...Лава аузында қарауытты шаң-дағы;
Әр көлеңке қозғалады ұрлана.
Қараңғыға түсті шаңның салмағы,
Шаң дариясын ұрттап-төгіп тұр Лава.
Дәл осылай сүгіреттер едім мен,
Маңдайымда шам болмаса – бағыма.
Шаң мен сәуле толқып келіп соғады
Лавалардың тас қараңғы жарына.
...Шахтер – бір шам, келе жатыр жанып ол.
Тұр айнала қара тақта – қап-қара,
Еңбек деген жалғыз сөзді жарықпен
Шахтер жазды сол қап-қара тақтаға.
Айқыш-ұйқыш сырықтары сәуленің
Ұқсайды бір үш аяқты мосыға.
Комбайндар ілулі тұр шәйнек боп,
Шахтерлердің рухымен қосыла.
1963