– Жалын атып Күн тұрмаса төбеңде,
болмас еді махаббат та, өлең де.
– Әрине ғой, – деп жымиып күлді қыз, –
тап осыны қайдан ғана білдіңіз?
– Қаталсың деп сынамас ек тасты аса,
тас та, бәлкім, болар еді басқаша.
– Әрине, ғой,– деп жымиып күлді қыз, –
бұл жолы да дұрыс айта білдіңіз.
– Ауа, мен су... тұрмас еді гүл де өсіп,
гүл хақында жүрмес те едік тілдесіп.
– Әрине ғой,– деп жымиып күлді қыз, –
қай кітаптан қашан оқып білдіңіз?!
– Күн болмаса... айтпағанда өңгені,
Көрмес едім мен сені,
ал, сен мені.
– Әрине, – деп сұлу басын сәл иді, –
соқырлар да сүйгендерін таниды.
– Тумас еді сұлу қыз да, мықты ұл да –
екеуіміз де болмас едік, ұқтың ба?
– Жоқ! – деді қыз, – алған дұрыс басты ашып:
Мен болмасам табылар ед басқасы!
1980