Көкжиектен көз алмаймын, қараймын:
Батып жатыр, шығып жатыр талай күн.
Біреуі оның күлкі әкелді жаныма,
Сол күлкімнің мәңгілігін қалаймын.
Біреуі оның күй әкелді, күй кенет,
Көкейіме қона қалды үймелеп…
Бір күн кетсе, бір күн жолда келеді,
Әрқайсысы өз жарығын себеді:
Болды күнім ашу менен ыза алған,
Қара бұлттың қабағынан қызарған.
Бір күн мені қартайтты деп айта алам,
Бір күн мені сәби қылды қайтадан.
Бір күн маған ұсынып ед қоңыр нан,
Бір күн оны қағып кетті қолымнан.
Бір күн маған құшақтатты қыр гүлін...
Бәрін қоссаң – шықты менің тірлігім!
Көкжиекке қараймын мен, қараймын,
Үміт толы көздерімен талайдың.
Күтем бұл күн қашан туар екен деп,
Көкірегімді бір ыстық ой мекендеп,
Көтерілем күнмен бірге тепеңдеп,
Көкжиекке, көкжиекке жетем деп.
Бірақ... бірақ келер күндер көп еді –
Бәрін де өзім қарсылағым келеді.
Кеткен күнмен қоштасамын қия алмай,
Келер күнді көру үшін ұялмай.
1963