Топылып жүргендердің көбісі жастар. Сондықтан шығар, ақсақалды, еңкіш, жүдеу адам кіргенде – бәрі таңырқай қарасты. Жұрттың жамырай берген сәлеміне қарт бас изеп ишара жасады да, асығыс, қолындағысының орауын тарқатты:
– Шырақтар, бұл бір көне дүние, кәделеріңе асса алыңдар! – Кәрия сәл кідіріп, іштегілердің жүзіне барлай көз тастады. Сыңайы, мына бейтаныс топтың қабылдауы пәлендей ұнамаса керек, мұрынының үстін бірер кіржің еткізді. Ораудан шыққан – кеуделі қоңыр домбыра-тын, әркім ұстап, шертіп көріп жатты. Бір жігіт: «жақсы екен» деп басын шайқаған, енді біреуі: «бұдан әлде қайда әдемі домбыралар дүкенге түсіп жүр ғой» деп басу айтты. Тағы бір жігіт қалтасынан қағаз суырып, соған үңілді.
– Қанша берсек өкпелемейсіз, ата?
– Нені?
– Тізімде мұндай нәрсе жоқ. Әйткенмен, қолыңызды қайтармайық,– деді қағазға үңілген жігіт шалға үлкен жақсылық жасаған азаматтың кейпінде.
– Мә-әә, өзінің бүйірі тесік екен,– деді тағы бірі, алатын заттың құнын қалай да ретін тауып бір кемітуге тырысатын әккі саудагердің тәсіліне көшіп,– өзі де әбден тозып бітіпті.
Соңғы сөзді естуі-ақ мұң, қарт домбырасын әлгінің қолынан жұлып ап, бұрылып жүре берді.
Қалтақтап есікке барып қалған кәрінің соңынан бір-екеуі күбір-күбір сөйлеп, күлісіп тұрды:
– Мына түрімен дүниені қайтеді, бейшара, әй, пендешілік-ай!

1 

Шоқша сақалды сары шал сол жақ езуін сәл қиғаштай, күлімсіреген секілденді:
– Ұлым, мен саған таптым, тауып келдім,– деді. Даусы толқып шықты. Жалғыз немересінен алғыс, не ерек сый-сияпат күткендей міндетсіп естілді. Неге бүйткенін жиырмалардағы жас жігіт түсінбеді, қарт сөзінің мәнін тап басып тани алмады, содан не дерін білмеген күйі, есік алдында түйткілдеп қалды. Әкесінің назары басқа жаққа ауғасын ғана оң босағаны жағалай, имене аттап төрге өтті.
Елік – Едіге шалдың жалғыз сүйеніші, үміті еді. Кішкенесінен еркін, ерке өскен. Бетін даланың желі ғана қағатын. Бірақ тез есейді, еркеге тән соқпа, аужар мінезден де ерте айрылды. Өзі-өзінен сынып, төменшік боп алды. Мүше-мүшесі жаңа білінген жас қыз құсап қарадан-қарап қымсынатын шығарды. Бұл мінезі кәрі әке алдында, әсіресе, айқын білінді. Елік үшін Едіге қарт-әке, атадан гөрі білікті, қатал ұстазға көбірек ұқсайды. Сары шалдың көзінде ұзақ болудан, тіпті кейде тіл қатысудан тайсақтайтыны содан-ды. Ал, одан да мықты қаупы – өз көкірегі, өз қабілеті-тін. Уақыт озған сайын өзінің сөз, ой қауқарына сенбеді; талапты көңіл ақылсыз болып көрінуден қатты қорықты.

2
 

Бала рухындағы осы өзгерісті әккі назар бірден шалды. Әуелі үрейлене таңданған, келе-келе үйрене бастады. Біраздан соң болашақ үлкен өмір, асыл өнердің иесіне мына сын-ды тұйық, тұнба кеуденің лайық екенін сезінгенде шал көңілін бірлей күрсінген, қайтып әдеттегісіндей сөзге тартып, сауал тастап мазалаған жоқ. Себебі, өзі жаны қалап, еркімен айтпаған сөз, жауаптың ұлына жайсыз тиетінін жазбай таныды. Одан сайын жас жанға жазығы иіді, іші жылыды, бұрынғыдан да жақсы көріп кетті. Тек, неге екені беймәлім, әлгі сезімін көкірегінің ең бір алыс, ыстық түкпіріне, көз атаулыдан аулақ, бұқтырып ұстады.
Еліктің ат-тұрманы бүтіндей, айылының тоғасына шейін күмістен-ді. Соның өзін қарт иесі жоқта қызықтайды. Жүген сағалдырығына, құйысқанға қадалған қақ күмісті кәрі қолдары қалтырай сипап, құдды жалғызының маңдайынан иіскегендей емірене: «Елігім, елім... ермегім менің» деп сыбырлайды. Сөйтетін де, қашан болсын айналасына шошына жалтақтап, түсін суыта қоятын. Сонсоң, әлдекім тартып әкететіндей, қолындағысын жалма-жан жасыра салады. Тағы да «Елігім, елім» деп қайталайды.
Содан біраз жыл бұрын Едіге қарт бүкіл Дыңғызыл өңіріне әйгілі домбырашы еді. Талай күйшіні тыңдап кәніккен, құмның көне көз кісілерінің өзі оның есімін үлкен құрметпен, бет, бедел ұстап атайтын. Сол өнерден бір-ақ күнде айырылды. Ол жәйдің өзі өң мен түстей оқыс, жұмбақ бірдеңе боп шықты. Көзі тайса домбырасының бұрауы өзгеріп қалатынын әлденеше рет байқаған-ды. Бір күні малдан келе жатып, өз күйінің бір үзігін құлағы шалды: атынан домалай түсіп, үй сыртынан тың тыңдады. Біреу асықпай, баппен тартып жатыр. Бала жасынан рухына, қанына сіңген таныс күй, елу жыл өз қолымен ойнаған «Қара нар». Соны білгенде бір сәт тынысы бітіп, демала алмай қалды. Көзіне жас үйіріліп, тамағына түйіншек кептелді. Бұ қалай? Бауырына басқан жалғыз ұл ұлғая келген әкеге осынша қастандық еткені ме? Күйдің әр қағысы, әр иінін нақпа-нақтап отырып өзі үйретсе – бір сәрі; мына бала қаршадай басымен шалдың ғұмыр бойы тірнектеп жиып, тырмысып тұтқан бар жиһазын алып үлгеріпті. Қашан, қай уақта? Карақшылық қой бұл? Ол кезде тым жас Елік тәжірибелі әке өнерінің байыбына бармай, әншейін еліктеумен, жасына сай жеңіл ұғып, жетесіз құлданса – қартқа мұншалықты батпас еді; оған батқаны: ескі күйдің көп тұсын, саусақ қарымының тым молдығы, көңілдің асаулығы шығар, бұзып, өзгертіп ойнағаны емес, сол, өзгерген бүлінуге тиіс жерлердің күшті, әсерлі үндескені-ті.
Кәрі күйші кіргенде үйдің іші қара көлеңке болатын, аталы-балалы екеудің бет-пішіндері аңғарылмады. Елік домбыраны орнына іліп үлгірді, әйткенмен шегінен жаңағы үлкен күйдің жаңғырығы әлі өшіп бітпеген-ді. Әккі құлақ лез аңғарып, өкпелі, күпті көкірек бұны да бір түкпіріне бүге тастады.
Ымырт құлап келе жатқан. Түндіктің сәл қайырылған бұрышынан түскен жарық шаңырақтың тоғынында ғана. Үйдегі күміс, жез бұйымдар салқын жылтырайды. Шал табалдырықтан бергі тай терісі – тулақ үстіне кебісін шешті де, керегеге арқасын таяп тұрған ұлына назар салмастан төрге озды. Төсегіне бір жамбастай отырып мәсісін шешті. Сосын өз үйін өзі тінти, айнала сенімсіздеу көз тастаған – жиһазды алты қанат үй, ғұмырында тұңғыш рет, қаңырап, көңілсіз сезілді.
Едіге қайғы-қасіреттің талайымен сілкісіп көрген кісі. Сонау бір кездері алыс-жақын, ағайын-туыс жиылып бір адамның қаза-қайғысына көңіл айтып үлгіре алмаған күндер өтті. Өз кіндігінен жаралған ұл-қызы бар, он тоғыз баланы қара жерге берді. Төрт жесірді атастырар әменгер таппай, тірілей төркініне қайтарды. Ең соңғысы кешегі хан тұқымы сілтеген ақырғы найзаның ұшында кеткен ұлының жесірі – Еліктің анасы-тын. Ал, нақ осы ымырт, осы сағатта сыртта тырп-тырп басып сиыр сауып жүрген ақ кемпір – бесінші алғаны. Ел құсап бәйбіше, тоқал ұстап көрген емес. Бір сөзбен, төсегін өлім ғана жаңартқан жан еді. Солардың бәрінің қайғысына қайратты жан шыдап-ақ келіп еді, мына кештен бастап, әлде шынымен қартаяйын деді ме, күйшінің жамбасына мамық бататынды шығарды. Сол күннен былай қарт өзгеріп сала берді. Әншейінде тыңдаушысы сай келмесе – ұстамайтын домбырасын қолынан тастамай қойды. Әсіресе, ымырт шақтарында. Кемпір азғана малдың қамымен жүреді, баланы өзі жұмсап жібереді, сөйтіп, ол көбіне-көп, кең үйдің бір бұрышына өзінен гөрі азулы жауына айбат шеккен дала тағысындай бір уыс боп тығылып ап, ұзақ-ұзақ күйлер шертеді. Бала уағында үйреніп, кейін ұмыт қылған көркемдігі әлсіз, домбыра, домбырашы таңдамайтын орта ажар күйлерінің өзін шытына отырып, еске түсіреді; мұндай сағатта Едіге алғыр күйшіден гөрі жетім лағына шейін теріп, түстеп, түгелдейтін кесір, қарау байға көбірек ұқсап жүрді. Қайткенде де ондаған жыл өз мүлкі, меншігі санап келген әлдене қазынаның уысынан жұлқып шығып кетеріне күмән таппайды; одан сайын кәрі саусақтарын қалтыратқанша қысады. Ақыры алмай қоймайтын үмітсіз ауруға шалдыққан кісідей, қарт, алдағы өз ғұмырының қайырымсыз, қатал үкімін бұғып қарсылауға арланған кейіпте, көк айыл тағдырдың бетін қалай да бірінші боп, бұрын тырнауға әрекет таңдады. Соңғы айқасқа шын-ақ дайындалды. Бұл айқасты қайтсе жеңіспен аяқтай алады? Аталық қана емес, күйшілік абыройын немен қорғайды? Күні-түні тынышын қашырған осы тәрізді ойлар-тын. Баласына күй шерткізіп, қате-кемістігін түзеп, ұстаздық етуге де намысы жібермеді. Қартайған күйшінің ақыл-кеңесін керек қылатын шәкіртті тағы танымады. Өйткені, Елік домбыраны, күйді де әкесінің еркімен қолынан алған жоқ қой? Иә, расы солай. Ол ұрлап иемденді. Ұрыға аталық түгілі, адамдық та жүрмейді! Өстіп бір толғағанда өз пиғылынан өзі шошынған. Сонсоң... бәлкім Еліктің домбырашылығы әзірге сәбилік-еркелік, үлкен өнердің дәміне таңдайы үйренбеген боз өкпенің әншейін солықтауы болар? Қарт күйші өз көңілін осы күдікпен алдап тағы бір таң атырды да, балаң күйшінің өнерін астыртын енді бір тексеруге бел буып еді. Бірақ, сол күні атына мініп, айдалаға бет алғанда өзінің атақты күйші, кереге басындағы емен қара домбыраның иесі – Едіге екеніне сенімі азайып аттанған.
Үш күннен кейін қайтып оралды. Кешқұрым уақытты, домбыра даусы үш төбенің аржағынан естілген сықылданды. Ғаламат ұзақ бір күй ағылып жатты. Сол күй топанының бетінде қалқығандай, кешкі даланың шоқал бұтасы көзге қылтылдап, батып-шығып шалынды. Жыңғыл, қурай, ши-шықпыттың әр бұта, әр бунағы күй ырғағымен күңірене тербеледі. Осы сарынды селт етпей ұйып, құлақтары қалқиып-қалқиып тыңдап қалған түйе-жапырақтар ғана. Кешкі ауылдың ошағынан көтерілген түтіннің өзі күй ләззатына бөгіп, сай-сайда ұйып қалған сықылданды. Қарт қарагер атты тебініп, желе жөнелген, әлгі рақат құшағында маужырай балқыған маңай, кенет серпіліп, дүңгірлеп қоя берді. Сол-ақ екен, күйшінің құлағындағы күй ырғағы өшіп қалды да, орнын бірыңғай дүбір-дүрсіл жайлады. Неткен қалың дүбір мынау! Құлақты мұнша тұндырған ат тұяғынан туған үн бе, әлде кәрі жүректің бұлқынысы ма – аңғармаған қалпы, ат тұмсығын оң жақ босағага тірей, бір-ақ тоқтады. Киіз есікті серпи ашып, қос табалдырықты аттай бере, кілт тұра қалды. Көзімен қақ төрден, кереге басынан ілулі домбырасын іздеген – таппады. Сонда барып Елігіне, Еліктің алдында көлденең жатқан қара домбыраға назары түсті.
Бұл ымырттың қара басына, бұған дейін түтіні қисаймаған күйшілік дәуреніне келген ымырт екенін асау шал сонда барып амалсыз мойындаған-ды.
Домбыраға, күйге деген етене көңілін, ыстық ықыласын аталық мейірімге, мәрттік, кісілік парызына жеңдірмек боп қанша қиналды! Іштей өзін-өзі қайрап, қажап қанша азап шекті! Қанша оқталғанымен жеме-жемге келгенде батылы жетпеді. Қаншама жомарт табиғатының өзі күйді, оның ләззат бақытын өзге біреуге ұстата салып, бұрылып жүре беруге сараңдық қылды. Біреуге? Елігім, елім демеуші ме еді? Жо-оқ, өнерге туыстық жүрмейді, онда бақталастық қана бар. Бақталастық – қан да, жас та таңдамайды. Міне, саған ақиқат. Қатал, бейәдеп, бірақ ақиқат.
Енді бір-екі жылдан кейін, құдіретті Едіге күйші, қала, қалама – бәрібір, қара домбыраның иесі Елік болады! Бұған түйсігің жетпесе күйшілігің кімге дәрі! Осы халмен қара домбыраға бір, жалғыз ұлына бір қарап, өзімшіл жанға біткен бейшара көз біраз уақыт жаутаңдап еді – ешкім ештеңе ұқпады. Бұ кештен әрі өлермендікке салуды намысы, ары көтермеді; «несі бар,– деп түйді ең соңында,– адам шын тарығып, туарылғанда өзін өлімге де қияды ғой, күй тәтті болса сондай, жарық дүниедей-ақ шығар». Осы шешіммен талайдан дайындаған қысқа, астам үкімін ақыры айтып тынды:
– Ұлым, түсімде көсеу көріп жүрмін, асылы менің от, ошақ бағатын заманым келген болар, бұдан қайтып мен ұстамаймын, домбыра – сенікі, серік ет, қадір, қасиет тұт! Аманат! – Қарт көкірегіндегі дірілді басып, сәл кідірді де,– сенің әкең туатын жылы өзім... өз қолыммен ойып едім,– деп қосты. Сөз соңын аңыра күтіп, тым-тырыс қалған бала күйші мына асылдың қолына басы бүтін, әрі оп-оңай тигеніне қуанғанынан ырсалаңдай берді. Ал, қазан-аяқ жақтағы емен қара күбіге арқа таяй отырған ақ кемпір жылап жіберді.
3
Со бір жылы Едіге үй көрмей кетіп еді. Қар суымен Қарагер (бүгінгі қаракер айғыр соның тұқымы) атқа ер салған, содан боқырауда бір-ақ тыным алды. Күйші ғой, бұрын да, қайда жиын, той – сонда боп, үйге үйірімі шамалы-тын. Бірақ ол қыдырыс үш, жеті күннен аспайтын, кәдуілгі әнші, күйші, өнерпаздың ежелден сүйегіне біткен алаөкпе тірлігі болатын. Ал, о жолғы сапары тым алысқа сілтеді.
Ақ кемпірдің «ақ келін» атана бастаған заманы. Едіге десе ел ішкен асын жерге қояды. Оның кезбелігі хақында да жұрт, әсіресе, әйелдер жағы қырық түрлі қауесет таратып жүрді: «кеткен де сыңғыр мен сылдырды тауысам деп, қызығы басылғасын келеді ғой, қайда барады». Жұбатқан сиықтары. Көбіне-көп өстіп, жас келіншектің жанына тие, әдейі маймөңкелесіп жатты. Қайраты, дәулеті қайтқанмен, ауыз дуасы әлі де жетіп тұрған Ыбыраш қажының кенже қызына әлгіндей қаңқу әсер етіп жарымаған-ды. Есіл сөздері желге ұшқан әйелдерге күйшінің соңғы уақыттағы «қаңғырысы» жақсы желеу болды: олар енді тұспалды, емеурінді қойып, тәжірибесіз жас жанға аужайларын ашық айтысты:
– Сәрсенбімен сәрсенбі – сегіз, бейсенбі... бүгін күн не?
– Жұма.
– Желегі желбіреген жас иісті тастап... бұндай оясызды көрсем-көзім шықсын!
– Әйтеуір, әтекемнің «ақ келінін» бірдеңеге ұрындырмаса неғылсын. Құдайға шүкір, шалымызды жаман етіп қайтесің, ондай жел-қабаздығы жоқ. Бәйбішесіне де шаруа жайымен ғана кіріп шығады.
– Иә, ана иманды болғыр төрт қатынға Алланың апаты ала-бөле келді деймісің, мынаның осы қылығына шыдамай күйіктен өлген де бишаралар.
Көбінің көз жанары таңдану мен үрейге толы. Келе сала «ақ келін» атанған қажы қызына бұрынғыдай күндеп, күйіп емес, аяп, есіркеп қарасады. Шеттерінен кішік, ілтифат-ізетшіл. Бәрі «ақ келіннің» қасын бағып, қабағына жалтақтайды. Маңдайы сәл жиырылса жандары қалмайды. Бір жері ауырмай ма? Түнде жайсыз түс көрген жоқ па? «Басың шикі, көресің әлі, өмір деген осындай, еркек сықылды құбылып тұрады». Мұның бәрі сырт қарағанда, көңіл аулау, жақсылық құсап көрінгенімен, рас мағынасында, жаны тәкаппар, пәк жанды қорлау, кірлету екенін желекті бас ілкіде ұға алмады. Ықылас-ниеттің осынша молдығын ол өз басының қадір-қасиеті ғып білді, қылық-мінезінің жұғымдылығы санады. Әуелі ақ жаулықтылардың мұнша тез өзгерген қарым-қатынастарына таңданудың өзіне арланған, артынша жаратылысынан жылы, адал жүректе тек қуану, сүйсіну сезімі ғана қалды.
Өмірлік қосағын әлдекім алыстан орағыта, тұспалдап жамандай бастағанда, алғашқы күндері, көкірегі шым ететін, бірақ өзіне қаралай жаны ашып жүрген жыныстастарына өкпе артып, не қарсы бірдеңе айтып тастауға батпады, көңіл қалдырысудан қорықты. Әрі бүкіл жан түкпірінде Едігені мақтан ету сезімі бар-ды, соны ашып, айдай әлемге жария жасаудан тайсалды, тағы да ерінің іш, пиғыл тазалығына, өнеріне сенді, әсіресе соңғысына – өнерге иланды. Анандай күй шерте алған адам... әй, әйел жұрты тым әлсіз жұрт-ау! Өздерінің осалдықтарын азаматтың айнығыштығы деп біледі. Неткен ұятсыздық! Күлдана өстіп түйді. Осыған өз қара басының ажар, ақылына деген құрметі қосылғанда ауыл әйелдерінің күдік, жорамалына іштей күліп қана қараған.
Ол жолы Едіге он бес күннен соң оралды. Екінді уақыты еді, есік алдында самаурын салып тұрған, қабақ астынан шыға келген жалғыз аттыны танып, мама ағашқа қарай қалай ұмтылғанын аңғармады, Қарагердің шылбырынан ала беріп, артына қайырылған; ауылдың ақ жаулықтылары жапырлай өзіне қарап тұрғанын көргенде бет-жүзі ду етті. Мына қылығының үлкен-кішісі бар ауыл көзінде келіссіз, тіпті ерсі танылғанын сонда барып түйсінді. Содан да сақал-мұрты өсіп, жүдеп, тотығып кеткен сүйікті бетке ұрлана бір жаутаң етіп, Қарагердің сұйылып қалған жалынан жалғыз-ақ сипауға ғана батылы жетті.
Күйшінің қабағы қату тәрізденді. Қатынға сыр ашпайтын қазақтың ежелгі салтынша тіс жарып ештеңе айтпады. Білгісі кеп қанша құмартқанымен, жас келіншек те сапар жайын сұрамады. Төрт-бес күннен кейін соққан бір қауым әнші-күйшілерге ғана сөз арасында Едігенің: «таппадым, болмады» деп басын шайқап, әлденеге қынжылып отырғанын шалып қалды, күйеуінің шын сағынып, аңсап келгенін бұрын беймәлім, соқыр бір түйсіктері сездірген соң ерінің мұнша уақыт қайда жүріп, қайда тұрғанын сұраудың өзі ерсі көрінді.
Келесі жолы мүлде ұзақ кетті. Алдыңғыдан да арып-ашыңқырап кірген ерінің алдына Күлдана бір дорба тасты саудыр еткізіп төге салды:
– Санап көріңізші?
– Санадым, жиырма екі. Тас деген қырық бір болмаушы ма еді?!
– Оған да жеткізерсіз. – Осы сөздерді айтқанда келіншектің жүзі лап етіп, бір қызарып басылды. Едіге әлі ештеңенің байыбына бармаған күйі, аң-таң боп аузына үңілген, жұмбағын өзі шешті:
– Сіз далаға әр қонған сайын дорбаға бір тастан жинай бергем,– деді.
Күйшінің қыдырысы бәрібір бітпей қойды. Сандыбадтың саяхаты секілді, әр сапары жылдай сезілді. Жанама ағайынның қос ат жіберіп шақыртқан екі-үш күндік той жиын, қызық-думаны – өз алдына, тіпті айлап кететінді шығарды. Ондайда қарадан қарап түйіледі, ойланады, алдынала атын, киім-кешегін дайындайды. Сөйтіп ап, бір күні тайып отырады.
Едіге шешіліп көп сөйлемегенімен, ақпейіл, кешірімшіл жан-ды. Көрінгенге кіржіңдеп, мінеп-сынап қарайтын кіділігі жоқ. Сондай момын, қайсыбір көзге босаңдау жігітке домбыра-ақ жақпайды. Бірінің көкірегі тар, екіншісінің қақпағы дыбыс жұтады, тағы бірінің көмейіне құм құйылғандай мылқау, кеудесі сөйлемейді. Өстіп, бастырғыдан бастап, шайтан-тиекке шейін сынға, сарапқа салады. Бұның қай-қайсы да жөндеуге келетін мін, кемшіліктер-тін. Түзетуге көнбейтіні, ең қиыны – бәрінің де ағашы жаман еді.
Домбырашының бұ кінәмшілдігін де күдік айтушылар назардан тыс тастамады: «атын, пышағын, домбырасын менсінбеген еркектен без!»
Өзің ойлашы, ол қатынын місе тұта ма! Мұның әммесі, қарғам, қайнымыздың қаңғыбастығынан. «Көп жүрген ешкі үйткенді көреді» демекші, ананы-мынаны байқайды, көзі соқыр емес, біреудің жақсы аты мен шешен домбырасын таныған, бағалаған кісіге басқа бір үйден жақсы қыз кезікпесіне кім кепіл?» Тап мына сөзді сөйлеген ауызды Күлдананың ұмтылып кеп қалай баса қойғанын, «аяшы, апатай, жеңеше-ай, айтпа-дағы» деп жалына алқынғанын өзі де аңғарған жоқ. Біреудің қапыда ашылып қалған жеріне қол шошайтып көрсеткен адамды кім ұнатқан, «ақ келін» әлгі, өзінің осалдығын ашқан абысынынан іші мықтап шықты. Содан қайтып сырласу, сұқпаттасу тұрмақ, кезігудің өзінен тайқып жүрді.
Ері кейінгі кеткен кезде бүкіл ауыл көзінде кешірілмес қылмыс еткен жандай, қаралай қорынып, қорланып бітті. Кімнің болсын назарына ілікпеуге тырысты. Есік алдына шықса жұрттың бәрі саусақтарын шошайтып, «әлгі байы жеріп кеткен жас қатын – мынау» деп, беттерін шымши күліп тұратын сияқтанды. Ел көзінен қашқанда жасырынар далдасы өз отауы, алты қанат ақ үйі, оның да жабық-жапсары түгелдей жылтылдаған көз, сүйреңдеген тіл құсап сезілді.
...Ақ кемпір қазір еткен күндерін есіне алғанда күйінбейді, жеңіл күрсініп, жымиып күледі. Дүние-ай, о да дәурен екен-ау дегенде күйінішінен сүйініші басым жатады. Жастық шақтың қайғы-мұңының өзі кәріліктің бақыт-базарынан ыстық – кезінде кім ненің қадірін білген, өткеннің уы, бүгіннің уызындай, тамсанса – таңдайы күйік емес, бал татиды. Сонсоң тамсана береді, бет-жүзі бір уыс боп жымырылып, жымия береді. Ал, со жорықта күлуге – күлкі түгілі, жылауға жас таппаған жанары әлжуаз, алыс бір сәуле шашады. Көнесінің күлін көсеп жылынған кәрі қолдары дір қағады...
Ал, ол күні Едіге түн ортасы ауа қайтты. Тым ұзақ сарылтқан қожасының үйге түнде оралуы біртүрлі таңдандырып тастады. Үн-түнсіз асын беріп, төсегін салды. Өткендегідей тас та жимаған-ды. Бірақ кереге басы толған түйіншек-түйіншек ақ шүберек – әр үш күн өткен сайын байланған нияз-ақша көзге ұрып тұрды. Өзі әлденендей бір шешімге кеп, тас-түйін боп алған кісінің кейпінде, ерінің атын жеңілдеп, көпшігін кіргізген.
Әңгімені ертесіне, шәй үстінде бастады:
– Сіз маған көп тоқал алып, әйел затын қосақтап ұстаудың қорлық екенін сөйлеп едіңіз. Есіңізде ме? Мен сонда, ақылсыз басым, сіздің ол сөздеріңізді айнымастың адал сөзіне жорып қалғам. Амал нешік, ол айтқандарыңыз ант-серт түгілі уәдеге де татымады. Мен сізді зорлаған жоқ едім ғой? Мен де жазмыштан артық талап қоя алмаймын. Бұл ауылдың күндес болуға көндіккен көп жаулықтыларының бірімін. Ме-нен несін жасырасыз. Сірә, ұрлығыңызды ел біліп жүр-ау деймін. Құдай ақы, алдамаңыз мені! Шыныңызды айтыңыз да, ханшаңызды кіргізе беріңіз, рұқсат. Бәлкім, мен де соңғыларға орын босатып өлермін, бүйтіп өзіңізді де, мені де қорламаңыз. Әлсіздің күші – жалыну, тілеу ғой, тілегім осы!– деді.
Едіге мына сынды күтілмеген жағдайға аң-таң боп қатып алған, кенет қаңқ етіп бір күлді: Сонсоң:
– Мақұл айтасың, бәйбіше, сенен несін жасырайын, талайдан армандап жүрген біреуім бар еді, соны кеше қолыма түсірдім. Атақты Орман әулиенің қызы Еменбике. Әйел үстіне келгеніне риза болмай, әрі тым жастығын, сұлулығын салмақ қып жатқан шығар, жүр, көрсетейін,– деп қажының кенже қызын сыртқа сүйреді. Киіз үйдің көлеңкесінде терлік, тоқым, түйенің ескі жабуымен жабулы жатқан әлденені кеп ашып-ашып тастады:
– Міне, көр, менің адал, ең сүйікті жарым!
Келіншектің алдында бұрын-соңды бұл елден кездеспеген, бейтаныс ағаштың кісі кеудесіндей томары жатты.
...Едіге сөйтіп тапқан асылынан жасалған домбыраны немересіне түп көтере ұстатқанда «Ақ кемпірдің» жадына со бір кез, со бір көрініс оралған-ды.

4
Бір таң асырып, Қарагердің жүгенін сыпырған. Содан былай атқа мінуді қойды. Ешқайда аттап басқысы жоқ, кәдуілгі үй-күшік атанып, біржола шөгіп алды. Ат жіберіп шақыртқан жерден айып төлеп құтылды. Ана ауыл, мына ауылдың той-томалағынан ауырдыммен арылды. Ағайынның көзінде, расында, сырқат адамға қатты ұқсайтын: жағы суалып, түсі қуқылдана берді. Үй ішінде, шырт етпе ашуланшақ, қонақ қабылдауы да бұрынғыдай шалт емес; ән, күй, сауық аңсап келген байырғы жел-қабаз серіктері «қабағына қарағанда, қатыны мен қазанын баққан екен» десіп, бірер бас шайқасқан соң, қайтып соқпай кетті.
Ал, Едіге өзге алданыш, қызық тапқан. Құлынның сыңар сауырындай жұмыр томарды құшақтап ап, әрлі-берлі тасып жүргені. Түнде шағыл қабаққа, суылдаққа көмеді. Күндіз үйдің көлеңкесіне әкеп, киізбен қымтайды. Екі қолынан тыным кеткен: бір шаңыраққа біткен көк темір атаулыны қақтап, қырлап тауысты. Орақтың шыбығын сөгіп, қашау жасады. Шың-шың пышақ шыңдайды, баж-бұж еткізіп темір суарады. Тал түсте қи жағып, шоққа қақталып отырады. Сақалын ыс қапқан атайы күйші, сыйлы мырзаға көмекке ұмтылған кедей-қоңсы әйелдердің меселі қайтты. Олар ақыры, әр қайсы үйді-үйіне кіріп ап, беделді азаматтың күйе-күйе қолына ірге-аяқ саңылауынан сығалап, сыңқ-сыңқ күлісетінді шығарды.
Бұ қарбалас он шақты күнге созылып барып біткенде еңді, аққұба жігіттің орнында көсеудей қара біреу отырды.
Осынша еңбектің арқасында бір талыс ұсақ сайман жиналды. Қашау, пышақ, кескіштің алуан түрі, шапашот, бұл өңірде ешбір ағаш, темір ұсталары қолданып көрмеген, аты беймәлім аспаптар жасалды. Мұның бәрі суарылып, ұшталып, жүзделіп дайын тұрды. Өзі ұзақ, қауіпті сапарға аттанар батырдай асықпай, әр қаруын сынай қарайды. Осыдан соң барып, ағаш томарды алдына өңгерді. Тап сол сәтте ерінің іс-қимылын үрейлене, үнсіз бақылап жүрген Күлдана шыдамады:
– Томарды құмға көмгеніңіз неғылғаныңыз?
– Кептіргенім де.
– Құдай таба етпесін сізді, неше күн азаптанбай-ақ мына күннің көзіне бір түс тастасаңыз қақсып шықпай ма?
– Қақситыны рас.
– Сонда ше? – Ері таңдайын қағады:
– Қақсыту – кептіру емес. Күн ағашты қақсытады, кептірмейді.
– ?
– Шытынатып, жарып жібереді.
Томардың жуан елі, қатпар-қатпар қабығы оп-оңай сыпырылды. Пышақ ұшымен бір шетінен ептеп қана көтеруі мұң екен, өзі-өзінен томырылып түсті. Сонсоң ағашты әрлі-берлі домалантып, етегін алақанымен сипап көрді: бір жерінде жәй көзге елеусіз жарық болуы мүмкін, әйтсе оған құм ұялары хақ. Бабымен кепкен ағаш құмды ұстамайды. Күйшінің қабағына баққанда, томар бұл сынақтан да өткен тәрізді еді. Кенет, өткір жанары қабығы сыдырылған жалаңаш ағаштың бір нүктесіне қадала кетті. Сол, көңілі ауған жерге жалма-жан қолын апарды. Сұқ саусағының басымен ерсілі-қарсылы жүріп өтті, қайыра үңілді, қайта сипалады, сұлу саусақтарынан болар-болмас діріл байқалды. Сонсоң, бас шайқағаны шығар, бүкіл дене болмысымен ұзақ-ақ теңселді. Неткен өкініш! Мынау байтақ дүниеден бір мінсіз ештеңе табылмағаны ма? Осындай мін үшін талай тамырды босқа қырықпап па еді?! Құрт түскен оймақтай жеріне бола талай ғұмырды кесіп, талай дөңбекті босқа жарып, ақтарып кеткен жоқ па? Ағаш аласы да ішінде болады екен ғой? Қап! Майталман-ай! Есіл еңбек, есіл дәме! Жігіт мықтап күйзелді. Құлай сүйген қызының бойынан табылған кешірімсіз ақаудай көңілін құлазытып, бір сәт дүйім ғаламнан түңілтіп кетті. Қара томардың міні – мін емес, қасірет боп батты. Осы сезім үстінде сыртқа алып шығып, балталап-балталап тастағысы кеп бір отырды да, әлденеше уақыт аялаған ардағын самаурын жеміне көп көрді, томарға күрсіне бір назар тастады да, іргеге қарай ауната салды.
Содан екі күн өткенде, ертемен Едіге үйінде жұмыс қайта қызды. Қамшы сабындай ғана қайыңға сапталған титтей шапашоттың жүзі әлсін-әлсін қызып кетті. Шебер әлсін-әлсін кідіреді, ойланады, шот темірін алақанымен басып байқайды. Өткір жүз бір жерге екі мәрте дәл тигенде ғана жылан тіліндей жаңқа ұшады. Алдыңғы күні күйшіні сонша өкінткен оймақ аузындай дөңгелек без болатын, сол қазір тиіп кетсе тарс жарылатындай зәрені алып отыр. Жігіт безді бармағымен баса отырып, айналасын еппен, үбектеп шабады. Жоқ, шабудан гөрі жону, қырнауға ұқсайды.
Сөйтіп, көрші қарттар екінді намазының құрметіне құман ұстап шыққанда томардың бір жағы тегістеліп те қалды.
Келесі күні ою азабы басталды. Қиғыр, болат қашаудың өзі тайғанап бітті. Қашауды күш жұмсай, қаттырақ ұру – қауып, жарып алуы мүмкін. Әрі ағаштың табиғи «қыңырлығы», жік-ыңғайы жібермеді. Амалы құрыған шебер, ақыры бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жаңа тәсіл тапты. Ол – отпен ою. Жыңғыл, дүзгін томашаларының шоғын салып күйдіріп қараған, темірді беттетпеген қасиетті ағаш май сіңді шүберектің күйгені тәрізді қоңырсып жүре берді. Қызыл шоқ түскен жерін үңгіп әкетті. Темірден істелген құралдар тек от орнын тегістеуге, қырып-жонуға жұмсалды. Томар сыртының да талай жері әлгі әдіспен – отпен жонылды… Сонымен, алты қанат отаудың ақ киізін елден ерек ыс басып, сүңгі шалған уақытта Едігенің қолында кеуделі қоңыр домбыра пайда болды. Бірақ домбыраның мақтаулы ғұмыры қысқа еді: күйшіні әу баста-ақ күдіктендірген без отты көп сезінгендіктен бе, әлде басқа ма – әйтеуір бір күні көз көре шырт жарылды. Содан бастап күйлердің майда, қоңыр үніне әккі құлақ қана шалатын жағымсыз ызыл араласты. Без қанша үбектегенмен, күндердің күнінде ойылып түсіп қалатынын күйші көңілі сонда-ақ түйсінген-ді.
Едіге талғам, тәлімге үйренген бапшыл кісі. Күй ырғағы мен қыз қылығына тәнті, әлемнен әсемдік, шынайылық қана іздейтін. Әсіресе күйге, домбыраға қояр талабы өзінен, тіпті, дәуірінің бойынан биік жатты. Осы елде, өзі сынды талай күйшіні тудырған топырақта жақсы домбыра хат емес-ті. Ол барды қанағат тұтпады, жоқты табуға ниеттенді. Ақыры тапқан да сықылданған. Әттең, мына бір без. Соны ойлағанда бүйрегіндегі тасы қозғалған адамдай шырт ұйқыдан ыңырсып оянады: Сондықтан жұрттың қоңыр домбыраға арнап айтқан мақтаулары жұбата алмады, қайта аурудың үмітсіз екенін көре тұрып көлгірсіген көкіменің сөзіндей жәйсіз тиді. Ғұмырының соңғы күніне шейін мінсіз ағаш іздейтінін де іштей сонда мойындады. Сол күндерден бастап-ақ түсіне томар енетін шығарды. Дәл бүйірінде саусақ басындай безі бар қоңыр домбыра Едіге жігіт, Едіге шалға, сол арқылы дүйім елге қырық бес жылдай қызмет етті. Үш-төрт тыс қап, қисапсыз қой шегін тоздырды. Талайды жылатты, талайды жұбатты. Бүтін Азғыр мен Атыраудың аралығындағы құм өңірінде талайдың таңдайын қақтырды. Қоңыр домбырасыз өткен той-томалақ, сауық-шілдехана аз-ақ шығар. Әдетте қазақ бұ түстегі домбыраларды «қара» атайды. Бірақ Едігенің домбырасы ел көзіне түскен алғаш күннен бастап, неге екені белгісіз, қоңыр атанды. Кейінгі бір сәуегейлердің айтуынша, үніне байланысты берілген секілді. Расында, ол домбыраның даусын алғаш тыңдаған адамның көзіне «қоңырдан» басқа түс елестеуі мүмкін емес-ті.
5
Едіге күйшінің түсіне ағаш, сөйтіп, қырық жылдан астам енді. Көзін жұмса болды, ылғи бір қисық-қыңыр бұта, қызыл, сары қабықты томарлар, жуан-жуан бөренелер елестеп бітті. Жасы қартайған сайын жаратылысынан қиялшыл, қызыққыш, онсыз да қызғындау ақылдың иесі диагнозы беймәлім, бөлекше бір ауруға айналып бара жатқан. Қоңыр домбыраны немересіне басы бүтін бергеннен кейін Едіге қарт Еділдің жоғарғы саласындағы нағашыларына аттанған-ды. Содан таптым, таптым деп қуанып оралды. «Ұлым, таптым, тауып келдім» дегені тағы да сол ағаш – ұзыны бір аршын, зілдей қара дөңбек еді. Ақкемпір қартының жүзіне үрейлене көз салған, себебі Едігенің баяғы қоңыр домбыраны жасаған кездегі жүрек қызуы, өмірге деген ыстық, обыр көңілі, тіпті ондай бейнетті енді көтеретін дене қауһары жоқ екенін білген-ді...
Қарт күйші ақыры арманына жете алмады. Ғасырдан ғасырға өтер мінсіз домбыра жасалмады. Мына дөңбекті де алдыңғы тәсілмен күте бастаған. Мұны да алғаш шағыл қабаққа, суылдаққа көміп кептірмекші еді, бірақ екі-үш күннен соң томар бойында, бір қарағанға әлдене жәндікке ұқсас солғын көк бөрткен пайда болды. Шал бір түрлі тітіркеніп қалды: өз денесінен де сондай өзгеріс сезген тәрізденді, тұла бойы құсеттеніп кетті. Томарды өз қолымен ыстық құмға батырған-ды. Құмның құрғақтығына бәс тіге алады. Қалай көктейді? Өмір бойы арманы – ағаш болғандікі ме, шебер ағаш атаулыны жанына тым жақын сезінетін-ді. Қу, ұрықсыз санаған томары бүр жарғанын көрген сәттен бастап кәрі терісін бөрткен қаптады. Дөңбек бойындағы бүр де өлмеді, қайта көбейе берді. Қарттың домбыра ою ісінен уақытша бас тартуына тура келді. Шебердің ұғымынша, көктеп тұрған тірі ағаштан бұйым жасауға болмайды. Ағаш алдымен қурауы, өлуі тиіс. Амал не, дөңбектің бойындағы кішкене көк бүртіктердің ғұмыры атайы домбырашының ғұмырынан ұзақ екен: екі айдан соң Едіге қарт дүние салды. Қатігез тағдыр оны қытықтап өлтірген сияқтанды; шебер қышынып, жұлынып, өмір бойы күй балы сорғалаған он саусағының тырнағынан таусылып үзілді. Ақкемпір: «Уай, жазған шіркін-ай, асылық етті-ау Құдайға, дүниеде жоқ мінсіз мүлік ұстатар ма пендеге!» деп аңыраған. Бұл сөздер де асылық саналды ма, кім біледі, артынан іле-шала өзі кетті.
Қарттың көзі жұмылысымен қара дөңбек те қурап сала берді. Бүршіктері өз-өзінен үгітіліп түсті. Ауыл ақсақалдары таңдайларын қағысып, беттерін сипасты: «ала келген ажал да марқұмға бүршік боп көрінген, әйтпесе, мына томардың тамырынан нәр үзілгелі бір он жыл өткен шығар».

6
Адам ғұмыры төмен, молаға қарай құлдилаған сайын тездік еселей түседі деседі. Соған қарағанда, өлім, мола ғана емес, барлық бақытсыздық атаулының да мекен-тұрағы – ойда, ылдида болса керек. Уақыттың өзі алды-артыңа қаратпай айдап құлдырата бере ме, қалай?!
Елік те атасы сын-ды атайы күйші саналып үлгірген-ді. Әттең, мезгіл дүмі желкелеп, өнер бақытын қызықтатпады, қайта қолындағысын әлдекім қағып төгетін сықылды, күйші өзін-өзі көлеңкелеп, өзін-өзі қорғаштап бітті. Оның со бір кезі тым тез: айға ай, күнге күн қабаттасып, мінгесіп өткен тәрізденді. Самайға ақ әкелген жыл бетке әжім қосты.
Қызыл жалауын көтеріп жаңа заман жетті. Өнер адамның шын-ақ бағын ашатын мезгіл туған еді. Бірақ Еліктің бағы ашылмады: ол бай баласы болатын. Атадан қалған мал, асыл бұйым маңдайына күйе боп жұқты. Алдымен, айттырып алған, өзінен жеті жас кіші қосағы шалға, малға тиген кісі боп шыға келді. Басқа біреумен тал түсте қашып ол кетті. Итіне шейін далаға қарап ұлитынды шығарды. Көпшілік алдындағы бет-беделі, өнер-талғамы рухани тарыққанда талшыққа татымады, талай жыл құлақ құрышын қандырған қоңыр домбыраның өзі байлықтың, барлықтың белгісі танылды. Талайына біткен ырыс-бағы, сорға, қырсыққа ойысты.
Бірен-саран дос, жанашыр адамдар уақыт ағысының тым асау екенін Елікке аңғартып еді. Малды азайтып, үй ішіндегі көзге ұрар дүние-мүлікті жою керек дескенді. Еліктің ондай байлығы да жоқ-ты. Сонысына, шаруасының орташалығына сенді ме, әлде, жалпы көз құрты – дүние деген ұғымға немқұрайды қарады ма – әйтеуір талай ауыз айтқан ақылға құлақ аспады, ешкімнің итеріп салмақ жолына түспеді. Сол шыдаған, сірескен күйінде жиырма сегіздің конфискесіне іліккен. Мал-мүлкін тізімдеген қағазға түспеген жалғыз бұйым – қоңыр домбыра, ол со жылы жер аударылған Еліктің қолында кетті. Ал, теңіз жақтан көшіп келген үйлер баяғы қара дөңбектің шетінен жаңқалап алып, көсеу жасады. Қара дөңбектің қасиетін қазаншы әйелдер де бірден айырды: «апырай, бір ғажап ағаш екен, тал, жыңғыл-көсеулер құсап анау-мынау отқа күймейді».
...Сол кеткеннен Елік әбден қартайып оралған-ды. Бірақ елге жолаған жоқ, туған топырақта қадірсіз қария көрініп күн кешкісі келмеді ме, әйтеуір баяғы Жаңақала жақтағы нағашысынан өрбіген бір түтінді сағалап барып, сонда тұрып қалды. Не колхозшы, не әскер семьясы атана алмады, себебі, қоңыр домбырадан бөтен тірлігі болмайтын. Сонымен, баласыз, бақсыз, жетім шалды қайтып ешкім ескерген емес.

7
Елуінші жылдардың бас кезінде «Жаңа өмір» совхозының байығаны, халқының өскені сонша, музей ашуға ұйғарды. Көпшілік жиналысының атынан қаулы шығарарда совхоз директоры сөзін былай аяқтады:
– Бұл шаруашылықтың тарихы сонау «Еңбекші» атты шағын колхоздан басталады. Содан бүгінгі сәулетті тұрмысымызға шейінгі бұралаңы көп қиын жо-лымыз сайрап жатуға тиіс. Мәселен, сол «Еңбекшіні» құрып, алғаш басшылық еткен кісінің егер табылса, кебісіне шейін қойылады. Совхоз халықтан мұндай бағалы дүниелерді сатып алуға қаражат аямайды: түсінікті ғой деймін, жолдастар, а?
– Қане, ұлым, мынаны музейіңе қой.
– Бұ неткен құрық?
– Біздің үйдегі әлгі құлақасқа биенің шешесінің шешесін байтал кезінде мен осы құрықпен ұстап үйреткенмін.
Музей «Жаңа өмір» халқына, ақыры өстіп, үлкен науқан, зор қарбалас қана емес, жаңа өкпе, наз да ала келді. Елдің алып-қашты әңгімесінен сақтанған директор екінші мәрте нұсқау енгізді. Созхоз әкімшілігін жинап ап, музейге керек заттардың нақты тізімін жасаған.

* * *
Кәрия буын-буынына иелік ете алмады. Бірде-біреуінің бетіне қараған жоқ, екі иінінен су кетіп, сөлбірейіп кете бар-ды. Көңілі қартайғандікі ме, көптен бір жылу, құрғақ сөз де болса жанға жайлы бірдеңе аңсайтұғын. Әрине, түу Жаңақаладан іздеп келгенің сол десең – қартты қатты ренжітер ең. Бірақ не іздейтінін өзі де түсініп жарымаған. Талайдан бері түсінен шықпаған туған жер, боз жусанның исі, қияғының сыбдыры ма – кім біледі, түсініксіз бір күш тартты да тұрды. Сонымен, жолай кезіккен ашық машинаның үстінде селкілдеп жеткені сол-ды. Неге, не үшін келгенін енді ойлады. Кәрі сүйегіне шейін сыздап кетті. Бол-бол қаққан көне жүрек тоқтап қалған сықылданды. Өлмелі шағында осы топырақтан өзінің тума-табиғатына, өнер-қабілетіне сай қолпаш, құрмет күтіп пе еді? Бәлкім туған топыраққа денесін тапсырғалы келген шығар? Қолтығындағысын қалтырай қысып, батысқа шығатын машина жолға түсті. Алдында көңіл делбердей ештеңе тосып тұрмағанын анық сезді, одан сайын асыға аттады. Жолдағы кішкене қызыл қабақтан батар күнмен бірге құлаған...
Қабақ артындағы шағын тас қыстаудың есігі алдында таяғына сүйеніп алған бүкір кемпір үйіне таяп келген ақ сақалды көргенде кемсеңдеп, жылап қоя берді: «әй, мынау сол ғой, жарықтық бар екен, тірі екен-ау, ой, дүние-ой».