өзі байқаған кемшілік жетістіктерін тізбектеп, көз алдынан өткізеді: Кәрімнің әйелін
жұрт «ақсақ келін» атайды, ақсақ екені өтірік емес. Халиттың әйелін: «көк көз келін»
дейді, көк көз екені рас. Мұны келін атандырды. Мақұл келін екені шын-ақ босын!
«Әлгі Әжімгерейдің жаман келіні»... Бұ сөзді жақсы кісілер айтса бір жөн, қырық жыл
бойы мұрынының астын тазарта алмай жүрген сүмелектер айтады. Неге? Не себеп?!
Мұның осы халіне әйтеуір біреу кінәлі секілді, әйтеуір біреуді мұның да кінәлағысы,
жамандағысы келеді. Бұл сол қиянатшылды өзі көріп жүрген ауылдан, үй ішінен
іздейді, таба алмайды, тани алмайды. Әрегірек баруға ойы құрығыр тағы жетпейді.
Өзі білетін, аяқ жетер жерден, «тап осыдан болды бәрі» деп, тап басып, тұлымынан
тартатын ешкімі жоқ сияқты. Бәріне де өкпелейді, бірақ қаталдыққа, қиянатқа
қимайды. Бәрін де іштей түсіне береді, түсінген сайын кешіре береді. Сонсоң айналып-
үйіріліп келіп күйеуін ойлайды, Бақса ол да бұған сүйеніш боп жарымаған екен. Ол да
мұның атын атап көрген жоқ. Ылғи: «Әй, өй» деп шақырыпты. Бұл да оның атын атап
көрмепті: «Әлгі, анау, өзі»– Атағанның сияғы. Он жылға тақау отасқанда талай рет
екеуі оңаша ғап (әсіресе алқашқы кезде) асық ойнады. Талай рет басынан кертұқыл
алып жылатып қойды. Талай рет мазақ етті. Бір-ақ рет: «Зәніңді пәлен ғылайын!» деп
боқтады. (О не дегені?) Бір-ақ рет мұрынын қысып, (аттанатын күні) «еркелетті». Бұ
неткен өмір болды, Құдай-ау!» Ақыры, көзінің жасын білегімен сүртіп уһілейді.
Көгаштап жуған бөз көйлегінің етегі аттың қапталдығында ағарады, «Шәйт былай әй,
қасқыр жегір» деп, қойын айдап, қоқып-соқып құдыққа қарай келе жатады. «Қойды
қойдай адам бағады» деседі ғой...
Совет кеңсесінен үш адам атқа қонды. Біреуі, бүкіл Қошалаққа «секретар бала»
атанған ауыл совет хатшысы, екіншісі – Ұмсын, Советтің депутаты, үшіншісі –
Милиция сержанты – ауданнан келген өкіл. Совет кеңсесі «Жаңа өмір» колхозының
орталығынан үш шақырымдай ғана жерде-тін. Ортада керіп тастаған тоқты терісіндей
кішкене, ақ шағыл бар. «Жаңа өмірге» сол шағыл үстінен совет кеңсесінің төбесіне
қадалған, бір жапырақ жалау желбіреп көрінеді. Үш кісімен қол беріп қоштасып
тұрып, Совет председателі:
– Жолдастар, байқаңдар, ол қарт ел ішінде беделді қарт. Сақ қимылдаңдар. Егер
жұрттың сөзі өтірік боп шықса өз беделіміз түседі. Онсоң бұдан былай елге
санақшы шығару қиынға түсетін болады... мені түсіндіңіздер ме? – деп, қадағалап
алды.
– Түсіндік, Өтеке!
– Сақ боламыз!
– Бай-құлақтармен де айқасып көргенбіз!
Қали милиция бұ сөздерді нықтап, сеніммен айтты. Оң жақ шонданайының үстінде
босқа салақтап жүрген наган-қабын қағып-қағып қойды. Үшеуі кете бергенде Өтекең:
– Абай болыңдар, өте қу, тілді қарт,– деп тағы ескертті. Санақшылар сар желіп
отырып, Алтай тауының сәскелігінен кеп шықты. Пішен науқаны саябырлап, қарқын
басыла келген кез-ді. Әр жер, әр жерде дөңкиіп маялар көрінеді. Шөп тасыған
жерлер, құс жолы секілді, ақ-шабыр, түйе теңінен сорғалаған қияқ әлі қарайып, шіріп
үлгірмеген, сол күйінде жатыр...
Кемпір есік алдына шығып, қолын көлегейлеп аңыра қалды. Сәл тұрды да үйге
енді. Санақшылар аттарынан түсе-түсе қап, соңынан ұмтылды. Қылмыстарыңның
үстінен түстік пе, жоқ па деген кісіше табалдырықтан танаурай, елеурей аттады. Қарт
екі қолын артына ұстап төр алдында әрлі-берлі жүрген. Кемпір жүктің о жер, бұ
жерін түртіп көріп, төсек суырады. Секретарь бала:
– Салаумағалайкүм! – деді.
– Сәлем бердік, ата, шеше,– деді Ұмсын,– көрісіп жіберейікші. – Әуелі қарт, сосын
кемпірмен қос қолдап көрісті.
– Жасың қайырлы болсын, шырағым.
– Үй-іш, көрші-көлем аман ба?
– Е-е, мынау әлгі өзіміздің секретарь бала екен ғой, аман ба? Шешеңнің дені сау
ма? Ине сабақтай ала ма әлі?
– Шүкір, шүкір. Мамамның көзі жақсы, тәуір.
– Туһ, кемпір-ай, ине сабақтай аламаң не?– дейді қарт күліп,– жұрттың ондай
қыздары әлі үйінде отырған жоқ па!– Қонақтар жайғасқан соң үй иесі кемпіріне:
– Шәй салсайшы,– деп күбір етіп еді, келгендер:
– Жоқ, әуре болмаңыз.
– Жұмыс бар.
– Қыдырып келгеміз жоқ,– десті.
– Жарайды онда бұйымтайларыңды,– деді қарт салқындау. Сонсоң сақалының
ұшын қайырып апарып ерніне қыстырды.
– Қызмет,– деді Ұмсын табанында мұз жатқан тағасыздай кібіртіктеп,– қызмет...
Сіздің үйдің малын санау еді. Соған... мына ауданнан келген милиция жолдас бас боп
келгеніміз...
– Шырақтарым-ау, біздің малды қанша рет санайсыңдар, әнәугүні ғана
санадыңдар ғой, одан бері төлдеген еш қайсы...– Бұл сөзді Қали қарсылық деп ұқса
керек, тура тартты:
– Әй, шал, сен өйтіп көлеңдетпе, дабай, қанша малың бар, жөніңді айт, қаншасы
кісінікі, жасырма, бәрібір білеміз біз. Өзің үшін, өзіңе жеңіл болады, білдің бе,
дабай сөзді қой,– деді. Жанындағы екеу ыңғайсызданып, төмен қарады. Әжімгерей
ілкіде мына сықылды ноқайлыққа таң боп отырып қалды да, іле-шала күліп жіберді:
– Жарайды, шырақ, дабай болса, дабай болсын: бір құлынды бие, жабағы-тай,
алты ірі қой, екі тұсақ, бес қо