Ол – жетімек,
Мен – жетімек, жетімек –
екеуміз тым бауыр басып кетіп ек.
Шама аралас жуындыға қанып ап
еруші еді сылдыр-сылдыр маңырап.

Екі құлақ – екеуі екі шекеңде –
ал, секеңде, секеңдеші, секеңде!
Титтей аузы таппайтұғын бір тыным –
о, кішкене менің қара құлқыным!

Аяу сөзін айтыппын-ау бекер көп –
жетім лақ та ойнайды екен секеңдеп!
Лақ – жетімек,
мен – жетімек,
жетімек –
екеуміз тым ұғынысып кетіп ек.

Жаутаң қағып жанарымен мөп-мөлдір,
қараушы еді көрмегендей көптен бір.
Кетті отығып әрнені бір түртіп-ақ,
тұмсығынан жусан исі бұрқырап.

Маңырайтын кеп...
жетім аты жойылды,
жойылғаны – бір қонаққа сойылды.
Мен есейдім.
Талай ешкі ұстадық:
жаз – төлдеттік,
күзде – қырқып,
қыс – бағып...
Кеше сол лақ маңырап жүрді түсімде –
ешкі-ғұмыр бара ма екен қысқарып?!

1978