1
Жылжыды күй бір ырғалып,
Күйші отырды «кел де келге».
Күлсе көздер жымың қағып,
Сезім қайтсін жеңбегенде!
Дарыды күй шым-шым етіп,
Ұмыт қылды бұл әлемді.
Әр жүректі шымшып өтіп
Күй бұраңдап шыға берді.
Күй сөйледі – тынды бәрі,
Соқты теңіз көлкіп жарға.
Жапырақтың сыбдырлары
Араласты толқындарға.
Күрсінді күй – не тіледі,
Келмеді күш «бер де берге».
Жеп-жеңіл үн секіреді
Пернелерден-пернелерге.
Күй жымиып күлді міне,
Өкініштен болды да ада.
Жата кетті бір дүние
Басын сүйеп домбыраға.
2
«Сарыжайлау» – алтын гүлі,
Сардаламен сыңсып ақты үн,
Көлеңкенің салқындығы
Жылылығы күншуақтың;
Жапырақтың сарғайғаны,
Күзгі құстың сайрағаны;
Жылқышы әні шалғайдағы,
Үйде қазан қайнағаны –
Қосылды да бәрі, бәрі...
Исі, түсі күйге сіңген.
Ну, ағаштар жарылады
Қара жолға сүйретілген.
Көкжиекте тұман жылжып,
Түтін жапты кепелерді.
Бар үмітті күмән қылғып,
Жұтып алып кете берді.
Күлді Тотаң тарқап мұңы,
Жеңілдетті іш құсаны.
Тәттімбеттің бар шаттығы
Бірақ бұлдыр түске ұсады.
Ұшты жапырақ қалқыды да,
Күлкісін күй тыйды кенет.
Домбыраның алқымына
Кек тірелді бір керемет.
Жөнелді күй бұрылып ап,
Тағы, тағы... неге егесті?
Бірі тұрып, бірі құлап
Көп толқындар төбелесті.
Қайда, қайда... бар жаңағы
Бір адамдар жүз көрінген? –
Күйші көңлі қарманады
Тыңдаушысын іздеп үйден.
Толқыды күй, жыра-сайды
Толтырды да алға аттады.
Әр қырқаны бір асады,
Әрбір тауды салмақтады.
Күй – сол күннің жетім кегі,
Кеудені кек құшақтады;
Күй-теңіздің бетіндегі
Көлеңкеге ұсап бәрі,
Күй үстінде тұрды бірге,
Күйсіз тірлік қалды мында.
Қатысты ма бір дүбірге
Мың аяқтың барлығы да?
Сұлулықты сырлы етуге
Келді екі ішек бір «жетімге» –
Көрді Тотаң күй бетінде,
Көрді өмірін, суретін де.
Беті сұлу, аржағы дерт,
Шикі дүние – жаман еді:
Арман өсіп, арман үдеп,
Кішірейді адам өзі.
Күйдің жағы талды жырлап
«Сарыжайлауды...» заманын да.
Іркілді күй, қалды кұрғап
Тәттімбеттің тамағында.
Көкейіне батқан кекті
Жіберді әрі сәл жұтынып.
Күй көтерді аспан-көкті,
Күй аспанда алды тұрып...
3
Күй де көшті қырдан-қырға,
Өңгеріп ап келешекті.
Барлық дала – бір домбыра,
Заман қолы шебер шертті.
Түскенде арай кешкі көлге,
Жаңарды ылғи көне күйші.
«Сарыжайлауды» естігенде
Боз жусанның келеді иісі...
Әкел, өмір, күйіңді әкел,
Күлмек едім күйіңменен.
Күй жасымен сыйынбақ ем,
Күй басымен иілмек ем!
Шертем Тотаң күйін бүгін,
Көрген жоқ қой құмар тарап.
Туған жердің сұлулығын
«Сарыжайлау» жүр арқалап.
Әр нотасы желпінтеді,
Әр нотасы мұңайтады.
«Сарыжайлаудың» жел тілдері,
Жел тілімен Күй айтады:
«Тыңдаңыздар – тамаша бұл,
Отырыңдар мұнда, бері,
Көркемдікті қаласа кім,
Болса одан кім дәмелі;
Кім зар-мұңның татса дәмін,
Сол қарасын аяп маған!
Солар үшін басталамын,
Солар үшін аяқталам».
1963