Неше түрлі жалқау мен қырсау мінген,
Поэзия секілді бір саулы інген.
Ботасы өлген секілді ертеде оның,
Абай жатқан баурында кер төбенің.

Қасым жатқан шет жағын боз даланың,
Саулы інген-жыр кезеді боздап әлі.
Ботасы өлген батады Ана мұңға,
Ілиястың Құлагер заманында.

Алаяқ пен не түрлі қырсау мінген
Поэзия – жүр әне, бір саулы інген.
Ботасы өлген батады Ана мүңға
«Аралды» ашқан Әбділда заманында.

Боз інген жүр, бір ойға бекіндім мен:
бұйдасын қиып кеткен секілді інген.
Бір желіге тоқтары, келері анық
деп ақындар жөңкіп жүр шелек алып.

Қайтіп бүтін бұл ырыс тисін бірден
Жебір қолға саумаған – исіндірген?!
Бір тамшыға біреу жүр құны қалып,
Біреу шықты, әнеки, тұлып алып.

Байғұс інген... бүйірі бүлкілдейді,
бота-қайғы бауырын түртіп жейді.
Бір шелекке нәр тамып бірер қасық,
бірер көңіл қалды, әне, құмар басып.

Ол бақыттан, достым, сен қалдың аман,
Ең тынышы – қой бағып, мал құраған...
Бос шелектің дауысы-ай даңғыраған,
бос шелектің дауысы-ай даңғыраған.

1981