Үйден алыс шыққанда екі аманат қалдырам,
бірі, ұлым, өзіңсің,
екіншісі — домбырам.
Екі асылым — екеуің,
жүдеп жүрмін ішімнен,
мен ауылдан шыққалы сендер шықпай түсімнен.

Иіскеп жүрем түн бойы мандайыңнан, жалғызым,
шертіп жүрем түн бойы домбырамды алғызып.
Әлдекімдер сені ұрып жүреді ылғи жылатып,
домбырамды жүр біреу дың еткізіп құлатып.

Сен, әрине,
оянсам жоқ боласың, шырағым,
үні бірақ қос ішектің құлағымда тұрады.
Асығамын содан соң үйге, бітіп шыдамым,
поезбен кеп,
қайтуым — самолет боп шығады.

Есік қағам мен ылғи асыққаннан кешігіп,
қағам сонда күй менен махаббаттың есігін.
Кекіліңнен сипамас бұрын сонда мен сенің
сипап көрем қос ішегін домбырамның,
кеш, ұлым.

1969