Есігімнің алдына терек өсті,
Өсірем деп мен соны ерегестім.
Не нұр құяр аспанның Күні емеспін,
Не нәр берер құнарлы жер емеспін –
Өсірем деп бәрібір ерегестім.
Тамағымды қойып ем бірер кенеп –
шыға келді шыбыққа бүр өрмелеп.
Ақыл қосты сексеуіл:
«Күлкі етеді,
есер жасты еркіне жіберме» деп.
Саңқ етіп бір күліп ем:
Жауды-дағы
Күміс жаңбыр,
Жапырақ жалбырады.
Жыңғыл айтты:
«Жаздағы жапыраққа
Үміт артпа – көңіліңді қалдырады».
Терек өсті:
Несіне ерегестім –
Шуақ емен, не жылы жел емеспін.
Күш бермеді сол терек, ерек өсті,
Қалай өсті?
Сұрамады менен ешкім.

Ағаш егем, қаласам, қала салам:
Мен ұқсаймын, шуақ Күн, ауа, саған.
Мен сенімен, ей, көктем, оңашада
Мейірімділік жөнінен таласа алам!

1980