Тұрмыз, міне, вокзалда...
Үлкен де тұр, кіші де тұр, тұр бәрі.
Құлақта тұр таңғы желдің ырғағы.
Сықыр еткен кей ботинка табаны
Жұртты өзіне бір қаратып алады.
Жұрт тып-тыныш.
Демін жиып ішіне
Сеніп тұрды бір төзімнің күшіне.
Көңіл шіркін қояды тек өрепкіп.
Талай көзден әрі де өттік, бері өттік.
Біреу тауып бірге оқыған құрбысын,
Сыйлап тұрды салқын сыра бір жұтым.
Айрылысқандар бұдан талай жыл бұрын,
Қайта туып табысатын күн бүгін!
Ал мыналар бір қалада жүрсе де
Өте сирек көреді екен бір-бірін.
Басқа жерде кездессе олар
сол үшін
Білер еді-ау мөлдір бокал толысын.
Бірақ мұнда…ел көзінше бұл жайсыз,
Бір-біріне жымияды ыңғайсыз...
Күтіп тұр жұрт… күтті біреу жан-жарын.
Көңіл өлшеп сағыныштың салмағын.
Күтті біреу бір көрмеген келінін,
Күтті біреу жастық шақтың желігін.
Күтті біреу жылт етуін сырғаның…
Күтті біреу жаңа жырдың ырғағын.
Бәрі, бәрі тұр үмітке құрбан боп.
Бірақ ешкім ажал күтіп тұрған жоқ…
Әлі тұрмыз вокзалда.
1963