Шашты ағартып, жапырақты сарғайтып,
Жылдар өтіп бара жатыр жылыстап.
Мысық табан – мезгіл, рас, жымысқы-ақ:
аңғармайсың келгенін, не кеткенін.
Бірақ мезгіл өтпейді екен теп-тегін:
әр дем үшін, алу үшін тағы дем
төлейді екем самайымның ағымен,
бет әжімі, маңдай бағы, қырсығы,
білек күші, шеке-тамыр дүрсілі –
төленеді екен соған бәр-бәрі;
ал, қалғаны?
Бар ма, сірә, қалғаны?!
Бұтада тұр сары жапырақ ілініп,
Жүрегіме ілініп тұр бір үміт.
Болғанымен уақыт – ортақ, тіл – бірдей
шашым түсті ағарып та үлгірмей –
үнімді жұрт тыңдады, рас, ал мәнін
Ұқпады ешкім, не ұқтыра алмадым:
Қараны – ақ, ақты – қара деп кестім,
Қырық ермен қыңырлық боп беттестім,
Себебі, олар сыртын көрді бар істің,
Мен тек қана ішкі күшпен алыстым:
Көзім менің маңдайда емес, расында
көзім менің – жүрегімнің басында.
«Самай ағы» араласса сөзге егер,
самайыңа қарайтұғын өзгелер.
«Сары жапырақ» араласса сөзге егер,
күздің бұлтын іздейтін де – өзгелер.
Мен – мәңгілік жапырақпын жап-жасыл,
Елім – шырша, тамырында жалғасым...
Жапырақты «сары» деген жұрт – ақымақ,
жапырақ – көк,
сондықтан да ол – жапырақ!
1980