстық «Социалистік құрылыс» газетінен бір сүгірет көргені бар.
Пәшес сондай болса... Аллам бессақтасын! Бұл жолы күйеуі: мойны ырғайдай, бет-
аузы бір уыс, жұдырықтай ғана басы бар біреу боп елестеді. Алпамсадай тұлғасынан
айбар, әр қашып, бірте-бірте кішірейіп барады. Ірі, сіңірлі аяқ-қолдары, зауза
қоңыздың мұртындай әлсіз, тиіп кетсең үгітіліп қалатын бірдеңе боп шықты. Үлкен де,
кіші де емес сары-сұр көздерінен жалыныштылық, шарасыздық байқалады. Кірпіктері
жыпың-жыпың етеді. «Батырға біткен тұлғасы» бұзауға жапқан арғымақтың
терісіндей бос, әншейін алдамшы қап сықылданды да, ар жағынан шын Сейсіметтің өзі
көрінді. Мәруәнің жаны ашып кетті. «Соғысып не жарытып жүр дейсің? Хатында: «біз
жақында жеңеміз» деп желпінеді. Ғұмыры қолына күрек пен құрықтан басқаны ұстап
көрмеген бейбақ мылтық атып оқсата ма? Бір жерде өліп қалады ғой. Аңқау қасқа!»
Мәруәнің іші-бауыры әлем-жәлем болды: одан банағы Еділхандар әлдеқайда қу,
әлдеқайда айлалы. Жетпегірдің сөзін қарашы: «Не бересің», «тағы не бересің» деп
қадалады. Мен оны бала көріп жүрмеймін бе... Тіпті көзімен ішіп-жеп барады...
дегенмен өзі сүп-сүйкімді жігіт боп қалыпты... Қарашаш апам да қызық-ау... Сөздері
түйеден түскендей дөкір, қатал... бейшараға тым қатты айтты. Жас адамның көңілін
сонша басып қайтеді екен?!»
Осыдан әрі Мәруәнің шарғы жіптей шатысқан ұзын, әлжуаз ойы үзіліп қалды.

6

Әр үйден сайдауыттай-сайдауыттай боп атқа мініп, жарқылдасып, шыға-шыға
келетін азаматтар кеткелі дала жымып, жасып қалған. Ана шошақ, мына шошақтың
түбінде бір-бірден, екі-екіден отырған үйлердің тіршілігі жадау, орта. Күлкі азайып,
күйбең көбейген шақ болды. Жесір әйелдер жаққан мұржадан шыққан түтін де
еркектер бардағыдай түйдектеліп, қопалақтамай, қысылып сызаттап шығатын тәрізді.
Қуантай қарттың қырқы секілді, бұл маңай үшін, үлкен жиындарда болмаса, жалғыз-
жарым мал қарап жүріп кездескен кісілердің сөйлескен үндері өз құлақтарынан
алысқа ұзамайды. Күңкіл-шүңкіл болмаса, арнайы, ашық дауыспен алысқа айтатын
сөз де жоқ. Бір үйге үш-төрт шал-шапырдың басы қосылып қалса, өткендегі, «жігіттер
бардағы» әзіл-қалжыңды қаужап көңіл көтеріседі. Жаңадан шығып, қосылып жатқан
көңілді ештеңе естілмейді.
Қошалақ азаматтарының әскерге алынуы да бір түрлі қызық: аудандық соғыс
комиссариатының шақырту қағазын 1940 жылы алған алғашқы топтың ішінде
Әжімгерейдің баласы кетті де, ең соңғы боп былтыр, 1944 жылдың күзінде,
Сейсіметтер аттанды. Сол төрт жылда ай сайын бес-бестен, он-оннан алынды да
тұрды. Тұңғыш топ пен соңғы топтың жас айырмашылығы бір жастан үш жасқа дейін
ғана.
«Қара қағаз» алған үйлер қайғыларын жылап-сықтап бітіріп, күнделікті тіршіліктің
тауқыметіне алдана бастаған. Алмағандары, әсіресе, биыл қатты қобалжыды. Ит үрсе
тұра-тұра жүгіріседі. Көлікті үш-төрт кісінің басы қосылып көрінсе, естіртуге келеді
екен деп, зәрелері ұшады.
Ылғи бір күтуден, ылғи бір қауіптеніп, қорқудан қажыған жұрт көктем шыққалы
күн қызарды оқырадай жандана бастады. Бақташылар өлген малдарын санап, есеп
береді. Тірі қалған қой, сиыр көтеремдері күн қабақтан қырбиып көрінген көкке ілікті.
Осындай, марттың, құмда сирек болатын желсіз, шуақты соңғы апталары алда үлкен
бір көктемнің келе жатқанын аңғартқандай еді.
Қора-қопсыдан қолы босаған жұрт екі-үштен ауыл қыдыратынды шығарды. Қыр
елінің ежелгі салты бойынша, қыдырған кісі «мал қарап жүрмін» деп қыдырады. Және
олар «малды» үшеу-төртеу, кейде одан да көп боп «қарайды». Ішінде
«ассалаумағалайкүм» деп үйге алдымен енетін, сақал-шашына ақ араласқан біреу
болады. Сол бастап сәлем беріп, есіктен дабырлай кіреді. Үй иесі, амал жоқ, орнынан
тұрып, төрге жағалай көрпе салады. Қонақтың үлкені: «Пәленшеке, мал-бас аман ба?
Мен бір жылқы (сиыр болса да бәрібір) жоғалтып, соны іздеп шығып едім, сіздің
ауылдың үстіне келгесін аттап өте алмай, сәлем бере кетейін деп, мына жігіттерді
ертіп...» – деп күмілжиді. Үй иесі бұ сықылды келісті, ибалы сөзге: «Қош келдіңіздер!
Келгендерің жақсы болды! Әй, қазанға ас сал!»– деп бәйек болғаннан басқа не айта
алады? Сонымен қонақтар бір-бір жастықты шынтақтай, диірмен тартатын кісіше
жантайып, жата-жата кетеді. Ал, соқ әңгімені!.. Сөйтіп, таңертең келген қонақ жатар
орынға бір-ақ қайтады....
Бүгінгі «мал қараушылар» үш адам. Біреуі көрші отырған «Қызыл әскер»
колхозының Сандыбай деген жасы елудің үстіне шыққан жылқышысы, біреуі Еділхан,
біреуі... тағы біреу. Үш аттылы еспе құмды кеше, мимырттай, Ашақ шошағының
басына келіп шықты. Жоқ