Қали Жантілеуовке
Жақсы ұлына ананың
жаман білмес табына.
Сондықтан әр дананың
соры да бар, бағы бар.
Соры оның – жандырып
күндес тапты жақыннан.
(Басы бардың барлығы
дәмелі ғой ақылдан).
Бағы оның... бағы не,
бағы – ұл боп тууда;
бұрын өліп бәрінен
Кейін ұмытылуда...
Тірі қалу сол түнгі
Сальериге қорлық, ә?
Өлтірді ол, өлтірді,
Өзі өлудің орнына.
Жылады ғой жан сап ол,
Көз жас қызық – түсі жоқ.
Өзгенікі болса жан
Өлуге де кісі көп.
Өсті Моцарт, менсінбей
кетті алыс елес боп.
Не үшін өсті дейсің бе?
Өлу үшін емес тек.
Оқыды өмір жат үкім.
Тастады ақыр бір сызып,
достарының бақытын
жауларының қырсығы.
Кім ойлаған өсед деп,
бала – Моцарт – сөз бе еді.
Күндеп яки өсектеп
Өсіретін өздері...
Зал
Күлдіре ме зал іші – үн жамырап, өріп ән,
үлбіреме, танысым, жылдамырақ орын ал.
Қолдан келсе артқа отыр – ағалығым, ақылым
жамандасаң күйшіні – жамандай гөр ақырын:
тым естігіш келеді құлағы оның ақылгөй,
ал, тынышы бәрінен – үндемеген мақұл ғой.
Бұған шамаң жетпесе, осы залдың ішінен
сен де таныс іздейсің – түсінем ғой, түсінем.
Келеді екен кейбіреу жүріс болсын деп бүгін
және мақтан етуге танысының көптігін.
Енді бірі келді дейд концертке емес – өсекке,
көркем үнмен көңілді асыраймыз десек те,
Көрінгенмен мына апай жүзі сынық, ойлы өңі,
келді дейді жаңа алған көрсеткелі көйлегін,
түгел қаттап етегін, қадап басып өкшесін,
тізеңді аттап өтеді әрі аунатып бөксесін.
Кешірім де бәріне.
Бірақ мына бір шірік
үкім айтты күйшіге –
Кетті жаным түршігіп....
Кейбір жеңгей қызынып қол соғып ап тепеңдеп,
Күй шерткенге (сұрайды ол) қанша алады екен деп.
Жо-жоқ, досым, ешкімге кінә тақпақ жоқ ойым,
тым құрыса, ақ деген бір атақты ап өлейін.
Әйтсе де осы залға әркім әр түрлі боп келеді,
біреу алып қайтады, біреу барын береді.
Осы екеуден өзгесі – қауіпті жан ұдайы,
содан сақта – сақтасаң, ауытқыған «құдайым!»
Концерт
Тентек үн кетіп еді дауылдап бір, –
аңқиып әр жерде бір ауыз қапты.
Түтінсіз жанды көздер,
ал, қылшыбық
сағадан скрипканы бауыздап тұр:
қан емес бірақ одан, дыбыс шапшып,
әркімге өз шекесін уыстатты.
Біреудің шайқады күй толы жанын,
біреудің көңілінен қуыс тапты.
Біреулер отырды ескі тастай жүдеп,
жамалып көне арманға жас қайғы кеп.
Біреулер елегізді: мына шіркін
қаққылап қайда апарып тастайды деп.
Ұққандар күйшіні аяп, күйді еске алды,
жүздерде рахат пен бейнет талды...
Үшінші біреуге күй аю басын
иді де,
жүрегіне жайылды асыл.
Сездірді содан кейін, бас пен Бастың,
өнер мен өлерменнің айырмасын...
Зал тымық... күй кетті тек дауылдап бір,
аңқиып әр жерде бір ауыз қапты.
Күшті қол скрипканы қылқындырып,
алқымнан ақтарылтып бауыздап тұр.
Қайтеді өзін таспен атқанды аяп,
кек алды өз күшіне мақтанбай-ақ.
Шыңғырта тартады ол,
қырғышпенен
Жауының басын кесіп жатқандай-ақ.
1967