1. Қарулар палатасында
 

Қ. Мұхамеджановқа

...Кіріп келдім сонау өткен күнге мен,
Өткен күннің салқынында тұр денем.
Ат делбесі, сабы-дағы найзаның
Бұдан талай ғасыр бұрын кірлеген.
Сары алтындар – салқын рух, жылы ұшқын
Жүзінде тұр дір-дір етіп қылыштың.
Бір халыққа патша болған баяғы,
Анау әлгі... Қаһарлы Иван таяғы.
Мынау бөрік... неткен ауыр, жасаған!
Жеңіл шығар Мономахтың басы одан.
Патша сыйлық қылса ол кезде патшаға
Береді екен (мықтағанда) ат-шана...
Анау бұрыш – алтын күйме пар-пар ат,
Сол заманның құлқынын тұр арқалап.
Көзі өмірде тоймаған-ау шамасы,
Мынау киім түрлеріне қарашы.
Бір шапаннан нұрлы шығыс бояуы
Маған қарап күлімсіреп қояды.
Мына аяқта тұр Байронның көз жасы,
Төгіп алма, достым, байқап қозғашы.
Ал, мынасын түсінбедім тегі мен
Сыйлық дейді Уйтменнің елінен.
Одан-бұдан келіп кірген «олжаны»
Күзетер ме Лермонтовтың қанжары? –
Бір бұрышта көрген түстей тұр алыс,
Жүзінде – кек, желкесінде – қуаныш...
О, керемет! Шымырлатты құйқаны
Қамшыларға жұғып қалған құл қаны.
Балшыққа емес, қанға шіріп тозғандай
Сол кездегі патшалардың ұлтаны.
Бірақ, бірақ... табақшаны көр мына
Гүл салыпты Христостың орнына,
Сол бір өшіп бітер күннен – обадан,
Келешекке қол созыпты сол адам.
Көріпті ол бүгінгінің гүл-жүзін –
Көріпті ол ертеңгінің жұлдызын,
Гүл салған қол қуаттырақ дер ем мен
Мың-сан мылтық жасап шыққан шеберден!
Салқын сәуле құйылады төбеден,
Қарулардың ызғары өтті денеден.
Жүр, Қалеке, шығайықшы,
салқын бұл,
Салқын екен сәулесі де алтынның...

2. Адам – толқын

Қандай ғажап толқығаны Адамның,
Толқын, толқын – ырғағындай жаңа әннің.
Келе жатыр жаңа толқын, жаңа ырғақ
Секундтардың қанатына дамылдап.

Секунд сайын туған ойдай санадан,
Секунд сайын көрінеді жаңа Адам.
Көз алмаймын, көз алмаймын манадан,
Неткен көп ед біздің жерде жаңа Адам.

Орыс, Негір, Қазақ, Қырғыз деп атап,
Бәрін алға тартып жатыр Болашақ…
Адамдарды, адамыңды бір көрген
Қайта көру қиын екен бұл жерден.

Минут сайын жуылады бұл алаң
Көлеңкемен көп аяқтан құлаған.
Ескі жырын, ескі шаңын сананың,
Жуып жатыр әрбір секунд – жаңа адым!

Қарт Москва лүп-лүп етіп жүрегі,
Әр сәбидің адымымен жүреді.
...Әрбір халық сөйлесе де әр тілде,
Барлық халық бір-ақ тілде күледі!

3. Қыздар моласы

Мраморлар, мраморлар!..

Жұрт көзінен аққан жасты бұршақтап,
Мраморлар қайсарлықпен тұр сақтап.
Мраморлар, мраморлар безерген –
Қыбыр еткен тірлік іздеп кезем мен.
Айнала үнсіз, үнсіз болып мен тұрмын,
Бүгінгісін көріп қана ол күннің,
Жота-жота топырақты көр мына:
Ұқсайды бұл бір апаттың орнына...
Мраморлар, мраморлар – кіл үнсіз,
Сөйлеуге тіл, иілуге буынсыз ..
...Міне, мынау Гоголь ақын әйгілі,
Блок жатыр – баяғыша қайғылы.
Есениннің кең даласы жап-жасыл.
Анау жерден көтерді бір шал басын:
«Неғыламыз тағдыр басқа салғасын
Сезем күйдің енді жерде қалмасын!» –
Затаевич отыр құрып малдасын.
Кенеттен бір жуан дауыс гүр етті,
Мрамордан жұлып алды ол жүректі –
«Владимир Маяковский» деген үн
Жаңғырықты гудогындай дененің.
Мраморлар жаңғырығып жатты бір,
Естігендей бұл есімді тап бүгін,
Владимир Маяковский деді алап, –
Тастар кетті төмен қарай домалап...
Кешір, досым, болған жоқ-ты дәл олай,
Қиялыма сенемін мен баладай.
Естілсе егер Маяковский деген үн
Дәл осылай естіледі – сенемін!
Мраморлар – ескерткіштер тұр үнсіз,
Сөйлеуге тіл, иілуге буынсыз...
Қызық атау: «Қыз моласы» несі бұл,
Қайда қоймақ ақындардың есімін!
Сұмдық!
Деуге жетпей тұрды батылым,
Әлде ақынды... ескерткіштен қызғандым?!
Әлде халық барлық жақсы ақынын
Жүрегіне жерлеген бе қыздардың?! –
Тоңбасын деп бұла-жырлар...

Мраморлар, мраморлар!

1963