Айнала аппақ, аппақ дала, қар аппақ,
Ойнайды жел аппақ қарды парақтап.
Бір шанада екеу отыр құнысқан,
Үйіріліп ілеседі күміс-шаң.

Тұяқтардан кесек-кесек қар ұшып
Дөңгелейді, басқан ізбен жарысып.
Құрысқан қол көтерілген жағаны
Әлсін-әлсін ебдейсіздеу қағады.

Таяп қалды, таяп қалды екінді.
Боз аспанның батыс жағы кетілді.
Бірте-бірте қүн барады қызарып,
Арлы беттің ұялғаны секілді.

Сұрғылт мұнар сайға қонып қалыңдап,
Көлеңке жүр жыраны өлшеп адымдап.
Көкжиектің сұп-сұр болған ернінен
Қып-қызыл күн сүйді-ау, шіркін, жалындап!

1963