«Көру керек, көру керек келгесін», –
қарт күрсінді у-шу болып кеудесі.
ауыр тыныс алдым білем мен де осы.

Қадалатын сықылды ғой оқ түрлі,
оқ ізіне қарап біреу көп тұрды.
Тітіркендім,
шымыр етті маңдайым,
біреу менің көк желкемнен жөткірді.

Кім қалды екен жауған оқтың астында?!
көзі болса батар еді тас мұңға!
Кім киді екен мынау темір телпекті?
Тағдыр оғы, ей, адамды басқа ұрма!

Майдан десе ораласың сен еске:
ер бейнесі, ал, елесте, елесте!
...Сол бір жылы Москваның түбінде
менің әкем киген каска емес пе?!

Қайықшының қолы неткен көк еді,
көк каскамен қайық суын төгеді.
Оқ ізінен су шүмектеп кетеді
жанды үркітіп, шошындырып денені.

Сөз ажалы таңдайынан деп еді,
ер ажалы маңдайынан деп еді,
«...ерлікпенен қаза тапты» деп еді –
көз алдыма «қара қағаз» келеді.

Сүйір тілге кетті бір сөз орала:
«мынауыңыз обал, дедім, обал, ә? –
Соғыс өлді, ер тірі ғой, ер тірі,
бас киіммен су төгуге бола ма!» –

Мас қайықшы тіл қатуға ерінді,
кіржің етті: не сыбады, не күлді?!
Сонда маған қолындағы каска емес,
бас сүйегі секілденіп көрінді.

Аруақты қадыр тұтқан жұрт едік,
аза салдық қара аспанды бүркеніп,
«не боп кеттік», – деп күрсіндім салмақпен...
айқай салдым – үнім шықпай қалды әттең!

1978