(Ертегі-повесть)

Алтын көрсе періште жолдан таяды.
Халық сөзі.

Періште перінің жұртына түскен. Аспанға, ұлы кеңістікке үйренген көзі осынау пәнде дүниесінен қапелімде ештеңе аңғара алмады. Әрі Күннің шаңқан нұры жанарын шағып қаратпады. Кейістік, көлеңкесіз пәк, сәби болмысына тән жұқа қабағын жиырып әкеп қадау кірпіктерінің үстіне тастап жіберді. Ілез қайта көтерілді. Назарына ілкі шалынған бір шөкім күл, содан сызаттаған жалғыз тарам жасыл түтін. Әр жерде шашылған жүн-жұрқа, шүберек, сурет, қағаз қиындыларын сонсоң байқады. Перілер жаңа көшкен-ді. Осыны сезгенде тұла бойы тітіркеніп кетті: әп дегеннен сайтанның ізін басуына қарағанда... сапарының соңы сәтті бітсе игі еді! Бұнысы Қара жер атты күнә дүниесінің Аспан перзентінің көкірегіне дарытқан тұңғыш сезігі – Күдік болатын.
І

Хақ-тағала отырды. Содан шығар, жеті қат көктің аржа-ғындағы зор сарайының іші күңгірт, бүкіл Ғаламдық саңылау көздері – Жұлдыз, Ай, Күн үш жақтан сәуле төгіп, жарық ете алмай тұр. Тағы да періштелер кірген шақта Күн мен Құдірет сарайының екі аралығынан үлкен бір планета өте берді. Әмірші таяғының ұшы басқа бағытқа бұрып жібергенше біраз көлеңке тастап үлгерді. Бұ да Жасаған Иенің онсыз да қалың қабақ кірбіңін қабаттай, онсыз да қатал бейнесін айбаттандыра, сұстандыра түсті.
Қазіргі бес минөттікте бір-ақ мәселе: Алланың ең сүйіктісі – Жердің жайы қаралмақ-ты. Әнеугі мәжілістен бері, пенде есебі бойынша, елу жеті жыл өтіпті. Бұл Құдіреттің төрт тал кірпігін он мәрте қағуына ғана жететін уақыт. Сонша қысқа мерзім ішінде не бүлінді? Ай ана жақта, баяғысынша аунап барады. Күн мынау, тыңнан көрсеткен кінәраты жоқ. Жұлдыз ба? О, Құдай оны қайтсін! Басқа шарлары дін аман, бәз қалпы. Рас, қайсыбір жарық көзін жоғалтып алған кезі болған. Өзіне, құдайлық мансабына сай ұлылығы сонда немқұрайдылыққа, тіпті, салақтыққа соқтырып еді. Бүгін сақ. Сақтығы бірте-бірте қараулыққа әкеле жатыр. Жан иесіне көңілі иланбайды. Тек екі көзі. Екі көзі болмаса өзіне де сенбеуге бар. Әлгінде үш жүз алпыс бес періштесін түгел жидырған. Мынау, үлкен столының бір бұрышына үймелеп, қанаттары селкілдей қалған солар. Қараптан қарап құттары қашады. Етсіз, сүйір иектері дір қағады. Содан, әншейіндегі қызғылт, қаймыжық еріндері бұрыштанып-бұрыштанып кеткен. Әрқайсысы өзімен өзі, әрқайсысы іштей өзінің өткен ізін тексереді: қай жерде кемшілік етті? Неден жазды? Алла, Аспан атына кір келтірген қылығы қайсы? Өстіп толғанғанда шыбын-дары шырқырады.
Періштелер екі жікке бөлінетін. Бірі, адамзаттың күнә, қылмысын – қараны тексерді де, екіншісі мейірім, адалдықты – ақты тізді. Сол арқылы Тамұқ пен Жұмақтағы орын есепке алынды. Пәнденің қаншасы Тамұққа, қаншасы Жұмаққа кіруге тиіс? Мұны ажырату жаратылыстың бейкүнә перзенттеріне де оңай емес-ті. Қиындықтан қашқан сәттері, өздерінің көңіл күйлеріне орай, артық-кемді түртіп, тінтіп жатпай-ақ тартып жіберетін тұстары болатын. Әзіргі қалтырауларының осындай да сыры бар-ды. Бірақ, бұлар көп, Тәңірі – жалғыз. Сол жалғыздығымен де үрейді ұшырып бітті. Қабағына сайығанда, әлдене сұмдықты білетін тәрізді. Әйтсе біреу айтқан, жеткізген. Екі топ бірі біріне, осылайша, қауіптене көз салысты. Бұрын адамдар үстінен ғана жүгіретін шағым енді өздеріне, періштелерге ауыса бастағаны да! Екі аяқты пәнде мінезі Көкке көшті деші? Жердегі арызшылар жаны Тамұқта бықсығалы қай заман. Шағымшы періштеден шықса оттың әкесін сонда жағар! Періштесін өз қолымен сирағынан ұстап үйтіп отырған Құдайда да қасиет... Әй, Алла, сақтай гөр! Өстіп топшылап үлгерген Қара періштелер тобының қорқыныштары кенет сейіліп жүре берді. Себебі пәндені кінәраттау жеңіл, не жамау жапсырсаң жарасады, не айып тақсаң сендіресің. Оның үстіне Адам табиғаты Алланың өзіне аян – күпірлігіне, күнәкарлығына күмән келтірмейді, илана салады. Сондықтан қанша қырлансын қара істен ақау іздеу – әділет әпермейді. Мұны сезбесе Құдайдың несі Құдай! Қара періштелер осыған сүйенген. Ал ақтаушылардың халі жұмбақ, беймәлімдеу-тін. Өйткені Тәңірінің, сыртқа сездірмегенімен, сағат сайын сан құбылатын көңіл лебі көл жағынан есер ме, шөл жағынан соғар ма, белгісіз. Тағы Адам-ата мен Хауа-анадан бері қара Жер халқы хақындағы түсінігі, пейіл-ниеті қыңыр. Содан болар, адам баласын ақтау, адалдау мақсатында еткен әрекетіңді ұқса, қағып қан алады. Ақтасаң, пиғылыңды білдірмей ақта. Періштеге пікірін, ішін жасырудан тозақ не бар! Амал қайсы, қанаты аққа қайғы мол, төзеді. Әрине, күн үшін емес, періштеге бас қамын бағудың қажеті қанша, адамды аяйды. Пәндені күнәға батырмауға о баста-ақ әрекеттеніп еді: Адам-ата Жұмақта түйір бидайды талмай бергенде – секіріп барып тамағынан қыса қойды, (еркектің жұтқыншағындағы бұлтық сонан қалған) болмады, анау жұтып үлгерді. Бәленің басы – сол-ды. Әйткенмен... Неткен қызу қанды жұрт! Неткен қайырым, неткен жылу! Мына Күн – Күн бе, нағыз Күнді солардың жүрек, ет қызуынан жасаса ғой! Әлемде жарық пен жылудың одан ұлы көзі болмас еді! Бәрің бір өзімді таны, табын! Тек мені ғана сүй! Құдай бұйрығы осы. Өлшеусіз ауыр талап, астам тілек. Аллаға астамшылық жарасатын-ақ шығар, дегенмен, өзгені тыяды екен, өзін де бір ауық тексерсе ғой. Және бүкіл адамзат көкірегінің махаббат-қызуын бір мезгілде, бір бағытқа – Хақтың жалғыз өзіне бұрып көрші! Жасаған Иеңнен жарты уыс күл қалар!.. Ақ періштенің аңғарымынша, жалғыз Иенің тағы бір міні... жо-о, онысы міннен гөрі қатеге ұқсайды, мәселен, Тәңірінің пендесінен талап ететіні мынау: қалай жаралдың, сол күйінде қал, өспе, өзгерме, төсегің – топырақ, жамылғың – жапырақ. Бітті. Қалған харекетіңнің бәрі – күнә. Міне, содан, қағида, Заң атаулысы шетінен тар, қытымыр. Ой-ақылына қабілет-күші сай тіршілік иесі көне қоя ма. Көнсе хайуанның ішіндегі хайуан – есек көнер. Адамның адамдық көкірегін көтермесең – бірден есек қып жарат. Әйтпесе... Ақ періште, Алла сақтасын, Алланы айыптаудан аулақ, оған хұқы жоқ. Мынасы азулының айырып түсер ашуы емес, әлсіздің көңіл күңкілі – өкпе, реніш қана. Құдай өкпе мен ренішті қайтсін!
Жер көгілдір сәуле төгілдіреді. Сәуле алуан қырлы хрусталь қабаттарына шағылғандай сиқырлана сынады. Ащы шатынап көзді шақпайды, баурай, мәпелей еркелетіп, артық, астыртын ләззатқа, бейжай тыныштыққа шақырады. Алыстан қарағанда бүтіндей нұрдан, жарықтан жаралған тәрізді. Жер! Жер! Әділетсіз тіл «қара» атаған жаһаннат жасыл мекен! Алланың да, періштенің де түсінік-түйсігінен бөлек, өз табиғаты, өз жолында, өзі жайлы үстем, тәкаппар Аспанның не сот, не үкім құрарымен ісі жоқ, былайғы болмыстан бейхабар сұлу дүние көгілдір болашағына қарай тоқтаусыз заулайды...
Әлем әміршісі кішкене дүрбілерінің бірін көзіне апарды. Әлдеқайда сұқсиып ұзақ қарады. Қарымына қанағат тұтпады ма, әлде өзінің шектен тыс кіділігінің кінәсін дүрбіден көрді ме – белгісіз, қолындағысын лақтырып тастап, үлкендеу біреуін алды, тағы үңілді, дүрбісін тағы ауыстырды. Ақыры шарапхана мен һарам сарайына барған адамдарды санап танитын ең ірі біреуін ұстады. Оның не көріп, не қойғанын топшылаудың өзінен қорқып қалтыраған періштелердің анық аңғарғаны: Жалғыз Иенің қабағы дүрбілердің бірінен соң бірін ауыстырған сайын жиырыла, қыртыстана кеп әп-сәтте қалың қатпарға айналды. Өзі дүрбіні көзіне тақаған қалпы. Жердің әлдене нүктесіне қадалып алды. Қара періштелер бірі біріне көз қиықтарын жіберіп, жымың қағысты. Ақ періштелер аналардың жүзіндегі үміт, қуаныш нышанын көріп торығысты, дереу бөлініп, столдың екінші басына ысырылды. Бұл екі топтың бірде-біріне қосылмай, қақ ортада оқшау қалған Ұлы Иенің екі шабарманы жан алғыш Ғазырайыл мен жазалаушы Әңкүр-Нәңкүр ғана...
Сонымен Алла ашу үстінде. Иығын осынша басып, қабағын мұнша құрыстыруына себеп жалғыз-ақ сөз. Сөз пәнде үстінен айтылса бір сәрі, онда тыңдамас та еді. Әттең... мана қайқы мүйіз қара жын жеті қат көкті басына көтере, қарқылдап күліп өтті: «сіз (сыпайысын көрдіңіз бе) періштеңізді әлі періште көресіз бе? Ха-ха-ха, оныңыз алтынға қызығады, сенбейсіз бе? «Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Неге таяды? Алып қоям деп қорқады, ха-ха». Осы бір жексұрын үн әлі құлағында. Сондағы жынға ызаланғаны есінен кетер емес. Садағына найзағай оқтап, табанда атып салғысы келген, артынша, Құдай емес пе, сабыр ойлады. Несіне ойланады? Кімнен, неден қысылады? Құдайға сайтан ату да сөз боп па?! Міне, пәнденің қатесі. Ол ылғи, өстіп, әнтек түйеді, асығып құриды. Ал Хақ-тағала? О-о, о кісі бүтіндей басқа, басқаша пайымдайды. Қалай? Тоқтаңыз. Шынымен құдіреттің қырық қыртыс ойының аржағындағы түпкі, негізгі пиғылын біліп-ақ алғыңыз келіп отыр ма?
Сөйтіп, Жасаған Ие періштелерін сынау мақсатымен жиған-ды. Қайтіп сынайды? Оны өзі біледі, жұмыс тәсілі мүлде бөлек. Қазір ой үстінде. Дүрбіден көз алмайды. Жыртыққа шүйілген жамаушы тәрізді, әлдебір нүктеге тесіліп алған.
Қара періштенің назарында Құдайдың қабағы бірте-бірте жадырап, қырысы тарап бара жатқан сияқтанады. Олар сонысынан қауіптеніп, қозғалақ қағады. Ақ періштеге керісінше, тұнып, түнеріп көрінеді. Өстіп, екі топ та қыл үстінде, қылпып отырған. Кенет Жаратқан дүрбісін былай қойды. Сонсоң бір түрлі, «әй, шырақтарым-ай!» деген құсап, әрі тарығып-түңіле, әрі кешіре-жеңілейе күрсінген, періштелер бейне стол бетіндегі шылым қоқымы, қағаз қиқымдары құсап ұшып-ұшып кетісті...

ІІ

Бұ жолы тексерері – періште, өз күнәсі, өз тумаластарының тәбеті. Бұрынғыдай пәнде көкірегіне үңілмейді, пәнде қабірін ақтармайды. Періштеге періштені тергеуден оңай не бар. Аспан да емес, Жер, кәдімгі Жер. Рақат! Осыны сезінгенде жеңілейіп сала берді, көңілі тез тоғайды, көзі де ілез үйренді. Ыстық кабинеттен Көктөбеге шыққан кеңсе қызметкеріндей кеңірдегін созып, айнала қарап қылқың-қылқың етті. Сайда жасыл бұлақ ағады. Жапырақтар жасыл мақпал іспетті, бүктеліп кетсе бөтен бір түс түзеді: жасыл ма? Солай сықылды. Бұйра бұталар арасынан көрінген Аспанға назары ауды: жап-жасыл. Сонда барып есіне түсті – жаңағы көрген түтіні де осындай жасыл еді ғой? Бұл неткен сиқыр, неткен бояу? Көз түбін сорып әкетіп барады...
Алғашында әр қалтарыста бір сайтан тығылып тұрғандай сақтанып, аңдап аттаған, артынша ұмыт қылды. Тіпті, әлемде Құдай, сайтан, періште секілді ұғымдар бар екенін есінен шығарып алды. Бірінен бірі әсем жазық, дөң, көл, орман... табиғат атты ұлы тылсым арбап, әлдеқайда сүйрей жөнелді. Сонда бұл дүние бір-ақ бояудан жаралған ба? Тас, аспан, ағаш, су, бұлт – бәрі жасыл. Осы секөнтте Әңкүр-Нәңкүрдің бүкіл ішкі сарайы жұлына ақтарылып, қайдағы бір құрдымға құйылып кеткендей сезінді... Келесі сәтте, о, құдірет, ғажайып бір жаңалық ашты: көз алдына кенет алуан бояу кеп құлпыра қалды. Қызыл, сары, ақ, қоңыр, сұр, қара. Мұндай да көп түс болады екен! Ескіден танитыны жалғыз қара: қасірет, қаза, қаһар, қарғыс. Хақ бұйрығымен жаһаннамды шарлап ұшып, талай қабірдің астан-кестеңін шығарды, Ғазырайыл жанын алған талай денені қайыра тірілтті, сотқа, жауапқа тартты. Істегенінің бәрі қара, харам. Оған Тамұқ атымен ант ете алады. Тамұқ демекші, Тамұққа тастатып, қанша жанды шырылдатты! Санға тізсең ұзындығына ұшып жете алмассың!.. Бәрі қара, қара тірлік, қараңғы іс. Содан болар, күні бүгінге шейін Әңкүр-Нәңкүрдің көзі жалғыз-ақ түсті көре алды, жалғыз-ақ бояу таныды, ол – қара. Өстіп, қатал Иенің күрзілі шабарманы мына сынды бейбіт пиғылмен аттанған тұңғыш сапарында көп жаңалық тапты.
Ілкі күні Жерге қашаннан белгілі негізгі Жеті бояуды ажыратып, түйсініп үлгерді. Сол танығанын қызықтай-қызықтай жанары талған соң бір ауық көзін жұмып алған. Тағы да ежелгі танысы – Қараны көрді. Бұдан тағы бір жаңалық ашты: баяғыдан бері көзін жұмып қана жүрген болды ғой? Өйтсе ештеңені айырып, көріп те жарымағаны да. Соқыр ма? Рас. Бұйрықты орындау үшін көз не керек!..
Осылай толғанғанда жаны сыздады, қарадан өңге түсті қайта жоғалтудан қорықты, жалма-жан көзін аша қойды, жоқ, бәз қалпы, тіпті әлгіндегіден гөрі де жайнап-жасарып көрінеді: жасыл, көк, сары, қызыл, ақ. Бояулар айқындала, ашыла түскен. Көзін тағы жұмды, тағы ашты. Неткен сұлу дүние!
Тау басына таяу тұрған ақ бұлтты жамбасына тартып сап дамыл алған. Таңертең ғаламат бір тәтті үннен оянды. Періштеге тән аңқаулық, пәктікпен тағы шошынып, тағы таңданды. Сұрқай шыңның көкірегін жарып аққан кішкене бұлақтың дауысы. Мөп-мөлдір, саяз толқындар бұралаң қағады, сүйірлене, үшкірлене жөңкіледі. Табандағы тастан көз таярдай, жып-жылтыр. Мұнша сиқыр, мұнша әсерлі дыбыс судың мөлдірлігінен бе, тастың жылтырлығынан ба? Әңкүр-Нәңкүр екі қанатын кезек төсеніп, жатып ойлап таба алмады... Кеше мықтап қажыған. Жанарының түбін алуан бейне, бояу жағып, суырып бітті. Көргендерінен көзін жұмып та құтыла алмады. Қызыл, жасыл, сары, ақ, көк дөңгелек-тер қалқып тұрды да қойды. Бұрын кірпігі мен қарашығы арасына еш сурет, көрініс түспеуші еді, енді сол екі ортаға бүтін бір әлем орнаған секілденді. Содан бас ауруын, жүйке жұқалығын сезінді, екінші сөзбен: алған әсерінің молдығы, тосындығынан ауырып қалды. Ішінен: «енді ештеңе көрмеспін, осы жетер» деген секілді қанағат тапқан, ол болмады. Қайта кешегіден гөрі де ашкөздене, құныға кірісті. Әуелі бұлақ үнін естіді. Сонсын желді, желдің кереметін түйсінді, жапырақ сыбдырын бақты. Жапырақ неге сылдырайды? Желден бе, әлде түсінің жасылдығынан ба? Ойлап-ойлап кеп, «жасылдығынан» деп түйді. Келесі минут бұ пікірін де жоққа шығарды. Ақ, қызылы аралас гүл алаңына кезіккен: о жерден әлгіден де нәзік, одан да әсерлі үн естіді. Екі қанатын қайырып беліне ұстап аз тұрды. Сол сәтте айнала түгел сыңғырап, әндетіп кеткен сықылданды. Әр бұта, әр жапырақ өз тілі, өз сыбдырымен сөйлейді. Бәрін бір-ақ танып, бір-ақ ұғар ма еді! Қайтсе тез біліп, тез түсінеді? Сыр көп, жұмбақ көп. Қайсысынан бастау жөн? Қайсысынан бастаса – бір тығырық, теріле береді. Өйткені миы толы сұрақ. Бірде-біріне жауап таппайды, бұрын-нан танығаны, тәжірибесі шағын, көргенінің көбі – жаңа, бәрі тосын. Осы мезет жадына әлемдегі алақан атаулының әлпеші – сәбилер оралды. Солардың қылық-мінез, түр-болмыстарын елестетті. Өзі талайының жанын қинап еді, тырбалаңдаған қол-аяқтарын, бұртиған ұрттарын көргенде бірер қабат өз көкірегінен әлденендей құпия қызу да байқаған; ал ауызына іліккенді сорып талықсыған бірінің жүзіне үңілгенде жылығаны сонша, жылап қоя жаздады... Сәби әуелі қолын қозғағанына мәз, сонсоң саусақтарын қимылдатып көріп, тағы бір қуанады. Келе-келе бәшпайларын қызықтайды. Содан кейін барып өзін қоршаған маңайды, өзгелердің тірлігін байқай бастайды. Мұның бәрі біртіндеп келетін құбылыс. Неге екені белгісіз, Әңкүр-Нәңкүр өзін сол сәбилермен салыстырды. Сол сол-ақ екен, тұла бойы мұздап жүре берді. Сәби? Сәби деген – бала. Бала өссе – адам. Адам атаулы – пәнде. Періштенің онан сайын зәресі ұшты. Ішінен пәндені түсіне бастағанын сезді. Демек, өзің де пәндесің. Көре берсең, сезе берсең, пәнделіктен қашып қайда құтыласың?! Сондықтан көрме, сезбе, таныма. Көру, Сезу, Тану. Сәбиді есейтіп, адам, пәнде ететін осы үшеудің қайсысы? Қайсысы қауіпті? Үшеуінің де аса залалды қасиеттер екенін мойындай тұра, ең алдыңғысына тоқталды: Көру. Жаңа туған сәби алдымен көреді, сезетіні содан соң. Тануы бәрінен кейін. Осы сәт назары жапыраққа жабыса қалған титтей көбелекке ауды. Бұл – көргені. Жапырақ – жасыл, көбелек – ақ. Бұл – танығаны. Ақ пен жасыл бұл арада ерек жарастық тапқан тәрізді. Бұл – сезгені. Тоқта! Өз басы – періште, періштенің ішіндегі Әңкүр-Нәңкүрі. Мұнша аз мерзім ішінде пәндеге айналып үлгергені де! Кенет маңдайы, ту сырты дым-қылданып жүре берді. Ғұмыры денесінен ылғал сезініп көрмеген көктің қанатты еркесі тұңғыш мәрте тердің қолайсыз әсерін танығанда қайтадан ұшып кеткісі келді. Бірақ оған бұйрық жоқ-ты, соны ескеріп, Аспанға қарады. Аспан шырайлы-ақ, көгіл-дірлене күлімсірейді. Жалқын сары Күн өзінен өзі күйіп, өзінен өзі дөңбекшіп барады. Кеше, ілкіде жасыл боп көрінген бұлттар – ақ, қоңыр, сұрқай; шет-жиектері шудалана бұрқырап, әлдеқайда маңады. Кей тұста бірінің үстіне бірі қат-қабаттана ұйысады. Сосын тағы да тарқатылып, тағы да жылжиды. Жын-пері, сайтан-сапаталар соның арасына жасырынады екен-ау. Алла-тағала найзағайдай садақ оқтап, сол қоймалжың жабағыны оңды-солды тілгілеп, сатырлата атып жататын. Терісі тітіркеніп кетті. Садақтың отты оғы аш қолтығына қадалғандай ауырсына жиырылды, үрейлі, ащы бір түйсік тапты. Бейне қауырсынының арасына жын кіріп кеткендей, екі қанатын алма-кезек сілкіп-сілкіп алды. Айнала беріп күдік, қауіп атаулыны тағы ұмытты, тағы да көз алдындағыға елітіп, елігіп бара жатты. Жаңа ғана түйлігіп тұрған гүл бүрінің ашылғанын көрді, әлдене сыңғыр ете қалған сияқтанды. Зердесінің кешелі-берлі тоқығаны шынында олқы ғылым болмайтын: осынау пәнде дүниесінің алуан әрін, дыбыс үнін естіп, айырып үлгерген-ді. Енді өзіне өзі көпсінген осы білім-танымын кенет аз сезінді. Әлі бірдеңе жетпейтін тәрізденді. Әйтеуір, бір нәрсе кем, әйтеуір, бір нәрсе керек. Мұндай шақта қайтуші едің сен, Адам? Құмарпаз Адам, зинақор Адам, күнәкар Адам, ақылыңнан аз ғана ауыстыршы!
Бұ сәт бет терісі қайыстай құрыстана қатқан қара қарт сарғыштана кілкіген айлапат алқаптың бір шетінен жылыстай кірді. Бір нәрсесін түсіріп алғандай, оңды-солды үңіледі, о да бірдеңе іздейтін тәрізді. Аяғын аяна, қорғалақтап әрең басады. Төс шеміршегінің басынан келетін биік егіннің бірде-бір талын баспай, жапырмай жылжып барады, құдды нәресте маңдайынан сипағандай, саусақтары егін басын аялай еркелетеді; содан екі алақаны алқап бетінде қанатша қалқып көрінеді. Ауық-ауық жақ еті қимылдайды, ауызына әлденені шымқып сап жымиып қояды – рақат, қанағат табатын сияқты. Мұның бәрін аңдып, аңғарып тұрған Әңкүр-Нәңкүр ілкіде таң болған-ды, кенет тұла бойы шімірігіп кетті. Есіне қайғылы бір оқиға оралды. Адам-ата мен Хауа-ана қасіреті. Ол екеуі де осылай жақ қимылдатқан-ды, сөйтіп, Жұмақтан қуылды. Адам әулетін түгел күнәға батырған қырсық-тың қара басы – жалғыз түйір бидай, осыны танығанда Әңкүр-Нәңкүрдің зәресі ұшты. Сонсоң шалды шыңғыртып тұрып тергеп, өзіне керекті біліп, ұғып алуға бір оқталып еді, артынша, оның әлі өлмеген, тірі жан иесі екенін ойлап, сап басылды. Айнала беріп бұны да ұмыт қып, көзіне, көргенінің соңынан еріп жөнелді. Тағы да іздеу, үміттену, адасу, торығу түйсіктері бірі-бірімен тез-тез алмасып жүре берді.
Әңкүр-Нәңкүр аласұрды. Әлдене жетпейтінін санасыз түрде ұққан, енді соны іздеу керек екенін де ессіз түсінді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Жетпейтін – сол, алтын емес пе? Ол немене екен? Көрер ме еді? Гүл алаңын тағы бір шолып, ілгері асты. Бірер сайды ұшып өтті. Не іздейтінін өзі білмейді, сондықтан ештеңе таппады, баяғы гүл, баяғы жапырақ, айналып-үйіріліп танитыны сол. Оңға үңілді, солға жалтақтады, көргені көрген күйінде қалып жатыр. Құлақтың естіп, көздің көргені – қанағат әкелмеді, қайта тәбетін қоздырып, ашықтыра түсті. Осыны мойындағанда тағы таңданып, тағы шошынды, қайта ұмытты, қайыра қобалжыды. Рухы әбден қажыған соң сәл тыныс алмақ боп жалпақтау бір жапыраққа шыққан, көзін жұма алмай қойды. Сонсоң одан гөрі биігірек біріне барып жайғасты. Тағы мызғымақ болды, тағы батпады. Неткен сүйкімді, неткен мазасыз тіршілік еді! Қалғып кетсе мына жұмбақ дүниені жойып алудан қауіптенді. Әлі де көре түспек боп, әлі де көбірек аңғаруға қолайлы жағдай қарастырды. Жайылыңқырап бара жатқан ақ бұлтты қабаттай бүктеп, бөксесіне басты, о да жайлы тимеді: Жердегі көрік-түрдің бәрі бірін-бірі балқытып, бір түске – бірыңғай көгілдір кіреукеге айналды, сөйтіп, әлдеқайда шұбырып жоғалатынға ұқсады. Жалма-жан Жерге қайта қонды: жо-оқ, бәрі жаңағы қалпы, ештеңе өзгермепті. Жеңілейе тыныстағанда қанаттары қалтырап кетті. Төбе басындағы ығы-жығы, әрі таныс, әрі бейтаныс бірдеңелерге көзі сонда түсті: солық басуға шыда-мады, секіріп ұшып, селкілдеп қайта жөнелді, қайыра адасты...
Періштенің санасы жетпегенімен табиғаты тартып, осынша алқынып аңсағаны – Иіс пен Дәм ләззаты еді...

ІІІ

Ол екі ләззатты пәндеден кейін татқан Сайтан тайпасы ерек шушыл, даң-дұң, даңғазасы көп жұрт-ты. Басқа тайпалармен салыстырғанда көші-қоны да мол, сондықтан ойын-сауық, ұрыс-жанжалдың өзін жиі шығаратын, қалған елге, жалпы сайтан халқына сиымсыз келді. Өздері осы қылықтарын қасиет тұтты, мақтан санады. Бір орында екі минут тыныш отырған ағайындарын күлкі жасады, аман-саудан төбелес, төбелестен шарлстон шығармайтын сайтанды «адам» деп кемітісті. Негізгі дүние-мүліктері – жүн, тері, темір, мұны жинай алмағандарды «періште» деп кекеді, ал сол қоқыр-соқырды шаңдатып шаша білмегендерді тағы тілдеді – «Құдай». Бұл үш ұғымның – Адам, Періште, Құдай – үшеуін де мазақтайды, үшеуін де жек көреді; жарық дүниедегі ең момын, тұрақты, содан да іш пыстыратын тірлік иесін «Адам» санайды, жинағы, қалтарыс-қуысы жоқ жайдақтықтың символын «періште» көреді, қолындағыны қарысып тұтатын қыңыр ие – «Құдай», оны сараң деп мұқатады...
Сайтан әулеті әуелде «лағнат қамытын» киіп, қаһарлы қарғысқа ұшырағанда Хақ-тағаладан үш тілек тілеген-ді, үшеуін де алды. Соның бірі, оқудың басына есімімді келтір (ағозбеллаһи минәжшайтан иражжим), екіншісі, адамды алдауға рұқсат ет, өлім берме – үшінші, соңғы тілегі-тін. Есуас-ақ тілек екен, өйткені ешқайсысы Ібіліс ұрпағын бақытты ете алмады. Қайта сор үстіне сор жамалды, қырсық қабаты қалыңдай түсті. Сайтан аты қашан да намыс, қарғыспен қосақтаулы жүрді, осынау ұлан-асыр әлемде оған лағнат айтылмаған бірде-бір минут өтпеген шығар. Есесіне, ол тұрғызған бірде-бір қала, ескерткіш, тіпті, мола да қалмады, жамандық атаулыны жалғыз арқалады, ғұмыр бойы тұрақ-мекенсіз қаңғырды да отырды, тіршіліктің екі аяқты иесін бұзды, аздырды – тапқан рақаты қане! Жарық дүниенің алдамшы қызығына қылған қыры, жасаған қарсылығы ақыры, өстіп, өзін бостырып кетті, Хақтың да, һарам дүниесінің де міні құрамады. Тындырған ісінің ең үлкені – адамды жолдан тайдырғаны санаушы еді, енді аңғарса, адам сайтансыз да аза алатын секіл-денеді. Ал сол азғаннан, алданғаннан пәнденің несі шығын болды?!
Адам, қайтсе де, сайтаннан бақытты – қуанады, қайғырады, қорқа да біледі. Бақытсыздықтың өзінен безе алады, құрығанда, өліп құтылуға хұқы бар. Сайтан ше?
Әңкүр-Нәңкүрдің көктен түскен заматта кезіккені сол сайтандардың ақырғы жұрты болатын. Сайтандар о күні у-ду, ызғып отырып екі құрлық асты. Екі теңіз, бір мұхиттың суына қанаттарын шайдырды, шала жағып, шам өшірді. Ақырын Азияның таулы, көгалды жерлерінің біріне кеп, шатырларын тіккен. Ертесіне де сонда түнеді. Содан бастап тұрмыс өзгеріп жүре берді. Алдымен көшуді қойды. Сонсоң үй қалап, мал өсірді: егін егіп, емшек тартты. Қайтып ірге аударған жоқ. Бірақ оларды отырықшылыққа әкелген тірлік қағидасы, шаруа пайдасы емес-ті, неден екені белгісіз, со күні таңертең бүкіл тайпа біткеннің бетіне қызыл бояу ойнап шықты. Бұ не? Бұ не керемет?! Өстіп, әуелі дүйім қауым ғұмырларында тұңғыш мәрте мықтап қорықты, беттеріндегіні бөлек індет, қырсық таныды; екінші күні ол ойларынан өздері айныды: жүздеріне со бір жұмбақ қызыл жүгіргелі әлденеден қысылтатын, қауіп еткізіп, секем алғызатын қызық сезім туды. Осы сезім көңілге жайлы, жанға жұмсақ, бұрын-соңды ешқайсысының көкірегінде оянбаған бөтен, әрі қуатты бір жылудың көзін ашты. Сайтандарды бірлік, береке – елдікке қосқан сол жылу сайтандықтың ең бірінші белгісі – өздерінен өзгеге көрінбеу сиқырын жойды. Сөйтіп, Құдайды келемеждеп, періштеге күліп жүріп, пәндеге қалай айналғандарын білмей қалысты.
Бір күні сыпырылмайтын маска болмайды. Мезгілден құдіретті Құдай бар ма, адамды – сайтан, сайтанды – адам ететін сол. Құдайдың бет пердесін шешкен уақыт кімді аясын, расында, алданар аңқауы жоқ заманда сайтанда не қадыр, не қасиет? Ұлы философ уақыт осылай шешті ме?! Кім біледі. Әйтеуір, олар да енді қайғырып, қуанды, күндеп, өшікті, сайтанға тән ілездік, зеректікпен ілім қуды, өнер тапты, бұған дейін ауырып көрмеген халық өлуге үйренді... О заманда бұ заман, сайтан өле ме екен? Сенімсіз, сайтан неге өледі? Неге, неге, неге? Сұрақты сыншы ғана емес, әркім-ақ, тіпті, мына мен де қоя алам, мәселен, сайтан неге өлмейді? Халық даналығы былай түйеді: «Ұра берсе, Құдай да өледі». Қуалай берсе, сайтан да ел болады. Тіпті, өздерінің беймаза, ылғи алдау-арбау, суайттықпен кешкен күндерін көргенде олардың бетіне де қызыл бояу – ұят жүгірген жоқ па? Мен де көп ақылшыларымның жүзіне қызыл тілер ем. Ал оның үстіне бұл... ертегі емес пе?! Сонымен... ғаламат оқиғаның басы да со күні басталды. Қайсысының қанша жасағаны әлдеқашан ұмытылған-ды. Жыл, жас санаудың қажеті не? Ғұмыр – мәңгі, мәңгі ғұмырды есептеп қайтсін! Сондай өлшеусіз, ұзақ ғұмыр иесі – сайтандардың бірі сонда оянбай қалды. Ол жапандағы жалғыз бұтаға ілінген құс мамығын жел шайқаса, дыбысынан оянатын саққұлақ сайтан еді, жабылып жұлқып тұрғыза алмады. Өлім! Бұ сұмдықтың сайтан әулетіне де жеткені еді! Неткен қасірет! Таңданғандарынан, тура үш күн, үш түн кірпіктерін қағуды ұмыт етті. Төртінші күні, шара жоқ, адамнан көргендерін істеді: бір төбенің топырағын қызартты, үш күн, үш түн тағы күзетті – бәлкім, тірі болар? Осы үмітпен қытықтап та көрді, әлсін-әлсін ашып қарап, топырағы тон болғырдың денесін алақандарында шірітті. Сайтан шіри ме екен! Сайтанды шіріткен топырақ... Бәрі жабылып топыраққа бас иді. Әуелі таңданып, түсінбей иілді, пір тұтып, қорқып табынды, сосын жеңіліп, жасып, ақыры қайғырып жығылды. Қайғы бірден қалыңдап, молайып кетті: бірінен кейін бірі өлді. Сөйтіп, бар-жоғы бірер жұмада (аспан уақытымен) кәрі сайтандар түгел қырылды. Ауылдың күн шығыс жағындағы жалпақ қоңыр төбенің әр бұтасы бір-бір сайғаққа айналып, ербиіп-ербиіп шыға келді. Ілкіде осылай дайын, табиғи сайғақтарды пайдаланған-ды, келе-келе ол көңіл толтыр-мады, қолдан орнатуға көшті. Себебі жыл айналған соң өлік үстіне үйген топырақтарын танымай, жаңылыстыра бастады. Өсте-өсте мола тұрғызуға көшті. Осыдан келіп, ойға алғанды қолмен жасау зейнет, ләззат екенін білісті, еңбекке үйреткен осы мола салу – өлім. Бір сөзбен, қайыра толғап, Энгельсті оқыған жанның тілімен айтқанда, сайтанды адам еткен де – Еңбек...
Періште ғұмыры аспан уақытымен өлшенетін. Көктен түскен бойда көрген жұрты мен үшінші күні назары ауған төбе аралы-ғында, Жер күнтізбесі бойынша, талай жыл өткен-ді. Ал бұған, уақыт ұғымына ми жеткізу үшін, қанатты қонаққа әлі біраз күн жетпей тұрған.

І

Сайтанына шейін санаға еніп жатса, қай Құдай қуанбайды, Жасаған Иенің жаны жай тапты. Бұзық, қаңғыбас ұлының аяғы шырмалып, бір шүйкебастың билігіне көшкенін көрген кәрі әке құсап, мұртын сылай отырып, шылым шекті. Мұны да құдіретім, бағым санады. Бұлт арасына бұққанның бәріне садақ кезеп, қылт еткенді аңду оңай ма, Құдайға да тыныштық керек, әрі соңғы кезде қажыңқырап жүрген. Періште біткенді қалтыратып қойып, сайтанмен алысу – беделіне де нұқсан санайтын. Енді осының бәрінен құтылған секілденді. Сонда ол сайтанның мекен, тұрақ табуына қуанған. Ал қазір бұлай ойлай алмайды. Көкірегіне бір суық түйіншек пайда боп еді, содан арылмайды. Дүрбісін қалай аударса, соны, тек соны көрді. Тағы да күдік пе? Мұнша күдікшіл Құдай болады екен! Пенде онсыз да тозып бара жатқан сайтанмен сыбайласқасын не жорық! Жаратқан Иенің осы тұста төбесі ашыды. Өзінен өзге түгелімен алдамшы, сатқын тәрізденді. Кенет Жерде, қара еменнің түбіндегі Лев Толстойдың қабіріне назары түсті, дереу көзін тайдырып әкетті.
Дүрбісін тағы бір аударғанда Қара періштені тапты. Енді соның ізін аңдыды. Қара періште, қашанғысынша, ұсақ-түйектен бастады. Біреудің қалтасындағыны екінші біреудің қойынына сүңгітті. Жиырманың қолтығындағы қызды қытықтап, қырыққа қаратып күлдірді. Ақымаққа сіріңке шақтырып, аңқаудың ауласына тастатты. Өшпенділіктің өртін өтірікпен демдеді. Хақ-тағала бұ сынды харакетті тым кішкене, қиқымға сайығанмен артық санаған жоқ. Қайта өз рухында заманнан бері бұғып жатқан бүлік оянды, содан қызыл көрген құзғындай қунап, сілкініп шыға келді. Бүлік үстіне бүлік сағынды. Бүлінген жұртты басқарудан оңай не бар, қайткен күнде де сол қиян-кескілікті демдеп, кесепатқа бастап отыруға ұйғарды. Осы тұста Қара періштенің қораш, құйты қылықтарының өзін ерлік, тіпті, көсемдік көрді. Себебі сайтанын адамы алдаған алаяқ, әккі уақытта қимылдың ұлы-кішісі болмайды. Болғанмен... Жо-оқ, іс неғұрлым ұсақ, болымсыз жасалған сайын өмірлі, алысқа барады. Осы арада сүйсінгеннен жымиып қоя жаздады, тағы да өзінің кім екені есіне түсті, іле тамағын кенеп сыздай қояды. Сол сол-ақ екен, Періште, Сайтан, Пәнде хақындағы қашанғы қатып қалған түсінігі балқып, пластелин сықылды формасыз бірдеңеге айналып жүре берді. Сайтан, Пәнде, Періште. Құдірет енді бұларды бір-бірінен айырмайды, өйткені үшеуі де күнәкар. Қайсысын қолдап, қайсысын жазалау мақұл? Бұдан кейінгі ой осы төңіректе ғана өрбуге тиіс. Толғап, ойлап кеп бір-ақ кесті: «ешқайсысын да». Біріне бірін алдатып, бірін біріне жем ғып қойып, қызығына қарап отыру... нағыз Құдіреттің тәсілі емес пе! Күнә теріп, қылмыс тергеп тапқан абыройы өзіне аян. Нені болсын, тінтіп, тексердің екен – жазала, әйтпесе, білгеніңнен, ашқаныңнан не пайда! Әлден уақытта: «Лахлафи иләппан» деп күбірледі. Құдай болғалы естіртіп айтқан сөзі, Құдайшадан адамшаға аударғанда –«уақыт өзгерді, сен де өзгер» дегені еді. Сонымен, Аспан әміршісі ешкімді жақтамауға, жазаламауға бел буды. Періште, Пәнде, Сайтан – бәрі сайтан. Солардың бәріне бірдей танылғың келсе, мінез көрсетпе, сыр ұстатпа. «Іррит соқ, қай жеңгенің менікі». Міне, ғасыр Құдайының ұстанар қағидасы! Алла өзің уақыттан тыс, үстем санайтын, дәл осы арада қалай бағынып кеткенін аңдамай қалды. Дүрбісін тағы бір көлбетті: Қара періште екі қанатын далпылдата қағып, ғажайып бір жел көтерді. Жел бірте-бірте зелзалаға айналды, бір топ көгершін екі мемлекеттің шекарасын бұзды. Бір мемлекеттің жансызы қолға түскен көгершіннің қанаты астынан хат іздеді. Екінші мемлекет көгінде ұшқан құс біткенді тергеп, тексеріске алды, құстардың түйсігін, психология-сын зерттетті, қонып, тұмсығымен түртіп өткен жерлерінің бәрін лупа әйнегінің астына алдырды, түгі сайын ауру, не заманға лайық дүдәмал, ұры аппараттар күтіп әлекке түсті, сенімсіздік туды. Соғыс басталды. Бел үзілді, бесік өртенді. Нәрестеге ұмтылған Ақ періштенің қанаты шарпылды. Қара періште біреудің уысына қанжар қыстырды, біреуге мылтық ұстатты. Ала қырғын майдан алқынғанда ауызынан жалын атты. Зәулім үйлер бірін-бірі ыршып ұрып, түтіндене құлап барады. Жасыл жапырақтар жұлқына жанады, адамдар тік тұрған күйі, өлікке айналады... Өлік? Ғазырайыл қайда? Жұрт Ғазырайылсыз да өле алатын болғаны ма?! Алла-тағала осы арада тұңғыш мәрте шын пейілімен бір жымиды. Жан алғыш періштесі жұмысын қиынсынып, бұлданып бітуші еді. Сөйтсе Адам Аспанның жәрдемісіз де ажал табады. Олар біріне бірі Ғазырайыл, бірінің бірі жанын қинамай алады. Өлімді ақтайтын ауру, індет секілді алдын ала дайындық, көңіл иландырар мотивировка ойлап табудың қажеті жоқ, әне, біреу әуелі өліп, сонсоң барып жығылды.
Құдайға мынау ең ұлы жаңалық-ты, алдымен қуанған, айнала беріп қынжылғаны, шошынғаны сондай, екі құлағы тас бітті, бұрын пәнде дүниесін өліммен, өлімнің құпиясымен қорқытып ұстайтын, о да ашылып қалды. Енді немен қорқытады? Осы уаққа шейін Адамзат ажалды Құдайдан көріп келді. Ой, заман-ай десеңізші! Мұнан былай Жасаған Иесіз де жан тапсыруға болады – өмір осыны растап барады. Әрбір ажал оғын атқан кісі– Құдай. Ендеше, Құдай біреу емес, мың, миллион, Хақта қандай қасиет қалды. Адам алдындағы беделін сақтау үшін не жамандық істеуі керек? Жамандықтың тағы қандай түрі бар?! Хақ-тағала сан түрлі қара пиғылдарын таразыға тарта кеп, мынаған тоқтады: қасірет, қазаға төзетін күш беру жөн. Ішінен пәнде сықылды тірліктің ақылды иесіне төзуден өткен азап болмауға тиіс. Төзсін, тартсын азапты!– деп тыншыды.
Бұ тұста тағы бір шындыққа ойы жетті: пәнде неғұрлым жетім, жесір болған сайын қайғы, қасіретке беріледі, ал қайғы мен қасірет қашаннан соқыр, қайғылы адам – мұқтаж, мұқ-таждық та кереңдікке, қараңғылыққа әкеледі, демек, Құдай-дың құлы шіркеуге, мешітке құмар. Қаза, қайыршылық жоқ жерде Ғибадат үйлері қаңырап бос тұр. Құдай кенет қуанып кетті. Қуанғанынан құлап түсе жаздады. Тағы бір түйсік оралды: қайғы, мақтан, махаббат, дүниеқоңыздық. Жер тірлігін тітіретіп қойған төрт құлақты тажал. Бәлкім, ендігі Ғазырайыл осы шығар. Бұның алдында пәнде атаулы құртша жорғалайды. Міне, міне! Жерді басқарудың күні енді тумасын! Қандай рақат! Бүгінге шейін әр адамның екі иығына екі періште қондырып келді. Біріне күнә, біріне сауап жинатты. Өйтіп қанша күпірді тыйды, қаншасын ақтап тауысты! Уһһ! Өткен екен-ау бір күндер. Қазір аңғарса, о кездегі құдайлығы құлдыққа бергісіз бопты. Ал бүгін! Мына бүргеден бүлік тудырған заманда Құдай болудан оңай ештеңе жоқ сияқтанды...

 

* * *

Дәл осы сағатта Жерде, сыңсыған ақ қайыңдар арасында, мың жылдық қара емен түбіндегі Лев Толстой қабірінің жұпыны қоңыр топырағында жалғыз тал қызыл гүл көз ашты. Гүл бейне өз көкірегінен ашылған жырдың, таланттың жоралғысы секілді сезілгенде ұлы атасына тәуап ете бұрылған жас ақын жылап жіберді, тізесіне отыра ғап, қабір топырағының бір мысқалын ерініне, маңдайына басты...
Дәл осы сағатта Жерде, жаңашыл инженер жеңілейе бір күрсінді. Үлкен заводта өзі басқаратын цехтың жұмысын түгелдей автоматқа көшірудің оңай, әрі арзан тәсілін тапты. Он екі адамның ауыр қызметін енді екі-ақ кнопка атқарады. Әр кнопка тәулігіне мың жарымнан екі мың сомға шейін қаражат үнемдейді. Эврика!
Инженер түндер бойы дөңбекшіткен толғақты туындысының салмағына сай сықап тұрып сыйлық алды. Көңілдің көлкігені сонша, бірден келіншегінің кеңсесіне тартты. Жұбайы жібектей, қылықты жан-ды.
– Маған алтын жүзік әперші, олжа ақша ғой,– деп қиылды. Жүзік іздеу жігітке жаңалық ашудан қиын соқты. Алдымен таныс табу қажет болды. Азаматтың ондай, сирек мүлікке қолы жетерлік танысы жоқ еді... Содан бір жұма өткен соң ғана келіншек жұмысына асыға, көңілденіп кеткен, бірақ кешінде түнеріп, тұнып оралды. Бақса, бұ сынды жүзікті жалқы салу – ерсі, саралығы, құны жеткенмен сәні түспепті, сол тектес тасы бар сырға керек екен. Осы сәттен бастап үй маңы сырға, сырға деп сыбырлап жүре берді, сырға-сырға деп самал есті, сырғалап су сылдырады, есік алдындағы дөңбек сұр тас сырға деп сарқыла ыңырсығанда аунап түсе жаздады, тіпті, кешқұрым кәрі диқан қара шалдың көне сүйектеріне шейін сырға, сырға деп сырқыраған сықылданды...
Пәнде дүниесінде қанағаттан басқаның бәрі жетерлік қой, ақыры жас әйелдің сүп-сүйкімді құлағына Ай сүдінді сары сырға да ілініп тынды. О күні жақсы жар қызметіне қылмиып, май-шам құсап пәк тыныш маздап шыққан, сағат төрт жарымда түтіндеп, бұрқырап қайтты, самайына жаққан әтірінің өзі кәресін сасып, бөлмеге мүңкіп кірді: әппақ, жұп-жұмыр мойынды ұяты, қылмысы бардай орамалмен орауға бола ма, медальон керек, міне, мәселе! Табалдырықта табаны қож-қож боп кетпенін оңтайлылау ағашқа қайта саптап отырған диқан қарт күңк-күңк етті:
– Құдайдың бергенін білмейтүң, түге, болың жетің!
Бұған құлақ асқан жан болмады. Абыр-сабыр қайыра басталды. Өстіп, жалтырай кірген жалғыз сақинаның осы оттың басына әкелген әбігері бара-бара бүлікке айналды.

* * *

Ал Құдай әлі ой үстінде. Жүздеген ғасыр бойы шештірмеген жалғыз жұмбақ, жалғыз қиямет. Ол – қайтсе Құдай болу, қайтсе Адамға үстемдік ету мәселесі. Пәнденің Хаққа қарсы оқ атқан шағы шамалы, әйткенмен ақыл. Ақылдан қатерлі қару бар ма! Сол қарудың салқын, сұсты жарқылын Адам-ата Жұмақтан қуылғалы сезіп келді. Енді, сөйтіп, Тәңірінің өзін тәнті ғып ұстаған қатерлі құрал – ақыл адамдардың бірін бірі жоюына жұмсалып жатыр. Мұның есебі түгел, еріктері білсін. Өздері жаза кеседі, ақ-қараны айыратын да, айырмайтын да өздері, адамдар. Ісіңді біреу істеп отырса, құлшынып нең бар, қолың қышып бара ма, Құдай-ау! Үйірлеп айдаған періштелерінің де құны енді мәлім... Тек пәнде осылай, бірін бірі қырып, қиратып ап, соның бәрін бұдан, Құдайдан көретін ежелгі аңқаулығынан айрылмаса болғаны! Осыны түйсінгенде Жасаған Иенің жаны тағы күйзелді, тағы да бір бүйірін күдік жайлады. Күдіктенгені тағы да ақыл, сана. Адам затының алғырлығы. Сонша құдірет-күшті иемденген жұрт ескі беделге белден иіле берер ме! Иілсе бір уақта иілді. Тіпті, сол берілген, көзсіз табынған кездеріндегі қимыл-қылықтарының өзі алдау емесіне кім кепіл? Аңқаулық арамзалықпен туыс жатса қайтпек? Бұ тұста Құдай да ақыл, аңқаулық атты екі ұғымды сиыстыра алмай қойды. Жаны одан сайын сыздады. Пәнде «Иә, Құдай, бере гөр!» деп, шұлғысып, мүлгісіп отырып осынша жерге жетті. Бүгінде олар ашпаған құпия қалмай жүр. Мына дәуірге шейін Құдайды Құдай ғып келген құпия, жаһанда жан шешпес жұмбақ, Тәңірі тылсымы. Ол ашылса Құдайда құдірет, Адамда бет қала ма...
Айдың аяқтай көзі еді. Пәндесінің түсірімсіздігі мен кещелігіне кейігеннен бет-жүзін қалың тұман – бу басқан-ды. Ол шәкіртінің мисыздығына өкпелеген үлкен ұстаздың кейпі-тін. Ал мына жолғысы сол шәкірттің алғырлығын, өзінен озып бара жатқанын көре алмаған кәдуілгі дәрменсіз кәрінің ұсқыны болды. Тісі еркінен тыс шықырлап кетті. Құдай түгіл пәнде үшін кешірілмес, арам, пасық пиғыл ойлады. Пәнденің сайтанмен соғысуын қалады, мойнына бұршақ салғандай барымен, сарқыла тілек тіледі. Кімнен тілейді? Осы отырған өзі... шынымен Құдай ма? Құдай болса құдіреті қайда? Құдіреті қолында сияқты. Бірақ соны жұмсауға батпайды, неге екенін өзі білмейді, әйтеуір, шешімінен шегіне кетеді, келер жолғыға шейін деп кешіре тұрады, келер жолы тағы бір сылтау табады, соған қуанады. Әлдекімге қарсы қандай да болмасын батыл, ашық қимыл жасаудан тайқауға осы қазірде әзір. Со қимылды, кәдімгі Құдай бұйрығы – қатал істі басқа біреу етсе ғой! Үміт артқан сайтаны – пәндеден әрі тақуа, бұ заман не боп барады?! Бәрі бір деп ойлайды тағы да, Сайтан сайтан күйінде қалуға тиіс, табиғатынан озып қайда барады. Тағы да табиғат. Ішінен өзінің табиғатқа сенетін, сенбейтінін анықтай алмай сәл дағдарды. Сенсе өзінен – Құдайдан жоғары, Құдайдан да құдіретті бір Ие бар секілденеді. Сенбесе ше? Оны бажайлап жататын уақыт... Кенет тұла бойы мұздап кетті, маңдайына бөртіп-бөртіп суық тер шықты. А-а-аа? Енді Жасаған Жалғыз Иенің өз күнінің де қараң бола бастағаны ма? Осы арада кенже пайғамбары Мұқамбет Құдай атынан таратқан «Құран», ондағы ерек бір аят есіне кеп, оң қасының үстін сәл көтеріп қойды. Кәдімгі «құлһу Алла һу ахад». Құлһу Алла һу ахад – Мұқамбет халыққа Алланы (бірді) айтып түсіндірді. Алла һу самад – ол Аллаға ешнәрсенің керегі жоқ, лямәлид – ол ешкімнен тумайды, еләм юляд – ол ешкімді туғызбайды, өләм якун – ол дүниеде ешкімге, ештеңеге ұсамайды, лаһу – еш жерде тұрмайды, купуан – ойға симайтын белгісіз, ахад – сондай бір. Бұл – Құдіретке «Құран» берген сегіз сипат. Сайтанға ұсатып жіберген жоқ па?!
Тағы да пәнде тірлігіне ой жіберді, тағы да іші қыжылдады. Неткен алдамшы, неткен әдемі өмір: күледі, қайғырады, өледі. Адам құсап тұрмыс кешеді. Бәрі өз қолдарында. Мұнда не қалды? Күн астының нұрын ерітіп құйған шыныдан жаратылған түрлі шеңберлі дүрбі, баяғы Құдай деген қу атақ. Сап, сап!.. Санасында құдайлықтың онша жаман қызмет емес екенін сезеді. Сезеді де, қайыра толғап, қайта жадырайды.
Адам-атаны қалай домбайлағаны әлі есінде. Әуелі топырақ алды, оған су септі, саз қосты. Сөйтіп, қас қағымда жасады да қойды. Адамның сүдінін сонда көрмедіңіз-ау. Жалаңаш қарыны мен жарғақ құлағынан бөтен көз тоқтатар тұлдыры жоқ, әрі өлердей ақымақ біреу жыпылық қағып, Алла-тағаланың алдында тұрды. Сықылықтап күліп сайтан келді. О-о, Сайтан! Со сағатта адамның шәртік қарынынан (кіндік сайтан саусағының орыны) нұқып қалды: «Іші қуыс, алдауға көнеді екен». Осыны айтып, тағы сұңқылдады. Ақ періште жалма-жан бір шеңгел топырақ алып, жаңағы, сайтан түрткен жерге –кіндікке лақтырды, ол топырақ кіндікке дарымай, ит боп үріп шыға келді, ит солай жаралды. Одан бері не заман! Бұл сонда-ақ Адамның тері-қарынынан жиреніп, теріс айналған, ақыры түбіне сол қарын жетті. Қарын «түбіне жетті» ме, әлде адамзаттың мұнша ілез өсіп, жедел есеюіне негізгі қозғаушы күш сол болды ма? Қарын – қанағатсыз зат. Қанағатсыздық атаулы асықтырмай, оздырмай қоймайды. Осылай ма? Бұ жағын тағы біле алмайды, тағы күмәнданады. Сонсоң қайыра серпіліп, көкірегінен күш, сенім іздейді, тағы табады, тағы алданады...
Адамның бір қабырғасын жонып ап, Хауа-ананы жаратқаны да тап қазіргідей жадында. Тек оны елестеткенде жиіркенбейді, қайта жібіп, беріліп қалады. Неге екені беймәлім, Хауа бірден жылы ұшырады. Бұ сезім де әлдеқашан жоғалтып, талайдан торығып іздеген ескі сүйіктісі іспетті, жанына қызу әкеледі.
...Сонда ол ұяла күлімсіреген. Қалың қара шашы, ұзын кірпіктері астынан бейкүнә қараған аумақты жанарында жалыныш пен үрей толы. Сонысымен әлденендей бір ләззат, құпия қылмысқа шақыратын тәрізді еді. Терісін шерткен ерек толық, жұмыр дене. Адам-атаны жексұрын еткен қарын оған жараса қалды. Неғылған сұлу жаратылыс! Бүкіл мүсін-мүшесі әлі күнге есінен қалмайды. Құдай басымен өзінің ішіп-жеп, тінти қарағаны да ойында, екі алақанының асты ғана жасырын, көзден аман кетті. Соны ойласа әзірге шейін үш жүз алпыс бес тамыры бүтін бүлкіп жүре береді...
Мұндай шақта өзінің құдайлық шеберлігіне көңілі қатты толады. Сосын шабыттың сирек минутында тудырған көне шедеврін қайта оқып, мұңая күрсінген қарт ақындай сынығып, бір түрлі үмітсізденіп алады... Сөйтіп, Хауа мен Адам жұмаққа жіберілді. Бәрін бүлдірген, Құдіреттің ойынша, Адамның қарыны мен Хауаның екі алақанының асты. Пейішті пәндеге лайлатып қойып, қайтіп шыдап отырсын, қуды да шықты. Сондағы кейігені есінен кетпес. Екеуінің ісін сәбилік, шектен тыс еркелік таныған, өзінше «бұрышқа тұрғызғаны», күнәдан тыйғаны еді. Енді ойласа, онысы тыю емес, қайта былыққа итермелеу, батыра түсу бопты. Сол екі күнәкардан бас алған Жер тірлігінің сиқы мынау. Уһһ!
Хауа мен Адамның пейіштен аласталған шағын-ақ ұмытпайды. Өзі Алла атымен үкім жариялағанда ол екеудің ешқайсысы қаусап, қиналған жоқ, Адам ерінін жымқырып, бір қолының жұдырығын түйді. Хауа о жолы да қымсына, тәтті жымиды, бір көзі Адамда, екінші көзі әлдеқайда ұшып жүрген Қайқы мүйіз Қара жында кетті. Содан бері пәнде пиғылы қылмыстан, ластан арылмады. Екі қол бірін бірі ұрды, екі көз бірін бірі алдады. Дүние ортасынан – Пәк, Һарам боп – қақ жарылды... Тамұқ сонан соң ашылды. Пәнде сенімнен айрылды, екі иығына екі тыңшы-періште қондырылды. Бірі жақсылықты (сауап), бірі жамандықты (күнә) тізіп жазып жүрді. Күнә терушінің (қара періштенің) қызметі күннен күнге көбейе, ауырлай түсті. Себебі Аспан Жерді қыл үстінде ұстамақ-ты, содан тайғанның бәрі қылмыс, күнә, демек Қара періштенің жұмысына енді. Ақ періштенің міндеті аз, жеңіл саналды, өйткені асып-тасып жатқан жақсылық шамалы, сондықтан ол өз беделін күшейту, Аспан алдында салмағын сақтау мақсатымен ептеп мақтау қосып, өтірік жазатын өнер тапты. Жұмысы шағын, қолы бостау жанның жалған сөзсіз жүрмейтінін Жаратушы сонда аңғарған. Енді екі түсті періштенің екеуінің де мәні кеткенін бір-ақ мойындады. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Імм-мі. Ақыры Құдай өстіп, жұмыр Жер, Жердің тірлігі хақында былық-шатыс, қарау ойларға беріле-беріле пәндеден де әрі құлдырап, түпсіз бір құрдымға батып бара жатқанын байқамады.

Жердің қиыр түкпірінде мынадай оқиға болды: Аляскі түбегінің бір кеншісі ат басындай алтын тауып, жезді аспаптар оркестрінің құлақ шаққан үні астында жергілікті қоймаға салтанатпен өткізген. Содан үш күн өткенде әлгі кеншіге жұрттың бәрі күдікпен қарады, ол жайлы қалалық газетке жарияланған мақаланың авторы қудаланды; қосақ арасында бос кетіп бір-сыпыра адам сенімнен айрылды. Себебі алтын жоғалды. Алтын, кенші тапқан кәдімгі ат басындай тума алтын. Қалай? Қашан? Бұндай сұрақты әркім қиналмай-ақ қойды, бірақ жауап берерде... самай атаулыдан тер шұбырды. Жаппай жауап алынды. Біреу кірпігін жыпық-жыпық еткізіп: «таңертең бар еді» деді. Біреу қарсы шықты: «жаңа ғана көріп ем». Енді біреу «кеше кеште көргенін» сөйледі, әркім әр түрлі алып қашты әңгіме соқты. Ал бір түс өтіп, мәселе насырға шаба бастаған шақта осы көргендер түгелімен көрмеген боп шықты. Әйтеуір шахта маңы күбір-сыбыр, ыш-пыш; кезек бастығы күзетшіден күдіктенді, күзетші өзінен өзі қуыстанды, кәсіподақ комитеті он басыдан көрді, он басы бригадирге қарап иегін көтерді, бригадир компания жақты нұсқап саусағын шошайтты, компания шахта бастығын нысанаға алды, шахта бастығы – Сименон осындайда орнында болмайтын бақытты жандардың бірі еді, бұл жолы да оқиға солай қиысты. Сондықтан ол бәрінен күмәнданды, бәрін қосып мәжіліс атты майсыз табаға салып бір-ақ шығарды. Әсіресе сол алтынды тапқан, таныған адамға ыстығырақ тиді. Сонымен, не керек, бүгіндері табылуы, жоғалуымен қоса атағы шығып кеткен сол алтын сақталуға, бағылуға тиісті негізгі орнына жеткізіліп үлгермей қолды болып кетті, сүттей ұйып отырған қауым сабындай іріді. Бірін бірі күндеп, бірін бірі аңдыған жымысқы, харам күндер басталды. Әр екінші кісі ұры, саудагер, жалап, әр үшіншінің шет жұртта байланысы бар секілденді. Әйтпесе сонша үлкен дүние қайда, кімге сіңеді? Қара жердің өзі жұтпаса өзге көмейден білінбей қалай өтеді? Осындай дүдәмал, қарау сауалдар көңілден көңілге құлады. Талайдан қамсыз, қарбалассыз мекемелер жанданып жүре берді, мылтық асынып, ит жетелеген біреулер жетті. Сұрақ, жауап, сұрақ. Тіпті, өмірі жез шыла-пшыннан өңге сарғайған көрмеген кедей кемпірлердің өздерінен суыртпақтап сыр тартысты. Ат басындай алтын қайда? Көптің ауызында бір-ақ сөз: алтын, алтын. Әркімнің әңгімесі: «Әлгі алтын» боп басталатын.
Күдік кеңседен, көшеден ауысып, бірте-бірте үйге, от басына өтті. Әйелдер ерлеріне, ерлер көршілеріне сенбейтін ауру тапты. Әркім көрпесінің тұйығынан күдік, жау іздеп әуре.
– Мынауың аз ғой?– Келіншектер саусақ тырнақтары қызараң қаға жұмалық жалақыны әлденеше мәрте санайды, сонсоң еріндерін сылп еткізіп, бастарын шайқасады: амалсыздың күнінен кешірген түрлері. Бұ сықылды ұсақ-түйекке ешқашан мән беріп көрмеген азаматтар да дереу қытымырлана, тарыла қалды. Асығыс, артық бірдеңе айтып тастамас үшін теріс айналысады, жымиғандары болмаса сөздері қыңыр, әрі дүң шығады:
– Тоқалыма бердім! – Мұндай кереғар әңгімеге кім иланады, дегенмен әйел де пәнде ғой, күдігі одан сайын молайып, қаралай жасиды, қорынады. Кез келген жыныстасының бетіне өшіге қарайды: «осының біздің үйдегі суайтпен бірдеңесі бар сияқты». Өстіп, көрінген көзден күндес табады.
Еркектер – ірі халық, ондай кірпік бағуға бармайды, құралдары әйелдердің көсеу құсатып оңды-солды жұмсайтын көз жасы мен ашуы емес, әзіл ғана. Әзіл болғанда астарлы әзіл. Түйедей зілді түймедей ғып тастай салады, ыңғайлы-ақ, қанарлап лақтыр – салмағы жоқ, артынан ұялмайсың, біреу шын көріп жатса – обалы өзіне, ақымақтығы де де жүре бер. Ал осы әдісті – әзілмен «бауыздауды» мықтап үйренген келіншектер де табылды. Тек Құдай оның бетін әрмен қылсын!
...Сөйтіп, сол алтынның табылуы мен жоғалуы (табылмаса жоғалмас та еді) дүйім жұрттың пейілін бұзды, жазықсыздан жапа шектірді. Сөз, қаңқу – жел ғой, заулап отырып екінші құрлыққа өтті, мұзды мұхиттан соққан дауылдай қари, қалтырата келді. Алтынның жоғалғанына қуанған кісілер тек біздің елден ғана табылды. Бір шал:
– Кетсін кәпір, құрығаны жөн,– деп кесті.
– Мақұл айтасың,– деп қоштады екіншісі,– тегін мал кімге қайыр берген, тфу, бәлекет, тфу! – Қарттар түстерінде алтын көрсе шошып оянысатын. Етек-жеңдерін сіліккіштеп, жағала-рына түкіріседі: «Тәуба, тәуба!» Ертерек кезде құдайы да берген деседі. Өйткені алтынның түсі – сары. Түсте көрінген сары нәрсе – қайғы, қасіреттің белгісі. Ал қазақтың анау-мынауға қайғыра қоймайтыны өзіне аян, демек, үлкен қасірет, ұлы қаза. Енді сол түсіне енсе зәре алатын кесепат дүниені адам өңінде іздеп таппайтын күн туды. Бұ да бір уақыт шығар. «Тәуба, тәуба!»
Сөйткен алтынды көп пәнде байлық, тіпті бақыт санайды. Олар үшін ең ұлы, ең атақты ұғым – алтын. Алла, Періште, Адам. Жо-оқ, оны мұндай атаулармен ауыстыруға болмайды. Қазіргі пәнде Алланы да, Адамды да ауыз толтырып атай алады, тек тіл ұшынан ғана – еміренбейді, елікпейді. Ал «алтын» дегенде бар ма? Бірден елжіреп, еріп жүре береді. Күн шуағы түссе, көр де жадырар еді ғой, со сықылды, «алтын» деген сөзді асап айтқан адамның жүзі, шойын болса да, жымия, жыли қалады. Байлыққа құмартудан ба? Әлде байлықтың атағы мен беделіне бас ию ме? О жағын ешкім ойламайды, ойлағысы да келмейді. Ойдың қажеті не! Батпан ойыңнан бақ таппайсың, саусағыңда алтын сақина жылтыраса, құрығанда бір құрбыңның түсі бұзылады, бақыт деген, міне, осы!
Сақина демекші, осы күндері кербез келіншектер сақина, сырғаларын түгендеп әлекке түсті. Ат басындай алтынның ғайып болуы әркімнің өз асылын еске салды. Кесек алтын магнит боп, қалған, кішкене жылтырақтардың бәрін түгел тартып әкететіндей үрей тудырды. Әр әйел өзінің қобдиша, тартпаларының ауызына алақандарын басты. Дәл бұ тұста көбінің жадына: «бақыт – құс» деген ескі түсінік оралды. Құс болса – құс шығар, қонып тұрып, ұшып кетті емес пе?!

* * *

Алтынды Қара періште әкеткен. Түн жамылып, қанатының асты сарғайғанша, ұзақ ұшты. Ежелгі ептілігі, қол өнері мен қарау пиғылы іске асты: алғанын да, межелі жеріне жеткізіп түсіргенін де жан иесі көрген жоқ. Ұрлық оңай ма, қауырсынының ұшына шейін қалтырап біткен-ді. Әуелі алтын түнде жарық шығаратын секілденді, пәнде көзіне шалынып қалудан қауіптенді. Артынша бұл асылдың жылуы да, пәлендей жарық та бөлмейтінін (нағыз ұрлықтың мүлкі!) түсініп, мықтап қуанды, әйтеуір, пәнде көзіне түспейді. Сонсоң аспан астында босап жүрген жын, сайтан мен қаңғыбас періштелерден сескенді, қолындағысын солардан қызғанды. Олар тарапынан да еш қатер сезілмеді, ақыр аяғында, құдіреті күшті Құдайдың өзінен секемденді. Хақ-тағала желкесіне бір нұқып, алтынды тартып алатын сықылданды. Қара пиғы-лыңдағы қауіптің ешқайсысына кезікпеген соң, анық жеңісіне әлі де болса сене алмай, бір қолтық сары тасты шөмеле шөптің үстіне әкеп қойды да, сыртынан бақылады. Ойы: алтынға кім бұрын ұмсынса – күнә-пәле соныкі, Алла алдында жауап тартар да, сол, әрі періште әулетін бір сынамақ-ты. Бір қол күйіп, бір күнә ашылғасын – бәрібір, бар бүлік соған жабылады, ал алтын қалады, сонсоңғы ие – өзі. Осы оймен алтынға табиғи түр беріп, жатқан орынына жарастыра түсу үшін бір шетін топыраққа батырып салды. Одан, анадай ұзап, артына қайырылды – қолмен қойылғаны белгілі сияқтанды, қайтып кеп асылын өз салмағымен дүрс ұрды. Бос, қамдауыт жер ауыр нәрсені жартылай жұтып жіберді. Қазынасын осылайша, әлденеше толғап орнықтырған соң, өзі биігірек қалқыған тоқымдай қара бұлттың арасына кіріп жасырынды.

І

Қараның бұл қылығын қапелімде Хақтың өзі ұқпай қалды. Қара да болса періште еді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Тайғаны осы да. Сөйтіп, періште халқындағы пәнде қаңқуы расқа шықты. Ал тексер, Құдай, көзің жетсін! Найзағай жебелі садағына бұйрық жасағалы оқтала берді... Жо-жоқ, Алла аптық қылмас болар, оның үстіне Қара періштенің Аспан атына сіңірген ескі еңбегі бар, қылт еткенді қылмыс қып қыра берсе кім қалар. Әрбір қатал жан өзін боспын, көңілшекпін деп есептейді. Мына секөнтте Құдай да осылай ойлады. Айнала беріп Қара періштенің түпкі мақсұтын ұқты, өзінің әлгі «бостығына», «көңілшектігіне» қуанды. Өзіне сайтан ба, адам ба, періште ме – бәрібір, тек қайсысының болсын күнәға бата бергенін қалайтынын тағы бір мойындады. Сонсоң дүрбісіне қайыра үңілді. Алып Аспан, Құдіреттің көзінде, кішкене, дөңгелек аквариум іспетті. Күн, Жер, Ай, Шолпан, Марс – сол аквариумдағы титтей-титтей шабақтар екен, әрқайсысы өз ауанымен жүзеді, әрқайсысынан әртүрлі сәуле тарайды. Сәуле планетааралық хрусталь-кеңістікке қирай сынып, бір түрлі дыбыс шығады. Әр түс, әр бояу өзінше үн қатады. Соның бәрі жамырай, жараса келгенде құлақ тұндырар алыс шыңылға айналады. Шыңыл бір нота, бір биіктікте тұрып алады. Мәңгілік пен тыныштықтың дауысы – ұлы дауыс, ұлы шуыл!
Мұндай сәтте Құдай өзінің құдайлық мансабына ырзалық қылады. Осынша күрделі әлемнің Иесі – өзі, иә, жалғыз өзі. Бәлкім содан болар, «жалғыз» деген ұғымды жаны сүйеді. Әттең, өзінен өзгенің жалғыздығын кешірмейді. Жалғыз боп не бар сонша? Бәрі бірдей Құдай болмақ па?! Бұл ретте дәрежелес, күндес көрініп, ойына алдымен оралатын пәнде Лев Толстой мен жұлдыз «Темірқазық». Мұның жайы бір хикая: Жалғыз Иенің о баста жұлдыз жасау ойында жоқ-ты. Бетімен кеткен бір плане-таны жасқап, таяғын сілтеп қалғанда ұшындағы темірі ұшып кетті де Аспан күмбезінің ең биік тұсына барып қадала қойды. Таяғының ұшын со бойда қайта кигізіп алуына құдіреті жетуші еді, періште, жын-сайтандар шулап кеп мақтасты. «Неткен өнер, неткен құдіреті!» Жылы сөз Алланың ішіне де майдай жұмсақ, жағымды тиді. Дегенмен, ол жұлдызды жалқы тастамауға бекінді, соны жалғыз етпейім деп кейін қанша жұлдыз жасады! Әуелі бірін, сосын онын, жүзін, мыңын, миллионын... Сөйте-сөйте Аспанды быжынатып жіберді. Ақыры «Темірқазықты» екеу ете алмайтынына көзі жеткен соң қолын бір сілтеп, теріс айналып тынған. (Толстойға да сөйтіп қыңырайды, жазушы жұртты қаптатып кеп берді, бірақ...) Сонан бері таяғын, енді ұшатын ештеңесі болмаса да байқап сілтейді, сондағы әнтектігін есіне алғанда әлі күнге жаны шымылдайды. Не деген жеңілтектік, не деген ұстамсыздық еді! «Бетімен кеткен» ол планетаны ертеңіне-ақ құртты, тоздыра-тоздыра тозаңға айналдырып, бөтен галактикаға ықтырып салды. Осы қазір де соны, сол оқиғаны жадына алған, қабағы қалыңдай түсті. Тіпті жаңа бір сәтке көңілін толтырған мансабының өзі мақұрым көрінді. Неменеңе шіренесің, сенен басқа жалғыз жоқтай-ақ?! «Темірқазық», жеке-дара жарқырауын көрдің бе? Қане, Құдай екенсің, қылып алшы! Ал Лев Толстой? Дүйім дүниенің көркем ойы соның сақалына оралып, бүгінгеше шыға алмай жатқан жоқ па!.. Әлгіндегі сайқал, сұлу әлемнің көркі заматта өшті: құбылма бояу, мың сынған жарық, сиқырлы үн де жоқ, қараңғылық тақтасында биллиард шарына ұсап қақтығысқан, қаңғыбас планеталар ғана қалды. Құдіреттің өзі биллиард білмейтін, әйткенмен, осы арада әлденендей бір соқыр түйсік пәнде тұрмысында сондай ойынның бар екенін сездірген сияқтанды. Таяғын кии ғып оңтайлап, жақынырақ тұрған бірін көздей бастады. Түртіп жіберсе, домалап барып екіншісіне соғарын түйсінді. Түйісіп қираған «шарлардың» ауыр, тұншыға шығатын дыбысы, содан ұшажақ шаңға шейін көзіне елестеді. Сонсоң Аспан кеңіс-тігінен ізі жоғалғалы тұрған екі бірдей үлкен планетаға мүсіркей назар аударған, еркінен тыс күрсініп салды. Көкірек тұсы жидіп жүре берді. Таяғын тағы ыңғайлап, бүтін бол-мысымен ұмтыла түсті де, кейін серпілді. Қатал Ие сараң ғой, планеталарын мүлік санады, әрі... жұрт не ойлайды? Періш-телі, сайтанды, пәнделі дүние қаңқуды қалай қиыстырар?! Алла өзі жасаған Аспанын өзі ойран ғып жатыр десе қайтпек? Өстіп толғанғанда тұла бойы түршігіп кетті. Құдай ғой, Құдай кімнің алдында есеп беруге тиіс?! Нұқып жіберсе қайтеді? Жо-оқ. Бұйрық, билігінің шексіздігін ұғынған сайын қорықты. Таяғын көкжиекке сүйей тастап, қолына қарады: саусақтары дір қағады, дірілді басу мақсатымен жұдырығын түйді, енді бүкіл денесі селкілдеді... Жүйкесінің әлсірей бастағанын ғұмырында тұңғыш мәрте со жолы мойындаған, содан бері мойындап келеді, мойындап келеді...
Қайтадан Жерге қадалған, құлап бара жатқанын сезінді.Жер әуелі ақ, жап-жарық шар, сосын қызғылт, сосын көгілдір, ақырында жасыл боп шалынды.

ІІ

Әңкүр-Нәңкүр тағы да қожасы – Құдай төңірегінде ой қозғады. Кейінгі әзірде Хақтың пиғылы түгіл бұйрығының өзін түсінуден қалған. Бұл күнә дүниесінің сыр-сыпатын енді-енді ұғына бергені сол-ды. Аспанға шақыртып алды. Сондағы салған қызметінің сиқы мынау: Жер жүзінен өмірі өтірік айтпаған, әрі асқан дана адам табу керек. Мәссаған! Құлының құлқын, арын сарапқа салған түрі ме? Әңкүр-Нәңкүр мықтап қиналды. Алланың өзінен басқа жалғызды жақтырмайтынын бұ да білетін-ді. Жалқыны, жалғызды іздеттіруіне қарағанда құдіреттің қаупі әлі күшті болды ғой? Шабарман талғап, таңдап кеп Лев Толстойға тоқтады. Қазіргідей жадында, Толстой да өлді. Оның күнәсін тексеруге де өзі барды. Әуелі қай халық, қай шариғаттың заңын ұстанарға білмей бас қатырды. Сонсоң мойынына ешқандай күнә қоя алмай састы. Тас қараңғы көрде тірілтіп жібергенде пәнде атаулының қай-қайсысы да есінен адасатын. Талай пайғамбарлар мен патшаларды қалтыратып еді. Мына адам солардың ешқай-сысына ұсамады. Бірден жасқап, ықтырып алу тәсіліне көшкен. Анау ақыра түрегелді. Пәнде кім, періште кім? Аздан соң осы екі түсінікті айырудың өзі қиындап кетті. Өйткені тергеу, тексеру билігі Толстойдың қолына өтті. Әңкүр-Нәңкүр не айып тақса – теріске шығарды, бәрін өзінше дәлелдеп, өзінше үкім кесті. Дүние туралы соған дейінгі Аспан ұғымынан түйір қалдырмады. Әп-сәтте куә да, күнәкар да – Құдайдың нақ өзі боп шыға келді. Әңкүр-Нәңкүр, сөйтіп, ақыры қайсар қарттың Қара емен түбіндегі қабірінен қашып құтылған. Енді со қыңырды Құдірет алдына тартарда өз талғамының дұрыстығына шүбәланған жоқ. Аспанға, әрине, Толстойдың есімін ғана апарды. Тәнді, денені жандандыруға Хақтан бұйрық тілеген, ала алмады. Алла сіресіп жібімеді. Жаратушының бұ сараңдығын Әңкүр-Нәңкүр басқаша жорыды: ондай кісімен жүздесуден Құдайдың өзі тайқып отыр деп түйген-ді. Сонымен Аспанның күрзілі шабарманы тағы да Қара жер топырағында, тағы да тексермек, тағы да барламақ. Кімді? Бұл жолы тек өзін, Әңкүр-Нәңкүрді ғана, ат басындай алтынға және бір қараған, манағы қалпы, Қара періште әкеліп тастаған жерде жатыр. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Періштені жолдан тайғызатын құдіретті қайда? Бәлкім, пәнделіктің құлқын құмарлығынан туған өтірік пәле шығар? Әлде періштенің Құдай алдындағы беделін кетіру үшін сайтанның ойлап тапқаны ма?
Әңкүр-Нәңкүр Иіс пен Дәм ләззатын татып үйренген-ді. Сондықтан алтынды көрген көзінен тапқан әсеріне қанағат-танбады. Қалай толғаса да бұған әлі ашылмаған құпия бір қасиеті бар сықылданды. Алтын десе адам атаулының құлағы ербиіп шыға келеді. Түсінің сарылығынан ба? Жо-оқ, басқа, басқа бірдеңе. Періште сол «бірдеңені» Иіс пен Дәм деп тапты. Тым жақындамай, иіс жететін жерден бірер мәрте айналып өтіп еді, ештеңе аңғарылмады; енді дәмін татуға көңіл етті, бірақ... бассалуға батпады, Құдай пиғылының тарлығын ескерді. Нақ осы кезде таяп қалған сіңірлі қара қартқа көзі түсті.

ІІІ

Ақ тұмсық, қоңыр көк есектің үстінде екі аяғы жер сызады, түйе мойнағындай қырыстана қатқан шал. Әжім атаулының ең сорақысы маңдайы мен желкесінде. Маңындағылар ылғи жас – қыз, жігіт, бәрі қарттың ауызына қарайды, ағара-ағара сарғайып кеткен майда сақалын жел қалай қисайтса – солай жапырылардай, демін бағысады. Шал шөмелеге тақай бере тізгінін ірікті. Тақымындағы ұзын сапты кетпенін суырып, жүзімен алтынды нұқып-нұқып қойды. Сонсоң айналасындағыларды биіктен шола, ойлана тұрып сөз тастады:
– Мынаған, – осы тұста қарттың бір танауының үсті жыбыр етті,– мынаған түк өтпейді, ғұмыры түк өспейтүн, біліп қойың, түге,– деді. Сосын есегінің мойынын тізгінмен бір қағып, өтіп жүре берді: «ішіт тішу!»
Ал Аспан бұ сәтте аласарып, шұғыл тарылып келе жатты. Ә дегенше жұмыр жер басына төнген қара пәле құсап, сеңсең бұлттарын пұшпақтатып, шөгіп алды. Хақ-тағала найзағай жебелі садағына бұйрық қылды. Бұйрық бойынша, оқ алтынға кім бұрын қол созса – соған атылуға тиіс болды. Келесі секөнтте Жерге қарай Жаратушының өзі ұшты. Құдай құқы – қаһар оғының қуатын өз көзімен көрмек-ті. Күнәкардың табанда күлге айналғанын қызықтау ләззатын өзінен өзгеге қиғысы келмеді. Және ешкімге сенбеді. Өстіп, енді бір қас қағымда алтынға Әңкүр-Нәңкүр ұмтылды, оның қолын қаға Сайтан, сонсоң Алланың өзі жетті. Ең батыл созылған қол – соның, Хақтың өз қолы алтынды бүре берген, кенет Аспан асты жасыл күлгіндене кеп, әлдене шатыр ете қалды. Шөмеле лап етіп, жанып кетті. Анадай жерде сиырдың кепкен жапасын жиып жүрген бүкір кемпір қалтырай күбірледі: «Сұбханалла, сұбханалла, жасын түсті-ау жарықтық».
Алтынның міні құрамады, сол сары, жалтыр күйі, жүзінде үш дақ – Құдіреттің, Сайтанның, Періштенің орыны ғана қоңырайды. Қайқы мүйіз Қара Жын Жаһанды жаңғырықтырып қарқылдай, есінен адаса күліп, әлдеқайда жөнелді. Аспан бауырын жеңіл көтеріп, ілез биіктеп барады.